Бұл ауданда қосалқы шаруашылықтардан нан, май зауыттары, ағаш дайындайтын, ағаш өндіретін мекемелер, құрылыс, байланыс, ауыл шаруашылығына мамандандырылған механикалық училище, орман шаруашылығы Марқакөл қорығы, коммуналдық және сауда мекемелері, 8 бала бақша, 29 мектеп, 33 кітапхана, 37 киноқондырғы, мәдениет үйлері, 5 аурухана мен емхана, 26 фельдшерлік- акушерлік пункт жұмыс істеп тұрды. 4 елді мекенмен әуе қатынасы, облыс, көрші аудандармен тұрақты автобус қатынасы бар, елдің шетінде, желдің өтінде орналасқан, бүгінгі екі апайтөс мемлекетпен шекаралас айбынды ауданның бірі болды. Аудандағы 28 елді мекенде 25 мыңнан астам адам тұрды, сол кездегі марқакөлдіктер шат-шадыман күй кешкен еді. Бүгінде сол өңірде 7-ақ мың адам қалды. Соңғы 20 жылда халқы 3,5-4 есеге азайып кетті.
Осыдан біраз жыл бұрын әкімшілік-аумақтық өзгерістерге байланысты көршілес жатқан Марқакөл, Күршім аудандары біріктірілген-ді. Міне, осы біріктірілген ауданда қазір бар болғаны 25 мыңға жетер-жетпес халық тұрып жатыр.
Бұрынғы Күршім ауданында 60-жылдардан кейін халық еңсесі көтерілді. Мықты 7 кеңшар болды. 22 мың гектар суармалы жері, соларға су апаратын 36 шақырымдық суландыру жүйесі салынды. Сол 22 мың гектар суармалы жерден жылына 150 мың тонна астық алып жүрдік. Қазір бір гектар да суармалы жер қалмады. Суландыру жүйесінің бүкіл темір-терсегі қолды болып, Қытайға өткізілді. Ауданда екі диірмен, екі май зауыты бар еді, қазір олар да жоқ.
1970 жылға дейін осы аудандағы «Қалғұты» кеңшарын он жыл басқардым. Жері үлкен, о шеті мен бұ шетіне дейін 250 шақырым. Бес бөлімшенің арасын кеңседегі жалғыз қара телефон жалғайтын. Сөйтіп жүріп 4,5 мың гектар жерге егін ектік, қой басын 110 мыңға, ірі қараны 1200 басқа, жылқыны 1 мыңға жеткіздік. Екі қабатты мектеп салып, онда 400-ден астам бала оқыды. Қазір сол ауылда 84-ақ бала қалыпты. Осының барлығын ойлағанда, салым суға кетеді. Біздің буын жоқтан бар жасап еді. Кейінгі буын сол барды ысырап қылып, тиын-тебенге сатып жіберді.
Мен «Қалғұты» кеңшарыда директор болып жүргенде бір күні геологтар келіп бізден ет алды. Шәкірмыстың шығыс жағында көмірдің үлкен қоры бар деді. Сол кезде әлі піспеген қоңыр көмір екен. Енді бір 50 жылда әбден пісіп-жетіледі, деді. Сол уақыт, міне, өтті ғой.
Күршімнен 45 шақырым жердегі Шірікаяқ (Чердояк) деген ауылдың аты тіпті дүрілдеп тұрды. Алтын, вольфрам, тантал өндірілді. Кейін де далада қалмай, бұл жерде Высокогор деген кеңшар бой көтерді. 3,5 мың гектарға егін екті, 5 мың бас сиыр, 2 мың бас жылқы өсірді. Төрт мыңдай халқы болды. Орта мектебінде 400-ден астам бала оқыды.
Зайсан көлінің маңындағы Ақсуат, Қызылөгіз, Мөнөкей сияқты ауылдарда өңделетін балық өнімі Мәскеудің көрмелеріне шығарылатын. Сол кішкентай Ақсуат ауылындағы мектепте де 400 бала оқыды.
Өскеменнен 230 шақырым жердегі Күршімнің де, 400 шақырым жердегі Марқакөлдің де халқы Бұқтырма арқылы өтетін паромға сүйеніп отыр. Автобус шығарайық десе, паром автобус өткізгені үшін өте қымбат баға сұрайды. Халық тек таксимен ғана қатынауға мәжбүр.
Үш ай қыста паром тоқтап, шала қатқан мұздың үстінен жүру қауіпті болғандықтан, Күршім мен Марқакөлдің халқы жүздеген шақырым айналма жолмен не Зырян арқылы, не Зайсан арқылы қатынайды. Жол қашық болған соң, мұнда жеткізілетін тауарларға қосылатын баға да қымбат!
Көпір салу керек десең, оның құны 30 миллиард теңге екендігін осы жолы облыс әкімі Даниал Ахметов тағы айтты. Рас, арзан емес. Бірақ егер халық көшпей, ауыл шаруашылығы мен басқа салаларды дамытып, еңбек қызып жатса, бұл ақша ақталар еді ғой.
1997-2011 жылдар аралығында ғана шекаралық аудандарда 20-дан астам мектеп жұмысын тоқтатқан. 45 елді мекен еліміздің картасынан жойылған. 2012 жылға дейінгі дерекке қарағанда, 15 жылдың ішінде шекарадағы Зайсан, Катонқарағай, Күршім, Үржар аудандары аумағынан 85 мыңнан аса адам көшіп кетіпті.
Өңірдің бүгінгі хал-ахуалын ескере отырып, жаңадан сайланған Президентіміз бен Үкіметіміз келешек бағдарламалардың бірі ретінде сол шекаралық аудандарды, оның ішінде Марқакөл ауданын қайтадан қалпына келтіру мәселесін қолға алса, шекарамыздың бұдан да бекем болып, республикамыздың одан әрі дамуына Марқакөл өңірі де өз үлесін қосар еді.
Осындай сеніммен қолыма қалам алдым. Осы қалыпта тағы 10 жыл тұрса, шекарада халық қалмайды. Көпір салынса, Өскеменнің зиянды қою түтінін жұтып жүрген халықтың басым көпшілігі кері оралар еді.
Осымен Марқакөл өңірі келмеске кетті деуден аулақпын. Керісінше, Марқакөлдің бұрынғы қалпына келетін, одан да шарықтап, өркендейтін күні енді туса екен.
Ахметкәрім АХМАДИЕВ,
соғыс және еңбек ардагері, Күршім және бұрынғы Самар аудандарының құрметті азаматы
Шығыс Қазақстан облысы