28 Мамыр, 2013

Мал өсірсең, қой өсір

679 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Мал өсірсең, қой өсір

Сейсенбі, 28 мамыр 2013 2:30

Сан мен сапа

Елімізде еттің тоннасы бидайдың тоннасына қарағанда 5 есе қымбат екенін түсінгелі бері мал шаруашылығын дамыту, әсіресе, қой өсіру кешенді түрде қолға алына бастады. Үкіметтің қолдауымен алдағы 10 жылда қой санын 20 млн.-ға жеткізу көзделіп отыр. Оның ішін­­де аналық-саулықтардың үлес салмағын қазіргі 56%-дан 64%-ға көтеріп, ал асыл тұқымды мал санын қа­зіргі 12,7%-дан 22%-ға жеткізуге мүмкіндік бар дейді мамандар.

Сейсенбі, 28 мамыр 2013 2:30

Сан мен сапа

Елімізде еттің тоннасы бидайдың тоннасына қарағанда 5 есе қымбат екенін түсінгелі бері мал шаруашылығын дамыту, әсіресе, қой өсіру кешенді түрде қолға алына бастады. Үкіметтің қолдауымен алдағы 10 жылда қой санын 20 млн.-ға жеткізу көзделіп отыр. Оның ішін­­де аналық-саулықтардың үлес салмағын қазіргі 56%-дан 64%-ға көтеріп, ал асыл тұқымды мал санын қа­зіргі 12,7%-дан 22%-ға жеткізуге мүмкіндік бар дейді мамандар.

Алла жұттан сақтасын делік. Бірақ, сан қуып, сапаны жоғалтып алуға болмас. Ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор Төлеухан Садықұлов Қазақстанда қой санын 20 миллионға жеткізудің қажеттілігі шамалы. Жылына бізде 15 млн. бас аналық саулық болса, соның өзі жеткілікті. Әлемдік рынокта қазақ қойына сұраныс жоқ емес, бар. Ет қашанда керек. Мал шаруашылығын бүгінгі күні әлем бойынша азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі десек, артық айтқандық емес, дейді. Демек, «бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озар» деп бабалар айтқан даналық түбі шындыққа айналар.

Мал баққанға бітеді

Ресми дерек көздеріне сүйенсек, қазір Қа­зақс­тан­­да 18 млн. қой бар. Оның 80 пайыздайы құйрықты қой болса, шамамен 1 959 мың қой 580-дей асыл тұқымды шаруашылықта өсірілуде. Сондай-ақ, әлемде 600 қойдың тұқымы болса, біздің елде соның 15 түрі бар. Мамандардың айтуынша, әлемдік деңгеймен салыстырғанда бұл аз емес. Қазақ қойының етін әлем рыногына шығару қолдан келеді.
Қазақтың ұлан-байтақ даласы мал жайылымына өте қолайлы. Біздің жайылымдарда жайылып жүрген құйрықты еділбай, арқар-меринос, етті-майлы сарыарқа, жартылай биязы жүнді дегерес қой тұқымдарының еті әлем бойынша ең жоғары сапаға ие. Сондықтан сапалы қазақ қойының етін  жы­лына 24 мың тонна қой етін қа­жет ететін Иран мен 13,3 мың тон­на ет жейтін Ресейге және 76 мың тонна қой етіне зәру Қытайға сату Қазақстан үшін тиімді.
Алайда, алдымен елімізде қой шаруа­шы­лығын барынша дамытып, тұқымын асылдандырып, ішкі рынокты толықтай қамтып, содан кейін ғана етін, сүтін, жүнін экспортқа көптеп шығаруға болады. Ол үшін алдымен шопандарға мемлекет тарапынан шаруашылықты дамытуға жан-жақты көмектің болғаны құба-құп. Осы орайда жыл сайын ауыл шаруашылығының барлық салаларына дерлік мемлекеттік субсидия беру дәстүрге айналып келеді. Ауыл шаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы департаментінің директоры Қанат Ыдырысов өткен 2012 жылы қой шаруашылығы бойынша етке – 32 618,0 мың теңге,  биязы жүнге –  77 036,0 мың теңге, сүтке – 407 241,0 мың теңге субсидия бөлінген болса, 2013 жылға мемлекеттік бюджеттен қой тұқымын асылдандыру мен өнімнің өнімділік сапасын арттыру бойынша бір қойға 8000 теңге, етінің келісіне 100 теңге, сүттің сапасына қарай литріне 10-25 теңге көлемінде субсидия бөлінді, дейді. Алайда, мамандар бұл қаржы қолында азын-аулақ малы барларға тиесілі емес екенін айтады.
Ауыл шаруашылығы ғылымының док­торы, профессор, Төлеухан Сады­құ­лов еліміздегі қойдың 85-90 пайы­зы жеке меншіктің қолында.10-15 қойы мен екі-үш сиыры барларға субсидия берілмейді. Мұндай жағдайда мал тұқы­мын асылдандыру өте қиын, дейді.
Мәселен, Аршалы ауданы, Ақбұлақ ауылдық округінің Батпақкөл бөлімшесінде дүние жүзіндегі қой тұқымдарының ішінде өзінің салмағы, жылдам өсіп жетілетіндігі жөнінен бірінші орында тұрған 250 еділбай қойын өсіріп, 9 адамды жұмыспен қамтып отырған жас кәсіпкер Қайрат Әбжан мемлекет тарапынан ешқандай көмек алмайды. Субсидия берсе алар едім, бірақ бізге оған қол жеткізу оңай емес, талаптары қарапайым шаруаға сәйкеспейді, дейді жас кәсіпкер Қайрат Сағидоллаұлы.

Субсидия кімдерге тиесілі?

Байқағанымыздай, мемлекет қаржы­сын жұмсаудың өзіндік шарттары бар. Ауыл шаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы департаментінің директоры Қанат Ыдырысов қой өсіріп, пайдасын көргісі келген шаруа үшін қойылатын талаптарды биылғы «Мал шаруашылығы өнiмiнiң өнiмдiлiгi мен сапасын арттыру мақсатында субсидиялау қағидаларын бекiту туралы» Үкімет қаулысы негізінде былай түсіндіріп берді.
Ең алдымен, шаруаның қолында 2 жас­тан ересек 600-ден кем емес саулығының болуы, күтіп-бағуға арналған жайлы жасақталған қораның және қойдың тірідей салмағы 42 келіден кем емес, қырқылған жүннің физикалық салмағы 3,2 келіден кем емес болуы және 60-64 деген стандартты сапа бойынша зертхана берген анықтамамен расталуы міндетті. Ал қой етін есептік код бойынша арнайы сою цехында сойып тапсыруы тиіс. Сүт өндi­рi­сiмен айналысатын тауар өндi­рушi­лер селекциялық және асылдандыру жұмыс­тарының бiрыңғай ақпараттық базасына тiркелуі тиiс. Осы талаптарға жауап бе­ре алатын кез келген шопан бюджеттің қа­ра­жатына қарық болмақ.
Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауда­нын­дағы «Жеңіс» асыл тұқымды қой шаруа­шылығының басшысы Болатбек Нұрма­ғанбетов шаруашылықта 11,5 мың-12 мың қой бар. Оның 8000-дайы асыл тұ­қымды. Мемлекет тарапынан берілетін субсидияны жылда алып отырамыз. Ме­нің­ше субсидияның шаруа үшін көп пайда­сы бар. Еттің келісіне, сүттің литріне ар­нал­ған арнайы мөлшер бар, сол талапқа сай шаруаны реттей білген адамға бүгінде үкі­мет­тік қолдау көп көмегін тигізіп отыр, дейді.

Жайылым тарылып, шабындық азайып барады

Ал субсидия талаптарына сай емес азын-аулақ қойы бар ауыл тұрғындары қолдағы малды мемлекеттік стандартқа сәйкес асылдандыруға қауқарсыз.  Тіпті, жазда қойын жаюдың өзі ауыл тұрғыны үшін «бас ауруға» айналып барады. Жердің бәрі жеке меншікке өтіп кеткендіктен, қарапайым ауыл тұрғыны жайылымға да зар болып отыр. Сондай-ақ, жеке шаруа қолдағы қойын анау айтқандай қымбатқа сата алмайды. Кейбір ғалымдар «Біз еттің қымбаттағанынан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Әлі де болса халықтың 50 пайыздайы ауылдық жерде тұрады. Оның 80 пайызы өзіміздің қазақтар, демек, етті рынокқа шығаратын да, одан пайда түсіретін де қарапайым тұрғындар», дейді. Алайда, Астананың іргесіндегі Талапкер ауылының тұрғыны Аятолла Қайыржанұлы базарда ет қымбат болғанымен, біз қолдағы малды рынок бағасына сай сата алмаймыз. Арадағы делдалдар етті шопаннан арзанға алып әбден дәндеп алған. Қымбатқа алмайды. Мысалы, делдалдар бір тоқтыны мал иесінен 9-10 мыңға әрең сатып алатын болса, қалаға апарып, 15-20 мың теңгеге дейін сатып жатады. Өзіміз апарып өткізу де тиімсіз, сатушылардың өз есебі бар. Кез келгеннің малын ала салмайды, дейді. Кейде мал өсіріп, өнімін сатып, пайда табамын деп армандағанша, алыпсатар болған дұрыс па деп те ойлаймын. Өйткені, қой азығы жем-шөп өте қымбат, су тапшы. Шөпті де кез келген жерден шауып ала алмайсың. Бұрынғыдай иен жатқан жер жоқ. Қазақтың ұлан-бай­тақ даласынан ұлтарақтай жайылым біз­ге бұйырмайтын түрі бар. Қойың сәл жамырай жайыла бастаса, жеріме рұқ­сат­сыз ауыз салдың деп әкіреңдеп шыға келетін қо­жайын көбейген. Бұл да А.Қайыр­жан­ұлының пікірі.
– Жер жеке мен­шікте болғандықтан, мал жайы­лы­мының көлемі күрт төмен­де­ген. Әсі­­ресе, қала маңына жақын аудан­дар­­да бұл мәселе ушығып тұр. Мал ба­сын өсіру үшін, ең алдымен, жайы­лымды рет­теу керектігін естен шы­ғармауымыз қажет. Бұл – бір. Екін­ші­ден, әрбір аймақта жоғары дең­­гейде сапалы өнім беретін жем­азық­тық дақылдардың егістік көле­мін көбейту керек. Қазақстан – аграрлы мем­лекет, – дейді ауыл шаруашылығы ғы­лы­­мының докторы, академик Рахымжан Елешев.
Айтса айтқандай, жердің жеке мен­шік­ке өтіп жатқаны басқа әңгіме. Ал, мал азығының қымбаттығы шопан үшін де, мемлекеттің мал шаруашылығын дамытуы үшін де ең өзекті мәселе.

Азық болмаса, арман ақталмайды

Ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор, Төлеухан Садықұлов егер малдың азығы нашар, құнарсыз болса, оның генетикалық әлеуеті төмендей береді. Қазір біздегі қой шаруашылығында генефонд жаман емес. Тек күтіп-бағу ісіне жаңаша көзқарас пен саясат ұстануымыз қажет. Малдың барлығы дерлік жеке меншікте болғаннан кейін біреу бұған жақсы көңіл бөлсе, енді бірі құнарлы азық беруге шамасы келмейді, дейді.
Сенат депутаты, Табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі Қуаныш Айтаханов та «Мал азығы құнарлы болуы тиіс. Жоңышқа, соя, жүгері, рапс және тағы-тағыларды араластырып беретін құрама жем болуы тиіс. Бұрын Қазақстанда құрама жем өнеркәсібі болса, қазір тұсаулы тұлпар секілді, дамымай жатыр. Құрама жем үшін  керекті дақылдардың бәрі суармалы жерде ғана өседі. Сондықтан, суармалы жердің көлемін ұлғайтпаса болмайды. Мал азығы жүрдім-бардым қарайтын мәселе емес, бұл – үлкен ғылым», екенін жеткізді. Демек, Үкімет тез арада жем-шөп базасын жасау үшін өңірлерде жем-шөп цехын салуды ғылыми тұрғыда қолға алуы керек. Жоғарыда айтқанымыздай, жер иелерінің пайда болуы салдарынан қазір жайылым тарылып, шабындық та азайған. Қарапайым шаруа­лар күз салқыны сезіле бастағаннан-ақ, балаларының аузынан жырып, мал азығын сатып алуға қалтасын қағып тұрып, қолда бар қаржысын санап береді. Азын-аулақ малы бар кез келген ауыл тұрғыны мұны жоққа шығармайды. Айналып келіп қой өсіргісі келген әрбір ауыл азаматы, мем­лекеттік қолдауға иек артпасқа амалы жоқ. Ал ауыл шаруашылығы атқа мінер­лері мемлекет бюджетінен бөлінген миллиардтарды судай сапырып, ақы иесі мал­шыларға шашаусыз үлестіріп беруге  іштарлық танытып қана қоймай, биік мін­берлерде сан соғуға шебер.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ.
–––––––––––––––––––––––––
Суретті түсірген  Алмас  МАНАП.