Спорт • 25 Маусым, 2019

Төрт балуанымыз үздіктер санатында

745 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жақында ғана жаңартылған дзюдошылардың әлемдік рейтингінде Қазақстанның төрт бірдей балуаны үздік ондықтың қатарынан еніп отыр. Олар – аса жеңіл салмақтағы Елдос Сметов пен Отгонцэцэг Галбадрах және Ерлан Серікжанов (66 кило) пен Ислам Бозбаев (90 кило).

Төрт балуанымыз үздіктер санатында

Бұл жайтқа біз бекер назар аударып отырған жоқ­пыз. Төрт жылда бір өтетін Олим­пия ойындарына қаты­сатын дзюдошылар дәл осы рейтингі арқылы анықталады. Тарқатып айтсақ, әр салмақтың 18 үздігі Олимпиада жолдамасына бірден иелік етеді. Одан кейін құрлықтар арасындағы тепе-теңдікті сақтау мақсатында қосымша 100 жолдама таратылады. Олар дзюдо күре­сінің дамуына көңіл бөліп жатқан жер-жаһандағы әр мем­лекеттің өкілдеріне бері­леді. Ерлер мен әйелдерді қоса алғанда ғаламдық додада барлығы 352 татами ше­бері бақ сынайды. Ал егер бір мемлекеттің бірнеше өкілі үздік­тер қатарынан кө­рінген жағдайда, жолдама рейтингте ең жоғары орынды иеленген балуанға бұйырады.

Қазақстанның ерлер құра­масы мүшелері арасынан ең жоғары орында ел мақтанышы Елдос Сметов тұр. 60 кило салмақ­та күш сынасып жүрген Рио Олим­пиадасының күміс жүлдегері, әлем және құр­лық чемпионы, Азия ойын­дарының жеңімпазы қазіргі кезде алтыншы орынды ие­ле­нуде. Былтыр Бакуде өт­кен дүниежүзілік додада 66 кило салмақ дәрежесінде бел­десіп, күміс медальді мойнына ілген Ерлан Серікжанов жетінші сатыға жайғасты. Құрлықтық деңгейдегі ресми жарыстарда сан мәрте жеңіс тұғырына көтерілген 90 кило салмақтағы Ислам Бозбаев 10-орынға табан ті­реді. Сонымен қатар тағы төрт қандасымыз «ТОП-20» балуанның қатарында. Ғұсман Қырғызбаев (60 кило) пен Елдос Жұмақанов (66 кило) 12-орынды еншілесе, Дидар Хамза (81 кило) – 16 және Жансай Сма­ғұлов (73 кило) 19-са­тыға тұрақтады.

Біздің ең олқы со­ғып тұрған тұсымыз – алып­тарымыздың әл­­­сіздігі. Мәсе­лен, +100 кило салмақ дә­ре­­же­ле­рінде айқа­са­тын Ерасыл Қа­жы­баев қазіргі кезде небары 33-орын­ды, ал 100 кило сал­мақтағы Айбек Серікбаев пен Виктор Демьяненко 61 және 64-орындарды қанағат тұтуда. Егер алдағы уақытта олар қарқындарын күрт күшейт­песе, Олимпиада дуынан шет қалулары әбден мүмкін.

Әйелдер арасында жалғыз ғана Отгонцэцэг Галбадрах «ТОП-10» дзюдошының қата­­рына енуде. 48 кило салмақ­тағы қайсар қыз тоғызыншы орынды олжалауда. Ал өзге ару­ларымыздың қарқыны тым баяу.

Бүгінгі таңда ерлердің әлем­дік рейтингінде Ресей мен Жа­пония құрама командалары мүшелерінің қарасы мол. Ре­сейліктердің – 9, жа­пон­дардың 8 жігіті «ТОП-10» дзюдошы сана­тында. Моң­ғолияның – 6, Гру­зия мен Израильдің – 5, Бра­зилия мен Оңтүстік Кореяның – 4, Қазақстан, Әзербайжан және Голландияның 3 өрені мықтылар тізіміне қосылды. Ал әйелдер арасында Жапо­ния­ның – 3, Францияның – 2 және Бразилия мен Кубаның 1 балуаны әлемдік рейтингте көш басында келеді.