Президент • 26 Қыркүйек, 2019

Ел жетістіктері ерекше аталды

351 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

БҰҰ Бас Ассамблеясы әлемнің 193 мемлекетін біріктіріп, өзекті геосаяси қарым-қатынастарды, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелерін талқылауға мүмкіндік беретін ауқымды диалог алаңы екені бәрімізге мәлім. Бүгінгі таңда Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясы өз жұмысын жалғастыруда. Сессияның басты тақырыбы БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асырумен тікелей байланысты болып отыр.

Ел жетістіктері ерекше аталды

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының Жалпы дебат­тарында Қазақстан Респуб­ликасының Президенті ретінде тұңғыш рет сөз сөйледі. Сөзін мемлекеттік тіл­де бас­таған Пре­зидент жаһандық дең­гей­де орын алып жатқан геосая­си және геоэкономикалық сын-қатер­лер мен қақтығыс үрдістері, оған қарсы тұрудағы атқарылып жатқан іс-қимылдар туралы, сондай-ақ Қазақ­станның бұл жолда жеткен жетіс­тіктері мен тәжірибесі туралы ерекше атап өтті. Жаһандық сын-қатер­лер үрдістері деп Пре­зи­дент бірін­шіден, тоқтамай жат­қан әске­ри қақтығыстарды, екін­шіден, жаһан­дық және аймақ­тық дер­жа­валар­дың бір-біріне деген сенім­сіздігін және оның әлемдік тұрақ­тылыққа тигізетін теріс әсерін, үшіншіден, әлеуметтік, эконо­ми­калық және технологиялық теңсіз­дік, сондай-ақ жаһандық қарыз дағ­да­­рысын, төртіншіден, қоршаған ор­та­ның бұзылуы салдарынан орын алып жатқан климаттың өзгеруін көрсетті.

Мемлекет басшысы белгілеп кеткен үрдістердің ішінде әскери қақтығыстарға тосқауыл қою мә­селесі баса назар аударарлық жағ­дай. Әскери операциялардың кесірінен мыңдаған жазықсыз жан құрбан болып жатыр. Бұл арада Қазақстан БҰҰ бітімгершілік қызметтеріне белсене қатысып келеді. Қазіргі уақытта БҰҰ-ның Ливандағы бітімгерлік миссиясында 42 елден 10 мыңнан астам әскери қызметші қызметін өтеуде.

Мәселен, ТМД бойынша Қазақ­­­­стан соғыс болып жатқан аймақ­тарға жіберетін бітімгерлер саны бо­йын­ша алдыңғы қатарда тұр­ғаны белгілі. Осылайша 2018 жы­лы елі­мізден Ливандағы БҰҰ мис­­­сия­сына (UNIFIL) Үнді-Қазақ­стан бітімгерлер батальо­нына 120 әскери қызмет­кер жі­беріл­ді. Қазақстан үшін бітім­гер­лік іс-әре­кет халықаралық және өңірлік қауіп­с­іздікті ны­ғай­тудағы мемле­кет­тік саясат­тың маңызды бөлігі ре­тін­­де қарас­ты­рылады. 2015 жыл­ғы 15 мау­сымда «Қазақстан Рес­пуб­лика­сы­ның бітімгерлік іс-әре­кет ту­ралы» Заңы қабылданды. 2014 жылдан бастап, Қазақстан офи­цер­­лері БҰҰ миссиясы аясында Батыс Сахара мен Кот-д’Ивуарда бей­біт­шілік пен қауіпсіздікті сақтау мақ­сатында әскери қызметтен өтті. Сонымен қатар қазақстандық бі­тім­герлер Ұлыбритания және АҚШ-пен бірлесе «Дала қыраны» арнайы-тактикалық бітімгерлік оқу-жаттығуларына қатысады. Бұл – қазақстандық жауынгерлер үшін үлкен тәжірибе.

Өзара келіспеушілік пен қақ­ты­ғыс­тан бас тартып, бірлікке ұм­тылу қазіргі заманның басты талабына айналу керек.

Мәдина БЕКТЕНОВА,
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының жетекші ғылыми қызметкері