Қазақстан • 06 Шілде, 2019

Өлшеусіз еңбегі – елге өнеге

508 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елімнің тағдыры – менің де тағдырым деп білетін барлық қазақстандық патриоттар секілді мен де жан-жағымдағы болып жатқан жайттарға бейжай қарай алмаймын. Қоғамда қанша адам болса сонша пікір туады. Сондықтан мені біреулер қолдап жатуы мүмкін, кейбіреулері керісінше әрекет танытуы заңды.

Өлшеусіз еңбегі – елге өнеге

Құлаған Кеңес империясымен бірге қираған еліміздің ауыр жағдайын бәріміз басымыздан кештік. Жоқшылық пен тапшылықтан тарығып, тіршілігі тоқтап қалып, үдере көшкен ауыл жұртынан қалмай, қалаға ағылдық. Әлдекімдердің шамасы мегаполистерге қоныс аударуға жетті. Олардан орталаулары облыс орталықтарына орналасты. Біз секілді жоқ-жұ­қаналар елсіз, егесіз шағын қала­шықтарды паналап, қарба­ласы толы үлкен ауылға айналдырды.

Әлі күнге есіме алсам, төбе шашым тік тұрып, құйқам шымырлай жөнеледі.

Қалай күн көрдік? Не жарық жоқ. Не жылу жоқ. Не су жоқ. Не жалақы жоқ. Балкондарымызға қойған пештерімізге ескі-құсқы аяқ-киімді жағып, ас-ауқат пісірген күндер ұмытылар ма? Сөйтіп жүріп аяқтарын апыл-тапыл басқан екі егіз ұлымның соңынан дүниеге тағы нәресте келді. Балабақшалар жабылып қалған. Емізулі бөбегімізді көтеріп жүріп те жұмыстан қол үзбедік. Айлап, жылдап ай­лық алмағаннан күдер үзіп, мектепті тастап, беттің арын белге түйген кейбір мұғалім құр­быларым құсап қап ар­қа­лап, Қаратау мен Ақмола, Но­во­­сібір аралап кетпесем де, на­рық­­тық экономика өз де­ге­ніне көн­дір­ген. Нарық өз заңы­на ба­ғын­­дырса да, ілгергі үміт­тен көз жазғызған жоқ. Өйт­ке­­­ні мен де қалың көпшілік се­­кіл­­ді мем­лекетімізді бастап алып келе жатқан басшымызға сендім.

Ол – «Қазақстанды қазақ басқарсын!» деп Желтоқ­сан­ның мұзға жаққан алауының арқасында, халық қалауымен би­лік басына келген Н.Назар­баев болатын.

Тәуекелге басын тіккен Нұрсұлтан Назарбаевтың орнында басқа біреу болғанда мемлекетіміздің халі нешік болатынын көз алдыма елестете алмаймын. Өйткені бірде қатты айтып, бірде жұмсартып, бірде арқадан қағып, бірде қамшылап отырып, халқын экономикалық тығырықтан аман-есен алып шығып, енді ғана аяғына тұрған сәбидей әлжуаз жас мемлекетін ыдырау мен құлдыраудан сақтап қалған Нұрсұлтан Әбішұлының өлшеусіз еңбегін әсте жоққа шығаруға болмайды.

Ол – төңкеріліп кеткендей астан-кестен дүниеде қазағымызға кезіккен бұл ауыр сынақтан сүріндірмей өткізіп, жаһандық сын-қатерлер туғызып жатқан әлемдік тәртіптің тұрақсыздығынан зардап шектірмеуге мейлінше тырысып, дамудың қазақстандық жолын салып берген адам. Алтай мен Атырауға дейін алып жатқан ұлан-ғайыр Ұлы даламыздың шекарасын шегендеп тұрып бекітіп берген адам. Абылай бабамыз армандаған астананы салды. Бес құрлыққа ұялмай көрсете алатын ғажайып шаһар. Соғыссыз отыз жыл басқарып, елге бейбіт заман орнатты. Татулықты салтанат құрғызды. Өркениетті елу елдің қатарына қосты.

Тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасын көтеріп, негізін қала­ған Елбасы ел халқын ғана емес, дүние жүзін таңғал­ды­рып, билікті берудің өзіндік үлгісін жүзеге асырды. Әлемдік қауымдастықтағы саяси бет-беделі жоғары, Шығыс пен Батыс елдеріндегі, Ислам әлеміндегі, Түркі елдерін­дегі, Орталық Азиядағы, ТМД ау­ма­ғындағы абырой-атағына ешкім де, ешбір алпауыт мемлекеттер де көз жұмбайлықпен қарай алмайтын, Қазақ дейтін халықтың әлем жұрты алдындағы беделі мен абыройы үшін парасат биігінен көріне білген, ұлт болашағы үшін ұлы қадам, үлкен ерлік, салмақты шешім жасаған Н.Назарбаевтың есімі мемлекетіміздің тарихында сөзсіз алтын әріппен жазылады.

Тұңғыш Президент – Елбасы, Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы, Nur Otan партиясының Төр­ағасы, Конституциялық Кеңес­тің мүшесі, ел қамы, халық қамын өз мүддесі санайтын, басшылардың жаңа буынының билікке келуін қамтамасыз етуді өз міндеті деп санайтын Нұрсұлтан Әбішұлы міне, мен үшін осындай ұлы тұлға.

Ендеше, Елбасының еліміз үшін еткен еңбегі құрметтеуге тұрарлық. «Адамдар біздің жақсылығымызды ұмытады, бірақ істеген қателіктерімізді есінде мәңгі сақтайды» деген пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)-ның сөзін жадымызда ұс­та­сақ, қой үстіне бозтор­ғай жұмыртқалаған осынау уа­қы­тымыздың қадірін түсінерміз.

Сол пайғамбарымыз Мұ­хам­­мед (с.ғ.с.) айтқандай, «Са­насы қаншалықты төмен болса, мұрнын соншалықты аспанға шүйіретін адамдардың да» табылып қалатынын ескерсек, арандап, адасушылыққа да түспесіміз аян.

Ғұлама Жүсіп Бала­са­ғұн айтып кеткендей, «Негізі ең күшті адамдар – сабырлы, салмақты адамдар. Сіз тура­лы жаман ойлайтындар – сіз­ден әлсіз адамдар. Мықты адам­дардың сіз жайлы ойлауға уақыт­тары да жоқ» екеніне көзі­міз жетер еді.

 

Үміт БИТЕНОВА,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі