Ректордың айтуынша, биыл туризм мамандығына 58 студент бірінші курсқа қабылданды. Университетте жалпы саны 156 студент туризм мамандығын меңгеруге кірісуде. Студенттер туризмі жоғары дамыған Түркияның бес жұлдызды қонақүйлерінен іс тәжірибелерін шыңдауда.
Форумның басты мақсаты – облыс мәртебесін алған Түркістан өңірінде туризмнің сан саласын дамытып, Түркі дүниесінің рухани орталығын жан-жақты дамытуға белсенді қатысу. Осы орайда Джордж Вашингтон университетінің «Халықаралық туризмді зерттеу» институтының директоры, профессор Селин Матуз «Мәдени туризм мәселелері» тақырыбында баяндама жасап, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің бірінші вице-президенті профессор Женгиз Томар өз ойларымен бөлісті. Түркістан облыстық
туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Перизат Қонысбаева «Түркістан облысының туристік мүмкіндіктері» тақырыбындағы баяндамасында өңірдің туризм саласын дамытуға әлеуеті жеткілікті екендігін алға тартты. Студенттерді туризмді дамытудағы тың ойларымен қатар бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
Университет ректоры өз кезегінде қазіргі кезде студенттердің туризм саласы бойынша креативті инновациялық стартап бастамалары бар екендігін жеткізді. Сонымен қатар саяхатшыларға Хантағыға геологиялық туристік бағдар ашуға, еліміздегі жүздеген ұлттар мен ұлыстардың тағамдық туризмін де ұсынуға болатындығын атап өтті.
Форум соңында еліміздің қонақжай дәстүрімен АҚШ профессоры Селин Матузға естелік сый-сияпат жасалды. Тілшілердің «академик Әділ Ахметовтің: «АҚШ-тағы үндістер мен қазақтардың тектік ұқсастығы 70 пайыз» деген ойына қосыласыз ба?», деген сұрағына профессор Селин Матуз: «Әрине қосыламын. Жалпы, әлемдегі ұлттар мен ұлыстардың тегі бір. Сондықтан бір-бірімізден жоғымызды табамыз. Сол арқылы рухани дүниемізді байытамыз. Түркі дүниесінің рухани орталығы болғандықтан менің ынта, құлшынысымның Түркістанға ауып отырғаны сондықтан» деп жауап берді. Мұхиттың арғы жағы демей, рухани туыстарын іздеп келген Селин Матуз ханым алдағы уақытта Ясауи университетінің құрметті профессоры атанып, халықаралық университеттің теориялық һәм практикалық дәріскері болуға да бейілді екендігін білдірді. Сондай-ақ Джордж Вашингтон университеті мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, Түркістан облысының туризм басқармасы Қазақстан және Орталық Азия аумағы бойынша туризмді дамыту туралы меморандумға қол қоюға уағдаласты.
Түркістанда туризм дамыса, онымен ілесе көлік тасымалы, қоғамдық тамақтандыру орындары, қонақүй қызметінің сапасы да жақсара түсері анық. Ендеше, туризмге бейім студент жастардың айы оңынан туғалы тұр.
Ескендір ЕРТАЙ