Қоғам • 14 Тамыз, 2019

Ономастикалық атаулар бірізділікті талап етеді

1176 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Ономастикалық атаулар,­ оның ішінде еліміздің жер-су атаулары, аты-жөн­деріміз – ұлттық-тіл­дік және мемлекеттік біре­гейлігімізді айқындайтын басты факторлардың бірі. Тәуел­сіздік алған жылдардан бері оно­мастикалық атаулардың мазмұнын ұлт­тандыруға бағыт­талған қыруар іс-шаралар ат­қа­­рылғандығы белгілі. Енді латын әліпбиі енгізілген сәттен бастап мыңдаған, жүз мыңдаған ономастикалық атауларымыз кең халықаралық, әлемдік ақпараттық кеңістіктегі айналымға енгелі отыр. Осы орайда еліміздің жер-су атауларын латын әліпбиінде таңбалау, сондай-ақ шеттілдік географиялық атауларды қазақ тілінің жаңа әліпбиінде жазу және төл антропонимдік жүйемізбен қатар, шеттілдік есімдерді таңбалау мәселесі өзекті болмақ.

Ономастикалық атаулар  бірізділікті талап етеді

Өз атауларымыз бен өзге атауларды жаңа әліпбиде таңбалаудағы басты критерий – кез келген атаудың танымалдылығын, яғни бірегейлігін жоғалтпауы, ережеге сай болуы шарт.

Атауларды таңбалаудың нақ­ты ғылыми принциптерін жасау, арнайы лингвистикалық нормалар мен заңдылықтардың тетігін анықтау ісі, топонимдік атаулардың, Қазақстан Республикасы азамат­тарының аты-жөндерінің дұрыс жазылған нұсқаларына деген мем­лекеттік басқару органдары мен ұйым­дарының, халықаралық ақпарат құралдарының, т.б. практикалық сұранысының жоғары болуымен байланысты. Бұл мәселеге орай Біріккен Ұлттар Ұйымының құжаттарында «ха­­лықаралық стандарттауға тек қатаң ұлттық стандарт бағдарламалары арқылы қол жеткізуге болатындығы»  жөнінде баса ескертілген.

Ономастикалық атаулардың емле ережесі 2018 жылы 6 желтоқсанда ел Үкіметі мақұлдаған «Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ере­желерінің»  бұрыннан келе жатқан және жаңадан енген басты базалық, ем­лелік принциптеріне сүйенеді. Алайда қазақ тілінің латын графикасына көшуіне байланысты транслитерациялауда тек жалқы есімдерге тән бірқатар өзіндік өзгешеліктер бар. Яғни, кейбір тұстары, әсіресе, шет­тілдік атауларға қатысты жалпы ере­желік қағидаттарға бағынбайды. Сон­дықтан кісі аттарына, еліміздің гео­графиялық атауларына, шеттілдік атауларға арнайы ережелер жасалуы тиіс.

Қазақстан тәуелсіздік алған ал­ғаш­қы жылдардан бері қазақ хал­қының есімдер, фамилия жасау жүйесі ұлттық үрдіске бет бұрды. Ұл­ты қазақ азаматтардың есім-фа­милиялары қазақ тілінде, ұлттық дәс­түрге сай жазыла бастады. Оған Қазақстанның Тұңғыш Президентінің «Ұлты қазақ азаматтардың  тегі  мен әкесінің атын жазуға  байланыс­ты  мәселелерді  шешу тәртібі  тура­лы» 1996 жылғы  2 ақпандағы  Жар­лығы мұрындық болды. Алайда рес­публикадағы құжаттаушы орындар көптеген қиындықтарға тап болып, азаматтарымыздың аты-жөн­дері туу туралы куәлік, жеке куә­ліктерде кейбір жағдайларда бұр­маланып жазылып келеді. Әсіресе орыс тілінде транслитерацияланған есім-фамилияларда көптеген қателер кездеседі. Оның басты себебі – екі әліпбилік жүйенің алшақтылығында жатыр, яғни қазақ есімдеріндегі төл дыбыстар орыс тілінде жоқ бол­ғандықтан, қазақ жазуын, кісі есімдері мен тектерін адекватты түрде толық жеткізе алмайды. Мәселен, Әбдімәлік есіміндегі төрт бірдей төл әріп орыс тілінде Абдималик деп сәйкес әріптер болмағандықтан жазылуы, айтылуы дәлме-дәл берілмей келеді.  Ал латын графикасына көшкеннен кейін осы сынды қателерден арылатын боламыз.

Ономастикалық ережелер жа­сау­ға жауапты маман ретінде біз­ді алаңдататын бір жайтқа  назар аударғымыз келген еді. Жаңа ереже мақұлданды, оның кейбір тұстарын тілші мамандар талқылап, пысықтауда. Ереже баптары бойынша лингвистер негізінен ортақ шешімге келгенімен, бірқатар мамандар тарапынан келісе алмай отырған біршама тұстары бар, әсіресе, «и» мен «у»-дың жазылуына қатысты. Бұл кісі есімдерін, тек атауларын, географиялық атауларды жазуға тікелей қатысы бар. Баспасөз беттерінде, әлеуметтік желіде, ғы­лыми басқосуларда бұл жөнінде екі­ұдайы пікір айтылып келеді. Жаңа емле ережелерінде айтылудағы уі (й), iı (ý) дыбыс тіркестері сөздің барлық буынында «ı» әрпімен жазылады: ıgilik, ıman т.б. делінген.

Фонетист ғалымдармен қатар грамматология, морфология, сөзжасаммен айналысып келе жатқан ғалымдардың пікірін қысқаша тұжырымдасақ. Емле ережесін жасаушылардың байламды көзқарасы жаңа ереже оқуға, жазуға қолайлы, тілді үйренуге жеңіл болуы керек, яғни морфологияға немесе таза фонетикаға сүйеніп, сөзді ұзартып, емле ережесін күрделендіре берудің қажеті жоқ   дегенге саяды. Ал келесі топ ғалымдары тіліміздің жазуын айтылым табиғатына сай, яғни сөз қалай айтылса, солай жазылуы керек деген ұстанымда. Басты уәждері – қазақ сөзі орыс жазуының ықпалынан шыға алмай, санада мықтап орныққан, яғни жазу өз табиғатына оралуы тиіс. Бұл ұстаным бойынша  киім-кийім [kıyim], су- сұу [suw], ине -ийне [ıyne] деп айтылым бойынша жазылады. Сондай-ақ «ю» әрпі йұу, йүу тіркестерінің таңбасы болады және былай жазылады: аю/айұу-aıuý, ою/ойұу–oıuý, үю/үйүу-úıúý, түю-түйүу-túıúý. Бұл жазуды тілші мамандар өзара шартты түрде «таратып жазу» деп те айтып жүр.

Таразы басындағы екі жақтың да уәж­дері салмақты, өзіндік ғылыми негіз-дәйектері бар.

Сонда айтылуы бойынша ті­ліміздің төл табиғатын сақтап, та­ра­­­­­­тып жазу дұрыс па, жоқ оқу, жа­­зу, қа­былдау, үйрену процесін жеңіл­­де­тетін, уақытты үнемдейтін ық­шамдалған орфографиялық жазу дұ­рыс па? Бұл сауалға бірден кесімді жауап айту қиын. 

Кирилл жазуы санада орнық­қан­дықтан, кейбір лингвистер таратып жазуды «күштеп» енгізіп, үйретуге де болатындығын алға тартады. Яғ­ни, айтылу бойынша жазу дағдысы қа­лыптасады.  Біріншіден, кез келген тілдегі табиғи дыбыстарды, олардың түрлі реңктері мен сазын идеалды түрде графикамен жеткізетін мінсіз әліпби кемде-кем, жоқ деуге де болады. Екі адам бір табиғи дыбысты бір­дей айнытпай айта алмауы да мүмкін.  Сондықтан  тілде орфография «жазу емлесі», нормалау «стандарттау» мен орфоэпияда «айтылу нормалары»  деген категориялары бар.

Беделді отандық және шетелдік мамандардың пікірінше, жазу «таза орфографиялық» та, «таза фоне­ти­­ка­лық» та болмауы керек, яғни тек ай­тылым бойынша ауыздан шыққан сөз айнытпай жазылса, ол қарапайым фонетизмді ұстану болып шығады. Дыбыстарды айтылуы бойынша фо­немалар таңбалайды. Мысалы, ит­мұрын сөзі – йітмұрұн. Бұл жерде буын қуалау, яғни дауыссыз/дауысты принципіне сүйенеді.  Сонда таратып жазу алгоритімі бойынша қалай айтылады – солай жазылады. Орфоэпиялық жазуды қуаласақ, онда орфографияға орын жоқ болады, яғни емленің қажеті не? Осы жайтқа байланысты қазақ тіл білімінің алғашқы теоретиктерінің бірі Елдос Омаров былай дейді: «Қа­зақша жазудың жолы дыбыс жүйесінше дейміз. Бірақ таза дыбыс жүйесінше болып шығатын емле ешбір тілде де болған емес. Ондай емленің болуы мүмкін де емес. Біз өз елімізді дыбыс жүйесінше дегенде, оны басқа тілдердің емлесімен салыс­тырып, басқа емлелерге қарағанда дыбыс жүйесінің жолына анағұрлым жуық болған соң, сонымен ғана дыбыс жүйесінше дейміз... Емле дегеннің өзі жазудың ережесі деген сөз ғой. Емле болған соң-ақ онда ереже болмай қалмайды. Жазу таза дыбыс жүйесінше болса, онда іш ереже де болмақ емес. Олай болған күнде «емле» деген сөздің өзінің де болмауы керек. Бірақ біздің жазуымыз дәл дыбыс жүйесінше болмағанмен, дыбыс жүйесіне жуық болған соң, біздің ережелеріміз аз болу керек»
(Е.Омарұлы, «Емле мәселесі». 1929 жыл).

Бұл жерде де «ойға қонымды» теңгерімді ұстау қажет деген пікірдеміз. Олай дейтініміз латын әліпбиі енген сәттен республикамыздағы мыңдаған, миллиондаған жер-су атаулары мен қазақ аты-жөндері, есімдері корпусы да осы таратып   жазуға тәуелді болатындығынан.

2021 жылдан бастап паспорт, барлық төлқұжаттарымыз латын графикасына көшкелі отыр, олай болса, жазып көрелік:

Мәселен, Ақлима/Ақлыйма-Aqlyıma, Ақниет/Ағнійет-Aǵniıet, Әси­ма/Әсійма-Ásiıma, Қияс/Қыйас-Qyıas, Иманғали/Ыйманғалій-Yımanǵaliı, Иманәлі/Ыйманәлій-Yımanáliı деп айтылып, жазылады. Онда айтылуы бойынша жазу алгоритімін сақтасақ, Мөлдір–Мөлдүр, Күміс –Күмүс, Көшкінбай – Көшкүмбай, Қонысбай – Қонұспай болып жазылуы тиіс. Бұл жағдайда ереженің өзге баптары бұзылады.

Жалпы лексика мен жалқы есімдерге қатысты профессор Н.Уә­ли­дің кітабынан  мына ойын кел­тіре кетейік: «Ал халықаралық тер­миндер мен прецедентті атау­ларды да қосар-ый/-ій,-ұу/-үу түрінде де жазып көрдік: криминологиа (12 әріп) – кріймійнологійа (15әріп), университеті (12 әріп) - үунійверсійтеті (15 әріп), Иури Гагарин (11әріп) – Ыйұурій Гагарійн (15 әріп) т.б. халықаралық терминдер мен прецеденті атауларға келгенде, оппоненттер тарапынан «біз тек төл сөздерімізді ғана -ый/ -ій, -ұу/үу деп жазамыз» дегендей де уәж айтылды. Мұндай уәжге де тоқталу қиын болды, өйткені мыңдаған жазарманымыз иман/ыйман, уәкіл/үуәкіл, Уәзипа/Үуәзійпа, уәжіп/үуәжіп, Уәлихан/Үуәлійхан, Иса/Ыйса, Исатай/Ыйсатай, Иран/Ыйран т.б. сөздер мен атауларды жазарда төл ме, төл емес пе деп «сұрыптап» отырмақ па? Дара не қосармен жазу санаулы сөздердің ғана орфографиялануы емес, күллі емлеміздің үштен екісін құрайтын аса ауқымды жүйе. Оны өзгерту – өзгеріс емес, төңкеріс болар еді» дейді  (Н.Уәли.Графика. Орфография. Орфоэпия. -2018).

Ономастикалық атаулардың орфографиясы графикалық, құжаттық нақтылықты, тұрақталған стандартты, бірізділікті талап етеді.

Жүз мыңдаған жер-су атауларымыз қалай жазылмақ? Мысалдармен көрсетейік: Көкиiрiмсай/Көкійірім­сай-Kókiıirimsaı, Көкқия/Көкқыйа- Kókqyıa, Көкшиелi/Көкшійелі-Kókshiıeli), Күйерсуықой/Күйер­сұуы­қой-Kúıersuýyqoı, Қутұрғы Суай­рығы/Құутұрғы Сұуайырығы-Quýturǵy Suýaıyryǵy, Елубайқұдық/Елүубайқұдық-Elúýbaıqudyq немесе Еліубайқұдық-Eliýbaıqudyq, Итмұ­рынқия/Ійітмұрынқыйа İıitmuryn­­qyıa, Иірсарықайрақ/Ійір­са­ры­қайрақ-İıirsaryqaıraq), Қисыққұдық/Қый­сыққұдық -Qyısyqqudyq, Қия­сани­рек/Қыйасанійрек -Қыйасанійрек т.б.

Байқағанымыздай латын графикасында таратып жазсақ, сөз кемінде бір-екі әріпке, кейде үш әріпке дейін ұзарып отырады. Бұл жерде айт­пағымыз мәселе тіптен мәтін көле­­мі көбейеді деген үнемділікте де емес. Жазу, оқу қиындай түседі.

Сөзді айтылым бойынша таратып жазуды практикалық транскрипция айқындайды. Сөздің табиғи айтылымына сәйкес фонемдік құрамын орфоэпиялық анықтағыштар реттейді. Сондықтан айтылым бойынша жазу принципін бүкіл жазу жүйесіне тарату оны күрделендіре, қиындата түсері анық.

Еліміздің географиялық атаулары оқулықтардан өзге, картографиялық өнімдерде, алуан түрлі сөздік, энцик­лопедияларда, әртүрлі сала қызметіне қажет анықтағыш-тізімдерде, оның сыртында өзге мемлекет карталарында, анықтағыштарда көрініс та­ба­тындығын ескеруіміз керек. Сон­дай-ақ еліміздің ішкі айналымында сан түрлі ресми құжаттарда, іскерлік қағаздарда, БАҚ беттерінде қолданылатын болады.

«Таратып жазылған» мыңдаған атау­лар саяси, физикалық карталар­дың бетін шамадан тыс графикалық таңбалардың көптігі шимайлап, шұ­балаңқыландырып жібермей ме деген қауіп бар.

Өткен ғасырдың басында белгілі орыс лингвисі Д.Н.Ушаковтың сөзі­мен айтсақ, «Тіл мен жазу – мүлдем екі бөлек құбылыс. Жазу, қандай бол­ғанда да, табиғи дыбыстарды нақты толық дәрежеде жеткізе алмайды. Оның мақсаты да ол емес, күнделікті қолданыста ыңғайлы болуы. Емле – тілге кигізген киім сынды, ол шақ келуі, шақ келмеуі де мүмкін, ол тек тілдің сыртқы мәні, ол өзгергеннен тіл өзгермейді».

Сондықтан, емлеміз жазуға, оқуға, оқытуға, жалпы меңгеруге икемді, қолайлы әрі ықшам болғаны дұрыс, өйткені кез келген орфографияның түпкі мақсаты жазуды оңтайландыру. Латынға көшуге тартыншақтап, жү­рек­сінген өз жұртымыз бен тілімізді үй­ренгісі келетін өзге жұртты жазуымызды күрделендіріп, қиындатып үркітіп алмау жағын ойластырған абзал.

 

Қыздархан РЫСБЕРГЕН,

филология ғылымдарының докторы, профессор,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ономастика бөлімінің меңгерушісі, Терминологиялық жұмыс тобының мүшесі