Дариға Назарбаева еліміздің жақын досы – Король Абдалла II-нің Корольдіктің қоғамдық-саяси өмірін реформалау жөніндегі қызметі, сондай-ақ халықаралық өзекті мәселелердегі сындарлы ұстанымы Қазақстанда жоғары бағаланатынын атап өтті. «Король Абдалла II жеті рет ресми және жеке сапарлармен Қазақстанда жеті рет болып, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің бесінші Съезіне қатысты. Иорданияны дамыту, білім беру, денсаулық салаларын жаңғырту жолында орасан зор қызмет атқарды. Оны Таяу Шығыстағы ең озық саясаткер деп білемін», - деді Сенат Басшысы.
Иордания Сенатының Төрағасы Корольдіктегі және аймақтағы сыртқы саяси жағдайлар, атап айтқанда Таяу Шығыста болып жатқан күрделі ахуал туралы жан-жақты хабардар етті. Ф.әл-Файез Иордания экономикасына «араб көктемінің» тигізген теріс әсері туралы айтты. Сириядағы соғыс салдарынан елде 1 миллион 300 мың босқын жүр, Иордания оларға 1,3 млрд доллар жұмсап келеді, ал халықаралық қоғамдастық көрсетіп отырған қолдау барлық шығындардың үштен біріне ғана жетеді.
«Араб көктемінің зардабы бәрімізге кері әсер етті. Болашақта мұндай жағдайларға жол бермеу керек», - деді Д.Назарбаева және Араб елдерінің басшыларын мәселелерді бірлесе отырып шешуге шақырды.
Дариға Назарбаева Таяу Шығыстағы жағдайды Еуразия медиа форумының алаңында, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің аясында талқылауды ұсынды.
Сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту туралы айта келіп, Иордания Сенатының Төрағасы қазақстандық Сенат басшысына Қазақстан мен Иорданияның 2007 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан іскерлік кеңесінің қызметі әлсіз екенін және мардымды нәтиже бермей отырғаны туралы хабарлады.
Кездесу аясында сондай-ақ визалық тәртіпті либералдау және екі ел арасындағы тікелей әуе бағытын ашу Қазақстан мен Иордания арасындағы туризмді дамытуға ықпал ететіні талқыланды.