Оңтүстік Қазақстан облысы жер асты қазба байлықтарына бай болмағанымен мемлекеттің ең басты құндылығы – адам ресурстарына бай. Республикамыздағы тұрғындардың әрбір бесіншісін құрап отырған облыс қазақтың Қалтайы – Қалағаң Мұхамеджанов айтқандай, ұлыстың ұйытқысы, қазақы болмыстың қалпын бұзбай сақтаған киелі аймағы. Оңтүстік – аграрлы өңір. Мақтаарал, Сарыағаш, Сайрам сияқты аудандарының халқы шағын облыстарға пара-пар, отыз-қырық мың халық тұратын ауылдары кейбір облыстардың екі-үш ауданын орап алатын оңтүстіктің тізгінін Елбасы Асқар Мырзахметовтің қолына ұстатқанда іскерлігіне, табандылығына үміт артқан еді. “Қазақстанды оңтүстіктің жалғыз өзі-ақ жеміс, көкөніс өнімдерімен толық қамтамасыз ете алады”, деген облыс басшысы бұл сөзінің жел сөз емес екендігін дәлелдеді. Ресей, Қазақстан, Беларусь мемлекеттері арасындағы Кеден одағы аясында Мәскеуден келген делегация да оңтүстікпен осы бағытта қанаттасып жұмыс жасауға уағда байласып, екі жақты жұмыстарды бастап кетті.
Асқар Исабекұлының облыс тізгінін ұстағанына жақында жыл толды. Осы сәтті пайдаланып, көкейдегі біраз сауалдарымызға жауап алған едік.
– Асқар Исабекұлы, өзіңіз бас болып оңтүстіктің барлық аудан, ауылдарын түгел аралап, түйінді мәселелерді жіліктеп, әрқайсына әлеуметтік карта жасаттыңыз. Жұрт дұрыс қабылдады. Әйтсе де “Асатпай жатып құлдық деме”, дейді халық нақылы. Сіз және сіздің орынбасарларыңыздың, басқарма басшыларының аяғы тиген ауылдардың бәрі проблемаларын бойынан бір демде сыпырып тастай алмайтыны анық. Соның ақыры қалай болады, қыруар жұмыстарды дағдарыс жағдайында бүйірі солып тұрған бюджет көтере ала ма?
– Біз облыстың 900-ге тарта ауылын аралағанда проблемаларды бір күнде, бір жылда шешіп тастаймыз деген мақсат қойған жоқпыз. Халықты олай алдарқатуға болмайды. Облыстың төлқұжаты – әрбір елді мекеннің төлқұжатынан тұрады. Олардың проблемаларын толық біліп алмай бастаған іс кібіртіктей береді. Барлық елді мекендерді аралағаннан кейін талдап, қайсысы бірінші кезекте, қайсысы екінші кезекте шешілетін мәселе екенін екшедік. 2010 жылдан 2012 жылға дейінгі бюджеттік бағдарламаға лайықтап түздік, компьютерге ендірдік. Мен әкім болам ба, басқа әкім бола ма, бюджетті жоспарлағанда көрпені қай ауылға тартам, қайсысында қандай проблема бар еді деп бас қатырып отырмайды. Бірінші кезекте шешілетін мәселелер жіліктелген, шетінен қарап, жұмыс жасай береді.
– Халық пайдасына жұмыс жасайтын жақсы бастама екендігі көзге ұрып тұр...
– Осы тұрғыдан келдік қой. Бұл жерде нақты жүйе қалыптасты. Бәрі дайын, компьютерде тұр. Халықтың санына, мәселенің күрделілігіне орай кезек-кезегімен орындалады. Мұндай жүздесулердің тағы бір пайдалы жағы – халықтың арыз-шағымы тыңдалды.
Қарапайым жұрттың атқарушы биліктің қабылдауына бәрі бірдей жете бермейді. Әр басшының саласы бойынша атқаруға тиісті жұмысы бар, соның бәрін ысырып қойып, адамдарды қабылдауға уақыты жетпейді. Белгіленген кесте, бағдарланған жоспар бар, ол орындалмаса жұмыс ақсайды.
Әлгіндей жүздесуде арыз-шағымдардың негізі барлары шешілді, біразы жауапты орындарға тапсырылды.
Әр ауылға жасалған әлеуметтік төлқұжат бойынша 2010 жылғы бюджетке аса ділгір, кезек күттірмейтін мәселелерді ендірдік. Бір ауылға ауыз су, бір ауылға емхана, енді бір ауылға сапалы жол салу керек. Нақты шешілгенін мысал үшін айта кетейін. Мәселен, ауыз су туралы. Облыста 900 елді мекен болса, оның 66-сы ашық су көздерін, 21-і бұлақ суын, 13-і тасымалды суды, 71-і ұңғы суын, 247-сі құдық суын тұтынады. Қалып отырған 482 елді мекендерде су құбыры болғанымен, оның 42-сі қайта құруды қажет етеді. Осы жылы оның 11-іне республикалық бюджет есебінен қайта құру жұмыстары жүргізіледі. Ал, 31-іне жобалау-сметалық құжаттары жоқ болғандықтан, оны жасауға 120,2 млн. теңге облыстық бюджеттен қаралды. Ағымдағы жөндеуді қажет ететін 199 елді мекеннің, бірінші кезекте жөндеуді қажет ететін 99 елді мекеннің мәселесі де толығымен шешіледі.
Құдық суын пайдаланатын 247 елді мекеннің 232-сі санитарлық талаптарға сәйкес келеді. Қалған 15-не құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады. 71 ұңғы суын пайдаланатын елді мекеннің 65-і санитарлық талаптарға сәйкес. Қалған 6 елді мекенде құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Ашық су көздерінен пайдаланатын 66 елді мекеннің, 6-уына құрылыс жұмыстары жүргізіледі. 54 елді мекеннің ЖСҚ-ын жасауға қаржы қаралды. Тасымалды суды пайдаланатын 13 елді мекеннің мәселесі де келесі жылы толығымен шешіледі. Соның нәтижесінде облыстың 486 мыңға жуық тұрғыны қосымша таза ауыз сумен қамтылатын болады.
Халықтың денсаулығы – мемлекеттік мүдде. Атамыз қазақ “ауру – астан” дейді. Ал, асыңыз сусыз жасалмайды. Осыған барынша мән беріп жатырмыз.
Тағы бір қамтылған мәселе – облыстың өндірісі, өнеркәсібі. Өзіңіз білетіндей, халыққа бай облыста еңбек ресурсы жоғары болғанымен, бюджеттің басым көпшілігі республикалық субвенциядан құралады. Жергілікті жердің кірісін көтеру үшін өндіріс орындарын дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашудың жолдарын қарастыру керек. Елді аралағанда қасыма сала басшыларынан бөлек екінші деңгейдегі банк басшыларын, қаржы институттары өкілдерін ертіп алдым. Ауыл-ауылдарда бизнес жобаларының жәрмеңкесін өткіздік. Қолынан бизнеспен, кәсіпкерлікпен айналысу келетін, бірақ қаржылық мүмкіндіктері шектеулі азаматтар қызығушылық білдіріп, бизнес-жобаларын қолға алды. Ауылдың жағдайында да атқарылатын жұмыстар көп. Малды ауылдар бір шайлық сүт беретін сиырларының әлденешеуінің орнын жабатын асыл тұқымды сиыр алудың жөнін білді. Көкөніс, майлы дақылдарды өсіруде де жаңа агротехнологияға негіздеп, мол өнім алуға болады. Жұмыс жоқ деп бір жамбасынан екінші жамбасына аунап түсіп жататындарға несібені кім береді. Мына көрші республикадан атажұртына оралып жатқан ағайындарымыздан іскерлікті әбден үйренуге болады. Оларға жер берсең болды, шырайын кіргізеді. Енді олардың қатарына өзіміздің ағайын тартылып, ауыл шаруашылығымен дендеп айналыса бастағаны қуантады.
Үкіметтің, әкімнің міндеті – жұмыс жоқ деген елдің қарнын тоғайтатындай ақша беру емес, отбасының мойнынан кедейлік қамытын алып тастардай кәсіп тауып беру. Кейде қаржы емес, ұйымдастыру жұмысындағы кемшіліктер де қолбайлау болып жатады. Бұл жағынан да көмегіміз әзір. Оңтүстіктің жұрты қара шаруаға пысық, өмірге бейім келеді. Бизнес-жобалары бойынша талай азаматтар жаңа жұмыс орындарын ашып жатқаны қуантады.
– “Жол картасы” бойынша тиімді жұмыс жасаған облыстардың бірі – Оңтүстік. Былтырғы оқу жылында бір мезетте 23 мектеп пайдалануға берілді. Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев “мұндай оқиға республика тұрғай, дүние жүзіне сес көрсеткен алып Кеңес Одағының да қолынан келмеген”, дегенді айтты.
Оңтүстікте халық көп, оқушылар мектепке сыймай жатыр, білім ошақтарының көбісі апаттық жағдайда екен деп Үкімет белсенділік танытты дейін десек, қаржы дағдарысы құрсаудай қыспаған жылдары неге осындай кеңдік жасалмаған деген сұрақ туады. Мұны Үкімет кеңесінде есеп бергеніңізбен байланыстыруға бола ма?
Қазақстанға дені сау білімді ұрпақ керек дегенді Елбасы жиі қайталайды. Жалпы, облыста денсаулық сақтау және білім беру бағытында биылғы жылы қандай жұмыстар атқарылады?
– Қазақ әдебиетінің бәйтерегі, мемлекетіміздің мақтанышы Мұхтар Әуезов “Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім” деді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев та жастармен кездесуде Қазақстанның келешегі білімді ұрпақтың қолында екенін үнемі айтып, әрі осы мақсатқа мемлекет тарапынан орасан қаржы бөлгізіп келеді. Уақытында әбден қалжыраған, экономикасы әлсіреген Жапония, Корея мемлекеттері талапты, талантты ұл-қыздарын жиып, бар қаржыларын қолдарына беріп, елді көтеру үшін ілім, білім алуға мықты мемлекеттердің оқу орындарына аттандырған екен. Нәтижесі әлемге белгілі. Сол білімді ұрпақ қос мемлекетті дүние жүзіндегі ең мықты мемлекеттердің кеуде тұсына көтерді.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері біз де білім сапасының деңгейін көтеруге күш салып жатырмыз. “Болашақ” бағдарламасынан бөлек оңдаған мың жастарымыз шетелдердегі іргелі оқу орындарында оқиды. Елбасымыз талантты ұрпағымыздың бағын ашу үшін Астанадан халықаралық университет аштырды.
Оңтүстік Қазақстан облысының оқушылары республикадағы құрдастарының бестен бірін құрайды. Мектептерде 500 мыңнан астам балаларымыз оқып жатыр. Алайда, мектеппен қамтуда атқарылатын жұмыстар көп. Сонау, Қазақстанның экономикасының қиын уақыттарында үш, төрт ауысымда оқитын, саман кірпіштен салынған мектептер оңтүстікте көп болды. Ол проблемалар біртіндеп шешіліп келеді. Көп жылдан бері шешімін таппай келе жатқан 62 апатты мектеп болса, оның 45-і осы жылы облыс бюджеті есебінен жаңадан бой көтеретін болады. Үш ауысымда оқытатын 29 мектептің мәселесі де толығымен шешіледі. 2010 жылы құрылысы 2000 жылдың басында басталып, аяқталмай қалған білім беру және денсаулық сақтау салалары нысандарының мәселесі толығымен шешімін таппақ. Сондай-ақ, “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы аясында құрылысы 2008 жылы басталып, құрылыс құны қымбаттаған 13 мектепті осы жылы іске қосуды жоспарлап отырмыз.
Елбасының тапсырмасына сәйкес “Балапан” бағдарламасы аясында 2010 жылы мектепке дейінгі 7 мың орындық 118 білім беру мекемесін ашу жоспарланған. Соның нәтижесінде облыстың мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз етілуі 18 пайызға артатын болады. Сонымен қатар, 2010 жылы республикалық бюджеттің есебінен 4,2 мың орындық 13 балалар бақшасының құрылысы жүргізілетін болады. Білім сапасын көтеру мақсатында мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға көңіл бөлініп отыр.
Тозығы жеткен парталар мен тақталар толығымен ауыстырылып, қажеттілікті 100 пайыз қамтамасыз ету мақсатында 100 мың парта мен 6250 тақта алуға облыстық бюджеттен 1,2 млрд. теңге қарастырылуда. Қосымша 556 млн. теңгеге 5247 компьютер алынатын болады. Типтік мектептерде лингафондық, мультимедиялық кабинеттер құру жалғастырылады.
Денсаулық сақтау саласы туралы айтар болсақ, облыстық бюджет есебінен 81 ғимараттың іргетасы қаланбақ. Сөйтіп, бірінші кезекте салуды қажет ететін 4 ауылдық аурухананың, 2 алғашқы медициналық көмек көрсету емханасының, 1 туберкулезге қарсы диспансердің, 1 жедел жәрдем бекетінің, 36 дәрігерлік амбулаторияның, 35 медициналық пункттің мәселесі толығымен шешіледі. Сонымен қатар, 27 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуден өткізіледі.
Мәдениет және спорт салаларында да атқарылатын жұмыстардың ауқымы үлкен. Еліміздің рухани астанасы Түркістан қаласының тарихи құндылықтарын сақтау және келер ұрпаққа дәріптеу мақсатында “Ежелгі Түркістан” тарихи-мәдени этнографиялық орталығының құрылысына облыстық бюджеттен қаржы қаралды. Осы жылы аудандық деңгейдегі 4 мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізіледі. Облыстық филармонияның жаңа ғимараты іске қосылады. Алдағы уақытта облыс орталығынан цирк ғимаратын салу жоспарлануда. 2010 жылы мәдениет, спорт, туризм салаларын дамытуға 4,7 млрд. теңге қаралды. Яғни, бұл өткен жылмен салыстырғанда 23,7 пайызға көп. Облыстың құрама командаларының мүшелерін дайындау және олардың республикалық және халықаралық жарыстарға қатысуына 1 млрд. теңге қарастырылды. Ескірген 4 спорт нысанын заманауи талаптарға сай жақсартуға 185,3 млн. теңге бағытталуда. 2003 жылы басталған Шымкент қаласындағы Қажымұқан атындағы орталық стадионды қайта жаңарту жұмыстарын аяқтауға 221,1 млн.теңге қаралған. Сонымен бірге, қалада “Спорттық манеж” кешенінің құрылысы басталады. Ипподром күрделі жөндеуден өткізіліп, теннис корының құрылысын жүргізу жоспарлануда. Мәдениет саласында да ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар жүріп жатыр. Шымкентте өткен “Алтын жебе” халықаралық анимациялық фестиваліне келген шетелдік кәсіби аниматорлар “қазір бұл өнер бас иесіз қалды. Бас қосатын орталығымыз Шымкент болса екен”, – деп лебіздерін айтып еді. Биыл осы фестиваль өз деңгейінде өтеді.
– Асеке, Елбасымыз мемлекеттің әлеуетін күшейту үшін экономиканы әртараптандыру, заманауи технологияларды қолдану және инновациялық құрылымдарды қалыптастыру, ұтымды жобаларды енгізу жөнінде Үкіметке тапсырмалар берді. Біздің облыстағы жағдай қандай?
– Оңтүстікте бұл бағытта игілікті жұмыстар жалғасын тауып жатыр. 2009 жылы қаржыландыру көздері бойынша өнеркәсіптің негізгі капиталына бағытталған инвестициялар көлемі 71,2 млрд.теңгені құрады, оның ішінде 17,1 млрд.теңге шетел инвестициялары игерілді. Несиелік ресурстар және кәсіпорындардың өз қаржысы есебінен іске қосылған инвестициялық жобалардың жалпы құны 12,0 млрд. теңгені құрайды. Осы қаржыға 11 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, жаңадан 1060 жұмыс орны ашылды.
“Кентау трансформатор зауыты” АҚ-тың импорт алмастыру аясында “Кернеулігі 35-110 кВ электр трансформаторларын шығару” жобасы іске қосылды. Жылдық қуаттылығы 450 дана трансформатор шығаруға жететін зауытта 120 жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл жаңа өндіріс орны Қазақстан аумағындағы отандық электрмәшинесін жасау тарихындағы тұңғышы. Өндірісте Италия, Германия, Швейцарияның заманауи технологиялары мен құрал-жабдықтары қолданылуда.
“Барыс 2007” ЖШС-нің “Әр түрлі макарон өнімдерін өндіру” жобасы ендірілді. Оның қуаттылығы жылына 25 000 тонна, жалпы құны 1 500,0 млн. теңге. Жаңадан 120 жұмыс орны ашылды. Бұл өндірісте ІТ технологиялары қолданылып, макарон өнімдерінің 20 түрі шығарылады, Орталық Азия аумағындағы ірі өндірістердің бірі болып табылады.
Мақта кластерін әрі қарай дамыту мақсатында “Оңтүстік” арнайы экономикалық аймағы құрылысын жүргізу жалғасуда. 2009 жылы аймақтың инфрақұрылымын дамытуға республикалық бюджеттен 2,1 млрд. теңге бөлініп, толықтай игерілді. 2010 жылы арнайы экономикалық аймақ аумағында 3 жаңа кәсіпорын іске қосылып, шетел және отандық инвесторларды тарту, арнайы экономикалық аймағының қызметін кеңейту жұмыстары жалғасын табады. Қазіргі таңда “Оңтүстік” АЭА дамыту кеңесімен түріктің Erol Boz компаниясы мен Қазақстанның “Ал-Мугний” кәсіпорындарының инвестициялық жобалары мақұлданды.
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы және елді индустрияландыру картасы аясында 2010 жылы облысымызда 8 инвестициялық жоба іске асырылатын болады.
Қорытындылай келе, осы жобалар іске асырылып, облысымызда биыл жалпы құны 55,4 млрд. теңге инвестицияны құрайтын жобалар құрылысының жұмыстары жүргізіледі. Бұл құрылыс жұмыстарына бүгінгі күні 1,9 мың адам тартылып отыр. Кәсіпорындар толық іске қосылғанда 2,2 мың адам тұрақты жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі.
Сондай-ақ, Елбасы Жолдауында айтылғандай, 2014 жылға дейін Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту арқылы өндіріс көлемі ұлғайтылып, мұнай өңдеу жылына 4 млн. тоннадан 6 млн. тоннаға жеткізілетін болады. Бұл еліміздің мұнай өнімдеріне деген тапшылығын толығымен шешетін болады.
Аймақты индустрияландыру картасына 32, 7 млрд. теңгені құрайтын, кәсіпорындар іске қосылғанда 2,2 мың адамды жұмыспен қамтитын 19 жоба іріктеліп енгізілді. Сонымен қатар, аудан және қалаларда 4,6 млрд.теңгелік 31 инвестициялық жобалар іске асырылу үстінде. Осы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуына барынша қолдау жасау жұмыстары қарастырылуда.
Облыс экономикасын ғылыми-техникалық дамыту мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысындағы аймақтық технопарк ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу, көмірсутегі шикізатын қайта өңдеу, құрылыс материалдарының химиялық технологиялары, табиғатты қорғау технологиялары және экологиялық таза минералды тыңайтқыштарды өндіру бағыттарында жұмыс істеуде. Қазіргі таңда онда жалпы құны 57,0 млрд.теңгені құрайтын 32 инновациялық жобаның базасы құрылған. Олардың ішінен фосфор және металлургия өнеркәсібі қалдықтарының негізінде цемент өндіру, кальций карбидін өндіру өндіріске енгізілуде. Сонымен қатар, базальттан минералды мақта өндіру, көмірді жерасты газға айналдыру технологиясы, қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу арқылы жылу, отын және басқа да пайдалы өнімдер алу, жергілікті шикізаттан автоклавты емес пенобетон өндірісі сияқты инновациялық жобаларды іске асыру бойынша жұмыстар жүргізіледі.
– Бұрынғы фосфор зауытының орнын абаттандырып, аумағында индустриялық аймақ құруды қолға алдыңыздар. Бұл жобалар үлкен өндірістері жоқ оңтүстікті өрге сүйрейтін локомотив бола ала ма? Кәсіпкерлер “Максимум” аймақтық инвестициялық орталығы” ЖШС-нің көрсеткен қызметіне разы, осы жұмыстың әрі қарай осындай қарқынмен жалғасарына үмітті...
– Бұрынғы фосфор зауытының орнында индустриялық аймақ құру арқылы жаңа инвесторларды тартып, химия, мұнай өнімдері, құрылыс индустриясы салаларымен ұштастыру біздің 2010 жылғы басты мақсаттарымыздың бірі болып табылады. Онда түгендеу жұмыстары кезінде анықталған 337 гектар жердің 150 гектарын босатып, барлық инфрақұрылымдарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Келешекте құрылатын индустриялық аймаққа қажетті инфрақұрылымдардың қазіргі күндегі жағдайына сараптама жасалды. Алдын ала есептік сметалық құжаттамаларға сәйкес, инфрақұрылымдарды қалпына келтіру үшін барлығы 1,5 млрд. теңге қажет екен. Қазіргі таңда, бұрынғы өндіріс аумағында 20 өнеркәсіп кәсіпорындары жұмыс жасауда және онда 1000 адам жұмыспен қамтылған. Бұл өнеркәсіп кәсіпорындарының ішіндегі 13 кәсіпорынның даму жоспарлары бар. Олар іске асырылған жағдайда 1200 адам жұмыспен қамтылатын болады.
2009 жылы “Максимум” аймақтық инвестициялық орталығы” ЖШС-нің жарғылық қоры 3,3 млрд. теңгені құрады. Осы қаражат келесі іс-шараларға бағытталды. “Максимум” аймақтық инвестициялық орталығы” ЖШС 2009 жылы 878,9 млн. теңгеге 15 ірі жобаны қаржыландырып, іске асыруға кірісті. Жобаны іске асыру барысында 499 жаңа жұмыс орнын ашу және облыс бюджетіне 124,7 млн. теңге аудару көзделіп отыр. Негізгі азық-түліктердің бағасын төмендету мақсатында 11 әлеуметтік дүкен және 10 дүңгіршек құру жобасы іске асырылды. Жоғарыда көрсетілген қаражаттан “Максимум” аймақтық инвестициялық орталығына еншілес “Ырыс” ШНҰ” ЖШС арқылы 551 жобаны 1,0 млрд. теңгеге қаржыландыру мақұлданды. Сонымен қатар, жобалардың 97,5 пайызы ауылдық елді мекен кәсіпкерлері болып табылады. Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде 847 жаңа жұмыс орны ашылып, бюджетке 46,6 млн. теңге көлемінде төлемдер аударылады.
Осыған қоса “Максимум” аймақтық инвестициялық орталығы тамшылатып суғару жүйесін және интенсивті технологияларды ендіруді қамтамасыз ететін “Агроконцерн” ЖШС-ні құрды. Оның негізгі мақсаты – ауылшаруашылық өнімдерін өңдеушілерді қолдау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге демеу жасау, облыстың экспорттық мүмкіндіктерін дамыту, тамшылатып суару жүйесін орнату, ауыспалы егістіктің жаңа үлгідегі әдістерін қолдану, тиімділігі жоғары дақылдардың көлемін ұлғайту және егістік алқаптардың құрылымын оңтайландыруды қамтамасыз ету. Жоғарыдағы тапсырмаларды жүзеге асыру үшін “Агроконцерн” ЖШС-нің жарғылық капиталы 1 млрд. теңгеге қаржыландырылды, сонымен қатар “Қазагроқаржы” АҚ қаржыларын тартуын көзделіп отыр.
2010 жылы “Максимум” аймақтық инвестициялық орталығының жарғылық капиталы 3,0 млрд. теңгеге ұлғайтылды. 2010 жылы “Максимум” басқа да қаржы ұйымдарымен бірігіп жобаларды қаржыландыру көздерін жоспарлауда. Бүгінгі күнге “Қазагроқаржы” АҚ, “Агро несие корпорациясы” АҚ, “Даму” КҚҚ” АҚ жобаларды бірігіп қаржыландыру келісім-шартына қол жеткізіп отыр.
Жақында жүн өңдейтін цех іске қосылмақ. Бұл жоба “Максимум” аймақтық инвестициялық орталығы арқылы қаржыландырылды. “Шымкент-Кашемир” ЖШС облыстағы барлық өндірілетін өнімді өңдейтін болады, бұл 6,7 мың. тоннаны құрамақ. Бұл жобаның нәтижесінде 150 жаңа жұмыс орны ашылады. Болашақта бұл өндірісті “Оңтүстік” АЭА аумағына көшіру жоспарлануда. Бүгінгі күні Қытай Халық Республикасына 3,0 мың. тонна (6,0 мың. тонна шикізат түрінде) өңделген жүнді өткізуге келісім-шарт жасалған. Бұрын облысымыздың барлық өндірілген жүннің 10 пайызы ғана өңделіп, ал қалған бөлігі өртеліп тасталатын еді. Енді бұл мәселе толығымен шешімін тауып отыр.
– Халық адал ұлдарын ешқашан ұмытпайды. Қазақ жәдігерлерін түгендеп, Қожа Ахмет Ясауи кешеніне реставрация жасау кезінде министр бола тұрып, жұмысшылармен бірге қолына күрек алған белгілі қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековті, бюджет қаржысынсыз Шымкентке дендробақ, ипподром, зоопарк, балалар темір жолы секілді ғаламат жұмыстарды атқарған Асанбай Асқаровтай ағаларымыздың еңбегі ғасырлар бойы айтыла береді.
Жақсы ағалардың дәстүріне адалдық сізден де байқалады. Қожа Ахмет Ясауи хикметтерін қызыл гранит тасқа қашап жазғыздыңыз. Ұлы Абайдың мұражайы іске қосылды. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Тәуелсіздік монументі асқақтады, дендробақтың екінші тынысы ашылды. Алаштың ардақты ұлы Тұрар Рысқұловтың ескерткіші тұрғызылды. Баланы өмірге әкелу жөнінен республиканың көшін бастаса да жас жұбайларға арналған оңды Неке сарайы болмаған Шымкентте осы оқылықтың орны толтырылып жатыр. Қалтадан ақша суырып беру әркімге қиын, ал сіз қалай жол таптыңыз?
– Данышпан бабаларымыздың уақыт елегінен өтіп, атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлағатты нақылдарының түйіні өз еліңдей ел болмас, береке-бірлікті бол, Отаныңды өлшеусіз сүй, оған қалтқысыз қызмет ет, бірақ міндет етпе дегенге тіреледі. Батыр болсаң жауға найзаң тисін, бай болсаң елге пайдаң тисін, дейді. Осыны әрбір қазақ азаматы жадында ұстауы тиіс қой. Өзіңіз атап айтқандай, біз бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында талай шаруаны бюджет қаржысынсыз атқара алдық. Кәсіпкер азаматтарымызға рахмет. Айттық – түсінді. Соның нәтижесінде 20-ға жуық нысан бой көтерді. Биыл да сол жұмыстар жалғасады. Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында “Даңқ” мемориалын ашуға дайындық жүргізіп жатырмыз. Ұлттық құндылықтарымызды түгендеу барысында ән әлемінің падишасы атанған Шәмші Қалдаяқов ағамызға арнап “Шәмші әлемі” гүлзары ашылады. Ескерткіші қойылады.
Бізде жалындап тұрған, жүрегінің оты бар, намысты, қайратты, білімді жастардың үлкен шоғыры өсіп келеді. Бұрынғы Жастар үйінің Опера және балет театрына айналып кеткендігі белгілі. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін жастар орталығын ашуды күн тәртібіне қойып отырмыз. Абайдың шығармаларын жастанып оқитын жасөспірімдер еліміздің келешегін кемел етеді. Ертеңгі болашағымыз, үмітіміз деген соң сол жастардың өсуі үшін жағдай жасауымыз керек қой. Ойға алған шаруалар көп. Бюджет қаржысына әркім-ақ сала алады. Біз мемлекеттік сатып алуға бағытталған нысандардың жобалық-сметалық құжаттарын талдау барысында нақты есептеулер жасадық. Жобадан артық жазылған қаражаттар табылды. Соның нәтижесінде 13 млрд. теңгедей қаражат үнемдедік. Бұл қаржы облыстық филармония секілді сақалды құрылыстарды аяқтауымызға мүмкіндік берді. Құрылысы көптеген жылдарға созылған нысандардағы жұмыстарға биыл нүкте қойылады.
– Сөз реті келгенде айта кетейік, облысымызда майданнан оралған ардагерлеріміздің ішінен көзі тірі бір Батыр қалды. Ол – Тоғанбай Қауымбаев. Осы ақсақал пәтерге зар болып жүр...
– Ел басына түскен нәубеттен жеңіспен оралған майдангерлеріміздің ерлігі ешқашан ұмтылмайды. Сол сұрапыл соғысқа біздің облыстан 132 мың адам аттанған екен. Содан бүгінге аман жеткені 1471 ғана. Отан үшін от кешкен ағаларымыздың құрметіне Абай саябағындағы “Даңқ” мемориалына барлығының атын қастерлеп жаздық. Ардагерлерді және тыл еңбеккерлерін марапаттауға жалпы 740 млн. теңге қаралып отыр. Ал, Батыр атамыз жайлы әңгімеге келсек, ол кісі уақытында заңды пәтерін алған. Өмір болған соң әртүрлі жағдай болады, ол жағынан да хабардармыз. Ел басына күн туғанда етігімен су кешкен Батыр ағамыздың пәтері жайлы мәселені шештік.
– Облыста кадр резерві туралы ереже дайындалды. Жемісі қандай?
– Бұл – үлкен мәселе. Сырттан кадр шақырмай, облыстың өз ішіндегі жақсы мамандарға тізгін ұстатқанға не жетсін. Жергілікті жердегі білікті, білімді мамандарға көрінудің үлкен мүмкіндігі беріліп отыр. Елбасының сенімімен қызметке тағайындалғанымда кейбіреулердей өз командаммен келіп, сыпырып-сиырып әкімдерді орнынан алып тастаған жоқпын. Маған оларды неге ауыстырмайсың деп сын таққандар болды. Олар да адам баласы. Алғашқы кездесуде-ақ кәсібилігің, тазалығың таразыға алынады дегенмін, сол қағидамнан айнымаймын. Жалпы жастармен жүздесуде бірталайын мемлекеттік қызметке тартуды ойластырдық.
– Орман және аң шаруашылығына байланысты өткен кеңесте аң-құстың аяусыз қырылып жатқандығы жайлы қатты айттыңыз. Солардың арасында мемлекеттік қызметкерлер болса, сол күні қызметінен айырылатынын ескерттіңіз. Ал, өзіңіз саятшылыққа қалай қарайсыз?
– Бәрі орнымен болу керек. Даланың сәні – сексеуілді тамырымен отап жатса, аң-құсты атып, тауысуға айналса, ол қандай саятшылдық. Сондай адамдардың кесірінен бүгінгі ұрпақ ұлы далаға сыймай жосып жүретін киіктерді қызыл кітаптан көретін болды. Ауыл-ауылдың маңында тауықпен бірге жайылып жүретін қырғауылдың ит тұмсығы батпас жыңғылдың ішінде де жанын алатын болды. Еріккен, масыққан адамның ермегіне айналды. Ал, түбі не болады? Осы қанағатсыздық балаларға берілмес үшін мектептерде табиғат-ананың байлығын қадірлеу, табиғатқа адалдық туралы тәрбиелеу керек. Сөз жүзінде емес. Болашақты ойласақ – бұл мәселені реттеуге болады.
– Оңтүстіктің тумасысыз. Республикалық деңгейде талай үлкен қызметтердің тұтқасын ұстадыңыз. Оңтүстік жайлы жағымсыз әңгімелерді, анекдоттарды естіп жүрген боларсыз. Мәселен, Астанадағы Есілден ұсталған Шардараның алтын балығы сияқты. Неге былайғы жұрт оңтүстік туралы осындай әңгіме айтуға құмар, негізі бар ма? Туған жердің түлегі ретінде намысыңыз да қызатын шығар?
– Мемлекеттік қызметкерлерге бір өңірдің түлегі ғана болуға болмайды. Бәріміз Қазақстанның азаматымыз, Отан – ортақ. Елбасы сенім білдіргеннен кейін Қазақстанның қай өңірінде жүрсек те сол аймақта халық, Үкімет көңілінен шығатындай жұмыс істеуге тиістіміз. Жалпы, Қазақстан азаматтарының, әсіресе, мемлекеттік қызметкерлердің туған жеріне, өсіп-өнген ауылына тартуы өнеге алатын қасиет емес. Біздің міндет – Қазақстандай алып мемлекетті өркениетті елдердің көшіне қосу, бәсекеге қабілетті ету, ел экономикасын көтеру ісіне қызмет ету. Отаныңды шын сүйсең, шынайы патриоты бол, тұтастай сүй, бөліп-жарма. Менің ұстанған кредом осы.
Әйтсе де оңтүстікке негізсіз таңылатын әлгіндей әңгімелер менің де көңіліміне тиеді. Досқа құшағы айқара ашық, ақ дастарқаны қашанда даяр тұратын ақжарқын халыққа айтылатын әңгіме емес бұл. Осындайда еске түседі. 1986 жылғы атышулы оқиғадан кейін ел, жер иесі қазақты сүтке тиген мысықтай ету оқиғасы билікшіл, зорлықшыл Мәскеу тарапынан болғандығы белгілі. Қазақтардың оқудағысының санын есептеп, қызметтегісін шеттете бастағанда ұлттың зиялылары алқақотан отырып, енді қайттік деп мұңайыпты. Сонда Әбіш Кекілбаев ағамыз: “Жігіттер, босамаңдар. Бәріміз жабылып оңтүстіктің тілеуін тілейік. Оңтүстік аман болса, жағаға өзі алып шығады”, деген екен. Бүкіл ұлттың үміті болған Оңтүстікті енді жау кеткен соң қылышыңды қиға шаптың керін келтіріп, қалай жек көруге болады. Оңтүстік туралы ғайбат сөз айту бүкіл түркі дүниесі тәу ететін Қожа Ахмет Ясауиге, қазақты ел қылған хан, сұлтан, билері мәңгі демалып жатқан аймаққа тіл тигізу ғой. Солай түсінер едім.
Қазақта “Отан – отбасыңнан басталады” деп аталатын ғибратты сөз бар. Өз отбасын азамат қалай жақсы көрсе, Отанын да солай жақсы көруі керек. Елбасымыз айтқандай, “Бізде бір ғана Отан бар. Ол – тәуелсіз Қазақстан”. Осы Отанымыздың түтіні түзу шығу үшін тапсырылған міндеттерді күн-түнмен санаспай орындауға ұмтылып жүрміз.
– Әңгімеңіз үшін рахмет.
Әңгімелескен Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы.