Қазақстан • 06 Қыркүйек, 2019

Несиеге мал беру ауыл әлеуетін көтереді

277 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақта «Ауылым алтын – бесігім», деген аталы сөз бар. Ауылды сағынып, жыл сайын еңбек демалысымызда ауылға баратынбыз, ауыл біздің тарихымыз, сол тарихтың бір бетін қарасаңыз, ауылдағы күндіз-түні бітпейтін тіршілік,көктемде мал төлдеп, жер құлпырып, ауыл адамдары есік алдындағы 10-50 сотық жеріне жоңышқа, картоп, көкөністерін егіп, кеңшардың жыл он екі ай бітпейтін жұмысынан бір күн босамайтын еді. Ауыл адамдары еңбек демалысы дегенді білмейтіндей өйткені демалуға уақыт жоқ. Бұл сол кездегі Жамбыл облысы, Талас ауданының әр кеңшарындағы бар жағдай-тын. Жалпы, Талас ауданынан 61 Социалистік Еңбек Ері шығыпты.

Несиеге мал беру ауыл әлеуетін көтереді

Кеңшарлар мен ұжымшарларды таратқан 1997 жылдардың басынан бас­тап бүгінге дейін ауыл шаруашылығы үшін аса қиын жылдар болып келеді. Жағдайдың ушығуына әкімшілік күштеу арқылы шаруашылықтардың таратылуы, нарықтық жүйеге ауыл тұрғындарының дайын болмауы, ауылшаруашылық машиналардың көп бөлігі жекешелендіру барысын­да талан-таражға ұшырауы, т.б. эко­­­номикалық заңдарды есепке ал­мау­­дың зардаптары әсерін тигізді. Жер өңдеу мәдениеті жоғалды, мал ша­руашылығы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Үкімет тарапынан ауылды көтеру мақсатында әртүрлі қаулы-қарарлар мен заңдар қабылданғанына қарамастан, ойда­ғыдай нәтиже шықпай отыр.Ұзақ жыл ауыл шаруашылығы саласында қызмет еткен соң, бұл саланың қыр-сырын жақсы білемін. Ауыл шаруа­шылығын дамытуға байланысты Үкі­мет тарапынан қабылданып жатқан бағдарламаларды қадағалап отырамын. Барлық бағдарламаларда тек істің экономикалық жағы қаралады да ауыл халқының әл-ауқаты туралы сөз қозғалмайды. Меніңше, бағдар­ламалар халықтың әл-ауқатын жақ­сар­тудан басталуы керек.

Азаматтардың табыс деңгейін арт­тыру – басты мақсат. Барлық дең­гейдегі әкімдердің жұмыстарының ең маңызды көрсеткіші халықтың нақты табысын өсіру. Осы уақытқа дейін мал өнімдерінің жалпы азық-түлік салаларының мүмкіндіктері өз дәрежесінде жұмыс істемей отыр.

Жамбыл облысы – мал шаруашы­лығын дамытуға қолайлы өлке. Бі­рақ ауыл шаруашылығында қол­данған ойластырылмаған шара­лар оған кері әсерін тигізді. Облыс­та қой шаруашылығы – мал шаруа­шы­лығының жетекші саласы болып кел­ген, алдағы уақытта да солай болуы тиіс. Себебі облыстың табиғи жағдайы да шаруашылықтардың ұзақ тарихы да соған ыңғайлы. Қой негізінен жайылым малы, біздегі табиғи жайылым осындай ұсақ мал жаюға өте тиімді. Нәтижесінде салыс­тырмалы түрде арзан әрі сапалы ет, жүн, тері және т.б. өнімдер өндіруге болады.

...Талас ауданында әкім болып істеп жүрген жылдары, шаруа қожа­лықтарына «тауарлы несие» ретінде малдай кредит берілді. «Талас ауда­нының әкімі Б.Құлекеевтің малдай несие беру тәжірибесін» іске асыру жолдары облыстық әкімдікте және облыстық мәслихат сессиясында қаралды.

Тәртібі өте қарапайым, яғни аудан бюджетінен өтініш берген әр бір шаруа қожалығына 250 мың теңге қаржы бөлінеді. Бұл – «Көктал» АҚ және «Талас» АҚ-ға 50 бас тоқты алу үшін алған қаржысын құяды, өз кезегінде АҚ-дар салығын өтейді, берілген қаржы қайта айналып аудан бюджетіне түседі. Бұл жүйе ар­­қылы біз алғашқы жылы 5 мың бас тоқтыны аудан шаруа қо­жа­лық­тарына тараттық. Соңғы жылдары қаржының көзі ұлғайғаннан кейін жылына 7 мың 10 мың бас малдай «тауарлы кредиттер» беріліп, Талас ауданының уақ малы бес жылда 320 мың басқа жетті. «Тауарлы несие» ауыл тұрғындарының жағ­дайын көтеруде өзінің тиімділігін көрсетті. Бұл тәсіл жұмыссыздықпен, кедейшілікпен күресіп, ауыл тұрғын­дарын материалдық тұрғыдан қолдап, тиісінше тұтынушыларды арзан мал өнімдерімен қамтамасыз етудің жеңіл, әрі төте жолы болды деп есептеймін.

Талас ауданында тоғыз жыл аудан әкімі болып жұмыс істедім, сол жылдары 50 мыңнан аса қой-ешкі, сиыр, жылқы малы аудан халқына тауарлы несиемен берілді. Сол кездегі аудан әкімінің орынбасары Балтабай Бекежанов малдай несие беру ісіне ті­ке­лей басшылық жасап отырды. Аудан­дағы барлық ауылдарға халық санына қарай таратылған несие тең­дей берілді. Ау­данда құрылған комиссияға, ауыл әкімдері ұсыныс беріп, еш кепілдіксіз 50 бастан алты айлық тоқтыны қозы бөлу кезінде шаруа қожалықтарына тараттық. Келісімшартқа аудан әкімі, ауыл әкімі және шаруа қожалық­та­рының басшылары қол қойып заң­­дастырды. Бұл жұмысты ауыл ша­руа­шылығының білгір маманы, сол кездегі облыс әкімі Серік Үмбетов үнемі қолдап отырды. Бұл бастаманы ұнатпайтындар да табылды, арыздар жазылды, бірақ қанша тексерулер болғанымен, ауыл халқының ри­за­шылығын көріп, бәрі жақсы пікір­лер айтты.

Ауылды тұрақтандырудың жолы – ауыл адамдарына мал алып беру. Әр облыс, аудан әкімі өз бюджетінен әр отбасына 50 бас тоқты алып беруі керек. Қайтарымы екі жылдан кейін болады. Сонда 50 қой алған адам, сол малды көбейту жағын ойлайды. Малға қора керек, жем-шөп дайындау қажет және басқа да жұмыс көзі табылады.

Менің ойымша, бұл Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан «Қара­пайым заттар экономикасының» бір тармақшасы дер едім. Малдай несие алған шаруа қожалығы алған несие­сін ерте қайырып жатса, ол малды екінші шаруа қожалығына беріп, ерте қайтарған азаматтарды ынталандыру үшін субсидия беру жағын қарау керек.

Халықтың өмірі – шаруасында. Шаруасы күйлі болса халық та күйлі. Сондықтан ауыл халқына жұмыс беру керек. Жоғарыда айтылған «малдай несие» арқылы халықты қолдау керек. Президент айтқан «Қарапайым заттар экономикасының» әлеуетін пайдалану қажет. Бұл үшін жоғарыда айтылған тәртіп бойынша, әр аудан өз бюджетінен тікелей аудан әкімінің жауапкершілігімен, келісімшарт ар­қы­лы кепілдіксіз кредит беру керек. Келісімшартқа аудан және ауыл әкімі, шаруа қожалығының басшысы қол қоюы қажет. Заң аясында аудан, ауыл әкімшіліктері жанынан коммуналдық мекемелер ашып, аудан көлемінде өздеріне қарасты әлеу­меттік мекемелердің ағымдағы жөндеуден бастап күрделі жөндеуіне дейін және каналдар мен арықтарды тазалау қызметтерін де сол мекемеге жүктеу қажет. Ауыл тұрғындарының көпшілігі малының жем-шөбін қамта­масыз ету үшін шаруамен айналысса, екіншісі коммуналдық мекемесінде жұмыс істеп еңбек ақыларын алар еді.

Батырбек ҚҰЛЕКЕЕВ,
Тараз қалалық мәслихатының хатшысы
Жамбыл облысы