Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Наурыз мейрамына арналған мерекелік кештегі сөзі.
Құрметті қазақстандықтар!
Ардақты ағайын!
Баршаңызды Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!
Халқымыз ежелден жыл басына санаған, Ұлыстың Ұлы күніне балаған Наурыз мейрамы – шын мәнінде елдік пен бірліктің, жарқын жасампаздықтың мерекесі.
Шуағын шашқан көктемнің нұрлы шапағаты Наурызбен бірге тіршілікке шаттық сыйлайды. Қыстың қаһары қайтып, жер-жаһан қайта түлейді. Дүние жаңарып, құлпырады. Бүгінгі мерекелік кештің “Наурыз нұры” деп аталуы сондықтан.
Табиғат заңдылығымен жыл басы болып, жақсылықтың жаршысына айналған Наурыз мейрамы адамзат тарихымен бірге жасап келеді. Сондықтан Наурыз – адамды ұлты мен нәсіліне, тілі мен дініне бөлмейтін жалпыхалықтық ізгі мереке.
Біздің ұлттық құндылықтарымыз, рухани мұраларымыз әз-Наурызбен біте қайнасқан. Тарихтың талай бұралаң жолдарынан өткен тағдырлы халқымыз қандай кезеңде болса да Наурызды жадынан шығарған емес. Ақ пейіл жұртымыз қашанда Ұлыстың Ұлы күнін ақ дастарқан жайып, ақ тілекпен қарсы алған. Елдің тыныштығын, халықтың ынтымағын тілеген. Бұл күні бұлақ көзін ашып, шыбық қадап, көршісіне көмек беріп, сауапты ізгі істермен айналысқан. Біз ұрпақтан-ұрпаққа үздіксіз жалғасып келе жатқан осындай игі дәстүрлерді өрістетіп, оның мазмұнын байыта түсуіміз керек.
Наурыз ықылым заманнан бері ырыс пен ынтымақтың, татулық пен тазалықтың, бірлік пен кісіліктің мейрамы болып есептеледі. Табиғат иіген, көк тас жібіген Наурызда мейірім шаттыққа ұласып, бай мен жарлы теңеледі, барша жұрт ырыздыққа кенеледі. Ұлыстың ұлы күні ағайынның құшағы айқара қабысып, ренішті жандар қайта табысады.
Сондықтан, түсіністікті ту етіп, елді бірлік пен ынтымаққа, адамгершілік пен имандылыққа үндейтін Наурыз мерекесінің татулығы жарасқан еліміз үшін маңызы ерекше.
Бұл орайда, біздің мемлекеттік саясатымыз әз-Наурыздың ізгілігімен өзара ұштасады.
Еліміз егемендік алмай тұрып, 1991 жылы 15 наурызда менің арнайы Жарлығыммен Наурыз мейрамы ресми мереке болып жарияланғаны естеріңізде болар. Сонда “Ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа” деп тіледік, жаңа жылға үміт артып, болашақтан жақсылық күттік. Тілегіміз қабыл болып, біз сол жылы ата-бабамыз ғасырлар бойы армандаған азаттыққа, киелі тәуелсіздікке қол жеткіздік.
Міне, келесі жылы ел тәуелсіздігінің 20 жылдығын тойлайық деп отырмыз. Тарлан тарих үшін тым қысқа болып есептелетін осы жылдар аралығында Наурыз шын мәнінде Ұлыстың ұлы күніне, мемлекетіміздің мерейлі мерекесіне айналды.
Былтыр менің Жарлығыммен 21 – 23 наурыз күндері ресми түрде демалыс күндері деп жарияланғанын білесіздер.
Біздің жаңа жылымыз осы мерекеден басталса дұрыс болар еді деп ойлаймын.
Сондықтан биыл біз табиғи жаңа жылымызды кең ауқымда, бүкілхалықтық деңгейде, көтеріңкі көңіл-күймен, ерекше салтанат пен жаңа мазмұнда тойлағалы отырмыз.
Қазақстанда бұдан өзге бірде-бір мереке ресми түрде үш күнге созылмайды. Бұл да біздің мәдени мұрамызды ұлықтап, ұлттық құндылығымызды ерекше қадірлеуіміздің жарқын бір айғағы.
Біз Наурызды бүкіл Қазақстан халқын біріктіретін, ұлысты ұйыстыратын ұлы мереке деп жариялаған жылы ЮНЕСКО Наурыз мейрамын адамзат баласының мәдени мұрасы санатына қосты. Биыл Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан Наурыз мерекесі “халықаралық мейрам” ретінде қабылданды.
Халқымыздың көнеден жеткен жыл қайыру дәстүрі бойынша биыл – барыс жылы.
Асқар таудың қияндағы қарлы шыңдарын мекендейтін барысты халқымыз бағзыдан кие тұтып, айрықша бағалайды.
Біз осы барыс жылына биік белестерді бағындырып, ерекше жағдайда қадам басып отырмыз.
Баршаңыз білесіздер, “Қанатты барыс” бейнесі ел тәуелсіздігінің және “Қазақстан – 2030” Стратегиялық даму бағдарламасының символдарының бірі. Біз осы Барыс жылы мәртебесі биік Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына Азия және ТМД мемлекеттері арасында тұңғыш рет төрағалық етудеміз. Мұндай биікке қазақ баласы бұрын-соңды ешуақытта қол жеткізген емес.
Алайда, біздің алар асуымыз, бағындырар биігіміз әлі алда.
Еліміз дағдарыстан кейін тың серпіліс жасап, қарқынды дамудың жаңа белесіне көтерілді.
Менің биылғы халыққа Жолдауымда алдағы онжылдықта ел азаматтарының өмір сапасы мен әлеуметтік деңгейін жақсартуға айрықша басымдық берілгенін білесіздер. Жолдауда еліміздің индустриялық-инновациялық дамуының басты межелері айқындалды. Сонымен қатар, Қазақстанның ұлттық Стратегиялық бағдары бекітіліп, жаңа міндеттер белгіленді.
Біздің бұларды абыроймен атқарып шығатынымызға мен кәміл сенемін.
Алда бізді көптеген ауқымды шаралар күтіп тұр. Біз биыл күллі адамзат баласын дүр сілкіндірген екінші дүниежүзілік соғыстағы Ұлы Жеңістің 65 жылдығын атап өтеміз. Осылайша, ерлікке тағзым етіп, тарихқа құрмет көрсетеміз. Сонымен қатар, Қазақстан Конституциясының 15 жылдығын мерекелейміз. Тәуелсіздігіміздің берік діңгегіне айналған Ата Заңымызды ұлықтау арқылы біз егемен еліміздің еңсесін көтеріп, ұлысты ұйыстыра түсеміз.
Дана халқымызда “Бас-басыңа би болсаң, манар тауға сыймассың, басалқыңыз бар болса, жанған отқа күймессің” деген ұлағатты сөз бар. Біздің басты байлығымыз – береке-бірлігі жарасқан халқымыз. Біз осы ынтымағымыз арқылы ортақ Отанымызды іргесінде ізгілік ұялап, төрінде татулық орныққан жерұйық-өлкеге айналдырдық.
Ел үшін жан аямаған батыр бабаларымыз бізге таусылмас дәулет, сарқылмас мұра қалдырды. Біз солардың ерлік жолын жас ұрпақтың санасына берік ұялатуымыз керек.
Жастарды қазақтың шыққан тегін, халықтың салт-дәстүрін, даңқты бабалардың өнегелі өмірін міндетті түрде білуге баулуымыз қажет. Ойы озық, рухы берік елді ешкім жеңе алмайды.
Біз тарих үшін қас-қағым уақытта іргесі берік мемлекет құрдық. Бүкіл әлемді таңқалдырған әсем елордамыз – Астана қаласын салдық. Қиын кезеңдерге қарамастан, ұлтымыздың мәдениетін дамытуға ерекше көңіл бөлдік. “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында қыруар шаруа атқарылғанын баршаңыз білесіздер.
Дәл осы жылдарда Алматыдағы опера және балет театры, академиялық қазақ және орыс драма театрлары, ұйғыр, корей ұлттық театрлары күрделі жөндеуден өткізілді. Облыстық деңгейдегі 11 театр ашылып, көптеген талантты жастар сахнаға шығуға мүмкіндік алды.
Дүниежүзілік дағдарыс жағдайында, тек өткен жылы ғана елімізде 13 театр мен кинотеатр, 66 кітапхана, 28 музей, 46 мәдениет үйі қайта жаңғыртылды. Кеше ғана Шымкент қаласында облыстық филармонияның әсем ғимараты бой көтерді.
Ал мынау біз отырған 3 500 орындық заманауи “Қазақстан” орталық концерт залы – бұл өңірде теңдесі жоқ бірегей ғимарат.
Мен өз тарапымнан елордасы – Астана қаласының мәдениет пен білім ордасы болуы қажет екенін ұдайы қаперде ұстап келемін. Халық игілігіне ұсынылған Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театры, консерватория, Руханият пен келісім сарайындағы концерт залы, биыл іргесі қаланатын Опера және балет театрының жаңа ғимараты соның жарқын айғағы.
Биыл елордамызда Өнер университеті пайдалануға беріледі, Халықаралық жаңа университет ашылады. Заманауи технологиямен жабдықталған, халықаралық деңгейдегі бұл мәдениет және білім ошақтары Қазақстанды жаңа белеске көтереді деп білемін.
Ұлттық мәдениет пен өнерге деген қамқорлық алдағы уақытта да жалғаса береді. Мұның бәрі еліміздегі тыныштық пен татулықтың, қоғамдағы береке мен бірліктің арқасы екенін жете түсінуіміз қажет.
Мен бүгінгі мерекеге Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Ескендір Хасанғалиев, Әлібек Дінішев, Қаршыға Ахмедьяров, Қайрат Байбосынов, Нұрғали Нүсіпжанов сияқты еліміздің өнер саңлақтарын арнайы шақырдым. Осындай тума талант иелері Қазақстанды, қазақты бүкіл дүниеге әйгілі етті. Біз олардың асқақ өнерінен нәр алып, арман шыңына құлаш ұрдық. Сол арқылы адамгершілік пен шынайы махаббатты іздедік, қазақ өнерін сүйіп өстік. Болашақ таланттарымыз бұдан зор тәлім алуы тиіс.
Асқақ сәулетімен, келісті дәулетімен еліміздің жүрегіне айналған әсем Астанамызға орнатылған Күлтегін ұстынында “елді түзеген, бәрін бейбіт еткен, ашты тойындырған, жалаңашты киіндірген, азды көп қылған, кедейді бай қылған, тату елге жақсылық қылған” деген сөздер бар. Сан ғасыр бұрын жазылған осы жолдар маған бүгінгі Қазақстан үшін айтылғандай көрінеді.
Қымбатты қазақстандықтар!
Құрметті достар!
“Наурыз нұры” салтанатты концерті нақ осы ежелгі мерекеге арналып отыр. Көктем күнінің шуағымен біздің үйлерімізге бақыт пен игілік кірсін!
Наурыз – жаңғырудың символы. Ықылым заманнан бері көктемгі күн мен түннің теңескен сәті табиғат жаңаруының символы болып табылып, уақыт пен ұрпақтар байланысының тоқтаусыз жүретінін айғақтайды.
Жасампаздықтың, сұлулық пен сүйіспеншіліктің қуатын шаша отырып, Наурыз біздің халқымыздың мәдениеті мен дәстүрінің ұлылығын айшықтайды.
Бүгінде Қазақстанда Наурыз барлық қазақстандықтар мерекелейтін жалпыхалықтық салтанатқа айналды.
Бұл мерекені қарсы алған сайын біз қоғамымыздың дәстүрлі жоғары адамгершілік идеалдарына ден қоямыз. Бұл күні ескі реніштердің бәрін кешіріп, айналаңа қуаныш пен ізгілік шашу үдерісі қалыптасқан. Адамдар Наурызды неғұрлым ашық жүрекпен қарсы алса, табиғат та оларға соғұрлым жомарттық танытады.
Биыл біз Наурызды алғаш рет жаңаша атап өтудеміз. Наурыз айының үш күні демалыс болып жарияланды. Біздің барлығымыз үшін бұл – достықтың, бірліктің, ізгілік пен туған Отанымызға алғаусыз сүйіспеншіліктің Ұлы Мейрамы.
Наурыз – туған жеріміздің жаңғыруының, бүкіл табиғаттың көктемгі күн сәулесімен оянуының символы.
Біздің Отанымыз – Қазақстан кең байтақ ел. Оңтүстігінде көктем күшіне еніп үлгерсе, солтүстігінде енді ғана басталды. Туған жеріміз осындай көптүрлілігімен қызық. Бірақ Наурыз мерекесінің жылуы, қай жерде болса да, өмірге деген құштарлықты оятып, адамдарға үкілі үміттер сыйлайды.
Біздің Қазақстанымыздың тарихында жаңа кезең басталды. Өзімнің таяудағы Жолдауымда мен еліміздің алдына жаңа онжылдыққа арналған бірқатар маңызды міндеттер қойдым.
Біздің алдымызда елімізді экономикалық дамытуда қуатты серпіліс жасап, жаңа кәсіпорындар тұрғызу, энергетикалық қуатымызды арттыру, өндіріске ең жаңа технологияларды енгізу, ауыл шаруашылығының сапалы өсіміне қол жеткізу міндеттері тұр.
Еліміздің сенімді тірегі болуға тиісті отандық бизнес үшін жаңа көкжиектер ашылуда. Біз қазірдің өзінде экономикамызды мықтырақ, халықтың өмірін бұдан да жақсы ететін осы міндеттерді орындауға кірісіп кеттік.
Біз отандық білім беру мен медицинаны бұдан да жоғары деңгейге шығарамыз.
Мен Наурыз барлығымызды еңбектегі де, өмірдегі де жаңа табыстарға жігерлендіруін тілеймін. Көктеммен бірге әрбір қазақстандықтың үйіне бақыт пен игілік кірсін.
Бүгін біз жаңа міндеттер қойып отырмыз. Және олардың барлығын да бағындыруға қабілетіміз жетеді. Өйткені, біз басты құндылығымыз – бейбітшілікті, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді жылдан-жылға бекемдей түсіп келеміз.
Біздің бабаларымыз ықылым заманнан бері Наурызда нақ осылар туралы ойлаған, көктем мерекесінің терең мағынасы да, міне, осында болса керек. Достығымыз бен келісіміміздің мықты іргетасы бізге әр көктемді осындай оптимизммен және болашаққа сеніммен қарсы алуға мүмкіндік береді.
Қымбатты менің қазақстандықтарым!
Сіздерді Көктем мен Қайта жаңғырудың тамаша мерекесімен тағы да құттықтаймын! Наурыз мейрамы сіздер мен сіздердің жақындарыңызға қуаныш, бақыт және ізгі үміттер әкелсін!
Құрметті отандастарым!
Елімізді шуағына бөлеген Ұлыстың Ұлы күні әр шаңыраққа мерейлі шаттық, мол ырыс пен мызғымас ынтымақ сыйласын!
Қызыр баба әрбір қазақстандық отбасына құт-береке, молшылық әкелсін.
Әз-Наурыз жақсылығын ала келсін!
Лайым бірлігіміз бен берекеміз арта берсін!
Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!
Наурыз мейрамы құтты болсын!