Ғарыштық қызметке қатысу мемлекеттің саяси беделін, оның экономикалық, ғылыми-техникалық және қорғаныстық қуатын елеулі түрде айқындап береді.
***
Ғарыштық қызметтің басым бағыттарын, оның ішінде геостационарлық орбитада жаңа жиіліктік-орбиталық ресурстарды нығайтуды жүзеге асыру бойынша үздіксіз жұмыс бәсекелестер арасында лайықты орын ала отырып ел үшін толыққанды ғарыштық саланы кешенді қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі әлемде ғарыштық сала адам қызметінің ең басым және ғылымды қажетсінетін салаларының бірі болып табылады. Ғарыштық қызметке қатысу мемлекеттің саяси беделін, оның экономикалық, ғылыми-техникалық және қорғаныстық қуатын елеулі түрде айқындап береді. Ғарыштық қызметті дамытудың заманауи үдерістері мен факторларын талдағанда әлемнің жетекші елдері өздерінің ғарыштық әлеуетін ұлғайтуға елеулі күш салып жатқанын көрсетіп отыр.
Біздің елімізде жерсеріктік телекоммуникациялық жүйелердің негізінде байланыс және хабар тарату ұлттық геостационарлық жерсеріктерін жасау және ұшыру жолымен ақпараттық-ғарыштық технологиялардың дамуының басталуы Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 25 қаңтардағы №1513 Жарлығымен бекітілген 2005-2007 жылдарға арналған республикадағы ғарыш қызметін дамыту туралы бірінші ғарыштық Мемлекеттік бағдарламаның қабылдануымен объективті түрде байланыстырылады.
Байланыстың жерсеріктік жүйелерін дамыту жоспарларын жүзеге асыру үшін, ең бірінші кезекте, меншікті жиіліктік-орбиталық ресурсты алу, геостационарлық орбитада қазақстандық ғарыштық аппараттарға арналған тұру нүктелерін Қазақстан Республикасына бөлу және бекіту қажет. Жиіліктік-орбиталық ресурс дегеніміз бұл – қандай да бір орбитада орналасқан байланыстық ғарыштық аппараттың онсыз өзінің мақсаттық қызметін орындай алмайтын, шектеулі табиғи ресурс (орбитадағы радиожиілік спектрі). Жиіліктік-орбиталық ресурсты сатып алуға, жалға алуға немесе Радиобайланыс бюросына мәлімделген жиіліктік-орбиталық ресурстарды халықаралық-құқықтық қорғау бойынша жүргізілген жұмыстар нәтижесінде алуға болады.
Осы орайда, байланыс ғарыштық аппараты (ҒА) тұратын орбиталық нүктені жалға алу құны 50 миллионнан астам АҚШ долларын құрайтынын ерекше атап өткен жөн. Әлемдік тәжірибеде орбиталық нүктені меншікке сатып алу өте сирек кездеседі және сатып алу құны ҒА-ның өзінің құнымен пара-пар болуы да мүмкін. Женева қаласындағы Халықаралық электр байланыс одағында жүзеге асырылатын жиіліктік-орбиталық ресурсты ресми тану – күрделі, ғылымды қажетсінетін және ұзақ үдеріс.
КСРО ыдыраған кезде әрбір мемлекетке жоспарлы жиіліктік-орбиталық ресурс бекітілген болатын. Дегенмен де, бүгінде ұсынылған ресурсқа салынған шектеулердің салдарынан ғарыштық аппаратты жасау және жоспарлы нүктеге шығару шығынды жоба болып табылады. Қазақстан тәуелсіздікті алған сәттен бастап 2005 жылға дейін жиіліктік-орбиталық ресурсты алу мәселелері тиісті деңгейде көтерілмей, оң шешімдерін таппай келді. 2007 жылғы наурызда ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің (ҰҒА құрылуы және 2005-2007 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында ғарыш қызметін дамыту бірінші мемлекеттік бағдарламасының бұдан бұрынғы нәтижелерін талдау бізде ғарыштық қызметті дамытудың ұзақ мерзімге арналған міндеттерін жаңа сапалық деңгейде қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Еліміз өзінің меншікті ғарыштық бағдарламасын өте қиын жағдайларда дамыту үстінде. Басты проблема бір нүктеде тұрудың бос орбиталық орнының жоқтығы, ол кеңістік нарықта жетекшілік позицияларды иеленіп отырған АҚШ, Ресей, Жапония, Қытай, Үндістан, Израиль сияқты басты қатысушылардың арасындағы ұлғайып келе жатқан бәсекелестікке байланысты болып отыр. Мәселен, АҚШ-тың ірі ІNTELSAT компаниясына 50-ден астам нүкте бекітілген. Мұндай жағдайда нарықтағы іс-қимылдары меншікті орбиталық ресурсты алуға бағытталған жаңа бәсекелестіктің пайда болуы шетелдік компаниялардың меншікті жобаларын қайта құруы қажеттігіне алып келетіндігі табиғи құбылыс.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 30 мамырдағы №475 қаулысына сәйкес “Ғарыштық байланыс және радиоэлектрондық құралдардың электр магниттік үйлесімділігі республикалық орталығы” АҚ (ҒБРО) Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің атынан Қазақстан Республикасынан Рабиобайланыс бюросына мәлімделген жиіліктік-орбиталық ресурстарды халықаралық-құқықтық қорғау мәселелері бойынша жұмыстарды жүзеге асырады.
ҒБРО осы салада жеткілікті тәжірибенің және білікті мамандардың жоқтығына қарамастан “Гейзер” ҒӨФ” ЖШБ ресейлік компаниясымен бірге Ресей Федерациясының, Қытайдың, Голландияның, Үндістанның, Сингапурдың Байланыс әкімшіліктерімен қазақстандық орбиталық позицияларды халықаралық үйлестіру бойынша кездесулер өткізді. Соның нәтижесінде Халықаралық электр байланыс одағы 2008 жылы бірінші рет 58.5о ш.б. орбиталық позициясындағы жиіліктік-орбиталық ресурсты Қазақстан Республикасына бекітті.
Басқа бірқатар мемлекеттермен жұмыс белсенді түрде жалғастырылуда. AZERSAT и KAZSAT спутниктік желілерін үйлестірумен байланысты мәселелерді шешу бойынша Әзірбайжан Республикасы Байланыс әкімшілігімен 2009 жылғы қарашада Астана қаласында өткізілген кездесу біздің еліміз үшін тарихи кезеңдік оқиға болып табылады. Өздерінің ұлттық ғарыштық бағдарламаларын белсенді және мақсатты дамытып жатқан басқа қатысушылармен үйлестіру мәселелерін шешу бойынша кездесулер ғарыштық қызмет әлемінде құқығы бойынша заңды орын ала отырып тұрақты түрде өткізілетін болады деп сеніммен айтуға болады.
Қазіргі заманғы тыныс-тіршілікті қамтамасыз етудің барлық салаларында іс жүзінде инновациялық технологиялардың тұрақты дамуы жағдайында байланыс ҒА үшін бір орбиталық тұру нүктесінің болуы жеткіліксіз. Ғарыштық қызметтің басым бағыттарын, оның ішінде геостационарлық орбитада жаңа жиіліктік-орбиталық ресурстарды нығайтуды жүзеге асыру бойынша үздіксіз жұмыс бәсекелестер арасында лайықты орын ала отырып ел үшін толыққанды ғарыштық саланы кешенді қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Нақты ғарыштық қызмет әлеміне шешуші қадам жасалды. Әзірбайжанның Байланыс әкімшілігімен өткізілген осы бірінші үйлестіру кездесуі ұлттық жерсеріктік желілерді дамытуға қосылған үлкен үлес болып табылады.
Осы бағыттағы жұмыстардың өз жалғасын табуы ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға, коммуникациялық мүмкіндіктерді кеңейтуге және ел ішінде қомақты ақшалай қаржылардың сақталуына мүмкіндік береді.
Виктор ЛЕФТЕР, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің “Ғарыштық байланыс және радиоэлектрондық құралдардың электр магниттік үйлесімділігі республикалық орталығы” АҚ президенті.