elitar.kz
Жаһандық сын-тегеуріндер уақытында отбасы институтын дамыту мен нығайту – ел болшағының жарқын кепілі болмақ. Дәл осы кезеңде мемлекеттік бағдарламалар тетігі арқылы қастерлі құндылықтарымызға барынша көңіл бөлгеніміз дұрыс. Кез келген мемлекет отбасылық институттың жоғарыда біз атап кеткен баспалдақтары арқылы іргесін берік қалайды. Биыл Қазақстанда отбасы саны шамамен 5 млн-нан асады деген жағымды ақпардың өзі жарқын болашағымызға жол бастар кемел келешекті көз алдымызға әкелді. Әлбетте, отбасының ең үлкен байлығы да, тірегі де ұрпақ. Сондықтан еліміздегі отбасы институтын нығайта түсу үшін демографиялық өсім өте маңызды бағыт болып қала бермек.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сүйенсек, біздің мемлекетте 340 мыңға жуық көп балалы отбасы бар. Бұл біз үшін үлкен қазына. Ұлт тірегі ана мен бала десек, аталған әр отбасында кемі 4-тен, тіпті кейбірінде 5-6 баладан өсіп келеді. Олардың арасында 8 мыңнан астамы – 29 жасқа дейінгі 4 және одан да көп ұл-қыздары бар көп балалы аналар екені қуантады. Қазақ мұндайда «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деп, әр баланың өз несібесі бар екенін айтып, балалы үйдің базар екенін жақсылыққа балаған.
Республикамызда көп балалы отбасылардың басым бөлігі күнгейдегі өңірлерде тұрады, яғни Түркістан облысында 86 585 отбасы, Алматы облысында 40 218 отбасы және Жамбыл облысында 30 040 отбасы. Жалпы, көп балалы отбасы болудың демографиялық ықпалынан бөлек адам бойындағы ізгі қасиеттерге де үлкен септігі барын біздің ата-бабаларымыз ежелден білген. Бұл тұрғыда қазақ ортасы көп балалы болу арқылы-ақ ата-анаға деген қамқорлық, ағайын арасындағы айырылмас татулық, бауыр-қарындасқа деген мейірім сияқты моральдық құндылықтарды ұрпақ санасына қаншама ғасырлар бойы сіңіріп келді.
Биылғы жылдың «Жастар жылы» деп жариялануында да үлкен мән жатқаны белгілі. Әдетте біз «жас келсе – іске» деп жатамыз. Олай деу үшін алдымен сол жастардың материалдық және моральдық бүтіндігіне жіті мән бергеніміз дұрыс. Мемлекетіміз бұл тұрғыда әрбір қазақстандық жас өреннің қоғамдық-әлеуметтік әлеуетін іске асыруға даңғыл жол ашып отыр. Жыл басында Жастар жылын өткізу жөніндегі жол картасы әзірленіп, бекітілді. Сол жол картасында жастарды жұмыспен қамтамасыз етуден бастап, тұрғын үй мәселесін шешуге дейінгі жан-жақты қолдауға бағытталған жобалар мен бағдарламаларды қамтыды. Осы орайда министрлік отбасылық саясат саласында 17 жобаны іске асырып жатыр.
Мәселен, биыл мемлекет жастарды баспанамен қамтамасыз етудің тиімді тетіктерін қолға алды. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жыл сайын мыңға жуық арендалық тұрғын үй салынып, жас мамандарға берілетін болды. Бұл жастардың тек баспаналы болуы ғана емес, отбасы құндылығын сақтауға үлкен сеп, айрықша қамқорлық деуге болады. Бүгінде көп жас отбасылардың баспана байбаламынан аралары ашылып, соңы сәтсіз қадамдарға барып жататынын жасыра алмаймыз.
Баспана беруден бөлек жас мамандарға тұрғын үй беруге бағытталған кәсіпорындар мен жұмыс берушілерді ынталандыру шараларын әзірлеу қарастырылып отыр. Яғни, жеңілдікті ипотекалық бағдарламалар бойынша тұрғын үй сатып алу үшін бастапқы жарнаға пайызсыз несие беру де көзделген.
Басында баспанасы бар жас мамандар ештеңеге алаңдамай, ел мүддесі үшін жұмыс істейтіні белгілі.
Ең негізгі мәселе – өмірде күрделі жағдайға душар болған топ пен көмекке мұқтаж жандардың қатарға қосылуында мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары. Қазір атаулы әлеуметтік көмекті мемлекеттен 280 мыңнан астам отбасы алады. Биыл Қазақстанда балалы отбасыларды қолдауға 67 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Елімізде ата-аналар мемлекеттік жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер алады, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі шараларды және салық салу кезінде жеңілдіктерді пайдаланады. Барлық әлеуметтік төлемдер жыл сайын инфляция деңгейіне индекстеледі. Айта кету керек, әлеуметтік қолдау мынадай отбасы санаттарына: бір жасқа дейінгі балалары бар аналар мен отбасыларға, одан кейін көп балалы отбасыларға, мүгедек балалары бар отбасыларға, аз қамтылған отбасыларға, асыраушысынан айырылған және балаларды қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа алған отбасыларға көрсетіледі.
Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көп балалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың борыш жүктемесін азайту жөніндегі Жарлыққа қол қойды. Бұл көптеген ел тұрғындарының әлеуметтік ахуалын оңалтуға жасалған батыл қадамдардың, оң шешімдердің біріне айналғаны сөзсіз.
Біздің жаңа қоғам осы ретте тағы бір тамаша үрдісті қолға алып келе жатқанын айта кетуіміз керек. Бүгінгі таңда әр өңірде көп балалы ана мен мұқтаж жандарды қолдауға бизнес өкілдері қосылып отыр. Мысалы, қала ішіндегі жолаушылар көлігінде (таксиден басқа) тегін жол жүру; біржолғы ақшалай төлем (2,5 АЕК); бастауыш сынып оқушыларына тегін тамақтану; колледждерде балаларды тегін оқыту; қаланың жоғары оқу орындарында тегін оқу және т.б. көмек берілді. Аз қамтылған отбасыларға, соның ішінде көп балалы отбасыларға коммуналдық қызмет шығындары отбасы табысының сегіз пайызынан асатын болса, тұрғын үй көмегі қарастырылған.
Мемлекетіміздің осынау орасан зор игіліктері, әрине жеміссіз емес. Жастарымыз бүгінде бос отырған жоқ. Студенттер альянсы, Жастар конгресі сияқты түрлі ұйымдар мемлекеттің бір кірпіші болып қалануға барын салып келеді. Бір ғана мысал айтатын болсақ, жақында ғана Арыстағы апат кезінде еріктілер жасағы құрылып, көшірілген қала тұрғындарына қажетті көмек көрсету үшін Шымкент қаласына барды. Енді Арыс қаласын қалпына келтіруге қолғабыс жасайтын арнайы отряд құру жоспарланып отыр. Бұл әлбетте біз сөзіміздің басында айтып кеткен отбасында берілген орынды тәрбиемен келген тамаша тағылымның тартуы.
Биылғы Жастар жылы – тәуелсіздік жылдары жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік жастар саясатының басты оқиғасы. Бұл оқиға жастарға қолдау көрсету мен жағдай жасауға жаңа серпін береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде аталған құндылықтарды бекіте түсуге ерекше назар аударып отыр. Осы және басқа да өзекті мемлекеттік әлеуметтік қолдау аясындағы іс-шаралар легін жүйелі түрде орындау үшін қарқынды жұмыс жүргізілуде. Себебі дәстүрлі құндылықтарға сүйенген, әлеуметтік тұрмысы жақсы, келешекке деген сенімі зор шаңырақтың босағасы да берік болады. Ал осындай ішкі тіні мықты, ынтымақ-бірлігі бекем, экономикалық жағынан әлеуетті отбасылар жиылып келгенде қуатты қоғамды қалыптастыратыны дәлелдеуді қажет етпейді. Демек, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да мемлекет пен қоғамның мүдделі тараптарының қатысуымен жүйелі түрде жалғасын таба бермек.
Дәурен АБАЕВ,
Ақпарат және қоғамдық даму министрі