Анадайдан көз тартатын әйдік дүние қызылға құмар бала түгілі ересек адамдардың өзін еріксіз баурап алады. Ондайда ата-ана аянып қала ма, бірі-бірінен өтетін қызылды-жасылды дүниені қалтасы көтергенше алып, арқаланып шыға келеді. Десек те, кейде арзан ойыншықтың ата-аналар үшін тым қымбатқа түсіп жататыны тағы бар.
Арзанқол дүниеден ауру жұқтырып жатқан балалардың жағдайын айтып, дабыл қағып жатқандар да бар. «Сергек» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылбек Баймұрзаевтың айтуынша, арызданушылардың 70 пайызы сатып алған тауарының сапасыздығын айтып, шағымданады екен. Балалар ойыншығынан зардап шегетіндердің де үлес салмағы аз емес. Ең өкініштісі, сапасыз ойыншықтың кесірінен ауруға шалдыққандар оны дәлелдей алмай әлек болады. «Ойыншық арқылы жұғатын ауруды анықтау қиын. Өйткені оның зияны балаға бірден әсер етпейді. Тек сапасыз ойыншықтың ұсақ бөлшектері баланың тамағына, таңдайына немесе мұрнына кептеліп қалғанда ғана дәлел бола алады. Ал құрамындағы зиянды бояулары ескеріле бермейді. Іші өтіп, лоқси бастаса жеген тамағынан шығар деп топшылаймыз. Ал біз ойыншықтардың бояуы арқылы инфекция тарайтынын дәлелдедік» дейді А.Баймұрзаев.
Оның айтуынша, сатылымдағы ойыншықтардың отыз пайызы тұтынуға мүлдем жарамсыз. Өйткені тексеру барысында құрамында мырыш, фенол, формальдегид сияқты улы заттары бар ойыншықтардың ашық сатылып жатқаны анықталған. Дәрігерлердің сөзіне қарағанда, нәрестелерге арналған сыңғырлақтардың да келешекте баланы саңырау қылатыны анықталып отыр. Зерттеулер барысында белгілі болғандай, жұмсақ резеңке ойыншықтарын сырлайтын бояу құрамында кадмий мен қорғасынның мөлшері қалыпты деңгейден әлдеқайда асып түскен. Мұндай ойыншықтар баланы аллергиялық ауруға ұшыратып қана қоймай, асқазан-ішек дерттеріне де шалдықтырады.
Ең өкініштісі, кейде біз өзіміздің сатып алып жатқан дүниеміздің қайда, қалай жасалатынына мән бермейміз. Еліміздің «Ойыншықтар қауіпсіздігі туралы» Заңының 7-бабында ойыншықтардың сыртында өнімді дайындаушы, тауар белгісі, ойыншық атауы, дайындалған күні мен өндірген мемлекеттің аты, қолданылу шарттары, пайдалану жөніндегі нұсқаулықтары көрсетілуі тиіс екені айтылған. Ал базардағы ойыншықтар осы талап үдесінен толық шыға ма?
Шымкент қаласы тауарлармен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті арнайы мониторинг жүргізіп, қандай тауардын сапасы сын көтермейтінін анықтады. Департаменттің техникалық регламенттерді бақылау бөлімінің жетекші маманы Меруерт Сейдалиеваның айтуынша, талапқа сай келмейтін тауарлар бізде де аз емес. «Біз ай сайын өнімдердің қауіпсіздігіне мониторинг жүргіземіз. Соңғы жеті айда барлығы 1018 өнімнің сынамалары сауда орындарынан алынып, зертханалық зерттеуге жолданды. Оның ішінде 103 сынамада техникалық регламент талаптарына сәйкес еместігі анықталды. Ал тағам өнімдерінің 820 сынамасы зертханалық тексеруге алынып, қорытындысында оның 100-ге жуығы техникалық регламент талаптарына сай болмай шықты», дейді маман.
Анықталған кемшіліктер бойынша айыппұлдар салынып, ұйғарымдар берілгенін айтқан жетекші маман көпшілікті бұл келеңсіздіктің жолын кесуге күресуге шақырды. «Әлденені сатып алардан бұрын оның қайда жасалғанын анықтаңыз, – дейді ол. – Базардағы ойыншықтар көбіне көрші елдерден әкелінеді. Егер сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаты болмаса, оны сатып алудың қажеті жоқ. Ойыншықтарды кездейсоқ жерлерден емес, арнайы ойыншық сататын сауда орындарынан сатып алу керек. Ойыншық таңдау кезінде оның иісіне, түріне, боялуына мән берген жөн. Оны оңай тексеруге болады, ойыншықты ылғалды сүлгімен немесе саусағыңызбен сүртіп көріңіз, егер сүлгі немесе саусағыңызға бояу жағылса, онда мұндай ойыншықтан бас тартыңыз».
Рас, таным-түйсігі қалыптаса қоймаған баланы тәрбиелеуде ойыншықтың алар орны ерекше. Олар арқылы бала қоршаған ортасын таниды. Ойынға алданып, жалғыздықтан арылады. Тіпті өзінің сүйкімді қуыршағына бауыр басқан балалар оны түнде де құшақтап жатады. Күні-түні бала қолынан түспейтін қуыршақтардың кейде адам ағзасына кері әсерін тигізіп жататыны да белгілі. Сол үшін балаға ойыншық таңдағанда мұқият болыңыз. Әйтпесе арзан қуыршаққа қызығып, емі қымбатқа түсетін дертті «сатып» алуыңыз мүмкін.
Аман ЖАЙЫМБЕТ,
журналист