Қоғам • 25 Қыркүйек, 2019

Даңғазалық пен дарақылық

2084 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Биылғы жылғы сәуір айының басында Қасым-Жомарт Тоқаев Президент орынтағына отырғаннан кейін «Egemen Qazaqstan» және «Айқын» газеттері арқылы бірінші рет бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне сұхбат берді. Мемлекет басшысы онда ең алдымен елді соңғы жылдары жайлап бара жатқан даңғазалыққа тежеу салу, ысырапшылдықтың барлық түрінен арылу қажеттігі туралы мәселе көтерді.

Даңғазалық пен дарақылық

Бұл біздің де көптен бері көкейі­мізде жүрген түйінді түйткіл еді. Пре­зидент сол ой тоғысын дөп басыпты. «Даңғазалық, ысырапшылдық. Біз­ге даңғазалықты доғарып, ысырап­шылдықтан арылу қажет, дейді Қасым-Жомарт Кемелұлы. – Осы ту­ралы бұрынырақта, әлеуметтік же­ліде пікірімді де жаздым». Бұдан әрі ол ұлы Абайдың күллі адам бала­сын қор қылатын үш нәрсенің бірі на­дандық екенін білдіргенін айта келіп, оның даңғазалыққа да негіз болатынын меңзейді. Сол себепті де Мемлекет басшысы бұдан әрі: «Бізге надандықтан құтылу қажет. Тәуел­сіздік жылдарында мемлекеттік, ұлт­тық ұстанымға адал, білімді, өткір, отан­­шыл жастарымыздың тұтас бір буыны қалыптасты. Біз соларға арқа сүйейміз. Олар Абай айтқан бес асыл іске берік – талапшыл, еңбекшіл, ойшыл, қанағатшыл, рақымшыл болса – онда біздің еліміздің болашағы жарқын, жұлдызы жоғары болмақ!» деген түйін түйеді.

Осы ретте ұлы ақынымыздың бес қашық нәрсе – «өсек, өтірік, мақ­таншақ, еріншек, бе­кер мал шаш­пақтан» қашық болуды үндейтіні еске түседі. Біздіңше, жо­ғарыда ай­ты­латын даңғазалық пен ысырап­шылдықтың қайнар көзі осы мақ­таншақтықта жатыр. Кейде көкейге осы бір шектен шыққан да­рақылық біздің қанымызға сіңіп кеткен жоқ па, деген қауіп те келеді. Себебі, бү­гінде біздің мақтанбайтын, асып-тасымайтын нәрсеміз кем. Не болса соны мақтан көріп, соны орынсыз жа­лаулата бергенді мәртебе санайтын сияқ­тымыз.

Қазір елімізде өте жақсы сән-сал­танатта тұратын бай адамдар мен күндерін әзер көріп жүрген кедей кісілердің ара-жігі барған са­йын ажырап, кеңейіп барады. Бі­рақ біреуден қалғысы келмейтін «на­мыс­­шыл» қазақ кей реттерде өз ша­масымен санаспай, өзгелерден қал­мауға ұмтылып бағады. Сөйтіп қарызданып-қауғаланып жүріп, той өткізеді. Мұндай фактілер көп. Жұрт осы үшін банктен жоғары үстемемен несие алудан да әлі арыла алмай жүр. Тойларымыздың алды мыңға дейін адамды қамтыса, ең аз дегенінің өзі екі жүз адамның басын қосады. Біздің ағайын осылайша күллі әлемде мұндай көл-көсір той өткізу дәуренінің әлдеқашан өтіп кеткенін, мұның орнына шағын шеңберге жи­налуды үрдіске айналдырғанын ұғына алмай келеді. Расында мұндай аста-төк тойлар жаһанның өркениетті елдерінің басым көпшілігінде жоқ. Өзіміз жолымыз түсіп тұратын Түр­кияда, мысалы, ең бір бақуатты, елге сыйлы деген кісінің өзінің той салтанатында 60-70 адамнан артық қауым жиылмайды. Ендеше, біздің де осылайша етек-жеңімізді жинақтайтын, жан-жағымызға жіті қарайтын, әр­бірден соң «көрпемізге қарай кө­сілетін», осы босқа шашылатын ақ­шаны өзіміздің, үй болып жатқан бала­ларымыздың болашағы үшін жұмсауды міндетке айналдыратын уақытымыз жетті.

Қазіргі қазақ тойларындағы ысырап пен даңғазалықтың, дара­қылық пен бейбастақтың қандай да бір жақ­сы ниетпен ақтап алуға келмей­тін небір жойдасыз, келеңсіз көрініс­терін ғаламторда ара-тұра жарияла­нып тұратын бейнежазбалардан да көріп жүрміз. Бұлардағы парықсыз аса­балардың тойды қызықты өт­кіз­бекші болып неше түрлі бас­сыз­дықтарға барып жүргендері қат­ты күйзелтеді. Мұндай той бас­қару­шы­лары өзін де, өзге жұртты да нағыз сайқымазаққа айналдырып бітті. Олардың айтқандарына еріп, ай­дағандарына көніп, алдында құлша жөңкіліп жүрген тойшыл қауымға да таңқалмасқа әддің жоқ. Той­дың төріне шығып, тілек айту тәр­тібі де жұртты әбден жалықтырды. Кей­де асабалардың пәрменімен сондай сөз кезегіне 40-50 адамға дейін бір-ақ шығатын кездер де кездеседі. Олар­дың және түгелге жуығы, әйтпесе кем дегенде оншақтысы бірінен бірі ай­нымайтын жаттанды тілектерінің тие­гін ағытып тұрып алады. Бұлардан жас жұбайлардың алатын өнеге, ғи­браты қандай болмақ? Бұдан бөлек, бі­рінен бірі асып түскісі келетін қазақ байларының миллиондаған теңгені бостан босқа шашып, мәз-майрам болып жататыны  былайғы қарапайым халықтың назасын туғызып, бұл күндердің күнінде наразылық тол­қынына ұла­сып кетуі ықтимал. Осы секілді той­лар­дың көпшілігі біздің ұлттық құнды­лықтарымызды тәрк етіп, халқымызға тән барлық асыл қасиеттерді аяққа таптаудың көрбақ үлгісіне айналып кетті. Сондықтан да бүгінгі той­лар­дан мән-мағына қашып, ол қал­та­лы­лардың өзара жарысының ашық алаңына ұқсап барады.

Енді мұның бәріне мемлекет тұр­ғысынан шектеу қоймаса болмайды. Бұған дейін бұқаралық ақпарат құрал­дары беттерінде талай рет қозғалып, жұрт­тың ашу-ызасын туғыза бастаған бұл тақырыпқа қатысты Қасым-Жо­март Тоқаевтың Сенат Төрағасы ке­зінде әлеуметтік желі арқылы айтқан орын­ды ойы да біздің жадымызда. «Үйлену және басқа да тойларға деген көзқарасымызды өзгертіп, оларды жаңа үлгіде өткізу туралы БАҚ-та жүріп жатқан пікірталастарды қол­­даймын, – деген еді ол сонда. – Көз­бояушылық, даңғазалық, ысы­рап­шылдыққа белшеден батпай, бауырлас өзбек, түрік, түрікмен xалық­тары сияқты ұлттық дәстүрге қарай ойысу қажет». Ал айтылып отырған туыс­тас халықтарда шынында да той мә­селесі баяғыдан белгілі бір тәртіп пен жүйеге келтіріліп қойылған.

Мұны аз десеңіз, өткен жылғы сәуір айында Өзбекстан президенті Шав­кат Мирзиёев атқарушы билік өкілдерінің аста-төк тойларда сайран салуларына тыйым салып, оларға мұның орнына мұқтаж адамдарға көмек көрсетуді ұсынған болатын. Бұдан әрі ол елдегі той салтын қатаң сын­ға алып, оны тек түс мезгілінде бір сағаттық етіп қана өткізу және қо­нақтар санын 150 адамнан асырмау жөнінде заң қабылдауға тапсырма берген еді. Күні кеше, қыркүйектің 20-сы күні Өзбекстан парламенті осы мәселені арнайы қарады. Сол күні Олий мәжіліс Сенатында рес­публикалық үйлену тойларын, отба­сылық салтанаттарды, жаназалар мен астарды өткізуді тәртіпке келтіру жө­ніндегі комиссияның отырысы өтті. Онда той мен жаназа өткізудің ережесі бекітілді. Ол бойынша бұдан былай мұндай шараларға қатысатын адамдар саны 200-ден аспайтын болды. Осы шаралар дастарқанына қойылатын палаудан тек 250 адам ғана ауыз тиеді. Ал екі той қатар өткен жағдайда той­ға 250 қонақ қатыстырылып, 300 адам палауға тартылмақ. Үйлену той­ларында жастардың серуені мен жү­ріп-тұрулары үшін бөлінетін кортежде үшеуден артық жеңіл көлік болуына рұқсат етілмейді. Сол сияқты отбасылық шараларға екі орындау­шы немесе музыкалық топ қана қатыса алады. Олардың өзімен заңды түрде келісімшарт жасалуға тиіс. Мұндай ереже қазір Қытайда да бар көрінеді. Оны Үкімет арнайы қаулы алу арқылы бекіткенге ұқсайды.

Қазір мамандар әрәдік мұндай талаптардың бізге керек екенін кө­теріп жүр. Біз де мұны қолдаймыз. Се­бебі, «Аттыға еріп жаяудың таңы айы­рылыптының» нақты дерегін әрдайым көріп жүрген бізге елдегі теңсіздік жағ­дайын түзетудің осыдан басқа тиімді тәсілі жоқ екені аян болып отыр. Біз тойларға байланыс­ты осындай жалпыға ортақ бір ереже орнату арқылы ғана ұл-қыздарын ешкімнен кем қылғылары келмейтін қарапайым ата-аналарды банктен миллиондап несие алып, қарызға кіруден сақтап қала аламыз. Жалпы мұны барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлер, өзімізден бастап елге үлгі көрсете білуіміз керек.

Осы ретте өткен жылы көктемде Қазақ ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәс­түр академиясы ұсынған қазақтың тойы­ның жаңа форматында жалпы жұрт­шылық қолдайтын рационалды дәнек бар деп есептеймін. Бұл сценарий жо­басында ең алдымен бұған дейін кемінде 5-6 сағатқа созылып келген той­лардың уақытын 1,5-2 сағаттың кө­леміне шақтау, оны креативті фур­шет пішінінде өткізу, жасы үл­кен кісілер мен құдалар жағының өкіл­дерін ғана үстелдерге отырғызу, тойды шақыру билетінде көрсетілген уа­қыттан бір минут та кешіктірмей бас­тау, беташардың қысқартылған үл­гісін орындау, ең жақын деген 5-6 адамды ғана таныс­тыру, тілектің орнына жас жұбайлар мен мерейтой иесі сағат тілі бойынша әр үстелге айналып келіп аялдап, өзінің алғыс сезімін білдіру секілді мезеттер бар екен. Тойда сондай-ақ ешкімге микрофон берілмейді, тойдағы қонақтар өзде­рінің ізгі тілектерін тікелей біл­діріп, сый-сия­паттарын ұсынатын бо­лады. Ал аса­баның қызметі келген қонақ­тарды таныстырудан аспайды. Әрине бұл жоба да қатып қалған қағида емес. Дегенмен, әркімге оны негізге ала отырып, өз сценариін жасауына болатын сияқты.

Осы әңгіменің бәрі біздің той­лар­дағы орынсыз шығындар мен ешбір ақтап алуға келмейтін ысы­рап­шылдықтан туып жатыр. Ысы­рапқорлықты мұсылманшылық та қат­ты айыптайды. Ислам қандай да бір шараға жұмсалатын артық шы­ғынды «исраф», яғни ысырап санап, оны үлкен күнә қатарына жатқызады. Ысыраптың ақша мен мал-мүлік шашатын материалдық түрі де, уақытты бос әрекеттерге жоғал­татын рухани түрі де болады. Мұндай ысы­рап­кер­шілікке жол берген адам «мусриф» деп аталады. Қасиеті Құран аят­та­ры­ның бірінде тіпті ысырап жасайтын жандарға «жын-шайтанның жарандары» деген де баға беріледі. Әдетте Құран бізге ішіп-жеуге рұқ­сат береді де, оның шамадан тыс дәрежеге жетуіне тыйым салады. Сон­дықтан әр нәрсенің шегі мен есебі болуы керек екенін ескертеді. Құран Кәрімде: «Егер шүкіршілік етсеңдер, нығметтерімді одан сайын арттыра түсемін» делінген. Тегінде, ысырапшылдық осы нығметтердің қадірін білмеуден туындайды. Құран бұған қоса: «Ысырап етпе, сөзсіз ысы­рап етушілер шайтанға бауыр­ болмақ. Ал шайтан, Раббысына тым күпірлік етуші», деп, бұл кү­пір­­лік нә­ти­жесінің неге апарып соқты­ра­тынынан сақтандырады. Тағы бір аятта: «Ысырап етпеңдер, күдіксіз Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді» деп тікесінен айтылады. Мұсылман баласы үшін бұдан артық ескерту болмаса керек.

Ысырапқорлық кейде жақсы ниет­­тегі істерді жүзеге асыру ба­ры­сында жасалуы мүмкін. Бір жолы Мұ­хаммед пайғамбардың сахаба­ларының бірі суды көп төгіп-шашып жуыныпты. Мұны сезіп қалған пай­ғамбар ескерту жасайды. Бұған ана кісі суды көп жұмсауда тұрған не бар екенін ұқпағанын білдіріп, түсінбеген сыңай танытады. Сол кезде Мұхаммед пайғамбар оған: «Дария­ның жағасында дәрет алсаң да, суды үнемдеуің керек» деп жа­уап береді. Міне, осындай ұқыптылық пен үнемшілдік бізге өлшем болуға тиіс.

Қазақ «Той – қазына» деп жатады. Сондықтан біздің ағайын тілек айтқанда да, «Тойың қазыналы болсын» деуді ұмытпайды. Бұл сол тойға түсетін сыбағаны меңзеу емес. Оның қазыналы болуы той иелері мен келген қонақтарға беретін тәрбиесімен, ой салуымен, өнегесімен, рухани жағынан байытуымен өлшенеді.

Бізде қазір не көп, тойдың түрі көп. Бұрын бір үйдің ішінде сол әулет­ке қатысы бар азын-аулақ әйелдердің қа­тысуымен өтетін кіш­кентай нәрес­тені бесікке салу, жаңа қаз басып жүре бас­таған сә­бидің тұсауын кесу сияқты шағын шеңбердегі шаралардың өзі ұлан-асыр той түрінде мейрамханаларда өтетін болып жүр. Осылайша біз ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық дәстүрдің өзіне сына қағып жатырмыз. Тағы бір нәрсе, мұндай той­ларда бұрын елде болмаған, әл­­де­кімнің әлдене жақтан немесе ке­зекті фильмнен көрген салт-дәс­түр­лерін тықпалап қосып, бәрінің шы­райын бұзу кең етек алып барады. Біздіңше, бұларды қолға алып, бір ретке келтірмесе, қоғамдық тамақ­тандыру орындарында өтуге болатын дәстүрлі тойлардың тізімін жа­самасқа болмайтын шығар. Ал мұндай тәртіпке көнбейтін тойшыл­дарға заң тұрғысынан атқарып отыр­ған мемлекеттік қызметінен бо­са­туға дейін баратын қатаң жаза қол­данылатын болулары керек.

Қазақ бұрын тойда адамның кісі­лігі мен кішілігі танылады деп есеп­теген. Біз ендігі жерде той салтанатын шын мәнінде қазыналы етіп, оның кісілік пен адамгершілікті, кішілік пен абзалдықты ту етіп, насихаттайтын берекелі ортасы ету үшін күресуіміз керек. Ол бұрынғысынша өнегелі сөздердің, тәлімді тәрбиенің өзекті ортасына айналуы тиіс.

 

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,

сенатор