20 Наурыз, 2010

САҚТЫҚТА ҚОРЛЫҚ ЖОҚ

694 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Қызылағаштағы су тасқыны елдің басқа өңірлеріне де сабақ болса керек. Өйткені қараусыз жатқан су қоймалары мен бөгендері бүгінде әр облыста ондап саналады. Көңілге қауіп ұялататын мұндай дерек пен дәйектен Жамбыл облысы да құр емес. Бүгінде облыста 127 су қоймасы мен тоған бар. Оның 5-еуі респуб­ликалық, 24-і коммуналдық, 43-і жеке меншік иелігінде. Ал... 55 су бөгені қараусыз. Сөзімізді Қордай ауданындағы Қақпатас су қоймасынан бастайық. 1988 жылы салынған бұл су қой­масына кезінде 10 млн. текше метр су жинауға болады деп жос­парланған. Бүгінде “Таразсу­ша­руа­шылығы” РМК-нің иелігінде тұр­ған осы су қоймасы күрделі жөн­деусіз ұзақ жыл пай­даланудың және күшті жел туды­ратын тол­қын­ның салдарынан қабыр­ғалары 2 метрге дейін құлай бастаған. Егер бөген жақтауы құласа, онда топан су төменде жатқан Алматы-Ташкент бағытындағы республи­ка­лық мәндегі автожол мен көпірді бір пәсте шайып кетуі мүмкін. Жуалы ауданындағы жеке мен­шікке өткен Дарбаза су қой­ма­сын­да да күрделі жағдай қалып­тасып отыр дейді мамандар. Өйт­кені сыйым­ды­лы­ғы 3,0 млн. текше метр болатын су қой­ма­сының 300 метрге жуық қа­быр­ғасын су шайып кетуі қаупі бар екен. Егер сол осал тұсты су жырып кететін бол­са, онда етектегі 2 ауыл мен облыс­тық мән­дегі автожол су астында қалады. Мойынқұм ауданындағы Ақба­қай ауылдық округінің аумағында да жағдай мәз емес. Ақбақай орта мектебінің жертөлесі мен жер асты каналдарын еріген қар мен жаңбыр суы алып, ол үш қабатты ғимарат­тың іргетасының шөгуіне және қабырға­ларда жарықтар пайда бо­луына әкеліп соқтырған. Бүгінде осы қауіпті жағдайға байланысты облыс әкімінің өкімімен мектептегі оқу тоқтатылды. Сонымен бірге “Ақбақай” АҚ шахтасын да су алып кеткен. Қазір кәсіпорын өз күшімен суды сыртқа шығарып, жұмысты қайта жал­ғас­ты­ру үшін тер төгіп жатыр. Сондай-ақ, Ақбақай-Мирный жо­лының 21- шақырымында су өт­кі­зетін құбырдың көлемді болмауы салдарынан  жолдың бір бө­лігін су шайып, жеңіл авто­көлік­тердің қозғалысына қиын­дық туды­руда. Мыңарал бекетіндегі темір жолға да су тасқынының қаупі бар сияқты. Қазір мұнда апаттың алдын алу жұмыстарын жүргізу үшін қажетті техникалармен жаб­дықталған жұмысшылар жұмысқа кірісті. Облыстағы көптеген жеке меншік иелері су қоймаларын уақ­тылы жөн­деп, жақтауларын қауіпсіз жағдайға келтірмейді. Мысалы, Меркі ауда­нын­­дағы Тәтті су қоймасы қараусыз жатыр. Кеңес-4 тоғанының осалды­ғы­нан Кеңес ауылы да су алу қау­пінен ада емес. Мамандарды Шу ауданындағы Ақсу су қоймасының су босату даңғылының ұзақ жылдардан бері апатты жағдайда жатуы да маза­лай­ды. Талас өзенінің бойындағы Тараз қаласы мен Байзақ аудан­да­рының, Шу өзенінің бойындағы Қордай мен Шу аудандарының кейбір елді мекендері мен же­келеген көшелері су аңғарларына ішкері, ентелей орналас­қандықтан оларды да қауіп-қатерден тысқары деп ешкім айта алмас. Жамбыл облысындағы ең ірі Киров, Тасөткел және Теріс-Ащы­бұлақ су қоймаларының ха­лық­қа қауіпсіздігі де күндіз-түні қатаң бақы­лауды қажет етеді. Мысалы, осыдан 40 жылдай бұрын салынған қырғыз елінің Киров су қоймасы тау үстіне, яғни Тараз қаласынан өте биікте орналасқан. Су қойма­сы­ның көлемі де үлкен, тау ара­сындағы орасан зор аумақты алып жатыр. Айтқан жерден аулақ, егер осы Киров су қойма­сы­ның екі тау­дың арасына салынған бөгеті мен қақпасы тосын табиғат әсер­лерінен зақымданып, су етекке қарай лап беретін болса, жойқын тас­қы­нның Тараз қаласы мен Байзақ, Жам­был аудандарына қарасты кейбір елді мекендерінің үстімен өтетіні анық. Ал оның қанша метр биіктік­пен өтетіні бір Аллаға ғана аян. Елдің айтуына қарағанда 5 қабатты үйіңіздің биіктігі түк емес. Нақты дерекке жүгінсек, 520,0 млн. текше метр су жинауға болатын Киров су қоймасында бүгінде 483, 65 млн. текше метр көлемінде су бар. 520 мен 483-тің арасындағы айырма­шылық онша алшақ емес. Демек, алаң­дауға негіз бар. Киров су қой­масын жағалай тау асып өтетін жол­мен Тараз базарларына келетін қыр­ғыз байкелер де қойманың кемерін ұрып жатқан биылғы ерекше мол суға кәдімгідей үрейлене қарай бастапты. Бұрын өйтпеуші еді. Демек, қазақ-қырғыз елдерінің үкімет басшылары арасында Киров су қоймасының ха­лық­қа қауіпсіздігі жөнінде келелі ке­ңес жасайтын уақыт жеткен сияқты. Қазақта “сақтықта қорлық жоқ” деген сөз бар. Дәтке қуаты сол, облыс әкімі Қ. Бозымбаев облыс аума­ғын­дағы су қоймалары мен тоғандардағы осы уақытқа дейін орын алып келген өрес­кел кемшіліктерді жіпке тізіп, сын тезіне алумен бірге, олардағы қауіп­тің алдын алу үшін барлық мүмкіндіктерді жұмылдыру үстінде. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,  Жамбыл облысы.