Абу-Райхан Бируни атындағы Иран-Қазақстан экономикалық зерттеулер орталығының ашылу салтанатында сөз алған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің Халықаралық байланыстар және инновациялар жөніндегі проректоры Ақбота Ниязқызы орталық ашу идеясы аталған отандық ЖОО-ның білімді интернацинолдандыру стратегиясынан туындағанын айтты. «Қазақстан-Иран қатынастарының тарихында тұңғыш рет 2018 жылы 6 мамырда университетіміздің бастамасымен және делегациясының қатысуымен Иранда Иран-Қазақстан мәдени-білім беру орталығы ашылған болатын. Ирандағы орталықта қазақ тілі, тарихы мен мәдениеті бойынша курстар бір жарым жылдан бері оқытылып келеді. Міне, осы жобаға жауап ретінде бізде де орталық ашылды. Бір ерекшелігі, біздің орталық – Иран мемлекетінің шетелдегі алғашқы жобасы», деді ұлттық университет проректоры. Оның айтуынша, жаңа орталық экономика саласындағы жаңалықтарды зерттеуге бағытталғандықтан, мұнда университеттегі экономика кафедрасының профессор-оқытушылары мен студенттер жұмыс істейді.
Ал ашылу рәсіміне қонақ болып келген Алламе Табатабаи университетінің президенті Хусейн Салими орталық жұмысы қос ЖОО-ның арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі жақсарта түсеріне үміттенеді. «Иран мен Қазақстанның экономикалық жүйесі, сондай-ақ екі елдің ұлттық және халықаралық экономикасындағы алмасу моделі әртүрлі. Әрине бірқатар экономикалық ұқсас табыс көздері, айталық, мұнай саласында екі елдің ортақ порты бар. Десе де осы екі ерекшелік пен өзгешелік қос мемлекеттің экономикасы мен қалыптасқан академиялық жүйесіне пайдалы болады деген ойдамын», деді Х.Салими.