Аймақтар • 15 Шілде, 2019

Алматыда «Цифрлан! Трендте бол!» акциясы өтті

508 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қаласының Түрксіб ауданында «Цифрлан! Трендте бол!» акциясы жалғасын тапты. Шараны Халық¬аралық «Жанашыр» қоғам¬дық қоры мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы қаласы бойынша филиалы бірлесіп ұйымдастырды.

Алматыда «Цифрлан! Трендте бол!» акциясы өтті

«Цифрлық Қазақстан – болашаққа бағдар» тақырыбындағы іс-шаралар аясында маусым айында бастау алған «Цифрлан! Трендте бол!» акциясына қатысушылар саны артып келеді. Жастар, студенттер өз қатарластарын үйретіп отыр. Акцияға қаланың Мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері де қолдау көрсетіп қатысты. Алдағы уақытта мұндай шаралардың маңыздылығы артып, цифрлық сауатты тұрғындар көбейе береді деп үміттенеміз», дейді шара ұйымдастырушысы, халықаралық «Жанашыр» қорының президенті Жаңыл Әпетова.

Шара барысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалының мамандары Түрксіб ауданының әртүрлі санаттағы тұрғындарына  электрондық үкімет порталынан цифрлық қызметтерді алу, ЭСҚ-ны, смартфондағы Telegram қосымшасының Egovkzbot және Mgov қосымшаларын пайдалану жолдарын үйретті.

Корпорацияның Түрксіб аудандық фронт-офис басшысының орынбасары Гунари Матсуба онлайн режімде алуға болатын мемлекеттік қызметтер жайлы баяндаса, мамандар әрбір қызметті алуды қадам бойынша слайдпен түсіндірді. Қолдағы телефон арқылы да мемлекеттік қызметті алуға болатынын естіген аға буын, таңданыстарын жасыра алмады.

Шараға  қатысқан Алматы қаласы Қоғамдық кеңесі президиумының мүшесі Майра Сағымбекова «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының маңыздылығына тоқталды.

Айта кетейік, қазіргі уақытта телеграм-бот (@EgovKzBot) арқылы мемлекеттік қызметтердің 25 түрі қолжетімді. Бұл мекенжай анықтамаларын, зейнетақы аударымдары туралы анықтамаларды, психо және наркодиспансерден анықтамаларды, сондай-ақ кезекті онлайн брондау, дәрігерді үйге шақыру сияқты басқа да анықтамаларды алуға болады.

Мобильді mGov.kz қосымша арқылы білім беру, отбасы, жылжымайтын мүлік, денсаулық сақтау сынды салалар бойынша тоқсан мемлекеттік қызмет қолжетімді.

Смартфон иелері бұл қосымшаны былтыр 1,3 млн рет жүктеп, 3,6 млн қызмет алған.

Реестрдегі 752 мемлекеттік қызметтің 506-сы, яғни 67%-ы электрондық форматта қолжетімді. Жыл өткен сайын электрондық жолмен көрсетілетін қызмет саны өсіп отырады, 2020 жылы оның үлесі 90% құрауы тиіс.

Бүгінде халықтың цифрлық сауаттылығының деңгейі 77%-ға жетті. 2022 жылға қарай оны 83% -ға дейін арттыру көзделген.

Шара Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ілгерілету тақырыбындағы жоба аясында өтті.