Парламент • 25 Қыркүйек, 2019

Үлкен Еуразиялық диалог: Еуропа мен Азия елдері парламенттерінің IV кеңесінде жаһандық мәселелердің кең ауқымы талқыланды

524 рет
көрсетілді
39 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласында «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серік­тестік» Еуразия елдері парла­менттері спикерлерінің IV кеңесі өтті. Қазақстанда бірінші рет өткен фо­рум жұмысына Еуропа мен Азия­ның 65 елінен парламенттік деле­гациялар, 14 халықаралық пар­ламенттік ұйымдар өкілдері келді.

Үлкен Еуразиялық диалог: Еуропа мен Азия елдері парламенттерінің IV кеңесінде жаһандық мәселелердің кең ауқымы талқыланды

Қазақстан – бейбітшілік пен қауіпсіздіктің жаршысы

Ауқымды әрі маңызды жиынның ортасынан табылғандардың ішінде ЕҚЫҰ мен ҰҚШҰ Парламенттік ассамблея­лары, Парламентаралық одақ, Азия Пар­ламенттік ассамблеясы, Халықтың қоныстануы және дамуы жөніндегі пар­ламентарийлердің Азиялық форумы, Еуропалық парламент, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі, Ислам ынтымақтастық ұйымы парламенттік одағы, ТМД ПАА, ШЫҰ сияқты ұйымдар бар.

Еуразиялық кеңістік елдерінің пар­ламентаралық диалогын және жемісті ынтымақтастығын кеңейтуді көздейтін басқосу Қазақстанның Тұңғыш Пре­зи­денті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық интеграция туралы идея­сының 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл форумдағы Қазақстанның басты ұстанымы – Еуразия елдері арасында қарама-қайшылықтарға, жаһандық қауіп-қатерлерге қарсы бірлесіп, серіктестіктің түбегейлі жаңа моделін енгізу.

Келелі кеңеске Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Ол сөз басында Еу­разия жүрегіндегі Ұлы дала еліне, қонақ­жай Қазақ жеріне алыстан ат арытып келген қадірменді меймандарды көргеніне қуанышты екенін жеткізді.

– Біз заң шығару органының қызметіне зор мән береміз. Қазақстан депутаттары шетелдік әріптестермен кең ауқымды байланыс орнатып, мемлекетаралық достықты нығайта түсті. Елдеріміздің жоғары өкіл органдарының депутаттары Еуразиядағы ынтымақтастық аясын одан әрі кеңейтеді деп сенемін. Осы кеңес жұмысының табысты болуына баршамыз мүдделіміз, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев жиналған қауымның алдында тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның қол жеткізген негізгі жетістіктеріне тоқталды.

– Біз КСРО ыдырағаннан кейін аумақ көлемі бойынша әлемде тоғызыншы мемлекет екенімізді және өз болашағымызды қалыптастыруымыз керектігін айқын түсіндік. Еліміздің Тұңғыш Президенті ретінде маған 30 жылға жуық уақыт бойы мемлекет құрып, Қазақстан Респуб­ликасы деп аталатын елді басқару құрметі бұйырды. Халықтың артқан зор сенімінің арқасында қанша уақыт ел басқарып, биыл өз өкілеттігімді тапсыру жөнінде ше­шім қабылдадым. Өткен жылдарға көз тастасам, 1991 жылдан бері мен халқыммен бірге күрделі кезеңдерді бастан өткізгенімізді айтқым келеді. Біз алдымызға биік мақсаттар қойдық және оларды бағындырдық. Экономикалық ілгерілеуді және халықтың әл-ауқатын көтеруді басты басымдық ретінде белгі­ледік. Нарықтық экономиканы нөлден бастап құрып, бүгінде Қазақстан әлемнің ең дамыған 50 мемлекетінің қатарына қосылды. Қазақстанның ІЖӨ-сі
18 есе өсті. Ел экономикасының көлемі Ор­талық Азия елдерінің ІЖӨ деңгейінен 2 есеге жуық асады. Халықтың табысы доллармен қарағанда 9 есе көтерілді, кедейлік деңгейі 10 есе, 40%-дан 4,6%-ға дейін қысқарды, – деді Тұңғыш Президент.

Елбасы Қазақстанның ядролық қару­сыздануға және жаппай қырып-жою қаруларының таралуына қарсы іс-әре­кетке бар күш-жігерін салғанын атап өтті.

– Қазақстан – БҰҰ Бас Ассам­б­леясы қабылдаған Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларацияның бастамашысы және бірлескен авторы болды. Аймақ бойынша көршілермен бірге біз Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құрдық. Мен «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін» арнайы сыйлық тағайындадым, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы бүгінде елімізде 130 этнос пен 46 конфессияның өкілі ынтымағы жарасып, тату-тәтті өмір сүріп отырғанын, бұл адам­дардың құқықтары мен бос­тан­дықтарын қамтамасыз ет­кенін айтты. Сондай-ақ Тұңғыш Пре­зидент қазақ тілін латын әліп­биіне кезең-кезеңімен ауыс­тыру маңызы, ондаған мың жас­тың шетелдердің жетекші білім ордаларында оқуына мүм­кін­дік берген «Болашақ» бағдар­ла­масы және Қазақстанда құрылған әлемді­к деңгейдегі бірқатар университет туралы сөз қозғады.

Нұрсұлтан Назарбаев белсенді, көп­векторлы және бейбітшіл сая­саттың арқасында Қазақстан өзі­нің егемендігі мен ұлттық қауіп­сіз­дігін едәуір нығайтқанын атап өтті.

– Халқымыздың ұлттық біре­гей­лігі мен мәдениетін сақтау маңызды басымдық ретінде ай­қын­далды. Ұлы дала әлемге жыл­қы шаруашылығы мен атқа міну мәдениетін, ежелгі метал­лур­гияны, «аң стилін» және «Алтын адам» деп аталатын сақ жауынгерінің киімдерін берді. Біз қазір қалпына келтіріп жатқан Ұлы Жібек жолының керуендері Қазақстанның байтақ даласынан өтті. Түркі әлемі осы жерде дүниеге келді, – деді Елбасы.

Ынтымақтастықты ілгерілететін ұтымды ұсыныстар

Тұңғыш Президент кеңес қатысушыларының алдында континент елдері арасындағы еуразиялық диалогты, сенім мен әріптестікті нығайту жөнінде бір­қатар ұсынысын айтты. Ол ал­дымен парламентшілерді әлем ел­дерінің жетекші державалары арасындағы жаһандық сенім дағ­дарысын шешу процесіне бел­сенді қатысуға шақырды.

– Континентте парламент­ші­лердің дауысы айқын әрі қаттырақ шық­қаны жөн. Мемлекет және үкімет басшылары санатындағы сая­саткерлерге парламент бел­сен­ді ықпал етуі тиіс деп санай­мын. 1889 жылы құрылған Пар­ла­мен­таралық одаққа биыл 130 жыл толып отыр, яғни Ұлттар лига­сынан бұрын құрылды. Одақ­тың негізгі мақсаты елдер арасын­дағы саяси диалогқа ықпал етуге қатыс­ты болды. Депутаттар сая­си қайраткерлерге қарапайым аза­­мат­тарды алаңдатып отырған мә­­се­­лелерді, ғаламшардағы сын-қа­тер­лерді тыңғылықты әрі мақ­сат­ты түрде жеткізе алады. Біз ха­лық­­ара­лық құқық жүйесінің ты­ғы­­рық­­қа тірелгенін, оның елен­бей, ес­керіл­­мей бұзылып отыр­ғанын көріп отырмыз. Мем­лекет­тердің еге­­мен­­дігі мен аумақтық тұтас­ты­­ғы және бұрын қол жет­кізілген келі­­сім­­дер бұзылған жағ­­дайлар бар­­шаға белгілі. Санк­ция­ларды өз ер­­кі­­мен қолдану оны қарсы ба­ғыт­­таған елдерге ғана емес, со­ны­­мен бірге барлық бас­қа мемлекет­терге де, әлемдегі мил­лион­даған қарапайым адамдардың әл-ауқатына кері әсерін тигізеді, – деді Елбасы.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев жаппай қырып-жою қаруларын пайдалануға жол беру бүгінгі өркениетке орасан зардабын тигізетінін қаперге алып, Ресей, Қытай, АҚШ және Еуропа одағы арасында уағдаластыққа қол жеткізудің маңызды екенін айтты және жаһандық шиеленісті бәсеңдетуге бастайтын диалогты ілгерілету үшін Қазақстан аста­насында аталған төрттік парла­менттерінің бейресми кездесуін өткізуді ұсынды.

– Парламентаралық қауым­дас­­тықты ортақ мүддеге жұ­мыл­-

дырып, заң шығару бағы­тын­дағы бірлескен жұмыстың тиім­­ділігін арттыру керек. Құқық­тық акті­лерді үйлестіру жолында да көп жұмыс атқарылуы тиіс. Мы­салы, терроризмнің жалпыға ортақ анықтамасын айқындау, террористік және экстремистік ұйымдардың, ұйымдасқан халық­аралық қылмыстық топтардың бірыңғай тізімін құру маңызды. Сондай-ақ әлемдік экономиканы жаңа цифрлы дәуірге, жасанды интеллект дәуіріне көшіру барысындағы құқықтық базаны әзірлеу жұмыстары да өзекті, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сөз соңында Елбасы Еура­зия құрлығы әрдайым әлем­дік дамудың алдыңғы сапында бол­ғанын еске салып, конти­нент­тің болашағын бірлесіп айқындауда бүгінгі басқосу үлкен үлес қосаты­нына сенім білдірді.

Жаһандық қауіп-қатерге қарсы біріктіретін ортақ алаң

Алқалы жиынның модераторы, Қазақстан Парламенті Мәжілісі Төрағасы Нұрлан Нығматулин алдымен делегаттарға Еуразия елдерінің Парламенттері үшін маңызы зор, рөлі ерекше жиынға қатысқандарына алғысын білдірді. Бұл форумның заң шығарушы орган­дар арасында жан-жақты диа­лог орнатуға, өзара сенімді ны­ғай­туға, парламентаралық ын­ты­мақ­тастықты одан әрі күшей­туге мүмкіндік беретінін атап өтті.

– Бүгінгі кездесу Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың Еура­зия­лық интеграция туралы идеясының 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Елбасы ауқымды бастаманы 1994 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінің қабырғасында жария еткен болатын. Бұл идея бірқатар даму сатыларынан өтіп, Еуразиялық экономикалық одақ аясында іске асып келеді. Үлкен Еуразия идеясының табысты болуы интеграциялық жобаларды заңнамалық қолдауға байланыс­ты болмақ. Сондықтан жиын барысында парламенттік де­лега­цияларды кеңес жұмысы ая­сын­да Еуразиялық Кеңістікті да­мыт­у мақсатында стратегиялық ашық және орнықты, көпжақты әріпт­естік орнату үшін ұсыныс­тар ай­т­уға шақырамын, – деді модератор.

Сондай-ақ Н.Нығматулин Қазақстанның басты ұстанымы – Еуразия құрлығындағы мемлекеттер арасында туындаған қандай да бір қарама-қайшылықтарға және де жаһандық қауіп-қатерге қарсы бірігетін ортақ алаң ретінде серік­тестіктің түбегейлі жаңа мо­делін ұсыну екенін назарға алды.

Жиынның бірінші парламент­тік отырысында алғаш болып сөз алған Ресей Федералдық жиналысы Мемлекеттік Думасының Төрағасы Владимир Володин форум аясындағы талқыланатын идеологиялық мәселелер, мемлекеттер арасындағы келіссөздер және де өзара серіктестік орнату бастамаларына кеңінен тоқталды. Негізгі мәселелерді тарқатпас бұ­рын Елбасы Н.Назарбаевтың Еура­зиялық интеграция туралы идеясына 25 жыл толуымен құт­тықтап, әлемде орынды, әділ де қажетті ұсыныстар мен ой­­лардың бар­лы­ғы бірдей жүзе­­ге аса бермейтінін, десе де Н.Назар­б­аевтың бір кездері айт­қан па­йымы уақыт талабына сай өз тиім­ділігін дәлелдеп қана қой­май, қаншама елдің басын біріктірген ортақ арнаға айналып отырғанын жеткізді. В.Володин әлем елдеріндегі парламент мү­шелерін жаһандық қауіп-қатер­лерге белсенді түрде ден қоюға шақырды.

− Егер де әлемдік қоғамдастық үшін қауіп төндіретіндей мәселе туындаса, біз әлемді сақтау үшін қол­дан келгеннің барлығын жа­сауға тиіспіз. Көп жағдайда кей­бір басы ашық әлі де оң шешім табылмаған мәселелерге келгенде айналып кетеміз, – деді ол.

Сонымен қатар халықаралық келісімдер мен уағдаластықтарды сақтауда проблемалар бар екенін атап өтті.

Ресей Мемлекеттік Думасы­ның Төрағасы БҰҰ сияқты әлем­дік институт кейбір мәселелерді на­зар­ға алмай отырғанын жет­кізді.

– Әскерлерді енгізу, егеменді мемлекеттердің ішкі істеріне араласу сынды жайттарға келгенде жеке-дара шешім қабылдайды. Бұл мүмкін емес, – деді Ресей Мем­лекеттік Думасының Төраға­сы. Ол сондай-ақ ДСҰ тиісті ере­же­лерді дұрыс сақтамай отыр­ғанын айтты.

– Әлемдік экономикаға тіке­лей әсер етіп отырған сауда соғы­сы, оның ішінде Қытай, Ресей, Түркия, Иран сынды мемлекет­тер­дегі шиеленіскен жайттарға назар аудару керек. Бұл ретте Еуро­палық одаққа кіретін мемлекет­тер санкциялардан зардап шегуде, – деді В.Володин. Мем­­ду­маның спикері бірде-бір парламент­аралық ұйым бұ­рын қабылданған халықара­лық келісімдерді бұзуға негізі жоқ екенін де ашық білдірді. Оның айтуынша, парламенттердің үс­темдігін халықаралық инсти­тут­тардан жоғары қоя білу керек. Себебі қаншама жылдан бері қалыптасқан өзара мемлекет­ара­лық келісім диалогы деген түсінік бар.

– Біз өз мемлекеттеріміз алдында мемлекеттік тұтастықты сақтауға, сыртқы факторлардан келетін қауіп-қатердің алдын алуға, гуманитарлық апаттарға жол бермеуге, тыныштық пен бей­біт­шілікті сақтауға тиісті­міз. Бұл біздің алдымызда тұр­ған бас­ты міндет, – деді Ресей Мемле­кеттік Думасының Төрағасы. Бұл мақсатта жұмыс істеу үшін Еура­зия кеңістігіндегі елдердің мүм­кіндігі жоғары екенін, форум­ға жиналғандардың легі Атлан­ти­ка­дан Тынық мұхиты аралығын қамтитынын, бұл мемлекеттер біріксе, берік күшке айналатынын жеткізді.

Еуразия елдері парламент­тері төрағаларының IV кеңесі мемлекеттер арасындағы сенім мен серік­тестікті жандандыру­д­ың жа­ңа сатысына айналады. Корея Республикасы Ұлттық Ассамблея­сының Төрағасы Мун Хи Сан жиын­да бүгінгі бас­қосудың ма­ңыз­дылығына тоқ­талып, Қазақ­стан­­ның Тұң­ғыш Президенті Н.На­зар­­баев Еура­зиялық интегра­ция туралы идея­ның негізгі тұжы­рым­да­ма­сын дайындап, осы идея­ның іс жүзінде жүзеге асуына бас­та­ма­шы болғанына алғысын білдірді.

− Осыдан үш жыл бұрын Еуразия құрлығындағы елдердің бірлесе жұмыс жүргізуі үшін қолайлы жағдай жасап, ортақ келісім орнату мақсатында Еуропа мен Азияның 65 елінің парламенттік делегациялары, 14 халықаралық парламенттік ұйым өкілдері бас қосқан болатын. Бүгінде Қазақстанда жал­­ғ­асын тауып отырған IV кеңес­­тен де ұтымды ұсыныстар мен тың бастамалар, бірлескен әріптестік күтеміз. Осы ретте айта кетерлігі, Ресейдің «Восток», Қазақстанның «Нұрлы жол», Кореяның «Солтүстік және Оңтүстік» жобалары жан-жақты, ілкімді бастамалар деп бағалау­ға толық негіз бар. Бұл жобалар­дың жүзеге асуы тек өз елінде ғана нәтиже бермей, Еуразия кеңіс­тігінде де айтарлықтай ма­ңызға ие болады. Ескеретіні, осындай ірі әрі ауқымды жобалар тек мем­­лекеттердің өзара дос­тығы мен ынтымақтастығы негі­зін­де ғана іске асады. Сондық­тан өзара келісімнің ұтымды түрде жалғасын табуы болашақ үшін ауадай қажет, – деді Мун Хи Сан. Спикердің сөзінде айтылғандай, Оңтүстік Корея елінде қалыптасқан түсінік бо­йынша мемлекеттің халық сені­мінсіз дамуы мүмкін емес. Мем­лекеттердің өзара келісімі мен ынтымақтастығының басында бір-біріне деген сенім тұруы тиіс. Сондықтан қандай да бір туындаған мәселелерді ашық талқылау ортақ шешім шығаруға ұмтылу арқылы әлемді құт­қарып қалуға болатынын айтты Корея Республикасы Ұлттық Ассам­блеясының Төрағасы.

Еуразия елдері парламент­терінің басын қосқан жиын былтыр Түркияның Анталия қала­сында өткен болатын. Онда «Еура­­зиядағы экономикалық ын­ты­мақ­тастық, қоршаған орта және тұрақты даму» тақырыбында кеңінен әңгіме өрбіп, шараға қа­тысушылар өздерінің тың ұсы­ныс­тарын ортаға салған-ды. Биыл Қазақстанның астанасына ат басын бұрған Түркия Ұлы Ұлттық жиналысының спикері Мұстафа Шентоп аталған форум­ның жыл сайын аясы кеңіп, қаты­су­­шы­лар­дың да үлесі артып келе­ жатқанын айтты.

− Бүгінгі әлемдік эконо­мика­лық, саяси шиеленістердің күн са­нап артуы, тиісті оң шешім­дер қабылдануының орнына, қа­қты­ғыстардың үдеп, үрей туғызар­лық текетірестердің жаппай орын алуы қалыпты құбылысқа айналып отыр. Салдарынан елі мен жерін тастап, жамыраған бос­­қын­дар­дың шекараларда шеру құ­рып, көшелерде күнелтіп жүр­генін көзі­міз көруде. Бүгінгі IV ке­ңес­тің тақырыбы дәл осындай аума­лы-төкпелі кезеңдегі ауыр мәсе­ле­лердің ашық айтылуына мүм­кіндік беріп отыр, – деді Спикер.

Бүгінгі әлем елдеріндегі ішкі және сыртқы парламенттік дип­ло­матияның мән-маңыздылығы артып жатқанын айтқан М.Шентоп соң­ғы жылдары әлемде парла­мент­­тік дипломатия барлық өзек­ті мәселелерді шешудің жаңа эле­менті екенін жеткізді.

− Парламенттік дипломатия жаңа шешімдерді дамытуға серпін береді деп есептеймін. Парламент ішкі және сыртқы саясатта маңызды рөл атқарады. Еуразиялық континентте біз өкіл бола отырып, парламенттік дип­ломатияны белсенді қолдануға тиіспіз. Бірлескен жобаларға қол жеткізу, ортақ мәселелерді шешу үшін біз жаңа бағытта жұмыс істеуіміз керек. Босқындардың легі Еуропадан Азияға ауыса­ты­нын байқаған кезде, жаңа жо­ба­лар­ды жүзеге асыруға тиіс­піз. Түр­кия еуропалық және азия­лық континенттің ажырамас бөлігі болып қалыптасты. Бұл тұр­ғыда Түркия көптеген өзекті мәселелерді шешуге үлес қосатын «Жаңа Азия» бастамасын негіз­ге алмақ, − деді Спикер. Кеңес­те Түркия тарапынан көтеріліп отырған мәселенің өз себебі бар. Бүгінгі таңда аталған мемлекет босқындар көптеп шоғырланатын елдердің көшбасында тұр. Халық­аралық ұйымдардың дерегі­не сәйкес, босқындарға гумани­тарлық көмек көрсету бойынша түрік ағайындар алғашқы үштік­тің қатарында. Сондықтан бұл мә­селені күн тәртібіне қосып, бар­лық мемлекеттермен бірле­се шешім қабылдауға ниетті екен­діктерін жеткізді.

Қазақ еліне алғаш рет ресми сапармен келген Бүкілқытай­лық халық өкілдері жиналысы Тұрақ­ты комитетінің спикері Ли Чжань­шу Еуразиялық құрлықтың әлем­де орналасқан халық саны­ның көптігі тұрғысынан және де жер көлемі жағынан да алдыңғы қатар­да екенін тілге тиек етті.

− Мемлекеттер арасындағы мәдени-гуманитарлық бай­ланыс­тарды жандандырып, халық­­тардың жақындасуына ық­пал етуге мән беру керек. Кеңестің негізгі басымдық берген тұсы да осы­ған саяды. Мәдениеттердің алуан түрлілігі – Еуразиялық кон­тиненттің жарқын бейнесі ғана емес, оның сарқылмас игілігі. Бір-бірін құрметтеу, бейбітшілік пен келісімде өмір сүру, мәде­ниет, білім, туризм, спорт, бұқара­лық ақпарат құралдары және жастар салаларындағы ынтымақтастық­ты ілгерілету маңызды», деп атап өтті Ли Чжаньшу. Ол өз сөзінде мемлекетаралық қатынастарды дамыту үшін заңнамалық органдар желісі бойынша байланысты нығайту орынды екенін айтты.

– Әрбір елдің саяси өмірінде заң­намалық органдардың сал­мақ­ты екенін ескере отырып, пар­ламенттер деңгейінде, атап айт­қанда, көшбасшылар арасындағы маңызды келісімдерді іс жүзін­де жүзеге асыру бойынша бай­ла­ныс­тың бірегей рөлін іске асыруға мән беру керек. 70 жыл ішінде көпұлтты қытай хал­қы Қытай Компартиясының басшы­лы­ғымен табанды күреспен, қажымас күш-жігермен адамзат тарихында қы­тай­лық ғажа­йып тудырды. Қытай­дың жан-жақты дамуы әлемге жол ашады. Біз әлемді бағалаймыз және қорғаймыз, барлық елдермен тең және достық қарым-қатынас орнатамыз. Біз қысым мен теке­тіреске қарсы тұрамыз. Мем­лекеттердің үлкен немесе кіш­кентай, бай немесе кедей болуы­на қарамастан, әр елдің тәуел­сіз­дігіне аса құрметпен қа­рай­мыз, – деді қытайлық спикер.

Оның айтуынша, Еуразия елдеріне бірлескен өркендеу ісін­дегі сауда-экономикалық ын­ты­мақтастықты кеңейту қажет. Көпжақты сауда жүйесін қол­дау­ға, сауда-инвестициялық са­ла­­­­ның дамуына жәрдемдесуге, ашық­­­­тыққа, ортақ игіліктерге, эко­но­­­микалық тұрақтылықты сақ­­тау­ға мүдделі екендіктерін жеткізді.

– Еуразиялық құрлықтың мүшесі ретінде Қытай бірлескен жобаларды іске асыруда серіктес­терімен арадағы байланысын жан­дандыруға, нығайтуға ниетті. Бұл біз үшін аса маңызды. Еура­зия­лық экономикалық одақ ая­сында нақты ұсыныстар қабыл­дап, бастамаларға қатысуға өз қызы­ғу­шылығымызды білдіріп отыр­мыз. Сонымен қатар Еура­зия құрлығындағы халықтар­дың тұрмыс деңгейін арттыру, экономикалық ахуалын жақ­сартуға бағытталған ілкімді жобаларды қолдауға дайынбыз, − деді сөз соңында Ли Чжаньшу.

Еуразия мемлекеттерінің бір­лігі мен татулығы кеңеске қа­ты­с­қан әр спикердің баяндама­сын­да сөз болды. Словак Респуб­ли­ка­сы Ұлттық Кеңесінің Төраға­сы Анд­рей Данко өз кезегін­де Еура­зиялық кеңістік мемлекет­тері­нің алдында бірлескен күш-жі­гер­мен ғана шешуге болатын міндет­тер­дің баршылық екенін айтты.

− Парламентаралық жиналыс Еуропа мен Азия арасындағы ын­ты­мақтастық мәселелерін тал­қылауға үлкен мүмкіндік береді. Бұл геосаяси кеңістіктегі даму әлемдік қоғамдастыққа әсер етеді. Біздің тұрақты кез­десулеріміз сондықтан да аса маңызды бол­мақ, – деді А.Данко. Оның айтуынша, Мәскеуде өткен бірінші саммитке 19 елдің парламент өкілдері қатысса, биыл Нұр-Сұлтанда 65 елдің өкілдері бас қосып отыр.

– Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті Н.Назарбаев Еура­зия­лық интеграция бастама­сын осыдан 25 жыл бұрын көтерген болатын. Еуразиялық кеңіс­тік мемлекеттерінің алдында біз бірлескен күш-жігермен ғана шеше алатын міндеттер көп. Бұл экономикалық ынтымақ­тастық, қауіпсіздік пен өңір­дің тұрақтылығы сияқты мәселе­лер. Халықаралық ынты­мақ­­тас­тық, оның ішінде ұлттық пар­ла­менттердің ынтымақ­тасты­ғы жоғарыда аталған салалардағы түйткілді мәселелерді шешудің басты шарты болмақ, − деді спикер. А.Данконың пікірінше, тиісті шешімдер шығару үшін өзара қарым-қатынастың дұрыс қалыптасуы, түсіністік орнап, мемлекеттер бір-бірін жан-жақты тануға ұмтылуы керек. Екіжақты диалог қорытындысы негізінде жеңуші я болмаса жеңілуші тарап болмауы тиіс. Бұл ретте көз­қарастардың тыңдалып, пікір­лердің қарама-қайшылығына қа­ра­мастан соңына дейін сыйлас­тық­пен қабылдана білуі маңызды.

– Әрине, ортақ серіктестердің шешімі де ортақ болуы үшін сенім орнауы шарт. Словакия елі әлемдегі ірі әрі ықпалды ұйым­дардың мүшесі ретінде ашық саясат ұстайды. Осы ретте бірлескен жоба – «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасын қолдайды. Негізгі тақырыптардың ішінде цифрландыру мәселесіне көңіл аударғым келеді. Әсіресе, салық режімін­де, қауіпсіздік мәселесінде цифр­лы жүйеге көшу заман талабына айналып отыр. Бұл бүгінгі тақырып болғанымен ертеңгі әр мемлекет үшін ауадай қажет болатын негізгі сала болмақ, – деді спикер. Жаһандық саяси реформалардың салқын сал­дары экономиканы екі өкпеден қы­сып, өңіраралық мемлекеттердің біріне түскен ауыртпалық енді біріне әсер етпей қоймасы анық. Словак Республикасы Ұлттық Кеңесінің Төрағасы бүгінгі әлемдегі шатқаяқтаған саяси-экономикалық жағдайда бір мемлекет барлық мәселені өзі шешіп, тығырықтан шығатын жол табатындай деңгейде емес. Ондай мүмкіндік жоқ. Себебі әлеуметтік, саяси, экономика­лық мәселелердің байланысы сияқ­ты мемлекеттер де өзара ор­тақ жү­йеге еніп кеткен дей келіп террорлық әрекеттерге қар­сы бірлесіп жұмыс істеу жөніндегі ұсынысын білдірді.

Парламенттік дипломатия әріптестікті дамытуға серпін береді

Парламенттік форумның тең ұйымдастырушысы ретін­де Қазақстан Парламенті Мәжілі­сімен қатар Ресей Федера­ция­сы­­ның Федералды жиналысы Мем­лекеттік Думасы және Корея Рес­публикасы Ұлттық Ассам­­б­­леясы қызмет атқарды. Сон­­дық­­тан пленарлық отырыс­тар­да осы елдердің өкілдері сөз тіз­гі­нін ұстап, модератор болды. Осы кеңесте Еуропа мен Азия пар­ла­ментшілері еуразиялық кеңіс­тік­тің қауіпсіз және тұрақты да­муын қамтамасыз ету, ХХІ ға­сыр­­дың ірі интеграциялық жо­ба­ларын жүзеге асыру мәсе­лелерін талқылады.

Әзербайжаннан келген Милли Меджилис Төрағасы Октай Асадов парламентаралық дипло­матия үкіметтердің саясатын қалыптастыруда, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамытуда өте маңызды рөл ат­қаратынын айтты. Ол осы өңір ел­дерінің бірлескен жұмысы­ның нәти­жесінде жүзеге асырылатын инфрақұрылымдық жоба­лар­дың шынайылығына көз жеткенін, еуразиялық кеңіс­тікте қалыптасқан жан-жақты келі­­сімдер экономикалық инте­гра­цияға, орнықты дамуға үлес қоса­тынын сөз қылды.

Осы ойды қостаған Бангладеш Халық Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Төрағасы Ширин Шармин Чоудхири еура­зиялық парламенттер өңірдегі экономикалық олқылықтарды азайтудың тиімді құралы бола алатынын жеткізді.

– Біз тиімді экономикалық инте­грацияға қол жеткізу және жаһандану сын-қатерлеріне жауап беру үшін Еуразия ел­дерін біріктіруге бағытталған көз­қарас­тарды осында бөлісеміз. Мұн­дай интеграция бізге жаһан­дық экономика мен халықара­лық сауда жүйесін үйлестіру мен ықпалдастықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Біз әр елдің өздерінің экономикалық әлеуетін белсенді серіктестік жолымен тиімді пайдалана алуы үшін мықты негіз жасаймыз, бұл өз кезегінде біздің халықтардың өміріне оң әсерін тигізеді. Мен Еуропалық одақ, өсіп келе жатқан Оңтүстік-Шығыс Азия, АСЕАН елдері арасында өміршең экономикалық компонент құра алатынымызға сенімдімін. Еура­зиялық парламенттер дамушы және дамыған елдер арасында жақсы саяси түсіністік қалып­тастыруға септігін тигізеді, – деді Ш.Чоудхири.

Чехия депутаттар палатасы­ның Вице-спикері Войтех Филип Чехия тарапы Қазақстанды Орталық Азиядағы негізгі саяси және экономикалық серіктес ретінде көретінін айтып, былтыр наурызда Қазақстан Парла­менті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің Чехияға сапармен барғанын еске салды. Ал биыл қазан айында Чехия Рес­публикасы Парламенті депутаттар палатасының Төрағасы Радек Вондрачектің Қазақстан­ға ресми сапары жоспарланып отыр екен.

– Парламентаралық байланыс­тардың жолдарын қарастыру өте маңызды деп санаймын. Себебі бұл бағыттағы ынтымақтастық лаңкестік, экстремизм сияқты жаһандық сын-тегеуріндер мен қатерлерге қарсы тұру үшін керек. Көпжақты парламентаралық ынтымақтастық мемлекет пен халық арасында өзара түсіністікті қамтып, диалог үшін қолайлы жағдай жасайды. Осыған орай мұндай диалогтың халықара­лық әрі өңірлік тұрақтылық­тың орнықты дамуы үшін маңыз­дылығын мойындай аламыз, – деді В.Филип.

Ал Венгрия Парламентінің Спикері Ласло Кевер Қазақстан дамудың үлкен жолынан өткенін атап өтті.

– Қазақстан соңғы 30 жыл бойы үлкен даму жолы мен процесін бас­тан өткерді. 1990 жылдан кейін Венгрия да демократиялық даму жолына түскен еді. Біз де өте ұзақ жолдан өттік. Қазақстанның тұрақтылық әрі табыс деңгейіне зор құрметпен қараймын. Әр елдің өз мәдениеті мен дәстүрі, демократия мен парламентаризмге қол жеткізуде әртүрлі жолы бар. Яғни, әр елдің өзіндік моделі бар екенін айтқым келеді. Бірде-бір модельді, бірде-бір үлгіні біз басшылыққа алып, ілгерілей ал­маймыз. Әр елдің өз жолы, өз даму процесі бар. Парламент рөлі барлық уақытта да тарихи сәт­ке байланысты. Мәселен, Вен­грияда демократияның алғаш­қы жылдарында Парламент рөлі заң шығарушылық салада жүр­гі­зіл­ді. Ол кезде бізге жаңа заң­дар қа­был­дау міндет болды. Сәл кейі­ні­­рек бақылау процесіне көшіп, ат­қару­шы органдардың қызметін қа­да­ғаладық. Депутат­тар барлық уақыт­та да өз сайлау­шыларының мүд­десін қорғауы тиіс, – деді ол.

Кеңес қорытындысы бойынша Еуразия елдері парламенттері­нің төрағалары бірлескен мәлім­деме жасады. Осыған орай Қазақ­стан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин баспа­сөз мәслихатын ұйымдас­тырып, елімізде алғаш рет өткен халықаралық шараны қоры­тындылады.

– Бүгін біз көптеген түрлі пікірді тыңдадық, тіпті осы сессия барысында өткір сөйлегендерді де естідік. Біздің бәріміз де ұйым­дас­тырушылармен бірге қа­тысу­шылар арасында диалог орнату үшін барынша қолайлы жағдай жасауға ұмтылдық. Соның арқасында сенім мен серіктестікті жолға қоюға болады. Бір кеңеспен мемлекеттер, өңірлер арасындағы барлық текетіресті алып тастау мүмкін еместігі түсінікті. Алайда біз бірлескен күш-жігерімізбен бар­лық серіктестерімізге көмек­тесуге тырыстық. Бүгінгі кеңес­ке қатысқан барлық өкіл­дер пар­ламенттік дипломатия диа­логының маңыздылығын жете түсінді. Біз қабылдаған қоры­­тынды мәлімдемеде «Еура­зияда диалог, сенім және серік­тестік болуы тиіс» деген ортақ пайымымызды білдіреміз. Мұны біздің халықтарымыз күтіп отыр. Біз толыққанды сессия өткіздік, – деді Нұрлан Нығматулин.

Кеңес барысында жиынға қатысушылар түрлі салалардағы көпжақты жобаларды жүзеге асыру барысын талқылап, оларды заңнамалық қамтамасыз ету бойынша тәжірибе алмасты. Парламент спикерлері жария еткен бастамалар мен ұсыныстар Еуразия мемлекеттерін серіктес­тіктің жаңа деңгейіне шығаруға мүмкіндік береді және бүкіл еуразиялық кеңістіктегі қауіп­сіздік пен бірлікті қалыптас­тыруға септігін тигізеді деген сенім мол.

 

Леонид СЛУЦКИЙ,

РФ Мемлекеттік Думасы халықаралық істер комитетінің төрағасы:

– Парламентаралық, еларалық байланыстың есебі дәл осы Нұр-Сұлтан қаласынан басталады деп айтуға болады. Қазақстан қашан болсын барлық мем­лекеттермен ынтымақтастық орна­туға ниетті. Бүгінгі жиын Еуразия кон­тинентінде экономикалық, саяси, әлеу­меттік дамуға жаңа серпін береді деген сенімдемін. Қазақстан тарапы Еуразия елдерінің ынтымақтастығын берік ұстау үшін ортақ алаңға айналған мемлекет ретінде өзін мойындатып отыр. ІV Кеңесті тең ұйымдастырушы Ресей мен Оңтүстік Корея мемлекеті болғанымен, бұл шараның өтуіне Қазақстанның қосқан үлесі өлшеусіз. Бұған дейін еуропалықтардың қатысу-қатыспауы беймәлім болса, олардың осы ортадан табылуына бірден-бір ұйытқы болған – Қазақстан тарапы. Осыдан-ақ мемлекеттің әлем елдері алдындағы орасан зор ықпалын көруге болады. Бұл формат еуропалық негізге икемделіп жасалғанын да айта кеткен жөн. 

Әлбетте, бүгінгі жиында әлем елдерінің қауіпсіздік мәселесі де кеңінен сөз болды. Әңгіме ядролық держава саналатын Ресей мен АҚШ сияқты елдерге тікелей қатысты болып отыр. Осы орайда парламентаралық келісім бойынша ядролық қаруды бейбіт мақсатта пайдалану мәселесі назарға алынуы керек. Бұл тақырыпты алдағы уақытта да жиі көтеру қажет. Өйткені ядролық қарумен бейбіт өмірдің өлшемі өлшенетінін ескеруіміз керек.

Войтех ФИЛИП,

Чехия Депутаттар палатасының вице-спикері:

– Парламентаралық байланыстардың тетіктері өте маңызды деп санаймын. Себебі бұл бағыттағы ынтымақтастық лаңкестік, экстремизм секілді жаһандық сын-тегеуріндер мен қатерлерге қарсы тұруға мүмкіндік туғызбақ. Көпжақты парламентаралық ынтымақтастық мемлекет пен халық арасында өзара байланыс орнатып, диалог үшін қолайлы жағдай жасайды. Осыған байланысты халықаралық әрі өңірлік тұрақтылықтың жаһандық орнықты дамуы үшін қолайлы жағдайларды құру мақсатында ынтымақтастық құрудың маңыздылығы артып келеді. Қазақстан мен Чехия арасындағы достық қарым-қатынас жаңа бастамалардың қолға алынып, бірлескен жобалардың жүзеге асуына ықпал етпек.

Чехия тарапы Қазақстанды Орталық Азиядағы негізгі саяси және экономикалық серіктес ретінде таниды. Алдағы уақытта екі ел арасындағы байланыстың тұрақты дамуы үшін сауда-экономикалық бағытта жаңа межелерге қол жеткізу көзделіп отыр. Айта кетерлігі, былтыр наурыз айында Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин Чехияға сапармен келген болатын. Ал биыл қазан айында Чехия Парламенті депутаттар палатасының Төрағасы Радек Вондрачектің Қазақстанға ресми сапары жоспарланып отыр. Жоғарыда аталған бастамалар, өзара ынтымақтастық кездесулер барысында әлі талай талқыланатын болады.

Мухамад Ариф Бин Мд ЮСУФ

Малайзия Парламентінің Спикері:

− Қазақстан тұрақтылығы мен бейбітшілігі мызғымас, шекаралас мемлекеттермен де, әлемнің өзге құрлы­ғындағы елдермен де байланысы берік, сенімді серіктес атанып отырған ел. Парламенттік форумның Қазақстанда өтуі Қазақ елінің беделі мен абыройын көрсетеді. Малайзия Қазақстанның бастамаларына үнемі қолдау білдіріп, өз тарапымыздан ыстық ықыласымызды көрсетіп отырамыз. Бүгінгі жиында әлем елдерінің назарын аударатындай ұтымды бастамалар айтылды. Қазақстан бейбіт түрде ядролық қарудан бас тарту арқылы көптеген алпауыт державаларға үлгі болып отыр. Бұл ғасырдың басты қасіреті – ядро­лық қару екенін барлығымыз саналы түрде жақсы түсінеміз. Тек оның басқа мақсатта қолданылмауын қадағалау керек. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев Қазақстан БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған ядролық қарудан азат әлем құру туралы декларацияның бастамашысы екенін атап өтті. Бүгінгі күнгі өзектілігі жоғалмаған мәселенің алдағы уақытта да назарда болуы қажет деп есептеймін.

Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің ІV Кеңесі жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Әлемнің әр бұрышынан жиналған елдердің спикерлері өзара пікір алмасып, танысуға, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік туып отыр. ХХІ ғасырдағы ірі интеграциялық экономикалық жобалар таныстырылып, ұтымды ойлар, пайымды пікірлер айтылған алаң болды.

Гүлмира ИСИМБАЕВА,

Қазақстан Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары:

– «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік» Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің IV кеңесінің Қазақстанда өтуі біз үшін үлкен саяси оқиға деп есептейміз. Тәуелсіздік алғалы бері елімізде алғаш рет осылай 60-тан аса елдің парламенттер төрағалары халықаралық қарым-қатынасты дамытуды талқылау мақсатында бас қосып отыр. Бұған біздің Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қаты­суы аталған форумның маңызы мен дең­гейін көтергені сөзсіз. Елбасының бүгін­гі жариялаған ұсыныстары қатысқан 1,5 мың парламентшінің көңілінен шықты деп ойлаймын. Тұңғыш Президент әу бастан көтеріп жүрген бастамалары кез келген келеңсіздіктерді қарумен емес, келіссөзбен шешуге шақырып келеді.

Қазіргі таңдағы шым-шытырық жаһандық шиеленістер, жаппай қарулану, сауда санкциялары сияқты мәселелерден парламенттер қалыс қалмау керек. Олардың мемлекеттердің басшыларына әжептәуір ықпал ететіндей әлеуеті бар. Өйткені парламентшілер – халықтың өкілі. Ал дүние жүзіндегі халықтың бәріне ең бірінші керегі – тұрақтылық, бейбітшілік, әл-ауқаттың жақсаруы. Сондықтан осы кеңесте айтылған әрбір ұсыныс құнды.

Владимир АНДРЕЙЧЕНКО,

Беларусь Ұлттық Жиналыс Өкілдері Палатасының Спикері:

– Қонақжай Қазақстан жерінде осындай форумды өткізу – осы ел басшылығының тең құқылық, диалог және сенім негізінде әлем­дік саясаттың күрделі мәселелерін шешуге пейіл­ділігінің тағы бір дәлелі. Беларусь әлемдік қоғам­дастық назарын нақты мәселелерге шоғыр­лан­дыратын келелі кеңеске үнемі қатысып отырады.

Қазіргі таңда ынтымақтастық бағыттағы кез келген қадам өте маңызды. Сондықтан біз мұнда ортақ мүддеге жұмылған, ойы бір жерден шығатын пікірлес тараптардың қатары артқанына шын жүректен қуаныштымыз. Мұндай диалог форматының ерекшелігі парламенттік дипломатия біздің мемлекеттердің азаматтарына өмірлік мүдделерге негізделген өзекті мәселелерден тыс қалмауға мүмкіндік береді. «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік» Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің IV кеңесінің тақырыбында бейбітшілік, қауіпсіздік, еркін даму, ескірген догмалар мен жалған стереотиптерден бас тарту сияқты мәселелерге басымдық берілді.

Бақытбек СМАҒҰЛОВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты:

– Бұған дейін Еуразия елдері парламенттері төрағаларының кеңесі Ресей Федерациясы, Оңтүстік Корея және Түркия Республикасында өткен еді. Енді міне, күллі Еуразия үшін маңызды жиын қазақ елінде, келісім мен бітімгерліктің киелі бесігіне айналған Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатыр. Бұл форумның маңызы Қазақ елі үшін ғана емес, әлем үшін маңызды. Жиында Еуразия құрлығындағы 60-тан астам мемлекет пен 14 халықаралық ұйым өкілдері түрлі өзекті  мәселелер көтерді. Олардың  барлығы заң шығарушы орган есебінде бейтарап қалмай, әлемде болып жатқан оқиғаларды ашық айта білді. Осындай кең ауқымды форумдар өзге әріптестермен қарым-қатынасты нығайта түсуде таптырмас орта дегім келеді.

Форум барысында әр мемлекет өкілі өз елінде болып жатқан мәселелерді ортаға салды. Бұл арқылы бір мемлекеттің ғана емес, жалпы алғанда адамзат баласының дамуына кедергі келтіретін мәселелерді көруге болады. Расында да көз жұмып қарауға болмайтын мәселелер талқыланды. Бұл парламенттер спикерлерінің бүкіл қоғамға алаңдаушылық білдіретіндігін аңғартады.

Жұмыссыздық, аштық, терроризм сынды мәселелермен әлем болып күресуіміз керек. Осындай үлкен диалог алаңдарында өзекті мәселелердің жиі айтылуы, олардың шешу жолдарының қарастырылуы аса маңызды. Жиындағы барлық баяндамалар қоғамның өзекті мәселелерді ашық айтуымен ерекшеленді. Парламент заң шығарушы орган ретінде осындай диалог алаңдарында айтылған мәселелерді елеусіз қалдырмайды.

 

Орынбек ӨТЕМҰРАТ,

Еркежан АЙТҚАЗЫ