Қазақстан • 05 Қыркүйек, 2019

Табанды талап табысқа жеткізеді

194 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының халыққа Жолдауындағы «Мемлекеттен жерді тегін жалға алу құқығына ие болғандардың көпшілігі жерді игермей, босқа ұстап отыр. Елімізде «шөп қорыған иттің» кебін киген «латифундистер» көбейіп кетті. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып алатын кез келді. Жер – біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуы тиіс» деген сөзі нағыз өмірдің шындығы. Былайша айтқанда, бұл оқиғаны мен өз басымнан өткізгенмін де.

Табанды талап  табысқа жеткізеді

Сол 90-жылдары ел игілігі үшін жасалған науқанда жерге иелік етуге құқылы әрбір шаруашылықта еңбек еткен азамат егістік-шабындық  аумақтарындағы пай бөлінісіне ерікті түрде қатысты. Үлкенді-кішілі жер телімдерін комиссия шешіміне сай қалауынша бөліп те алды. Алайда, уақыт өте келе жер иелері  қазыналы байлықтың қадірін бағаламады,  құнарлы жер телімдері айлап, жылдап игеруді күтіп жатып қалды. Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының (Алматы облысы) тәжірибе шаруашылықтарындағы жүз­де­ген гектарды игермей «шөп қорыған иттің» кебін кигендерден жер телімін қайтарып алу да оңайға түспеді. Олар енді игерусіз жатқан алқаптарды «ұялмай-қызармай» қымбат бағаға саудалап, сатуға әрекет етті. Алайда жергілікті билік өкілдері заң талаптарына сүйене оты­рып, қараусыз жатқан құ­нар­лы жерлерді қамқор қолдарға шама-шарқынша екі  жақты келісіммен қайтартып алған-ды. Бірақ осы күнге дейін  жерге не кетпен шаппай, дән сеппей, не шөбін ормай, не мемлекет игілігіне қайтармай сылтау айтып, табандап отырып алғандары қаншама? Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жол­дау­ын­да атап өтілгендей, «Жер – біздің байлығымыз, оны кім игерсе,  игілігін сол азамат көруі керек». Ол, әрине, өз еліміздің азаматы болуы тиіс.

Осы арада төтеннен туын­дап елдің құлағын көтеріп жүрген тағы бір оқиғаға назар аудармаса және болмайды. Елбасы, Парламент пен Үкімет мүшелері, жалпы қазақтың аузы дуалы азаматтары БАҚ арқылы «Жер шетелдіктерге сатылмайды!» деген кесімді сөзді нығарлап айтқан. Алайда осы бір қауесет әлі күнге дейін еш басылар да емес, бәсеңсіп тыйы­лар да емес. Сондықтан да Жол­дауда  айтылған «бұл мəселе бойынша қауесет таратуды до­ғару керек. Бірақ жерді тиімді пай­далануды қамтамасыз ету – біз­дің міндетіміз» деген Мем­лекет басшысының табанды талабына толықтай қосыламын.

Жұмыс орным, басқаратын шаруашылық жайым ауылды аймақта орналасқандықтан да қазағым қалың жайласқан өңірлердің болмысы маған етене жақын әрі өте жақсы таныс. Елбасының «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасын жалғастыру бағытындағы Президенттің тың бастамасы сондықтан да көңілімізден шығып отыр. Үкіметке осы бағдарламаға сай биыл бөлінген 30 млрд теңгеге қосымша 90 млрд қаражат бөлу тапсырылды. Біле білген кісіге ауылымызға жасалынып отырған бұл да бір шынайы қамқорлық. Мұндай қамқорлықтан ауыл-аймағымыз тек қана өркендеп өседі, қа­рыш­тап дамиды деп ойлаймын. Демек, бұл алдымыздағы үш жылда ауылды тағы да көлік, ауыз су жəне газбен қамтамасыз ету сияқты инфрақұрылымдық мəселелер оң шешімін табады, сонымен қатар мектеп, аурухана, спорт алаңдары салынады деген сөз.  Алайда қыруар қаржының бір тиынын шашау шығармай, халық игілігі үшін мұқият жұмсауды қатаң бақылауға алу да ауадай қажет.

Отандық агроөнеркəсіп ке­ше­нінің сапалы дамуына сонда ғана қол жеткізеріміз анық. Еліміздің аграрлық саласында бел шеше еңбек етіп жүрген кәсіпкерлер Жол­дау­дағы талаптарды бар ниетімен қолдайды. Жолдау талаптарын орын­дау барысында халықтың ауыз­біршілікпен атқарған іс-әреке­тіне береке берсін деп тілеймін. Еліміздің дәулетті болашағына бір кісідей жұмылып еңбек етіп қол жеткізейік!

 Жақсылық ҮШКЕМПІРОВ,

кәсіпкер, Қазақстанның Еңбек Ері, грек-рим күресінен Олимпиада және әлем чемпионы

АЛМАТЫ