Руханият • 30 Шілде, 2019

Торғайдың әлемдік жұмбағы

2153 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Торғайдың даласы – тылсым. Ұшқан құстың қанаты талатын сары дала халқымыздың арғы-бергі тарихына тұнып тұрғанын көкірек көзі танығанмен, ол ақи­қатты анықтайтын ғылымның нысаны бола қоймаған. Әсіресе, Тор­­ғайда ежелгі тарихтың еншісі бар­лығын көктемде қар еріп, су та­сығаннан кейінгі Торғай, Жылан­шық өзендері табанынан осы күнге дейін табылып жүрген зіл мен оның «замандастарының» алып сүйектері «айтып қояды».

Торғайдың әлемдік жұмбағы

Аталарымыз «Сәуле» атаған жерде свастика жатыр...

Өңірдегі тарихи-өлкетану музейлері­нен де ежелгі заман елестерін жиі көру­ге болады. Мұның көпшілігі арнайы жүр­гізілген археологиялық қазба жұ­мыс­тары­ның олжасы емес, жергілікті тұр­ғын­дар, әуес­қойлар тауып әкелген жәді­герлер. Бірақ Тобыл бойындағы археолог­тар жүр­гізген қазба жұмыстарынан та­был­ған қола дәуірінің құмыралары тура­лы сөз ба­сқа. Облыстағы тарихшы ғалым­дар Торғай өңірі ежелгі дәуірінің зерттел­мегеніне нақты себептерді алға тартады.

– Торғай өңірі археологиялық жағы­нан бұрын зерттелмеген, оған соңғы жылдары көңіл бөлінуде. Өткен ғасырдың ор­тасында Әлкей Марғұлан Торғай дала­сын аралап шыққанымен, ол жерде әй­гілі ғалым тарапынан үлкен қазба жұ­мыс­тары жүргізілген жоқ. Ол Кеңес Одағы кезінде біздің ғалымдардың назар сал­мағандығынан емес, өте үлкен аумақ­та, Торғай даласына дейін зерттеу жұ­мыс­тарының кешеуілдегені Бай­қо­ңыр космодромының салынуына бай­л­а­ныс­ты болды. Космодром мүддесі қазақ дала­сының тарихынан, тарих ғы­лы­мы­нан, барлығынан биік тұрды. Сон­дық­тан Әлкей Марғұлан секілді ірі ғалым­дарға тұсау болғанның бірі осы болса керек. Қазақ халқының тарихын көзге қалқаласаң ар жағынан күн көрінетін жұқа оқулыққа сыйдырған Кеңес Одағы кезіндегі саясат салқынының ықпалы да бар, – дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбіл.

Бірақ Торғай даласындағы ежелгі заманның ізі өткен ғасырдың басында-ақ білінген екен. ХІХ ғасырдың аяғында келіп, барлық саналы ғұмырын Ресейде өткізген, археолог, шығыстанушы тарихшы, француз Жозев-Антуан Кастаньенің «Қырғыз даласы және Орынбор өлкесінің ежелгі дәуірі» («Древности Киргизской степи и Оренбургского края») атты еңбе­гінде Торғай даласындағы бүгін «геоглифтер» деп аталған жұмбақ ескерткіштер туралы дерек қылаң беріп қалады. Орыстар Иосиф Антонович деп атаған Кастанье 1909 жылы Орынбор ғылыми архивтік ко­мис­сиясының қамқорлығындағы музей­дің сақтаушысы болып істеген. Нақ сол жылы Орынбор ғылыми архивтік ко­мис­сиясының жалпы жиналысында жа­саған Б.А.Скаловтың баяндамасы тура­лы жоғарыда айтылған еңбегінде кел­ті­реді. Скалов баяндамасында: «...кур­­ганов, расположенных в ряд, образую­щих геометрические фигуры вроде треуголь­ников, четырехугольников...рас­­­поло­жены одинаковом от друг друга рас­с­тоя­нии» деп жазады. (И.А.Кастанье, 1910, с. 64). Бір ғасырдан астам уақыт бұ­рын қазақ даласына келген экспеди­ция мүшелері үйінділерден тұратын гео­­ме­триялық фигураларды осылай бай­қаған. Әрине, ол кезде зерттеушілерде өрке­ниеттің бүгінгідей космостан түсі­ретін, квадрокоптермен, дронмен қарай­тын мүмкіндіктері жоқ, ғасырлар шөктір­ген үйінділерді қорғандар деп атады. Со­ны­­мен қатар 1771 жылы Торғай даласы­на келген орыс офицері Николай Рычковтың экспедициясы да бүгінгі әлем жұмбағына айналған нысандарды байқаған сыңайлы. Капитан Рычковтың «Жазбаларында» сипатталған ежелгі қаланың орнын Тор­ғай қолатындағы космостан түсіріл­ген «Шилі шаршысы» геоглифіне ұқсата­ты­нын жазды қостанайлық әуесқой археолог, өлкетанушы Дмитрий Дей.

2007 жылы «Гуглдың» спутниктік түсі­рі­лім­дерінен ежелгі құрылыстарға, адам­дар­дың шаруашылық әрекеті қалдық­тарына да ұқсамайтын ерекше тоғыз нысанды көзі шалған да нақ осы Дмитрий Дей болатын. Олар шаршы, үш сәулелі свастика, доға болып келетін бірнеше түрлі анық геометриялық сызықтардан тұра­ды. Ежелгі нысанның адамзат наза­рына ілігіп, әлемдік сенсацияға айналға­нына, міне, 12 жыл болды. Қазір тарих­шы ғалымдар, археологтар, жалпы жұрт­шылық «бұл сызықтар не болуы мүм­кін?» деген ойдың түбіне жете алар емес. Әлемнің мұндай жұмбағы жал­қы да емес көрінеді. Перудегі Наска шөлінде жатқан құс, өрмекші, маймыл, гүл секілді жануарлар мен өсімдіктерді бейнелейтін отыз шақты сурет пен толып жатқан геометриялық сызықтардан тұратын геоглифтерді ғалымдар жер бетінде қайталанбаған, баламасы жоқ құбылыс деп келді. Бүгінге дейін Наска геоглифтерінің де сыры ашылған жоқ. Торғай ойпатындағы «Үштоғай шаршысы» мен «Торғай свастикасын» алдына салған түрлі сызықты, фигураларды елестететін геоглифтерді де қазір әлем естіп үлгерді. Әрқайсысы едәуір аймақты алып жатқан геоглифтердің сұлбасын оның жанында тұрып байқау мүмкін емес, оған құс қанатының биіктігі керек.

– Мысалы, «Үш тоғай шаршысының» әр қапталы 284 метр, етегі Хеопс пирами­дасының аумағынан төрттің біріндей үлкен. Шаршы 101 үйіндіден тұрады. 101-ші үйінді шаршының дәл ортасында, оның әр бүйірінен ортасына дейін 15 үйіндіден, жартылай қиыс 10 үйіндіден орналасқан. Геоглиф барлығы 80656 шаршы метр жерді алып жатыр. Шаршының әр бұрышын 90 градус етіп дәл келтіру, үйінділердің арасын бірдей қашықтықта ұстау, топырақты бірдей көлемде үю үшін қанша адамның күші, қандай мамандардың білігі керек болды екен? Оның үстіне ежелгі заманда бүгінгідей техника мен технологиялардың болмаған­дығын ескерсек, тылсым дүниенің жұм­бағы да күшейе түскендей болады, – дейді Дмитрий Дей.

Ал «Торғай свастикасының» көлемі сон­шалықты алып емес. Амангелді ауда­нындағы Үрпек ауылдық округіне қарай­тын Ағаштыкөл ауылының шетінде жатқан геоглифтің пішіні бір нүкте­ден шыққан үш тармақты сәулелерден тұрады. Сәулелердің ұзындығы 33 метр­ден, етек жағының ені –13-15 метр, сәуле жағына қарай 10-12 метр болып жіңіш­кереді. Үш жаққа қарайтын ирек секілді пішіндердің жалпы ұзындығы 40-50 метр­ге дейін жетеді, ені – 5-6 метр, иілген бөліктерінің ұзындығы 15-20 метрдей, тереңдігі 3 метр болады. Бұл нысанды да аспанда ұшқан құс болмаса, жердегілер елең қылмаған. Әйтпесе жұмбақ сызық Ағаштыкөл ауылының тұрғындары күнде ертелі-кеш малын өріске айдап өтетін іргеде жатыр. Мыңдаған жылды былай қоғанда, ауыл қонған өткен ғасырдан бергі уақытта мал тұяғының астында қалай өшіп кетпеген? Мұндай белгіні Крит аралы халықтарынан, гректерден, Байкал өңіріндегі буряттардан, Гималай халықтарынан кездестіруге болады екен. Тіпті бұл белгі жапон мәдениетінде үш қауіптен – өрттен, судан, ұрлықтан сақ­тайтын тұмар ретінде танымал. Бір қызы­ғы, бұрын осы маңда көшіп-қонған қазақ­тар нысана жатқан жерді Сәуле деп атапты. Мамандар «Торғай свастикасын» «сәуле» деп сипаттайды. Осы төңіректі жай­лаған қазақтар неге оны «Сәуле» атан­дыр­ған? Кездейсоқтық па, әлде «свас­ти­каны» көрген аталарымыз осылай ата­ды ма екен? Ағаштыкөл ауылында жат­қан нысанның аумағы тым үлкен бол­м­аған­дықтан, оның тұрпатын көзбен жи­нақ­тап көруге әбден болатынын оны көруге барған жандар байқайды.

Геоглиф піл бола ма?

Тылсым жұмбағын ішіне жасырған Торғай геоглифтері түрлі ойға, болжам­дарға жетелейді, қиялды қияға тартады. Дмитрий Дей геоглифтерді өзі байқаған 2007 жылдан бері оның ақиқатына жеткенді армандайды. Әлемдік жұмбақ оны сиқырлап, талмай ізденуге жетелеп отырады.

– Торғай геоглифтері қазақ архео­логия­­сының жаңа кезеңі екені сөзсіз. Бағзы­дан жеткен жұмбақтың сыры тым тереңде болып отыр. Мен көптеген ақпа­рат­ пен деректер жинадым. Негізі бұл архео­лог­тардың да, тарихшы ғалым­дар­дың да, өлкетанушылардың да «бас ауруы­на» айналды. Қиялға ерік беру, болжам көп. Бұл заңды да секілді. Перудің На­са шөліндегі суреттердің де жұмбағы ше­шіл­меген. Торғай геоглифінің дәл өзін­дей баламасы жоқ, – дейді Дмитрий Дей.

А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университеті археоло­гия­лық зерттеу лабораториясының қызметкерлері, археологтар Андрей Логвин мен Ирина Шевнина қанша бол­жам айтылғанымен, археологияның қалып­тасқан әдістемесімен үйінділерді қазып көріп, қолмен ұстамай, ешқандай пікір айтуды жөн деп санамайды.

– Біз Торғай геоглифтерінің бір үйін­дісін қазып көргенбіз. Астынан ешнәрсе та­был­мады. Мұны біз әу баста ритуалдық қор­ғандар деп ойлаған едік. Дегенмен, біз үміт үзгіміз келмейді, мүмкіндігі болса, бір геоглифтің барлық төмпешіктерін қа­зып көру керек, мүмкін біреуінің астынан біздің көзімізді ақиқатқа жеткізетін олжа табылып қалар, – дейді Андрей мен Ирина.

– Ежелгі нысандардың барлығы дерлік Торғай қолатында орналасқан. Батыс жағында Орал таулары, шығысында Көк­шетау қырқа-үстірттері жатыр. Солтүс­тігі Сібірге қарай, оңтүстігі Аралға қарай төмендейді. Осыдан шамамен 25-30 жыл бұрын мұз дәуірі кезінде су Сібір мұздық жоталарынан мұхитқа өте ал­ма­ды, биік таулардан шыға алмады да, оңтүстігіндегі ойпаңға – Аралға кет­ті. Торғай жыра-сайлары, қолаты осы­лай пайда болды. Бүгінгі Әулиекөл мен Аман­қарағайдағы, Сарыкөл мен Ұзын­көл аудан­дарындағы, жалпы Қос­танай өңі­рін­дегі ірі сайлар, жыралар судың ізі. Обаған өзені Сібірге қарай ақты, – дейді Дмитрий Дей. Космостан түсі­рілген картада геоглифтер негізінен Қостанай-Торғай өңірінде жатыр, бір-екеуі Қарағанды облысының төңірегінде, үш геоглиф Ақтөбе облысына «шығып» кеткен. Дмитрийдің есептеуінше, бүгінге дейін крест, шаршы, бір сызық, шеңбер түріндегі геометриялық қорған бейнелі нысандар саны – 54, үш сәулелі свастика – 2, жабық тұрпатты «керуен сарай» (Шилі және Науырзым шаршылары) – 2, «мұртты» қорғандар – 91, екі жыралы шеңберлі нысан – 110 дана болды.

Әуесқой археолог, өлкетанушы Дми­­трий бүгінде бар жұмысын жинап қо­йып, Торғай геоглифін зерттеуге ден қой­ған жайы бар. Арасында шақыр­ған ұжым­дарға, жастар ортасына барып, геоглифтер туралы әңгімелеп бере­ді. Дмитрий гео­­глиф жұмбағын күрделі­лігіне қарай пілге теңейді.

– Бір тәмсіл бар. Ертеде адамдар пілді көріпті де, оның не екенін білмепті. Жанына келіп, біреуі оның құлағын ұстап тұрып, «Бұл – желпуіш!» депті. Екіншісі: «Жоқ, бұл – желпуіш емес, ағаш!» депті пілдің аяғын көріп, Үшіншісі: «Қойың­дар, бұл – желпуіш те, ағаш та емес, қабырға» депті. Тағы біреуі тұмсы­ғын ұстап, бұл – жылан ғой?» десе, тағы бірі: «бұл – жіп!» деген екен пілдің құйрығын ұстап. Олар пілдің ірілігінен оны санаға сыйдырып, жинақтап көре алмаған. Егер пілдің орнында ит немесе мысық болса, әлгі адамдар: «Иттің құлағы, тұмсығы, құйрығы бар» деп таныр еді. Мен әу баста геоглифтерді пілге теңеген едім, бүгінгі ғылым оны тұтас көре алмай отыр, – дейді Дмитрий.

Сонымен, геоглифтерді кім салды, не үшін салды? Торғай жұмбағын кешенді зерттеп жүрген өлкетанушы Дмитрий Дей оны адамзаттың бағзы көшімен байланыстырады. Оның айтуынша, осыдан 10-11 мың жыл бұрын Торғай өңіріне адамдар келген. Дмитрий археолог ғалым Виктор Николаевич Логвин ашқан нео­лит – тас ғасырының соңғы кезеңіне жататын Мақанжар мәдениетіне де ден қояды. Ол кезде адамдар аң аулады, киік­тің қозғалысын білу үшін үйінділер күн сағат қызметін атқарды деген де болжамы бар. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбілдің пікірінше, Торғай геоглифтері аңшылықтан кейін, адамзат қоғамы дамыған кезінде пайда болған.

– Ашылғанына он шақты жылдан енді асқан бұл нысандардың не екені бізге де, ғылымға да әлі беймәлім. Ай­ты­лып жүргеннің бәрі де болжам. Тек та­рих ғылымында бір нәрсе белгілі. Ірі ны­сан болып саналатын мұндай ежел­гі құрылыстарды адамзат дамуында шағын тайпа немесе адамдар тобы сала алмайды. Құрылыс салу үшін көп адамның күшін біріктіретін протомемлекет болуы керек. Дін дамыған, әлеуметтік жіктелген қоғамда ғана қандай құрылысқа да қажеттілік болуы шарт. Торғай геоглифтері біздің заманымызға дейінгі 3-ші, 2-ші мыңжылдықтарға тән энеолит немесе қола дәуірінде пайда болуы мүмкін. Қазақ жерінде оған дейін ірі нысан салатындай дамыған қоғам бол­ған жоқ. Ұлы далада жылқының қол­ға үйретілуі де біздің заманымызға дейін­гі 3-ші мыңжылдыққа жатады, оған дейін адамдар аң аулап күн көрді, – дей­ді Еркін Аманжолұлы. 2013 жылы Окс­форд университетінен Мотузайте Гиедре деген ғалым келіп, геоглиф үйін­ді­лерінен сынама алып кетеді. Көп ұза­май ол жасаған сараптамасының қоры­тын­дысын жібереді. Онда ағылшын ғалым­дары Торғай геоглифтерін «біздің дәуірімізге дейінгі І ғасыр мен біздің ғасыры­мы­з­дағы І ғасыр аралығында пайда болған» деген тұжырымға келіпті. Ал Ресей ғы­лым академиясының Орал бөлім­ше­сіне қ­арасты Тарих және археология инст­и­ту­тының қызметкері, «Гунны и тюрки» атты монографияның авторы Сергей Боталов Торғай геоглифтерінің үйіндісін көргеннен-ақ оның ғұндардан қалған із екенін айтқан. Әрине, ортақ пікір, бір түйін әлі жоқ. Бір қызығы, геоглифтер қай дәуірге жатса да, үйінділер маңайынан ежелгі бабалардың ізі боларлық обалар, ежелгі адамдар сүйегі табылған жоқ. Бұл да геоглиф жұмбағын қалыңдата түседі.

Торғай геоглифтерінің зерттелуі елі­міз­де нақты қолға алынды деп айта алмай­мыз. Әлі де пілдің құлағын бір, құйрығын бір ұстағандай, айтылған әңгіменің бар­лығы да болжам, танымдық деңгейден асқан жоқ. Өңірдегі аудандар мен қалалар төңірегіндегі археологиялық және тарихи ескерткіштердің картасын жасау үшін облыс бюджетінен жыл сайын қаржы бөлінеді. Қазір 6-7 ауданда осындай карта жасалып қойды. Бірақ геоглифті зерттеуге бағытталған қаржы бөлінген жоқ. Әрине, оған қомақты қаржы керектігі де белгілі. Осыдан бірер жыл бұрын Арқа­лық қаласындағы «Жасұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы облыстық Ішкі саясат басқармасы арқылы «Ауылым – алтын бесігім» жобасы аясында облыс­тың оңтүстік өңіріндегі геоглифтер мен тарихи-археологиялық нысандар топ­тас­тырылған ақпараттық атлас альбомын шығарған болатын. Қостанай облысы Мәдениет басқармасының қолдауымен облыстық тарихи-өлкетану музейі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚМУ-нің архео­логиялық лабораториясы мамандары­мен бірлесіп, Торғай геоглифтері туралы «Торғайдың ғұрыптық-қасиетті гео­метриялық кешендері» атты кітапты жа­рық­қа шығарды. Аталған басылымда Тор­ғайдың жер үстіндегі ең жұмбақ және ғажайып құрылыстары туралы соңғы жылдардағы зерттеу материалдары жа­рия­ланған. Аталған шығарылымда 69 нысан зерттеліп, олар туралы болжамдар, суреттер ұсынылған. Осыдан кейін Дмитрий Дейдің ізденістерінен басқа көзге шалынатын ірі жобалар жоқ. Бір адамның қимылы құмдағы тасбақаның жүрісіндей, өнімі аз болатынын Дейдің өзі де біледі. Оны шаршатпайтын геоглифтер жұмбағына деген ынтызарлық пен сенімі ғана болып тұр. «Торғай гео­глифтері» халықтық жобасымен қолы­нан келгенінше қарекет етіп жүр.

 Туристер нысанасына қашан айналады?

Әлемнің еш жерінде кездеспейтін белгілер, Торғайдың ғаламдық жұмбағы Ұлы дала бренді боларлық екені айтылып жүр. Оның еліміз үшін тарихи, ғылыми маңызы қаншалықты қымбат болса, туризмдік тиімділігі де одан кем емес. Қазір дүниенің төрт бұрышындағы турис­терді өркениет жетістіктері, сұлу қала, әдемі үйлер, сән-салтанат емес, таби­ғат тамашалары, сакральды тарихи орын­дар қызықтыратыны тағы белгілі. Тор­ғай геоглифтеріне испандықтар, жапон­дық­тар қызығушылық білдірді, журна­лис­тер, бірер турист келіп те кетті.

– Торғай геоглифтерін бренд ретінде жарнамалау кемшін, әлі қолға алынған жоқ десем, артық емес. Болашақта Торғай даласының туристік қуаты өте күшті болады. Дала тұнған тарих. Тек Торғай геоглифтері ғана емес, Ашутасты, Құм­кешу сияқты табиғаты сұлу, тарихы қызық орындар аз ба? Дала көктемде, жазда, күзде әртүрлі түрге енеді, сонша түр­лі сұлулық. Жарнаманы жақсартсақ, Тор­ғай геоглифтерінің өзіне мыңдаған ту­рист ағылар еді, – дейді Дмитрий.

Со­ла­йы солай ғой. Бірақ дәл бүгінгі уақыт­та Торғай геоглифтерін жұрт интернеттен, бұқаралық ақпарат құралдарының мате­риа­лдарынан қызықтап қоя салатын болып жүр. Өйткені облыс орталығынан тым алыс. Егер инфрақұрылым қатып тұр­­са, алыс жолдың өзі турист үшін қы­зық­­­­ты болып кетер еді-ау. Облыста «Best.kz» экс­курсиялық бюросы жергі­лікті туризм­­ді дамытуға талпынып отыр.

– Торғай геоглифтерін сұрайтын туристер бүгінде жоқтың қасы, тым сирек. Барлық мәселе тек инфрақұрылымға, жолдың нашарлығына келіп тіреледі. Туристерге «Үш тоғай шаршысы» мен «Торғай свастикасын» көрсету үшін ғана бір күн кетеді. Олар орналасқан Амангелді ауданына жеткенше автобус 5 сағаттай жүреді. Екіншіден, жолдың нашарлығы өз алдына, жол бойында демалып, аяқ жазып алатын орындар, дәретханалар жоқ. Мұның барлығы ұсақ-түйек емес, ал туристер үшін ең керегі қолайлылық, жайлылық. Бұл жергілікті тиісті орындармен үзілмей келе жатқан әңгіме, бірақ орындалған емес, – дейді «Best.kz» экскурсиялық бюросының жетекшісі Валерий Гумиров.

Валерий Гумировтың айтып отырға­ны геоглифтерге жеткенге дейінгі қиын­дықтар ғана. Ежелгі нысан жатқан жерлерге демалатын, тамақтанатын орындар, геоглифті квадрокоптермен көретін алаңдар, тіпті геоглифті экраннан емес, өз көзімен көргісі келетін туристер тілегін орындау үшін мұнара жасап қойса Торғай даласының кереметін көруге кімнің аңсары аумайды дейсіз? Қазір жаздың жалпағы, даланың шөбі жайқалып тұр. Геоглифтерді қызықтауға, үйінділерін көру­ге ол да кедергі. Облыстық Кәсіп­кер­лік және индустриялық-инновация­лық басқармасындағыларға хабарлас­қаны­мызда, жұмыстың Амангелді ауданынд­ағы «Үш тоғай шаршысы» мен «Торғай свастикасына» баратын жолдар бойына сілтемелер жазып орнатумен шектелгендігін ғана білдік.

Турист ат шалдырып Торғай өңіріне барған соң, тек геоглифті ғана емес, басқа да тарихи, археологиялық ескерткіштерді аралауы тиіс.

– Торғайдағы музейлер кешенін, Амангелді ауданындағы музейлер мен тарихи-сакральды орындарды, Ашутасты, Құмкешу секілді табиғат тамашаларын, Кейкі батырдың кесенесін қалай көр­мей кетеді? Туристер әр тиынын, оның өзіне тиімділігін санайды. Бір гео­глиф­ке бола ешкім де Торғайға сабыл­майд­ы. Сондықтан бұл өңірдің ескерт­кіш­терін туризм нысанына айналдыру үшін кешенді жұмыстар керек, – дейді Валерий.

Айтпақшы, Торғай геоглифтерін қор­ғау мәселесі де бір сала әңгіменің желісі болар­лық. Мысалы, Ағаштыкөл ауы­лын­дағы аяқ астында жатқан «Торғай свас­ти­касын» мал баспайтындай етіп қор­шап қойса, артық емес еді. Ежелгі нысан­дардың алды өркениет «құрбанына» айналып та үлгерді. «Когай кресті» гео­глифінің 70 пайызы осыдан бірнеше жыл бұрын жол жөндеу кезінде айдалып кетті. Жергілікті археологтардың шу­ла­ған даусы ешбір құлаққа жеткен жоқ.

Негізі Қостанай облысында туристер­дің көңілінен шығатын тарихи ескерт­кіштер, сакральды орындар, табиғат туризмі де баршылық. Бірақ жердің шал­ғайлығы, қыстың ұзақтығына байланысты туристік маусым тез бітіп қалады. Ал ин­фрақұрылымды дұрыстаса, Торғай өңі­ріне, әсіресе, геоглифке көңілі ауған турис­тер­ді қара күзге дейін апаруға болаты­нын айтады туризм мамандары. Қазір жер­гі­лікті туризм Қостанай мен Рудный, Ли­саков қалаларындағы музейлермен, облыс орталығына жақын жерлердегі сакральды орындармен шектеліп тұр. Әлем жұмбағы жатқан Торғай өңірінің инфрақұрылымын заманауи деңгейге жеткізсе, геоглиф еліміз туризмінің пілі­не айналар еді. Оның жұмбақ күйінің өзі туристерге Торғайға жеткенше сабыр бермесі аян.

 

ҚОСТАНАЙ