Қазақстан • 17 Маусым, 2019

1 жылдағы белестер

581 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Былтыр 19 маусымда Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысын құру туралы Жарлыққа қол қойып, түгел түркінің рухани астанасы болған тарихи қала Түркістанды облыс орталығы етіп бекіткен еді. Киелі қаланың атымен аталған облыстың құрылғанына 1 жыл толуына орай Нұр-Сұлтан қаласында «Түркі тілдес елдердің рухани астанасының дамуы және жаңа жобалар» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.

1 жылдағы белестер

Тарихи мекенде 6 ғасыр бұрын бой көтерген әйгілі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңында иісі қазақтың мақтанышы болған 21 хан, 56 батыр, 21 би мен 8 сұлтан және жүздеген игі жақсы жерленген. Бүгінде облыс орталығы болып белгіленген бұл қастерлі қаланы түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі бас жоспардың тұжырымдамасы мақұлданып, «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағын құру жөніндегі тарихи Жарлықтарға қол қойылған. Соған сәйкес облыс орталығында ауқымды құрылыс жұмыстары басталып кетті. Биылдың өзінде амфитеатр, әуенді субұрқақ, 900 орындық мектеп, медиа-орталық, әкімдік ғимараты және мыңдаған пәтер пайдалануға беріледі. Бұған қоса Халықаралық әуежай, стадион, оқушылар сарайы, Ясауи музейі және өзге де нысандардың құрылысы қауырт жүріп жатқанын жеткізген Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев жыл бойы тындырылған жұмыстарды түгендеп шықты.

Атап айтқанда, «Туған жер» жобасы бойынша кәсіпкерлер мен ел азаматтары туған ауылдарына кө­мек көрсетіп, елді қуанышқа бөледі. Облыс әкімі орын­басарының айтуынша, өңірде өткен жылы демеушілер тарапынан құны 3 млрд 386 млн теңгені құрайтын 97 нысан іске қосылған. Бұған қоса аймақта «Алтын ұям» жобасы қолға алынып, мектеп бітіргендеріне 10, 20, 30 жыл толған түлектер сән-салтанат құрудың орнына білім алған мектебіне, туған ауылына көмек көрсеткен. Биыл бұл жоба бойынша облыстағы 5 отбасы баспаналы болды. «Сонымен қатар сананы жаңғыртуға бағытталған іс-шаралар, фестивальдар өткізілді. Ай са­йын мыңдаған адамның қатысуымен қазақ мәдениетін, салт-дәстүрі мен туризмін насихаттайтын жобалар жүзеге асты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазығұрт тауының баурайында 20 мыңдай адамның қатысуымен «Наурыз Қазығұрттан басталады» мерекесі өтті. Ежелгі дәстүрді жаңашылдықпен жалғастыру мақсатында Бәйдібек ауданында «Қымызмұрындық» ұйымдастырылып саумал, құнан қымыз, түнемел қымыз, хан қымыз түрлері таныс­тырылды және қымыз баптаушылар, қолөнер шеберлері байқаулар, сәйгүліктер сайысы болды. Тұңғыш рет Түлкібас ауданы Шұбайқызыл шоқысында «Қызыл кітапқа» енген қызғалдақты қорғау және сол аймақтың туристік әлеуетін көтеруге арналған «Қызғалдақ» фестивалі өтті. Төле би ауданында халықаралық көркемсурет «Қасқасу» пленэрі ұйымдастырылып, түрлі елдерден келген суретшілер өңірдің тамаша табиғатын туындыларына арқау етті», деді Мәлік Отарбаев.

Облыс орталығында Әзербайжан, Ресей, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, АҚШ, Тәжікстан, Үндістан түркологтарының қатысуымен өткен «Киелі Түркістан және Түркі дүниесінің рухани жаңғыруы» ғылыми-теориялық конференциясы мен 8 түркі елінің ғалымдары бас қосқан «Түркістан – түркі әлемінің бесігі» атты халықаралық жиынның және «Túrkistan: jańa aqparattyq keńistik» атты халықаралық журналистер форумының да көне шаһардың рухын көтергені анық.

Тамыры тереңде жатқан тарихи мекеннің бүгінгі ұрпаққа берер рухани қазынасы да таусылмақ емес. Облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Нұрдәулет Исабек осы мақсатта атқарылған жұмыстарға тоқталды. Атап айтқанда, ұлы даланы мекен еткен ұлы тұлғалар мен даналардың ерлігі, адалдық, данышпандық қасиеттерін баяндайтын «Ордабасы – бірліктің туы» анимациялық фильмі, әлемнің екінші ұстазы атанған әл-Фарабидің өмірі туралы түсірілген өнегеге толы «Оқсыз оқиғасы» анимациялық фильмі, көне қаланың тарихын бейнелеген «Түркістан» анимациялық фильмі және Төле бидің тағылымды тұлғасын сомдаған 10 сериядан тұратын «Төле би» көркем фильмі бір жылғы жұмыстың нәтижесінде жарыққа шыққан. Жақында көрерменге жол тартатын мультфильмдерді 18 жылдан бері мультипликациялық фильм түсірумен айналысып келген жергілікті «Сақ» киностудиясы дайындаған болса, «Төле би» туындысын да осы студия мен «Оңтүстікфильм» киностудиясы бірлесіп түсірген.

Көне шаһар күннен-күнге көркейіп, заманауи келбетке ие болып келеді. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен Түркістан қаласының идеологиялық негіздемесін қалыптастыру бойынша 4 бағыт айқындалған. Бірінші, Түркістан – қазақ халқы мен түркі тілдес елдердің ең ірі зиярат және туризм орталығы. Екінші, Түркістан – әлемдік деңгейдегі қолөнер және шеберлер орталығы. Үшінші, Түркістан – Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ірі сауда орталығы. Төртінші, Қожа Ахмет Ясауи – рухани тұлға. Облысы әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаевтың айтуынша, алда осы бағыттар бойынша идеологиялық жұмыстар қолға алынбақ. Оның бірқатары Түркістан облысының 1 жылдығы аясында басталады.

Маусым айында аймақта өткізілетін 46 іс-шараның қатарында «Түркістаным – Тұраным» көрме экспозиция­сы, «Ұлы даланың Түркістаны» атты фотоэкспедиция, «Түркістанға тарту» жастар акциясы, «Túrkіstan tórіnde» сұхбат-сырласу кеші, БАҚ өкілдері арасындағы облыстық ашық спартакиада, «Түркістанда түлеген төл тарихым» мүшәйрасы, «Құтты өлке өнімдері» ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі, «Түркістан – жастар қаласы» жастар фестивалі бар. Мерейтой 19 маусымда Түркістанда өтетін «Ән – шашуым өзіңе, Түркістаным!» гала-концертіне жалғаспақ.