Оңтүстік Корея бас аспаздар кеңесінің төрағасы, әйгілі аспаз Хан Чуль Бэ Корей тағамдарын дамыту институтының халықаралық бағдарламасын жүзеге асыру мақсатымен әлемнің көптеген елдерін аралап, шәкірт тәрбиелеп жүр. Былтыр Пхенчханда өткен Қысқы Олимпиада ойындары VIP залының бас аспазы болған ол Қазақстанды екінші рет таңдап отыр. «Мұндай шеберлік сабағын осында былтыр да өткізгенбіз. Қазақстандықтардың корей тағамдарына деген қызығушылығы мен аспаздардың қағылездігі мені Нұр-Сұлтан қаласына екінші рет алып келді. Бұл жолы кореялық үш танымал шәкіртімді ала келіп, 20 аспазға корей тағамдарын дайындаудың қыр-сырымен бөлісіп жатырмын. Оның ішінде ыстық, суық және тәтті тағамдар да бар», дейді Хан Чуль Бэ.
Корей тағамдарын хас шебердің өзінен үйрену орайына ие болған бас қала аспаздары қуаныштарын жасырмады. «Кез келген аспаз бүкіл әлемнің тағамын пісіруді үйренгісі келеді. Корей тағамдарының дәмін дәл өздеріндей етіп дайындау оңай емес. Олар тамаққа шөптер мен шөптің тамырларын көбірек қосады. Мысалы өзім женьшеньнің дәмін бірінші рет таттым. Бірақ Хан Чуль Бэ ұстаз бізге өте мұқияттылықпен үйретуде. Осындай танымал аспаздан сабақ алғаныма қуаныштымын. Алдағы уақытта үйренгенімізді өзіміздің ас мәзірімізге қосуға күш саламыз», дейді Astana Marriott қонақүйінің аспазы Нұрлыбек Балабек.
Фестиваль кезінде Хан Чуль Бэнің қолынан шыққан қарақұмық құймағы, мергиа (женьшень) қосылған тауық сорпасы, көкөніс қосылған пибимпаб, суэ-кальбигуи, чапче қатарлы бір қанша мәзір желісінің дәмін таңдап татуға мүмкіндік бар. «Мен Шығыс тағамдарын сүйіп жеймін. Соның ішінде корей асын айрықша жақсы көремін. Кореялық әйгілі аспаз Хан Чуль Бэнің қолынан былтыр да дәм татқанмын. Биылғы ас мәзірі де менің ерекше көңілімнен шықты. Дәмі тіл үйіреді», дейді астаналық Сымбат Ибрагимова.
Тағам мәдениетін ғасырдан-ғасырға шып-шырғасын шығармай жалғап келген корейліктердің бұл ісі бізді де тәнті етті. Бүгін сол елдің танымал тамағына тамсансақ, ертең саяхаттап барып өз қолдарынан дәм татуға тырысатынымыз анық. «Ұлттық тағамымызды өз елімізде дұрыс ұлықтай алмай отырған біз ас-суын алыс-жақын шетелдерге үйретіп, танытып жүрген мемлекеттердің қарасына қашан ілеседі екенбіз» деген күпті ой көңілде қалды...