Тарих • 24 Шілде, 2019

«Түрксіб» құрылысында қолданылған бұйымдар

762 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мыңжылдық мұрасы бар әсем Алматының көне көркінен сыр шертетін Алматы музейіне бара қалсаңыз талай тарихи жәдігерге көзайым боласыз. Солардың бірегейі қазақ топырағынан бастау алып, тұтас даланы дүбірге бөлеген Түрксіб теміржолының құрылысы кезінде қолданылған бұйымдар.

«Түрксіб» құрылысында қолданылған бұйымдар

Қазақ жеріне жаңалық болып келген алып теміржолдың құрылысы жылдарға созылды. Арқасын ат тұяғынан басқа таптамаған салқар ме­кенді сан күйге бөлеген бұл шойын­жолға мыңдаған еңбек адам­дарының тері сіңді. Му­­зей қабырғасынан орын алған мына бір экспозицияға ең­бек­керлердің құрылыс ке­зінде қолданған темір шамдары қойылыпты. Осынау айрықша бұйымдар алып құрылыстың тарихына қы­зық­қан жанды бірден елең еткізеді. Оған қоса алғашқы рельс ретінде төселген шойын темірдің бөлшегі де тарихқа айналған өткен кезеңдердің жарқын көрінісіне сапар шектіреді. Музей қызметкері Абадан Тлеубергенова бұл бұйымдарға келушілердің ынта-ықыласы ерекше екенін айтады.

«Түркістан-Сібір темір­жо­лы Орталық Азия мен Сібір­ді байланыстыру үшін са­лынған КСРО-ның ірі құ­ры­лыстарының бірі. Те­мір жол құрылысы бір мезетте солтүстікте Семей жә­не оң­түстікте Луговой бекет­те­­рінен басталып, 1442 ша­­қырымдық жол 1930 жы­лы Айнабұлақ беке­тінде тү­йіс­ті. Түрксіб темір­жо­лының жо­лаушылар тасымалдайтын бағыттары бойын­ша белгіленген кестеге сәй­кес, Алматы-1 темір жол бе­кетінің кассасы да арнайы инсталляция арқылы кө­рер­­менге ұсынылған. Дала өр­кениетіндегі айтулы өзгеріс бір­қатар шығармашылық ие­лерін терең шабытқа бөледі»  дейді ол.

 Қазақ бейнелеу өнерінің заңғары Әбілхан Қастеев те алғашқы еңбек жолын дәп осы темір жол құрылысының Айнабұлақ бекетінде жер қазушы болып бастады. Күн­дердің күні тосын сыйы көп тіршілік көкірегінде қай­нап жатқан талант бұла­ғы­ның бағытын үлкен арнаға бұрып, ұлы дарын туған то­пы­рағына құбылыс болып келген алып теміржолды күрек­пен емес, қылқаламмен салып шықты. Кейін оның әйгілі «Түрксіб» шығармасы қазақ те­міржолының пас­портына айналды. Түрксіб теміржолының құрылысына қатысты көптеген қызықты де­ректер бар. Он мыңнан ас­там адам жылдар бойы тынымсыз еңбек еткен темір жол құрылысында Тұрар Рысқұлов Жәрдем комитетінің төрағасы болды.

 

АЛМАТЫ