Қазақстан • 01 Шілде, 2019

Көңілімізге жылылық ұялады

832 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарапайым тірлік кешіп жатқан отба­сылардың біріміз. Ауылдан көшіп келіп, қалалық атанғанымызға бес жылдай болып қалды.

Көңілімізге жылылық ұялады

Екі ұлымыз университет пен колледжде, қызы­мыз мектепте оқиды. Кенже­міз балабақшаға барады. Өзім жүргізуші болып жұмыс істеймін. Әйелім биыл жүрек талмасы кеселіне ұшырап, жұмыстан қол үзуіне, екі рет ота жасатуға тура келді. Пәтер жалдап тұрып жатқан жайымыз бар. Кезекке тұрғанымыз­бен, қашан жетеріміз белгісіз. Азын-аулақ табыс баспана төлемінен, бала-шағаның тама­ғы мен киімінен артылмайды. Nur Otan партиясының об­лыс­тық филиалы өтінішіме құлақ асып, университетте білім алатын баламның бір жылдық оқу шы­ғынын өтеп беруге көмектесіп, үлкен шарапатын тигізді.

Тығырықтан шығудың жолын әркім өзінше іздестіріп, жақсы өмір сүруге қарай талпы­на­ды ғой. Бәлкім отбасылық жағ­дайы­мыз түзеліп кетер, әлеу­мет­тік мәселелерді шешуге оң ық­палы тиіп қалар деген үміт­пен несие алып едік, шы­ны керек, үлкен қиындыққа тап бол­дық. Банк алдындағы қарыз­ды уа­қы­тылы қайтара алмай, әбден әуре-сарсаңға түстік. Күндіз күл­кіден, түнде ұйқыдан айыры­лып, не істерімізді білмей жүр­гені­мізде Президент Қасым-Жо­март Тоқаевтың көп балалы от­басылардың, әлеуметтік жағ­­дайы төмен, аз қамтылған жан­дардың шағын несиелеріне же­ңіл­­діктер қарастыру туралы Жар­­лығын естіп, бастапқыда сенер-сенбесімді білмей, әрі-сә­рі күй кеш­тім. Үлкен ұлым мән-жай­ды түсіндіргеннен кейін ғана көңілім байыз тауып, орны­на түсті. Мен бұл қадамды тұр­мысы ауыр отбасылар үшін мем­лекет тарапынан жасалып отыр­ған зор қамқорлық деп түсі­немін. Бә­рі­нен де денсаулық жағ­­да­йы­на бай­ла­нысты мүге­дект­ік алу­ға құжат­тарын өткізіп қой­ған әйелім­нің қуаны­шын ай­тсаң­шы! Ол қазір өзін құлан­таза жа­зы­лып кеткендей сезініп, жүзіне күл­кі үйіріле бастады. Дас­тарқан басындағы әңгі­ме­міз де жа­ра­сып, енді несие ал­мақ түгілі атын да ата­мас­пыз деп қалжың­дасып қоямыз.

Еліміз бойынша әлеуметтік жағдайы төмен 100 мың адам­ның несиесін өтеуге орай шы­ғарылған Президент пәрмені көңілдерге жылылық сәулесін шашып, банктер алдындағы берешектері ақысыз-пұлсыз өтелеріне қатты қуанышты.

 

Құттыбай ӘБІЛЕВ,

көп балалы әке

 Солтүстік Қазақстан облысы