Сырттан арандатулар немесе кемсітулер, ішкі алауыздықтар мен енжарлықтар, кертартпалықтар мен немқұрайдылықтар сияқты теріс әрекеттер дәл қазіргі уақытта намысқа қамшы басуды қажет етеді.
***
Ұлт намысын қозғайтын мысалдар толып жатыр. Соның бір парасы қазақтың “тамағын ішіп, табағын теуіп” кете беретіндердің әрекеті. Солардың көбі кезінде біздің ұлт зиялылары деп жүргендерімізбен қоян-қолтық қызмет істегендер.
***
Бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізгеннен соң ұлттық идея, ұлттық рух, ұлттық намыс деген ұғымдар санамызды сілкіндіріп, әрбір азаматты мемлекетіміздің айбыны мен абыройын асқақтатуға құлшындырған сәт туды. Содан бері ғалымдарымыз бен мемлекет қайраткерлері унитарлы ұлттық мемлекетімізді нығайтудың басты кепілдерінің көш басында ұлттық идея, ұлттық намыс тұрғандығына айрықша ден қойып, олардың мән-мағынасын түсіндірумен келеді.
Тарихқа терең бойласақ, ұлттық намыс дегенде ең алдымен ел қорғаған батыр бабаларымызды еске аламыз. Солардың асқақ рухы мен көзсіз ерліктеріне бас иеміз әрі мақтанамыз. Сол асыл қасиет ғасырлардан ғасырларға ұласып, қазақ баласы қай кезде де намысты қолдан бермегенін айтып жатамыз. Дүйім қазақ баласының басын қосып, атажұртты жаудан азат еткен Абылайдай арысымыз, тәуелсіздік жолындағы қанды майдан жорықтарда ерлігі мен қаһармандығы ұрпақтан ұрпаққа үлгі боп қалған Бөгенбай мен Қабанбай, Наурызбай мен Ағынтай, Баян менен Райымбек сынды толып жатқан хас батырларымыздың есімі қазақ тарихында алтын әріптермен жазылып қалғанын айту парыз. Өткен ғасырдағы қан майданда қаһармандарымыз Бауыржан Момышұлы мен Мәлік Ғабдуллин, қанатты қырандарымыз Нүркен Әбдіров пен Талғат Бигелдинов, Рахымжан Қошқарбаев пен Қасым Қайсенов сынды жолбарыс жүрек жампоздарымыз, Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова сынды аруларымыз, бейбіт заманда батыр атанған Тоқтар Әубәкіров, кешегі Желтоқсан көтерілісінің жаужүрек жастары Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев сияқты батыр ұл-қыздарымызды әрдайым мақтан етеміз. Қарап отырсақ, бірдің намысы миллиондардың рухын көтеріп, баршамызды қуанышқа бөлейді екен.
Ұлт намысын жанитын қозғаушы күштер де заманына қарай сан алуан болып келетін сыңайлы. Сырттан арандатулар немесе кемсітулер, ішкі алауыздықтар мен енжарлықтар, кертартпалықтар мен немқұрайдылықтар сияқты теріс әрекеттер дәл қазіргі уақытта намысқа қамшы басуды қажет етеді. Бірер мысалға жүгінейік: 1990 жылдың шілде айында “Комсомольская правда” газетінде жазушы А.Солженицынның “Как нам обустроить Россию” деген көлемді мақаласы жарияланды. Онда мынандай жолдар бар: “Қазақстан туралы. Оның бүгінгі зор аумағын коммунистер ақылсыздықпен, қалай болса солай кесіп бере салған. Өйткені, ол жылдарда былайша ойлаған: шекараны қай жерден белгілеу маңызды емес, себебі тағы да аз ғана уақыт, тіпті, әне-міне, барлық ұлттар жойылып, бірігіп кетеді”. Бұдан әрі ол Қазақстанда қазақтар барша тұрғындардың жартысына да жетпейді (мұнысы рас еді, бірақ оның себептерін айтқысы келмейді, әйтпесе ол оны біледі-ақ) дегенді, қазақтың жері оның оңтүстік аймақта ғана, оған Батыс Сібір мен Оңтүстік Орал өңірлерін қосып берген коммунистер, ол жерлерді орыстар мен жер аударылған халықтар, қылмыскерлер (зектер) көркейтті дегенді айтады. Қаның қайнайды ма, жоқ па?! Сақалды сәуегейдің салқыны соққан Михаил Горбачев бір күні одақтық теледидардан көкіп отыр. Көзімізбен көріп, құлағымызбен естідік. “Қазақстанның солтүстігіндегі бес облысы тың игеру жылдарында Ресейден өтіп кеткен жерлер” дейді аузы-мұрны қисаймай. Тарих туралы сауаты осы деңгейдегі адамның алып империяны қалай басқарып отырғанына күйінгенбіз. Бірақ тарих бәрін өз орнына қойды. Тізгінін Горбачев ұстаған қызыл империя күйреп тынды.
Бір жамандықтың бір жақсылығы бар деген, олардың бұл арандатушылығы бүкіл қазақтың намысын қозғады. Осының бәрін ақыл-парасатының елегінен өткізіп он ойланып, мың толғанған тұңғыш Президентіміз осы әңгімеден соң тура төрт жыл өткенде ел астанасын жеріміздің солтүстік өңіріндегі Ақмола қаласына көшіру туралы Жоғарғы Кеңестің сессиясында өз ұсынысын айтты. Депутаттар қолдау білдірді. Елбасының осы көрегендік ұсынысы бойынша қабылданған шешім арада бірер жыл өткенде жүзеге асқан кезде әлгі сәуегейлердің сөзіне ергендердің, даурыққандардың үні өшті.
Қазақтың кең байтақ жеріне сұқтанушылар аз емес. Анау бір жылдары депутат Шерхан Мұртаза Премьер-Министр Даниал Ахметовке депутаттық сауал жолдаған болатын. Ол “Егемен Қазақстан” газетінде “Ойлан, Үкімет” деген тақырыппен жарияланды. Бірер жолдарын оқып көрелік. “Өткен кезде Қытайдың бір үлкен дипломаты біздің Мәжіліс Төрағасымен кездесуінде Құдайды қатты күстаналады:
– Құдай әділетсіз! – деді. – Қытайда әрбір шаршы километр жерде 35 адамнан тұрады. Ал Қазақстанда әрбір шаршы километр жерге 5-ақ адамнан келеді. Құдай әділетсіз, – деді. Қытай дипломатының түпкі пиғылын мен түсінемін”. Шерағаң түсінеді, әрине. Ал Үкімет түсінді ме, жоқ па? Ау, сонда жер көлемі бізден төрт есеге жуық көп, әр шаршы километр жерде 3-ақ адамнан тұратын, халқының саны 30 миллион ғана Канадаға айта алар ма бұл сөзін. Айта алмайды.
Қыстың бір күнінде Алматыдан Астанаға келе жаттық. Сарышағаннан бері асқан тұс. Ақ көрпесін қымтанып жатқан айпара далада жатаған ғана жалғыз үй тұр. Атты қазақ әлгі үйден шығып шексіздікке қарай бет алған. Мал көздеп бара ма, кім білсін, жер жағдайы оған мәлім. Терезеге телміріп отырған сапарласымыз вьетнамдық келіншек бір кезде түйеден түскендей етіп: “Казах – дурак (ақымақ деген мағынада болса керек)”, деді. “Әй, айналайын, не айтып отырсың?” дейміз біз. Тағы да әлгі сөзді қайталады. Қаттырақ кеттік. Шіркінің шімірікпейді. “казах – дурак, работать не хочет” дейді. 60 миллионға жуық халқы алақандай түбекте тығылысып отырған, үй салуға жер жетпей, суға қазық қағып, лашық тұрғызып күн көріп жатқан елдің қызы мынау алып дала неғып бос жатыр, бұл қазақтар оны неге игермейді, шіркін, осыншама жер бізде болса ғой деп іші күйетін сыңайлы.
Міне, осындай-осындайдан соң ой келеді. Ендігі жерде біздің ұлттық намысымыз өз байлығымызды өзіміз игеруге, еліміз бен жерімізді көркейтуге қызмет етуі тиіс. Ол үшін алдымен білімнің рөлі зор.
Бізде білімділер аз емес. Ғылымның қай саласын алсаңыз да аты оза шауып, әлемге танылған, халқымызды танытқан ғалымдарымыз баршылық. Солардың ілімі мен білімін бағалау, өздерін құрметтеу жағы жетіңкіремейтіні шындық. Осы бір фактордың өзі жас ұрпақтың ғылымға, білімге деген ынтасын кемітетіндігін мойындауымыз керек. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, атағы шетел асқан дара ғалым, Қазақстан математика мектебінің мойындалған тұлғасы Мұхтарбай Өтелбаев бір сұхбатында былай депті: “Қазақстандағы ғылымның дағдарысына себепші – Ұлттық ғылым академиясының бірте-бірте қирауы, жекеменшік “академиялардың” пайда болуы дер едік. Бәріне кінәлі – сол кездегі академия басшылығы әрі ғылым жайын аз ойлаған академиктер. Тарих бәрін орын-орнына қояды деп есептеймін. Айталық, академиктер “жоғарыдан ұсынды” деген желеумен ҰҒА-ның толық мүшелігіне дарабоздарды емес, ғылыммен мүлде айналыспайтындарды өткізгені жасырын ба? Мысалы, маңдайалды математик, қазақты әлемге танытқан дара ғалым Шалтай Смағұлов академия сайлауында бір-ақ дауыс алды. Білімдіні танығанымыз осы ма?” Біздің оқыған, зиялы деп жүргендеріміздің көбісінің ұлттық намысының жоқтығын көрсететін дерек. Бұл туралы сәл кейінірек. Әзірге оқу, кәсіп игеру бүгінгі жастарымыздың бойында қай деңгейде дегенге ой жүгіртейік.
Біз оқу-білім жүйесі дамыған елдердің қатарына жатамыз. Мақтан етуге тұрарлық. Сегіз мыңнан астам орта мектептеріміз, жүздеген университеттеріміз бен колледждеріміз бар. Кәсіп дейтін болсақ, өрге басқан өнеркәсібіміз бар, ауыл шаруашылығымыздың да мүмкіндіктері мол. Кемшін түсіп жатқан тұстары да бар шығар. Бірақ барымызды көре, бағалай білмек керек. Әйтпесе, “Көрмес – түйені де көрместің” кері келеді емес пе. Дегенмен, халық шаруашылығында ұлттық кадрлардың үлес салмағы аз екендігі де шындық. Қазіргі таңда ұлт ұландарының кәсіпті, әсіресе техникалық кәсіпті меңгеру жағы кемшін. Талпынған, ізденген жасқа кәсіп табылады десек те, бар кінәні тек жастарға арта салу әбестік болар еді. Олар кәсіби мамандықтарды игерген екен, жұмысқа орналасуына мүмкіндіктер ашу, қолдау, қамқорлық жасау – аға буынның парызы. Әйтпесе қазір техникалық жоғары білімі бар, бірақ мамандығы бойынша жұмыс таппай жүрген жас мамандар жетіп артылады.
Бүгінде мемлекеттік тіл тағдыры күн тәртібінде алғашқы кезекте тұр. Бойында ұлттық намысы бар азаматтардың білек сыбана кірісіп, жұмыла атқаратын жұмысы осы болса керек. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан шараларда шек жоқ. Қаржы да бөлініп жатыр, түрлі қорлар, басқармалар, комитеттер, қоғамдар құрылып, іске құлшына кіріскен. Ал соларға қолұшын беріп, қамқорлық жасап жатқан зиялыларымыз қанша? Ауыз толтырып айта алмайтын сияқтымыз. Бұған дәлел, солар жұмыс істейтін мекемелерде ресми құжаттар, үндеулер, заңдар, түрлі бағдарламалар әуелі орыс тілінде жазылады да, есеп беру үшін немесе тексеріске дайын тұруы үшін қазақшаға аударылып қойылады. Ал намыстанбай гөр.
Ұлт намысын қозғайтын мысалдар толып жатыр. Соның бір парасы қазақтың “тамағын ішіп, табағын теуіп” кете беретіндердің әрекеті. Солардың көбі кезінде біздің ұлт зиялылары деп жүргендерімізбен қоян-қолтық қызмет істегендер. Соларды кезінде көрмеген, байқамаған екен біздің зиялылар. Анау бір жылдары Желтоқсан көтерілісі күндерінде аса белсенділік танытқан, Колбинге жаға білген біреу Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінің ректоры болды. Ол билік тізгінін қолына алған күннен бастап желтоқсаншыларды қудалауды бастады. Ұлты қазақ 360 студентті оқудан, 70 оқытушыны жұмыстан қуды. Осы “аса зор еңбегі” бағаланып, бұдан кейін де оған ірі қызмет берілді. Сонда бұл ұл-қыздарымыз бен азаматтарымыздың намысын таптағаны үшін білдірілген құрмет пе? Сол адам институттың кафедра меңгерушісі “Қазағыңның арлы, намысты азаматы кім? Ақиқат үшін туған азаматың қайсысы?” десең, міне, деп көрсететін Әркен Уақовтың соңына шам алып түсті. Мәскеудің Алтын және түсті металдар институтын бітірген білімдар жан, институттың кафедра меңгерушісі ойламаған жерден “қылмыскер” болды да шықты. Оған “Партия шешімін түсіне алмаған студенттерді партияға қарсы айдап салды”, “Совет өкіметінің сара саясатын аяқасты етпек болды”, “Бұзақы студенттерді қолдады”, “Совет педагогына жат қылық көрсетті”, “Саяси сауатсыз жастарды қорғады”, “Ұлы орыс халқына тіл тигізді” деген сыңайлы айыптар тағылды. Ақырында Әркен ағамыз сегіз жылға сотталып, Магадан асып кете барды. Тәуелсіздік алғанымызға дейін бес жыл абақтының дәмін татқан, қорлықтың небір түрін көрген Әркен аға мүгедек болып оралды да, көп ұзамай бақилыққа аттанып кете барды. Азаматтың тағдырын осылайша рәсуа еткен әлгі кісі бертін келе өзіне тықыр таянғанда сыртқа қашты да кетті. Ал мұндайлар аз ба? Иә, айта берсе, мұндай мысалдар жетерлік. Басқаны қайтерсің-ау, тіпті өз қазағымыз да солардың қатарында жүр. Баяғы Талапкер Иманбаевты еске алсақ та жетер. Кезінде республиканың міндетті медициналық сақтандыру қорын басқарған сабазың да миллиондаған адамды сан соқтырып, шетел асып кеткен. Содан хабар-ошарсыз. Ол да өз кезінде өзін зиялы санағандардың бірі болғаны кәміл. Бүгінгі таңда өткен күндердің бұл сияқты келеңсіздіктерін жадымыздан шығаруға болмайды. Мұның бәрі өмірдің сабағы. Намысымыздың қалғып кетпеуі үшін де ауық-ауық еске алып отырғанның артықшылығы болмас.
Тәуелсіз мемлекет ретінде қабырғамыз қатайып, бұғанамыз бекіп келеді. Әлемнің танымал елдерінің қатарына қосылдық. Саясатта салмағы бар жұртқа айналдық. Әділін айту керек, мұның бәрі ел басқарған азаматтардың, олардың соңына еріп қуаттаған халқымыздың ұлттық намысының арқасы, намыс жаныған жігерінің жемісі. Жиырма жылға жуық тәуелсіз дамыған еліміз тарихтың талай-талай қатал сынақтарынан өтті. Тәубе! Болашағымыз нұрлана түсетініне сенімдіміз.
Ерғазы ӘСЕМБЕКҰЛЫ, журналист.