Аймақтар • 01 Қазан, 2019

Торғай тұлғаларын дәріптеді

991 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жангелдин ауданының орталығы Торғай кентінде «Музей түні» өтті. А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлы мұражайында егеменді қазақ елінің төл ақшасы – теңгенің үлгісін әзірлеуге, оны айналымға енгізу ісіне еңбек сіңірген, банк ісінің дамуына үлес қосқан экономика ғылымдарының докторы, профессор, мемлекет және қоғам қайраткері, КСРО Мемлекеттік банк ісінің үздігі, жерлесіміз Ғалым Байназаровтың 75 жасқа толған мерейтойына, өмір және еңбек жолына арналған көрменің ашылу салтанаты өтті.

Торғай тұлғаларын дәріптеді

Бұл ауқымды іс-шараға Ғалым Бай­назаровтың туған жердегі туыстары, бұрынғы қызметтестері, аудан әкімдігі, «Нұр Отан»партиясының аудандық филиалы, жалпы жұртшылық өкілдері қатысты. Елі үшін еңбек еткен, үлкен тұлғаға айналған перзент туған жердің де мақтанышы. Жұмақан Сәдуақасов ақсақал – Ғалым Байназаровтың қыз­меттегі ұстазы. Осындай шәкірт тәр­бие­леген қартты ауылдастар да алдынан өтпей сыйлайды.

– Торғай топырағы халқымыздың ірі тұлғаларын берді. Ғалым Байназаров та қазақтың ірілерінің қатарын толықтырған адам. Торғай халқы аудан­дағы банк жүйесінде қызмет еткен, оны дамытуға қатысқан екі адамды жақсы біледі. Сонау соғыс жылдары ауданда банкті Нұрғали Қаратаев деген кісі басқарды, ол алдымен облыстық банкке, одан республикалық банкке көтеріліп, оны 1965 жылға дейін басқарды. Содан кейінгі Ғалым болды. Банк жүйесін жетілдіру, басқару еліміздің экономикасын көтеру деген сөз. Ғалымның Тәуелсіз еліміздің банк жүйесінің іргетасын қалауға үлесі мол, – деді Жұматай ақсақал. Кеш барысында қонақтар мен көрермендер мерейтой иесі Ғалым Байназаровтың бейнебайланыс арқылы жерлестеріне жолдаған жылы лебізін тыңдады. Сонымен қатар телеарналарға берген сұхбаттары да көрермен назарына ұсынылды.

Кешке атақты композитор, Торғай тумасы Бақытжан Байқадамовтың жиені Жұпар Таткенованың қатысуы «музей түнінің» мазмұнын қалыңдата түсті. Кеште ол композиторға арналған көрменің лентасын қиды. Бақытжан Байқадамов Торғай өңірінен шыққан алғашқы кәсіби композитор болды. Қазақ хор өнерінің негізін қалаған жан. Оның  әндері соғыстан кейінгі жылдары кең таралды. Торғай өңірінде оның Болат Хамзин, Қалибек Дерпсалдин, Бақытжан Сәуекенов, Төкен Елтебаев, Әмина Сарманова, Ақторта Әбілова секілді ізбасарлары бар, кейінгі толқын да өсіп келеді.

Жұпар апай атасының көрмесіне құрқол келмепті. Ол мұражай қорына Бақыт­жан Байқадамов пен Данаби­ке Қарал­дина-Байқадамованың портрет­терін, композитордың зайыбы генерал И.В.Панфиловтың қызы Валентина Ивановна жеңгесінің өз қолымен сал­ған миниатюраларын сыйға тартты. Қонақтар құттықтаулары мен жылы лебіздері және аға ұрпақ өкілдерінің мазмұнды әңгімелерінен кейін ән мен күйге де кезек берілді. Күздің кешінен басталған «музей түні» түнгі сағат 01.00-ге дейін жалғасты.

– Күндіз жұмыстан босаған соң, кешке музейге келген ауылдастар асықпады. Түнгі музейде адамдар мазмұнды әңгіме тиегін тарқатып, шараны әдемі кешке айналдырып жіберді. Бұл мәдени өміріміздегі жақсы дәстүрге айналады, – дейді Торғайдағы музейлер кешенінің директоры Гүлбану Сәрсекеева.

 

Қостанай облысы,

Жангелдин ауданы