Руханият • 10 Қыркүйек, 2019

Драматургия неге өгейдің күйін кешеді?

380 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Театр мен оның репертуары, режиссура, драматургия мен драматургтер және көрермендер жайында соңғы жылдары мәселе аз көтеріліп жүрген жоқ. Марқұм, білікті театр сыншысы Әшірбек Сығай мен атақты драматург Дулат Исабековтің де баспасөз беттерінде толғамды мақалалары талай рет жарық көрген.

Драматургия  неге өгейдің  күйін кешеді?

Бірақ одан шыққан еш нәтиже көргеніміз жоқ. Тиісті министрлік те, театр директорлары мен бас режиссерлер де баспасөзде кө­теріліп жатқан өздеріне тікелей қатысты мәселеге, айтылған сыни пікірлерге құлақ аспайды, мән бермейді. Тіпті оқымауы да мүмкін. Осы тұрғыда ел газеті «Егемен Қазақстанда» жақында жарияланған жазушы-драматургтер – Жұмат Әлмашұлы мен Сұлтанәлі Балғабаевтың театр­дың ұлттың ар-ұяты һәм ұйытқысы екені жайындағы және оның бүгінгі проблемалары туралы мақалаларының маңызы өте зор.

Әдебиет сыншысы есебінде мен де театр сынына атсалысып тұрамын, сыни мақалам да жарияланған. Соңғы кезде драматургияға араласып, бір­неше пьеса да жаздым. Соның бірі – «Тілеп-Сарықыз» траге­диясы бірнеше жылдан бері елордамыздағы «Жастар» театр­ын­да қойылып келеді. Бұл пьесаның трагедиямен басталып, әйтеуір аяғында сахнаға аман-есен шыққан тарихы театр төңірегінде бүгінгі қалыптасқан жайсыз жағдайды білдіреді. Сондықтан осыны сөз етелік.

Қобызшы Тілеп атақты Қой­лыбай бақсының шәкірті болған. Одан сабақ алып, қобыз үйрене жүріп, Қойлыбайдың пері әйелінен туған сұлу қызы Сарықызға ғашық болады. Басқа ғашықтық хикаяларындағы сияқты мұнда да Тілептің бақталасы оны өлтірмек болып, тасаланып келіп садақ тартады. Бірақ Тілепті шексіз сүйген Сарықыз кезенген қаруды байқап қалып, Тілепті денесімен жауып, оққа өз кеудесін төсейді. Өзімен бірге өлмек болған Тілепке: «Мен өлсем, бір қыз ғана өледі, сен өлсең, сенен тарайтын бір ру­лы ел, әулет дүние есігін ашпай өледі» деп тірі қалуға көндіреді.

Тілеп кейін қартайып, ажалы жеткенде: «Мені Сарықыздың жанына жерлеңдер» деп өсиет етеді. Екеуінің бірге жатқан қабірі Қостанай облысы, Ә.Жан­гелдин ауданы төңірегінде елсіз жер, жапан далада қазірге дейін сақталған. Тілептің бесінші ұр­пағы елімізге есімі белгілі жи­һанкез Сапар Ысқақ бұрын шарбақпен ғана қоршалған қа­бірдің басына биыл қос күмбезді кесене тұрғызып жатыр. Одан бөлек Сапар он шақты жыл бұрын елордамыздағы Керей-Жәнібек пен Ақмешіт көшесі қиылысында «Тілеп қобыз» сәнд­і сарайын салған. Сапардың бақсы, қобызшы бабасының рухын асқақтатқан істерін айтып тауыса алмаймыз. Ол жаздырған «Тілеп-Сарықыз» балеті Абай атындағы опера және балет театрын­да қойылып, еліміз ғана емес, тіпті Лондон театры сахнасында үлкен табысқа жетті.

Мен жазған «Тілеп-Сарықыз» трагедиясы 2017 жылы режис­сер, Қазақстанның еңбек сі­ңір­ген қайраткері Нұрқанат Жақып­байдың қолтаңбасында кө­рерменмен қауышты. Спек­такль көпшіліктің, әсіресе жастар қауымының көңілінен шы­ғып, премьера күні залдағы кө­рер­мендердің егіліп жылап отыр­ғандарын көрдік.

Міне, осы елордадағы Жастар театрында жылы қабылданған қойылымды кейін Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры­ның көркемдік жетекшісі, бел­гілі театр сыншысы Еркін Жуас­бекке ұсынып, спектакль шы­ғынын Сапар Ысқақтың толық көтеретінін айттым. Бірақ екі жылдан бері хабар жоқ. Сонымен бірге «Абай – ару Тоғжан» атты пьесамды да қоса ұсынған болатынмын. Оқып шығып, «Жақсы екен, біздің Жастар театрының сахнасына лайық» деп бағалады. Солай дей тұрып, қоймайды. «Абай – ару Тоғжан» пьесасының жанры драма болғанымен, та­биғатын трагедия деуге де бо­лады. Қос ғашық – Абай мен Тоғжанның бір-бірімен қоштасу сахнасындағы ақынның сүйген жарының өлеңмен, әнмен айтылатын зарын тыңдаған көрермен жанарын жасқа малып отырары анық.

Театр директорлары мен режиссерлер «Драматургтер жоқ, жақсы пьесалар жазылмайды» деп ауыздарын қу шөппен сүртеді де, өздері алдарында жатқан пьесаларды оқымайды, оқыса да мән бермейді, қоймайды. Ал сонда біз не істеуіміз керек? Менің пье­саларым М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ драма театрының режиссері Есмұ­қан Обаевтың да алдында жатыр. Ол да мән бермей отыр. Ақан сері ғұмырының соңғы кезіндегі өмірі жайлы «Серінің сергелдеңі» және шетелдерге сатылып жатқан балдырған балалар тағдырына арналған «Ана махаббаты» атты драмаларым да оқып шыққан адамдардың пікірінше де, өз ойымша да жап-жақсы дүниелер. Режиссер автормен бірлесе жұмыс істесе, толықтырып беруге әбден болады.

Мысалы, «Ана махаббатында» жігіті алдап кетуі себепті баласын сәбилер үйіне тапсырған жас ана баласына үнемі келіп жүреді. Алдағы бақытты күнде­рінен бір сәтке де үмітін үзбейді. Ақыры, ала қап арқалап, Түркия мен Қытайдан тауар тасып, жанкешті еңбекпен қаражат жинап, қаладан бір бөлмелі пәтер сатып алып, ұлын балалар үйінен шығарып алып, бауырына басады. Жүрек тебірентерлік, көзге жас аларлық көріністер аз емес. Енді театрларға бұдан артық қан­дай драма керек?! «Серінің сергелдеңі» Көкшетау театрына сұранып тұр. Бірақ олар да селт етпейді. Міне, бұл менің ғана емес, еліміздегі басқа да жа­зып жүрген көп драматургтің басындағы өкінішті жай.

Бізде жаңа драматургиялық шығармаларды жариялап тұра­тын бір де бір газет, не жур­нал жоқ екен. Парадокс. Кімнің не жазғанынан хабарымыз жоқ. Драматургтер бір-бірімізді біл­мей­міз, танымаймыз. Ал шындап келгенде, драма, яғни пьеса – көркем өнердің, оның ішінде әдебиеттің поэма, әңгіме, повесть, роман сияқты жанрларының бірі емес пе?! Неге ол өгейлік көруі керек? Газеттер мен журнал бе­тінде кейде тіпті татымсыз әң­гімелер мен повестердің де жарияланып жатқанын көріп, қарның ашады. Әдебиет сыншысы болғандықтан, солардың талайын кезінде сын садағының астына да алғанбыз. Ақиқатына үңілсек, ол әңгіме немесе хикая қанша жерден жақсы болса да, бір оқылғаннан кейін қа­­лады. Ал жақсы пьесаларды республика көлеміндегі бір емес, бірнеше театр өз репертуарларына енгізіп, жылдар бойы қайталап көрермендеріне көрсетіп жатады емес пе?!. Ұлт­тық драматургиямыздың жолын ашып, бұдан әрі оны өгей баладай өгейсітпейік, жетімдік көрсетпейік, ағайын!

Жұма-Назар СОМЖҮРЕК,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
әдебиет сыншысы, ақын-драматург