Руханият • 01 Қазан, 2019

Шыр айналған шынылар

440 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық музейде Чех Республикасының Қазақстандағы елшілігінің ұйымдастыруымен чехтың көркем шынысын паш ететін Иржи Пачинектің «Шыны бақ» атты көрмесі ашылды.

Шыр айналған шынылар

Көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Чехияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Рудольф Гикл: «Алдымен бірер ай бұ­рын біздің ұсынысымызды қабыл алған Ұлттық музейдің бас­шылығына шын жүректен ризашылығымды жеткізгім келеді, – деп алғысын білдірді, – шыны бұйымдарын өндіру – біздің тарихымызда ежелден бар дәстүр. Заман ағымына сай қарқынды дамып келе жатқан шыны өнері ұлттық мақтанышымыз саналады. Чехтар мен қазақтардың мәде­ниеті бір-біріне етене жақын, бұған мен Қазақ елінің мәдениетімен жақын танысу арқылы көз жеткіздім. Бұл ұқсастық екі ел арасындағы дип­ломатиялық қарым-қаты­насты нығайта түседі. Сонымен қатар көрме авторы Иржи Пачинектің аз уа­қыт ішінде шыныдан жасал­ған көркем дүниелерін ұшақ­пен алып келгеніне риза­шы­лығымды білдіремін. Мұны Иржи Пачинектің өнерге деген және өзінің Отанына деген адалдығы деп есептеймін».

Есімі әлемге әйгілі шебер Иржи Пачинек те Қазақ­стан­ға алғаш рет табан тіреп тұр­­ғанын тілге тиек етті. Ол көрмеге флора мен фауна әле­мін бейнелейтін 30 экспонатын ұсынып отыр.

Халықаралық деңгейдегі әсем шыны шығарушы Цвиков маңындағы өзінің Лин­дава және Кунратице шыны зауытында өндірілген таңғажайып бұйымдарымен әлемге кеңінен танымал. Иржи Пачинектің 12 шеберімен бірге чехтың дәс­түрлі әдісі бо­йынша жасаған бұйымдары көздің жауын алады. Оның айтуынша, әуелі металл ысқырғышпен шыны үрленіп, қолмен жасалған пішіндер отқа қыздырылады. Мұның бәрі арнайы техникамен атқарылып, балқыту пеші пайдаланылады. Ал шыны пеш 1900 градусқа дейін төтеп беретін көрінеді. Оның бұл тәжірибесін үйренуге әлемнің әр түкпірінен келушілер көп, олардың ішінде қазақстандық студенттер де кездесетінін естідік.

Көрмеде сөз сөйлеген Ұлт­тық музей директорының орынбасары Алмаз Нұразхан да келешекте бұл сала бойынша екі ел мамандары арасында тәжірибе алмасу байланыстары орнатылатынын, көркем туындылар көрмесі 20 қазанға дейін жалғасатынын айтты.

 

Қаршыға КҮЛЕН