Аймақтар • 15 Тамыз, 2019

Қуаңшылықтағы қимыл қалай болмақ?

705 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қостанайда биыл аспаннан тамшы тамбады десек өтірікші бола қоймаспыз. Ал­ты ай жаз жердің бетін қуырған аңызақ жел соқты да тұрды. Аға буын өкілдері де дәл мұн­дай қуаң­шылықты 35 жылдан бергі уақытта көрмепті. Оны күзгі жиын-терін алдында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов­тің бейнебайланыс ар­қылы аудан әкімдері­мен өткізген мәжілісіне қатысқан ба­йыр­ғы диқанның бірі, Қа­мысты ауданындағы «Алтынсарино» шаруа­шы­лығының жетекшісі, Қа­зақ­станның Еңбек Ері Борис Князев те құптады.

Қуаңшылықтағы  қимыл қалай болмақ?

– 1984 жыл да құрғақ­шы­лық­пен есте қалды. Бірақ тамыз айында жауған жаңбырдан соң, ең болмаса малдың шөбін жеткілікті орып алған едік. Міне, қазір тамыз айының ортасы болды, әлі тамшы тамған жоқ, аңызақтың беті де қайтпай тұр. Менің тәжірибемде ауыр болған сонау 1975 жылдан кейінгі қуаңшылықты биыл көріп отырмын, – деді Борис Павлович. Жылдар бойғы жау­ған жаңбырдың орташа көрсеткіші 107 мм болса, биыл бар-жоғы 67 мм ғана ыл­ғал түскен. Жауын 40 мм аз жау­ған. Облыс әкімі астықпен айна­лысатын өңір үшін мұны табиғи апатқа теңеді. Шілде айының басынан тамыздың 5-не дейін сынап бағанасы 30-40 градустан төмендемеді. Аңызақ жел бір тынбады. Ал жаңбырлы жылдары жаз айларында ауаның температурасы 10-25 градус аралығында болатын. Иә, биыл қостанайлықтар Арқаның шыбынсыз, қоңыр салқын жазын бір сезінбей-ақ күзге жетті.

Алапат ыстықта бойына нәр ала алмай тырбиып өскен бидайдың пісуі де тез болды. Өңірде егін орағы ерте басталып кетті. Қазір Әулиекөл, Жангелдин, Қарасу, Сарыкөл, Ұзынкөл, тағы басқа аудандарда алқапқа орақ түсті. Гектар айналымы шаруашылықтың басым көпшілігінде 2-3 центнерден асып жатқан жоқ.

– Күйіп кеткен алқаптың түсімділігі гектарына 3 центнерден айналуда. Не де болса жерде сынық дән қалдырмай жинап алуға тырысып жатырмыз. Сатуға жарамаса да, малдың жеміне жарар. Дәннің майдалығы сондай, бастыруға да келе бермейді, – дейді Бо­рис Павлович. Бір Князев ға­на емес, әсіресе, облыстың оңтүс­тік аудандарындағы ауыл ша­руа­шылық өнімін өндірушілердің барлығы үшін биылғы жұмыс сипаты осылай болатын түрі бар.

Диқанды жаңбырсыз өскен дәннің сапасы ойландырады. Сатудан бұрын, тұқымға құйып алуға жарай ма, жарамай ма деген қауіп те жоқ емес. Нәр жетпеген сынық дәннің келер жылғы шығымы қандай болмақ? Әулиекөл, Бейімбет Майлин, Жангелдин, Денисов, Жітіқара, Қамысты, Қарасу, Науырзым аудандарында және Арқалық қаласында келер жылдың егінін себуге тұқым жетпейтіні әлден белгілі болып отыр. Сол үшін облыс әкімі Ар­химед Бегежанұлы ди­қан­дар­дың биылғы басты жұмы­сының бірі де келер жылдың тұқымын құйып алу екенін ескертті.

– Облыстағы оңтүстік аудан­дарға қарағанда егін шы­ғымдылығы біршама жақсы, қара топырақты, Қарабалық, Ұзынкөл, Сарыкөл, Меңдіғара, Федоров және Қостанай ауданының бір жартысы секілді солтүстік аудандар үшін бөлек астық балансын жасау керек. Олардағы биылғы тұқымдық астықты тонналап ғана емес, килограмдап өлшеп, көктемде қаржы қарастырып, өзге аудандар үшін сатып алуымыз қажет. Тұқымдық астық облыстан сыртқа шықпауы тиіс, – деді Архимед Бегежанұлы.

Қостанай-Торғай өңірі шө­лейт аймаққа жатады. Сон­дық­тан құрғақшылық, қуаңшылық жылдар жиі қайталанады. Соңғы 35 жылдың ішінде қуаңшылық 12 рет қайталаныпты. Облыс көптен бері жылына кем дегенде 4 миллион гектардан аса алқапқа дән сеуіп келеді. Не­сібесін көктен тілеген диқан­ның еңбегі сор болатын жылдар аз емес. Мысалы, 1984 жылы облыс 4 миллион 288 мың гектарға егін егіп, күзде орта есеппен әр гектардан 2,8 центнерден өнім алыпты. 1988 жылы гектар айналымы 7 центнерден, әсіресе, 1991, 1995, 1998 жылдары 3-4 центнерден, ал 2004, 2010, 2012 жылдары 6-8 центнерден келген екен. Әр 3-4 жыл сайын қуаңшылық қайта айналып соғып отырған. Өңір табиғатының бұл ерекшелігін белгілі ғалым-агроном, Қазақстанның Еңбек Ері, марқұм Валентин Двуреченский де диқандар алдында жиі айтатын еді. Табиғат құбылысынан болған мұндай қиындықтар ескі таптаурын әдет пен тасбақа аяңды қойып, ауыл шаруашылығы құрылымына жаңа көзқарас қалыптастыру керектігін талап етеді.

– Жыл сайын Әулиекөл, Жітіқара, Қостанай аудандары ауылшаруашылық тауар өндірушілерімен кездескенімде соңғы 7-8 жыл бойы гектарынан 2-3 центнерден өнім жинап келе жатқанын жасырған жоқ. Осы жылдар ішінде олар қаншама жанар-жағар майға, техникаға, минералдық тыңайтқыштарға, гербицидке қаржы жұмсады, өсімдік аурулары мен астық зиянкестеріне қарсы жұмыстар жүргізеді, милиондаған теңге шығын шығарды. Сондықтан бұл өңірлердегі экономика құрылымын өзгертіп, мал шаруашылығына көшу керек, – деді Архимед Бегежанұлы. Бұл орайда облыста жақсы қадам да жоқ емес. Торғай өңірі, оның ішінде Арқалық қаласы маңайы мал шаруашылығына бет түзеді десе де болады. Қала әкімі Эльдар Күзембаев мал азығы дақылдары себілген алқаптарды жыл сайын кеңейтіп отырғанын айтады. Олар өткен жылы жем-азықтық шөпті 8,7 мың гектарға ексе, биыл 8,9 мың гектарға жет­кізді. Мал шаруашылығы Қос­­танай-Торғай бойының ата­кә­сібі еді, ал бүгінгі уақытта ет­ке ішкі-сыртқы нарықтың қай­сысында болсын сұраныс көп.

Мал азығы демекші, қуаң­шы­лық жылы облыста шөптің де аздығы білінеді. Бейімбет Майлин, Денисов, Қарабалық, Қамысты аудандарында мал азығын дайындау әлі мардымсыз. Тіпті, Денисов ауданында дайындалған шөп барлық тиісті көлемнің 40 пайызына да жетпейді. Өзге ауданға қарағанда ағашты, сулы Қарабалық ауданында да дайындалған мал азығы әлі 70 пайызға жеткен жоқ. Оның қуаңшылықтан басқа да себебі жоқ емес. Аудан аумағындағы орман шаруашылықтарына тиесілі мемлекеттік қордағы жердің шөбін орғаны үшін гектарына 1850 теңге баға бел­гіленген. Бұл былтырғы баға­ға қарағанда бірнеше есе қым­бат. Қиын жылда диқан мен шаруаның төзімділігін сына­ғандай, өзі өсіп жатқан шөптің бағасын аспандату қаншалықты қисынды? Мемлекеттік қордағы жер шөбінің бағасын облыстық мәслихат тек маусым айының соңында ғана бекіткен. Шаруашылықтың, жұрттың малын ашықтырып қойып, пайда табуға жол бермеу керектігін айтқан әкім, бұл мәселені Үкімет делегациясының да алдына қоятынын ескертті.

Ала жаздай егінді баласындай күтіп, көктен нәр сұрап жүріп жеткізген астықты жинап қамбаға салғанша диқанның белі жазылмайды. Қазір сол астықты сатып, пұл еткенге дейінгі сақтау да үлкен мәселе. Масақтап теріп алғандай аз астықты талдың басына қойса, құс алып кетердей, жерге қойса, ит алып кетердей диқанның алаңдаумен күні өтеді. Элеваторлар күштілігін істейді. Биылғыдай аз өнімді тиын шығармай, негізінен шаруашылықтар өзінде сақтағанды да дұрыс көреді. Оған тағы да құбылмалы күз қалай қарайды, оның да диқан үшін болжамы жоқ.

Облыс әкімі айтқандай, биыл шаруашылықтар алдындағы ең басты мәселе келер жылдың тұқымын құйып алу болып отыр. Екіншіден тауарлы бидайын тап-тұйнақтай етіп сатып, еңбек ұжымының жалақысына қарыз болмауды ойластыруы керек. Енді аз күнде облыс аудандарының барлығы да астық жинауға жаппай кіріседі. Қарқынға қарқын қосып, жиын-терінді барынша аз күнде аяқтамаса, жаздай тамбай, ерігіп күзде жауған жаңбыр шығымы аз астықтың берекесін ұшырары бәріне де анық. Осыны ойлаған сайын диқанның да, басқаның да мазасы кетеді. Елде болса, ерінге тиерін жұрттың бәрі түсінеді.

 

ҚОСТАНАЙ