Президент • 18 Маусым, 2019

Жарқын болашақ жолында

2248 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жаңадан сайланған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ант беру рәсімінде сөйлеген сөзінде өзіне зор сенім көрсеткен барша қазақ­стан­дықтарға алғыс айтып, бұл жеңіс бүкіл халқымыздың жеңісі екенін, біз бәріміз болып еліміздің алға даму жолын айқындап алғаны­мызды атап көрсетті.

Жарқын болашақ жолында

Қ.Тоқаевтың сөзі өршіл, нақты, мазмұны терең, бәрімізді күрескер­лік рухқа жігерлендіріп, алға қойған мақсаттарға жетеміз деген нық сенімде болды.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Елбасының стратегияларын жүзеге асыруға ден қоятынын, көпші­лікті толғандырып жүрген өзекті мәсе­лелерді: халықтың табыс көлемі­нің азаюы, жұмыссыздық, баспана, ауыз су, жолдардың сапасы, қоршаған ортаның мүшкіл халі, аз қамтылған азаматтар мен көп балалы отбасылардың әлеуметтік жағдайы, т.б. көкейкесті мәселелерді білетінін, олардың шешу жолдары қарастырылып жатқанын айт­ты. Әлеуметтік мəселелерге ерекше ма­ңыз берген Президент өзінің өткір әлеуметтік проблемаларды шешумен нақты айналысатынын, аса мұқтаж азаматтарға көмек көрсетуді жоспарлап отырғанын, бай мен кедейдің табыс айырмашылығын азайтуды, елде орта тап қалыптастыруды жəне табиғи байлықтардан түсетін ұлттық байлықты теңдей жəне əділ бөлетінін айта келе, жуық арада тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешуге ба­ғыт­талған маңызды шешімдер қа­был­данатынын айтты. Өзіне Президент ретінде экономикалық дамудың жалпы цифрлары емес, хал­қымыздың әл-ауқатының артуы нақ­ты көрсет­кіш болып табылаты­нын, сондық­тан да Үкімет пен әкім­дердің басты міндеттері инвес­тиция тарту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып, жұмысшылардың жалақыларын көтеру, халықтың табысын арттыру екенін көлденең тартты.

Қ.Тоқаевтың ұлықтау рәсімінде ерекше тоқталған мәселелерінің бірі – әділеттілік. Қоғам əділеттілік салтанат құрғанда ғана жаңарады, дамиды. Қоғамда болып жатқан бар­­лық келеңсіз жағдайлар: сы­бай­лас жемқорлық, байлар мен кедей­лердің табыстарының алшақ­тығы, ұлттық байлықтың теңдей және әділ бөлінбеуі, азаматтардың құқықтарының толық қорғалмауы, қолданыстағы заңдардың толық­қанды орындалмауы биліктің жүр­гізген саясатының әділеттілігіне бай­ланысты. Сондықтан да басты мəселе – қазақ қоғамының әді­летті жолмен дамуында. Тəуел­сіз елі­міздің тұғырының биіктігі, мыз­ғымастығы қоғамдағы əділет­тілік деңгейімен өлшенеді. Еліміздің алға дамуы үшін келісім мен ынты­мақ, ауызбіршілік керек екені бәріміз­ге аян, ол тек əділеттілік бар жер­де ғана болады. Әділеттілік – тəуел­сіздіктің темірқазығы. Егер елі­міздің тәуелсіздігі мәңгілік, баянды болсын десек, әділеттіліктің ақ туын биік ұстауымыз керек. Себебі əді­леттіліктен ауытқыған сəтте əді­лет­сіздік белең алған кез келген қоғам тығырыққа тіреледі, тоқырауға ұшырайды. Сондай жағдай орын алса, тəуелсіздігімізге қауіп төнеді, мем­лекеттілігімізге деген сенім тө­мен­дейді, билікке нара­зылық кү­шейеді. Сондықтан əділет­сіздікпен аяусыз күресу біздің басты міндетіміз болуы керек.

Қ.Тоқаев Қазақстан Прези­денті­нің міндетін атқарған алғашқы кү­нін­ен бастап, өзінің басты ұста­ны­мы əділеттілік екенін, онсыз қо­ғам ешқашан дамымайтынын айт­ты. «Оны жоғалтып алу адамзат үшін де, ұлт үшін де өзін өзі жо­ғалтып алумен бірдей. Əділеттілік салтанат құрмаған қоғамда тек қайшылық, қиыншы­лық, құлдырау үс­тем­дік ететіні белгі­лі. Осы себеп­ті əділетсіздікке қарсы мемлекет, қоғам, əр адам күн сайын бірігіп күресуіміз керек. Халқымыз айтқандай, «Əділет жолы – ауыр жол», бірақ ауыр болса да одан басқа тура жол жоқ», деді. Осы тезисті ол өзінің рәсімдеу сөзінде де нақтылай түсті: «Ең бірінші – азаматтар бар­лық жерде əділдік орнауын қалай­ды. Əлеуметтік саясаттан бастап мемлекеттік органдардың халыққа əділ қызмет көрсетуін талап етеді. Менің мақсатым – қоғамның бірлігін қамтамасыз етіп, азаматтардың саяси көзқарастары мен ұстанымдары­на қарамай əр аза­маттың мүддесін, құқығын қорғау. Әрбір азаматтың пікірі – біз үшін маңызды. Біз үшін ең манызды міндет – заңға сай адал қызмет ету. Ашық және әділ жұмыс істейміз», деді Президент. Мен өзім Қ.Тоқаевпен он шақты жыл Парламент Сенатында бірге қызмет істедім. Ол – терең білімді, қарапайым да кішіпейіл, адам­дық пен адалдық қасиетті бо­йына сіңірген, өте таза, әділ адам. Кез келген мәселеге тек әділет­тілік тұрғыдан қарайды. Ол депутат­тардың ұсыныс-пікірлерін тың­дап, құнды ұсыныстарын қолдап, олардың жұмысын заңның сапалы дайындалуына бағыттап отыратын. Қ.Тоқаев өзінің терең білімі мен мол халықаралық тәжірибе­сінің арқасында Сенаттың заң шығару­шылық жұмысын жоғары деңгейге көтере білді. Ол – болашақты болжай білетін, қоғамдағы проблемаларды талдай білетін, әлемдік ауқымда ойлай білетін, жаңа бастамаларды қолдай білетін, әлемдік аренада ел мүддесін қорғай білетін ірі саясаткер, қайраткер тұлға.

Мемлекет басшысы халық пен биліктің диалогын дамыту үшін және осы алаңда азаматтардың сан алуан ұсыныс-пікірлерін жан-жақты талқылап, озық идеяларды бірге таңдап алатын, бүкіл қоғам өкілдері кіретін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылатынын айтты. Енді осы Қоғамдық кеңеске кіретін адамдарды таңдап, іріктей білу өте маңызды. Кеңес мүшелеріне халықтың мұң-мұқтажын жақсы білетін, әділ, беделді, көпшілікті тыңдай да, тыңдата да алатын, тәжірибелі, білімді, елдің сыйлы аза­маттары мен жастардың өкіл­дері кіруі керек. Билік жан-жақ­ты талқыланып, халықтың мүд­де­сін қорғайтын, елдің дамуына әсер ететін Ұлттық қоғамдық се­нім ке­ңесінің шешімдерін еститін де, оны басшылыққа алып, орындай­тын да болуы тиіс.Сонда ғана халық­тың билікке деген сенімі артып, елдегі тұрақтылық пен бірлік нығая түседі.

Ал Үкімет пен барлық деңгейдегі әкімдер, тұрғындар арасында жиі болып, талап-тілектерін тыңдап, оларды жергілікті жерлерде шешіп, халықтың алдында тұрақты түрде есеп беріп отыруы тиіс. Әрбір ауыл округі, шағын аудан, қалалар мен аудандар бойынша тұрғындардың әлеуметтік картасын жасап, жағдайы төмен, көп балалы, мүмкіндігі шек­теулі отбасыларға берілетін әлеу­мет­тік көмекті сөзбұйдаға салмай, оның ашықтығын, жариялылығын қамтамасыз етіп, барынша жеңілдету қажет. Масылдыққа жол бермеу үшін бұл отбасылардың еңбекке жарамды мүшелері міндетті түрде жұмыспен қамтылғаны жөн. Мемлекет басшысы ұлттық табыстың әділ бөлінуі қоғам дамуында ерекше орын алатынын, сондықтан ұлттық табыс пен бюджет қаражаты еліміздің дамуына ерекше әсер ететін бағыттарға: жаңа жұмыс орындарын ашуға және халқымыздың әл-ауқатының артуына жұмсалуы тиіс екенін атап көрсетті. Жасыратыны жоқ, елімізде бюд­жет қаржысының екінші дең­гейдегі банктердің қарызын жабу­ға, пайдасы шамалы ғимараттар салуға, қымбат автокөліктер мен жиһаздар сатып алуға жұмсалып жатқан фактілері жеткілікті. Алдағы кезде мұндай фактілерге тыйым салынуы керек.

 Қ.Тоқаев мемлекеттің алдында тұрған міндеттерді айқындап, атқарылатын жұмыстардың он басым бағытын нақтылап берді. Олар: халықтың табысын арттыру жəне əл-ауқатын жақсарту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимылдар жасау, сот-құқықтық реформасы, жаңа жұмыс орындарын ашып, халықты лайықты жалақымен қамту, əділетті əлеуметтік саясат, тұрғын үй мəселесін шешу, өңір­лерді дамыту, рухани жаңғыру, тепе-теңдік жəне көпвекторлы сырт­қы саясат, жастарды қолдау. Прези­денттің бастамалары ең алдымен халықтың жағдайын жақсартуға, әлеуметтік саланың әлеуетін да­мы­туға бағытталған. Ендігі жерде алға қойылған міндеттерге бү­кіл Қазақ­стан халқы жұмылып, өзі­міз сайлаған Президентімізді барын­ша қолдап, көмектесуіміз керек. Ең алдымен, халыққа жаса­лып жат­қан қамқорлықты әрбір қазақ­стан­дыққа толық түсіндіру керек. Бұл мақсаттың ойдағыдай орындалуы үшін біздің әрқайсымыз қай­да жұмыс істесек те өз міндеттеріміз­ді толықтай атқарып, өз үлесімізді қосуға тиіспіз.


Қуаныш АЙТАХАНОВ,

қоғам қайраткері