Аймақтар • 12 Шілде, 2019

Ақжайықта ауыл спорты дамып келеді

1023 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«Тәні саудың – жаны сау» дейді халқымыз. Бірақ тән саулығы өзінен-өзі келмейді. Адам баласы саламатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысып, сергек қалпын сақтауы үшін мемлекет тарапынан соған сәйкес ұйымдастыру жұмыстары, үгіт-насихат та керек-ақ. «Ақжайық өңірінде Елбасының бұқаралық спортты дамыту, саламатты өмір салтын насихаттау туралы тапсырмасын іске асыру арқылы дені сау ұлт қалыптастыру жөніндегі тапсырмалары жақсы жүзеге асырылып келеді», дейді Батыс Қазақстан облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева.

Ақжайықта ауыл спорты дамып келеді

Басқарманың есебіне қарағанда, өткен жылы өңірде 2982 спорттық-бұқаралық іс-шара өткен екен. Яғни, жыл бойы үзіліссіз күн сайын 8-9 шара өтіп тұрған. Бұл жарыстарға 155 340 адам қатысыпты. Ал 2019 жылдың І тоқсанында 51772 адам қатысқан 1052 спорттық-бұқаралық іс-шара өткен. 

– Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырған өткізілген іс-шараның саны 380-ге, ал қамтылған адам саны 12291-ге артты, – дейді Әсия Рахымқызы.

Соңғы кезде бұқаралық спортты дамыту мақсатында көпшілік жүгірулер мен түрлі спартакиадалар көбейді. Мы­салы, Жеңіс күніне арналған көп­шілік жүгіруге 1000-ға жуық адам қатысса, Қазақстан Республикасының мем­ле­кет­тік қызметшілер күні мерекесіне ар­налған көпшілік жүгіру сыны 600 спортшының басын қосты. Сондай-ақ Астана қаласының 20 жылдығына ар­налған «Ақжайық дуатлон-2018» жарысы спортсүйер қауымның үлкен қызы­ғушылығын туғызды. Бұл жарыста 500 спортшы бақ сынады.

Спортшының велоспорт пен жеңіл атлетиканың қосындысы саналатын дуатлон жарыстары алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізілмек. 

Биылғы алты айдың өзінде облыс­та бокстан Олимпиада чемпионы Д.Елеусіновтің жүлдесіне халықаралық турнир, волейболдан жоғары лига ерлер және әйелдер командалары арасында Қазақстан Республикасы чемпионатының ІІІ туры, самбо, дзюдо, байдарка мен каноэ есуден және волейболдан ерлер мен әйелдер командалары арасында Қазақ­стан Республикасының V жазғы Спар­та­киадасы сынды спорттық шаралар өтті. 

Басқарма басшысы айтқандай, аудандарда бұқаралық спортты дамыту жолға қойылғаны байқалады. Былтыр Астана қаласының 20 жылдығына орай барлық ауданда велоэстафета ұйымдастырылып, мәресі «AQJAIYQ DUATHLON-2018» жа­рысымен тәмамдалған еді. 

– Аудан тұрғындарын денешы­нық­тыру және спортпен айналысуға тарту, мектеп оқушыларының спортқа қызы­ғушылығын арттыру мақсатында аудан орталықтарында облыс чемпионаттарын, республикалық турнирлерді өткізу тәжірибесі қолға алынды, – дейді Әсия Аманбаева. 

Мәселен, 2018 жылы Бөрлі ауданы сам­бодан 2002-2003 жылдары туған жас­өспірім ұлдар мен қыздар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпио­натын және ауыл жасөспірімдерінің ІІ жазғы ойындары және волейболдан әйелдер арасындағы облыс біріншілігін, «Қазақстан Барысы» турнирінің облыстық кезеңін ұйымдастырды. Ал Бәйтерек ауданы волейболдан ерлер, әйелдер командалары арасында, гір спортынан жас­тар арасында және спорттық каратэден облыс чемпионаттарын жоғары деңгейде өткізді. Ақжайық ауданы волейболдан жасөспірім қыздар және әйелдер арасында, тау туризмі техникасы мен спорттық шың­ға өрмелеу спортынан, Жаңақала ау­даны тоғызқұмалақтан жасөспірімдер арасында, Жәнібек ауданы волейболдан жасөспірім ұлдар арасында, Қазталов пен Сырым аудандары ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында, Тасқала ауданы волейболдан жасөспірім ұлдар арасында, Шыңғырлау ауданы ұлттық ат спорт түрлерінен облыс чемпионаттарын өткізді. Бұл чемпионаттардың әрбірі жергілікті жанкүйерлердің ықыласына бөленді. 

Ауылдық жерде спорт ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығай­туға да көңіл бөлініп келеді. 2018 жылдың қазан айында КПО б.в. компаниясының есебінен Бөрлі ауданы Бөрлі ауылында денешынықтыру-сауықтыру кешені салынып, пайдалануға берілсе, сол жылы жергілікті бюджет есебінен 49 спорттық алаң салынды. Оның 36-сы аудандарда. Мысалы, Ақжайық ауданында – 8 алаң, Бөкей ордасы ауданында – 1 алаң, Бөрлі ауданында – 3 алаң, Жаңақала ауданында – 4 алаң, Жәнібек ауданында – 1 алаң, Бәйтерек ауданында – 6 алаң, Қазталов ауданында – 5 алаң, Сырым ауданында – 2 алаң, Тасқала ауданында – 6 алаң және Орал қаласында 13 алаң пайдалануға берілген.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі елімізде 2019-2021 жылдары кезең-кезеңімен 100 дене­шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жо­басын бекіткен болатын. БҚО-да бұл жос­парға спорттық инфрақұрылымды дамытуға мұқтаж 7 елді мекен енген. Соның ішінде Жәнібек және Жаңақала ау­дан­дарында 2 кешен құрылысы ҚПО б.в. компаниясы есебінен салынатын болды. 

2020-2021 жылдар аралығында Ча­паев, Қазталов, Тасқала кенттерінде 320 орындық денешынықтыру-сауықтыру кешені, Жалпақтал селосында 160 орындық ДШСК,

Шыңғырлау кентіндегі 160 орындық ашық стадион салынбақ. Бұдан бөлек, Сайхын және Подстепный ауылына 160 орынға арналған дене­шынықтыру-сауықтыру кешенін салу бойынша жобалық-сметалық құжат жасақталуда. 

– Біз 2019 жылдың соңына дейін облыс аумағында 76 спорттық алаң салып, пайдалануға береміз. Оның 66-сы аудандарда және 10 алаң облыс орталығында болады, – дейді Батыс Қазақстан облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева.
Батыс Қазақстан облысында спорт­тың 77 түрі дамып келеді. Оның 32-сі олимпиадалық спорт түріне кіреді. Сон­дай-ақ балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде 47 спорт түрі жұмыс жасайды. Оның 30-ы – ауылдық жерде. 

Өңірдегі бір жаңалық – 2017 жылдың соңынан бастап спорт түрлерін саралау жүйесі іске қосылды. Бұл жүйенің басты мақсаты сыбайлас жемқорлықтың алдын алып,

бөлінген қаржының ашықтығын көрсету және спортшылардың дайын­дығын жүйелеу. Осы аралықта өңір спортшылары қатысатын жарыстар біріздендірілді. Спорт түрімен айналысушылар саны, материалдық базасының болуы, бапкерлік құрамның толықтығы және жетістігіне қарай сараланып, «А», «В», «С» тобына бөлінді. «Бұл жүйе қазірдің өзінде жемісін берді. Ең бастысы жүйесіздіктен құтылдық. Сондай-ақ бапкерлер құрамы да жылына неше жарысқа баратынын жоспарлап, шәкірттерінің бабын қадағалауға мүмкіндік алды», дейді басқарма басшысы. 

Облыс бойынша спорт ұйымдарында 569 жаттықтырушы қызмет атқарады. Оның 316-сы ауылдық жердегі 23 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде ауыл балаларына қызмет етеді. Ауыл спортына көңіл бөлініп, жүйелі жұмыс жүруінің нәтижесінде оларға спорттық разряд берілуі артты. Айта кетсек, Бөкей Орда ауданы 2017 жыл бойы бар-жоғы 13 спорт­тық разряд алып, ең төмен орында болса, 2018 жылы 179 спорттық разряд беріліп, облыстағы ең жоғарғы көр­сет­кішке қол жеткізді. 

Ауыл спорты демекші, былтыр Ақ­жайық ауданында таэквондо, грек-рим, допты хоккей бөлімшелері ашылса, Бөрлі ауданында допты хоккей, шаңғы спорты, жеңіл атлетика, Бөкей Ордасы ауданында асық ату, Жәнібек ауданында бокс және аударыспақ бөлімшелері, Жаңақала ауданында ұлттық спорт түрлері, жеңіл атлетика, еркін күрес, Қазталов ауданында еркін күрес, дзюдо, Бәйтерек ауданында спорттық бағдарлау, қол күресі, Тасқала ауданында бадминтон, ұлттық жекпе-жек бөлімшелері, Теректі ауданында қол добы, допты хоккей, Сырым ауданында волейбол, қол күресі, Шыңғырлау ауданында допты хоккей, футбол, Орал қаласында садақ ату, белбеу күресі, триатлон бөлімшелері ашылды. Бұл спорт түрлеріне 1000-ға жуық бала тартылған.

Бүгінгі таңда облыста Қазақстан Республикасының ұлттық құрама сапына енген 433 спортшы бар. Олардың 350-і – жазғы, 83-і – қысқы спорт түрлерінен. 

Жалпы 2018 жылы облыс спортшылары спорт түрлері бойынша ресми республикалық және халықаралық жарыстарда, атап айтқанда, Әлем, Азия, Қазақстан Республикасының чемпио­наттарынан 647 медаль жеңіп алған. Оның 218-і – алтын болса, 178-сі – күміс, 251-і – қола. Ал биылғы жылдың бес айында спортшыларымыз барлығы 572 медаль жеңіп үлгерді. Олардың 215-сі – алтын, 153-і – күміс, 204-і – қола.

– Жоғары жетістіктер спортының алдағы басты жоспары – 2020 жылы Токио қаласында өтетін ХХХІІ жазғы олимпия ойындарына лицензия ұтып алу. Бүгінде облыста Токиоға барады деген 14 үміткер бар. Олар – байдарка мен каноэ есу шеберлері Алексей Дергунов пен Андрей Ергучев, академиялық есу спортының білгірлері Евгений Тацей мен Даниил Савченко, садақшы Анастасия Баннова, Алина Илясова және Әлихан Мұстафин. Олимпия ойындарының қола жүлдегері Екатерина Ларионова да өзінің екінші олимпиадасына барғысы келеді. Сондай-ақ дзюдошы Аңсарбек Ғайнуллин мен Темірлан Көлбай да ел намысы сынға түсер шақта аянып қалмайтыны анық. Жеңіл атлеттеріміз Григорий Шейко мен Полина Репинаның да олимпия ойындарында ел намысын қорғай алатындай қауқары бар. Үстел теннисінің шеберлері Гульчихра Хусейнова мен Айдос Кенжеғұлов олимпиада жолдамасын алар деген сенім мол, – дейді Әсия Рахымқызы қоштасарда.

Батыс Қазақстан облысы