Биылғы жылды әлем халықтары жаһандық мәдениетаралық үнқатысуды дамыту ұранымен өткізу үстінде
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2010 жылды Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық жылы деп жариялау туралы бастама көтерген болатын. Уақыт талап етіп отырған бұл бастаманың әлемдік қоғамдастық тарапынан қолдау тапқаны БҰҰ Бас Ассамблеясының ресми шешімі арқылы қуатталды. Сөйтіп, өз аумағында ұлтаралық татулық пен дінаралық келісімнің ерен үлгісін көрсетіп келе жатқан көпэтносты, көпконфессиялы туған Отанымыз бүгінгі өркениет үдерістеріндегі қыр көрсетулер мен қауіп-қатерлерді еңсерудің жаңа тетіктерін ұсынып отыр.
Сонымен, Қазақстан Республикасы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымға төрағалық етіп жатқан жыл Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық жылы деп те жарияланды. Демек, бұл жылдың дүние жүзіне мәңгілік құндылықтарды жаңаша бағамдап, сезінуге алғышарт жасайтыны күмәнсіз.
Самат МҰСА,
“Егемен Қазақстан”.
Жаһанданудың тікелей қазіргі заманғы қоғамдарға экономикалық, әлеуметтік және мәдени тұрғыда жаңа серпін беретіні баршаға аян. Экономика саласының ауқымына сыймайтын осы феномен елдердің өзара ықпалдастығын күшейте отырып, сәйкестік пен мәдени саналуандық проблемасына тікелей ықпал етіп, жаңа қыр көрсетулер мен соларға шара қолданудың соны нысандарын жасайды.
Стандартты мәдени үлгілерді бүкіл әлем бойынша тарату осы заманғы мәдениетті жаһандандыру салдарларының біріне айналды. Бұған бірқатар факторлар себеп болса, солардың арасынан мәдени ықпал жасау мен қарым-қатынас үшін шекаралардың ашықтығын, бұқаралық ақпарат құралдарының, әсіресе, ғаламды “виртуалды ауылға” айналдырған телевизияның теңдессіз әсерін, және ең соңында, адамзат баласының әлеуметтік жұмылғыштығының бұрын-соңды болмаған ауқымдарын атай кеткен жөн. Мәдениеттер жұғыстығы мен ассимиляциясы салдарынан мәдениеттің өзіндік ерекшелігінен айырылу қаупі төнді.
Зерттеулер көрсеткеніндей, жаһандану міндетті түрде бірыңғай (біртұтас) мәдениет құруды білдірмесе де, бірақ ол анықтама бойынша, космополитті және өзімен мәдени сұрқайылықты (біркелкілікті), бұқаралықты, ұлттық мәдениеттердің, әсіресе, әлемдік аренада бекіп үлгермеген басым емес мәдениеттердің шекараларын жою үрдісін енгізді. Мұндай жағдайларда мәдени жаһандану қауіп-қатерге айналуы мүмкін. Бірақ бұл жаһандануды теріске шығаруды білдірмейді, ал сайып келгенде, оған сын көзбен қарауды және ықтимал түзетулер жасауды меңзейді. Осыған байланысты, жаһандану ретсіздігін бақылау тетіктерінің біріне мәдениеттердің өзін-өзі танытуы, яғни олардың өзіндік ерекшеліктерін, қайталанбас өзгешеліктерін көрнекілеуі жататыны кездейсоқ емес. Бұл мәдени өзіндік оқшаулануды немесе “мәдени гетто” жасауды білдірмейді, өйткені, әрбір ұлттық мәдениетте барлығына ортақ базалық гуманистік құндылықтар қаланған.
Оның үстіне, жаһандану мәдени мұра туралы ғаламдық ауқымда да, сондай-ақ жергілікті ұлттық ауқымда да білім мен ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
Жаһандану мұхитының иіріліміне батып кетпеу үшін мемлекеттің күш-жігерлері қажет, ал ұлттық мәдениет бағдар болуы тиіс.
Адамзат тарихы мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы айырмашылықтарды көбіне жанжалдың түйінін шешу немесе зорлық-зомбылықты ақтау үшін себеп ретінде пайдаланғанын айғақтайды. Өкінішке қарай, бүгінгі заманның да тұрақты еместігін, керісінше, одан сайын ушыға түскенін амалсыз мойындауға тура келеді.
Жаһанданудың болжануға тиіс екені, ол бір елде қалыптасқан унитаризмнің (біртұтастығының) меңгерілетіні қазір басы ашық мәселе. Кейбір мемлекеттер үшін өркениеттердің қақтығысуы олардың басқалардан үстем болуға қатысты геосаясаттық стратегиясының бір бөлігі, билік құралы. Бүгінде мұның көбіне әлемнің қалыптасқан бірполярлығының салдары екені көпе-көрнеу, сондықтан халықаралық саясатта көпполярлылыққа қайта оралу ауадай қажет әрі осы үдеріс оған жұртшылықты қатыстыру мен мәдени айырмашылықтарды құрметтей білу жағдайларында ғана жүруі тиіс.
Қазіргі заманғы институттардың барлық халықтардың мүдделерін ескере бермейтінін мойындауға тура келеді. Кеңінен қанат жая бастаған жаһандану әлсіз мәдениеттерді немесе азшылық мәдениеттерді өздерінен күшті мәдениеттермен қақтығыста жеңіліске ұшырататыны даусыз. Ирактағы, Ауғанстандағы соғыстар мұның айқын дәлелі.
Осыған орай, институттардың мәдени жаһандануға байланысты келеңсіз үрдістердің алдын алуға өздеріне басты жауапкершілік жүктеуі қисынды болар еді. Ғалам “басқаны” құрметтеу түбегейлі идеясына қайта оралуы тиіс.
Расында да, ЮНЕСКО-ның жалпыға бірдей Декларациясы мәдени саналуандылықты адамның құрмет көрсетілуі тиіс ажырамас құқығы ретінде белгілесе, ал БҰҰ-ның адам дамуы жөніндегі бағдарламасы (БҰҰДБ) еркіндік пен мәдениетті бірінші орынға қояды және мәдени саналуандықты сыйламайтын жерде экономикалық даму да мүмкін емес дегенді кесіп айтады. Бірақ, нақты болмыс көрсеткендей, БҰҰ осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын жарияланған қағидаттарды жаңарту және әлемдік саяси институттардың рөлін қайта қарау қажеттілігі толғағы жеткен мәселеге айналды. Әлемдегі мәдени саналуандықты қорғау жөніндегі қыруар қарарлар шыққанына қарамастан, түрлі мәдениеттер бейбіт қатар өмір сүретін заманға нақты қол жеткізу мүмкіндігі әлі тым алыста. Сайып келгенде, аждаһадай жойқын жаһандану жағдайларында мәдени саналуандық жанжалдарды болдырмау мен шешуге қатысты негізгі құралдардың бірі ретінде ерекше құндылыққа ие болады.
Қазіргі кезде, бір жағынан мәдени немесе өркениеттік айырмашылықтардың негізінде туындайтын жанжалдар тоқтамаса, екінші жағынан мәдениеттің жаһандануы жүріп жатқан уақытта өркениеттердің үнқатысуы тіптен қажет. Дүниенің бір мезгілде қатар жүретін бірлігі мен ыдыраңқылығы жағдайларында адамдар саясат пен экономикадан еркін, барлық мәдениеттердің өзіндік құндылығын тең мойындау негізіндегі кроссмәдени қатынас арқылы ғана нағыз жаһандық пайым жасай алады. Шын мәнінде, бұл – тек мәдениеттің ғана емес, сонымен бірге, саясаттың да, экономиканың да ортақ проблемасы. Осы арада С.Хантингтонның мына бір ұстанымы ойға оралады. Ол былай деген болатын: “Бүгінгі әлемде дау-жанжалдардың негізгі көзі бұдан былай қарай идеология да, экономика да болмайды... Адамзатты бөлетін аса маңызды межелер мен дау-жанжалдардың төркіндері енді мәдениет арқылы белгіленетін болады”.
Мемлекетаралық, этностық, экономикалық байланыстар өрістей түскен жағдайларда түрлі қауымдастықтар кездесетін аймақтарда көбіне жанжалдарға (айтыс-тартыстарға) ұласатын шиеленіс туындайды. Мұндай жағдайда жанжалдардың шешімін табу өнері қоғамдар мен мемлекеттер арасында үнқатысулар орната білу жөніндегі ғылымға айналады, әрі бұл ретте гуманистік идеяның рөлі айрықша маңызға ие болады.
Сондықтан қалыптасқан жағдайларда мәдени саналуандықты қорғауға азаматтық бастаманың барған сайын көбірек қатынасатындары кездейсоқ емес, мұнда үкіметтік емес деңгейде, ең алдымен, “Халықаралық қоғамдық форум”, “Өркениеттер үнқатысуы” немесе “Барселона форумы” сияқты халықаралық қоғамдық ұйымдар зор белсенділік танытуда. Осы ұйымдар нақты мәдениетаралық үнқатысу жүргізу және қалың жұртшылыққа да, сондай-ақ саяси институттарға да ұсыныстар әзірлеу үшін бірегей мүмкіндіктер береді.
Бұған қосымша, мәдени жаһанданудың қайшылықтарына қарсы және өз мәдениетін қорғау үлгілерін жасауға нақты аймақтық, сондай-ақ еларалық деңгейде де, соның ішінде еуразиялық посткеңестік кеңістікте, атап айтқанда, құрлықтың кіндік ортасына орналасқан Қазақстанда да осыған байланысты ұсыныстар беріледі. Бұл топырақта бағзы замандардан бері мәдениеттер мен идеялар арасында өзара алмасу үрдістері жүріп отырды. Еуразиялық кеңістік аумағындағы мәдени байланыстардың бірнеше өркениеттік-мәдени сабақтастықты сіңірген әрі бай, әрі көне тарихы бар. Еуразиядағы ашық, әрі байтақ далалар аймағы көшпелі және отырықты халықтардың түрлі мәдениеттерінің өзара ықпалдастығы мен тоғысуына ұйытқы болды. Қазақстанның қазіргі аумағында сан түрлі тайпалар мен халықтардың жолы түйісіп отырды. Осы халықтар туралы деректер бізге сан түрлі көріністерде, соның ішінде өнер, халықтың естелігі арқылы жетті. Еуразияның шежіресі өркениетаралық қарқынды және жемісті өзара ықпалдастық, әлеуметтік-мәдени және экономикалық өзара кірігу мысалдарына толы. Солардың ішіндегі ең айшықтылары – халықтардың Ұлы көші-қонына байланысты оқиғалар, осы оқиғалардың нәтижесінде бүгінгі Еуропаның нобайлары пайда болды.
Ұлы Жібек жолы ежелгі заманның басты сауда-экономикалық күретамырына айналса, көшпелі-номадтардың мемлекеттік құрылымдары симбиоздың, түрлі мәдениеттер мен діндер бірлестіктерінің (одағының) үйлесімді үлгілеріне жатады.
Өркениеттік тұрғыда Қазақстанның тарихы өткен ғасырдың 30-шы жылдарында шаруашылық жүргізудің негізгі үлгісі ретіндегі тіршілігін тоқтатқанына қарамастан, номадизммен, көшпелі тұрмыспен ажырамас сабақтастықта дамыды. Қазақстан топырағында тұрған тайпалар мен халықтар өздерінің дербес, көшпелілерге ғана тән бірегей мәдениетін жасады, осы мәдениет Батыстың да, Шығыстың да түрлі мәдени дәстүрлерімен өзара ықпалдастық жүргізді. Көшпелілердің өркениетіне, басқа кез келген өркениет сияқты, бірқатар ерекшеліктер, соның ішінде мәдени, саяси және экономикалық өзгешеліктер тән.
Сонымен бірге, номадтардың жалпыадамзат өркениетіне қосқан нақты үлесі көбіне елене бермейді, бірақ нақ сол көшпелілер әскер тегін (қару-жарақ, ат әбзелдері), мал шаруашылығын, ою-өрнек өнерін дамытуда нағыз революциялық жаңалықтар енгізді. Түркі мәдениетінің көптеген элементтерін Еуропаның да, сондай-ақ Азияның да егін шаруашылығымен айналысатын отырықшы халықтарының өздеріне сіңіргені таңқаларлық жәйт емес.
Бүгінгі Қазақстан өткен замандардан ұлттық мәдениеттер мен дәстүрлердің саналуандығын мирас етті. Ел аумағында тұратын жүзден аса этностық топтың өкілдері азиялық және еуропалық компоненттерді үйлестіретін бірегей мәдени нақышты құрайды. Сондықтан жаһандық мәдени стандарттар мен үлгілерді жаппай тарату жағдайларында мәдени саналуандық пен өзіндік ерекшелігі бар мәдени дәстүрді сақтау, әсіресе, өзекті мәселеге айналып отыр. Өз мәдениетін қорғау үлгілерін әр ел өз қолымен жасайтыны кездейсоқ емес.
Осы проблеманың маңыздылығын ұғынған Қазақстанда мемлекеттік деңгейде басым бағыт – мәдени саясат нысаналы түрде жасала бастады. “Мәдени мұра” бірегей бағдарламасы соның негізін қалайды, осы бағдарламаның елдегі мәдени тектік қорды сақтауға, дамыту мен таратуға қатысты жүйелі тәсілі нақты практикалық іс-шаралардың жемісі арқылы іске асырылады.
Ел Президенті ұйытқы болған осы бағдарлама біздің қоғамымыздың мәдени және рухани жаңғыруында маңызды рөл атқарады. Посткеңестік кеңістікте теңдесі жоқ осы бағдарлама Қазақстан Республикасында тұратын барлық ұлттар мен ұлыстардың тарихы мен мәдениетіне қатысты ескерткіштерді анағұрлым тереңірек зерделеуге, жүйелі есеп жүргізуге, сақтауға септігін тигізеді. Сөйтіп, постиндустриялы ғасырда жаһандану тегеурінінде мәдени сәйкестікті сақтап қалу үшін өткенге қызығушылық өзекті мәнге ие болады.
Мемлекетіміз өзінің әлеуметтік және мәдени саясатын жүргізуде елдің этностық-мәдени саналуандығын, атап айтқанда, жанында этно-мәдени орталықтар жұмыс істейтін Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты құрылымның қолдауы арқылы сақтауға күш салады. Мәденитаралық, конфессияаралық үнқатысудың түрлі нысандарын реттей отырып, осындай құрылым Еуразия халықтарының рухани бірігуіне, тілдердің, мәдениеттер мен діндердің үйлесімді үндестігінің дамуына септігін тигізеді. Бүгінгі көп мәдениетті Қазақстанды этносаралық және дінаралық келісімнің орнықтылығы, түрлі этностық топтар мен конфессиялардың бейбіт қатар өмір сүруінің бай тарихи тәжірибесі сипаттайды.
Сонымен бірге, Қазақстан нақты болмыстан оқшауланбайды, керісінше, Еуразиядағы аймақтық үдерістерге белсенді қатысады. Интеграция, жаһандану үдерістеріне белсенді қатысу, халықаралық және аймақтық қауіпсіздіктің жаңа жүйелерін жасау істерін Қазақстан барынша ұтымдылықпен ілгері жылжытуда. Осы орайда, еуразиялық кеңістікте аймақтық экономикалық және саяси блок құру жөніндегі Қазақстанның бастамасы ерекше маңыз алады. Бұл үдеріс аймақтық блоктар құруға қатысты әлемдік үрдістерге сәйкес келеді, ол өз кезегінде көпполярлы әлем орнату мен жаһандануға қатысуға қосқан үлес болып табылады. Екінші жағынан, бұл жаһанданудың келеңсіз әсерлеріне шара қолдану тетіктерін жасайды. Нақты шындық көрсеткеніндей, тек ірі топтасулар ғана бұрын қабілетті. Еуроодақ немесе АСЕАН сияқты аймақтық бірлестіктер жаһандық экономиканың дамуына ықпал етудің нақты орталықтарына айналу жолында.
Еуразиялық аймақтық құрылымның негізінде халықтары ғасырлар бойы бір-бірімен ұдайы байланыста дамыған құрлықтағы елдердің геоэкономикалық жақындығы жатқанымен, бірақ мәдени-рухани молықтырусыз ол тіршілікке қабілетсіз болады. Әрине, азаматтық бастама мәдени өріс жасауда шешуші рөл атқарады. Бірақ, гуманитарлық кеңістіктің мемлекеттік күш-жігерлер саласы екені және мемлекеттік саясатсыз оны іс жүзінде ыдыраудан арашалап қалу мүмкін еместігі де айқын мәселе.
Сондықтан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа аймақтық блок жасаудың негізі ретінде Еуразия мемлекеттерінің одағын құру жобасын ұсынуы посткеңестік ыдыраудың салдарларынан күйзеліссіз арылу үшін қажет шешуші бағдарларды айқын белгілеп берді және Еуразия елдерінің арасындағы қатынастарды жаңа деңгейге шығарды. Еуразиялық идея жалпыадамзаттық да, сондай-ақ жеке халықтардың да тарихымен және мәдениетімен тығыз байланысты. Президент Н.Назарбаев атап көрсеткендей, “Еуразиялық интеграцияның құндылығы мынада, ол халықтардың бірегейлігіне қысым жасамастан және ассимиляцияламастан, керісінше, олардың саналуандығын сіңіретіндей бірлік пен тұтастықты иеленуі тиіс. Өйткені, этномәдени байлық пен батысеуропалық славян, ислам және түркі өркениеттерінің элементтерін қосу бүгінгі Еуразия үшін айрықша ерекшелік болып табылады.
Біздің өңірімізде, одан да нақтырақ айтсақ, біздің елімізде Шығыс пен Батыстың дәстүрлері өзара сабақтасады және өзара кірігеді, мәдениеттер мен өркениеттердің ынтымақтастыққа ұласатын нақты үнқатысуы жүзеге асуда”.
Өркениетаралық үнқатысу баламаларының бірі ретіндегі еуразиялық идеяны іс жүзіне асыру ЕурАзЭҚ, ШЫҰ, АӨСШК сияқты аймақтық экономикалық институттар мен аймақтық қауіпсіздік құрылымдары аясында кезең-кезеңімен жүретін болады.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев ТМД-ға мүше елдер шығармашылық және ғылыми интеллигенциясының Екінші форумына қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінде былай деп атап өтті: “ТМД мемлекеттерінің көпжақты өзара ықпалдастығында гуманитарлық құрауыш аса маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Біздің мәдени, ғылыми және жай адамгершілік байланыстарымыз терең тамырлармен сабақтасып, біздің халықтарымыздың бай дәстүрлері мен тәжірибесіне сүйенеді”.
Сонымен, тұрақтылық пен экономикалық өсіп-өркендеуге мүдделі түрлі мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың белсенді үлгісін жасау арқылы біздің өңіріміздегі елдердің жаһандану үдерістерінде бейімделуін әбден нақты тұрғыда жұмсартуға болады.
Бұл, әсіресе, осы елдердің бәрі бірдей ұлттық-мемлекеттік идеяны қалыптастырып үлгірмеуі себепті де аса маңызды. Қазіргі кезеңде еуразиялық кеңістіктегі халықтар үшін ұлттың қайта өркендеуге ұмтылуы өзекті мәселе, бұл олардың мәдени сәйкестікті ұғынуынан айқын көрінеді. Осы мәселе жаһандық мәдени ағындардың алдында айрықша тұр. Сондықтан жаһандану заманында мәдени байланыстың (қарым-қатынастың) этностық, ұлттық, діни және лингвистикалық (тілдік) өзіндік ерекшеліктері сақталуына септескен жөн. Еуразия елдерінің өздеріндегі мәдени саналуандықты сақтауға ұмтылулары қажеттілік, бірақ, сонымен қатар, өздігінен оқшаулану әрекеттерінің әрқашан мәдени тоқыраумен аяқталатынын да ұмытпау керек.
Сондай-ақ, еуразиялық кеңістік бір жағынан жаһандану үдерістеріне белсенді қатысуға және екінші жағынан оның керексіз салдарын түзетуге мүмкіндік береді. Дүние тарыла, ал байланыстар барған сайын қарқындана түскен жағдайда елдер арасындағы өзара ықпалдастық қажеттілікке, әрі оның үстіне, жалпыәлемдік дамудың мәні мен қисынына айналады.
Әйтсе де, мынаны мойындау керек: мемлекетаралық мүдделерді үйлестірудің құқықтық тетіктерінің шалалығын ескергенде, ынтымақтастықтың пайдасы бұдан да көп болар еді. Сонда да болса, еуразиялық өзара ықпалдастықтың тәжірибесі осы аймаққа кіретін халықтар мен елдердің экономикалық және мәдени мүдделері үндестігінің бірегей мысалына айналуы мүмкін.
Еуразия аумағында, соның ішінде Қазақстанда да әлемдік діндер – ислам мен христиандықтың үйлесімді бейбіт қатар өмір сүруі, әсіресе, әлемнің басқа бөліктерінде тоқтаусыз жүріп жатқан дінаралық жанжалдар жағдайында назарға алуға лайық үлгі болып табылады. Өздігінен тұйықталу емес, халықтардың бай мұрасын сақтау мен өркендету Еуразия доктринасының басты қағидаттарының біріне жатады. Өзіндік ерекшелігі бар мәдениеттерді сақтау арқылы әлемдегі жалпы мәдениет қазынасы одан сайын байи түседі. Сондықтан көпмәдениетті Қазақстанның мәдениеттер мен діндердің халықаралық үнқатысу жүргізетін тұрақты орнына айналғаны заңды құбылыс. Елордамыз Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері үш рет өтті, мұнда әр елден келген дінбасылары өзара түсіністіктің ортақ тілін ғана емес, сонымен бірге, әлемнің “шиеленісті нүктелеріндегі” дінаралық қақтығысты тоқтату тетіктерін табудың да жолын іздестірді. Оның үстіне, біздің еліміздің бастамасы бойынша, Біріккен Ұлттар Ұйымы 2010 жылды Мәдениеттер үндестігінің халықаралық жылы деп жариялады.
Бұл орайда, Шығыс пен Батыс арасындағы үнқатысуды және өзара түсіністікті жаһандық деңгейде нығайтуға Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына биылғы төрағалығы да бірегей мүмкіндік беретіні күмәнсіз.