Қазақстан • 03 Қазан, 2019

Жұмыс істегісі келмейтін күйеу

1394 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бір басында жүз түрлі жауапкершілік тұрса да, жұмыс істегісі келмейтін жігіттер болады, яки болмаса тұрмыстың барлық тауқыметін өзінің басына артуға бейім әйелдер бар.

Жұмыс істегісі келмейтін күйеу

Қысқасы, жазмыштың уақытша сынағы мен қиындықтарынан бөлек, өмір бойы бір кәсіпті түпкілікті меңгеріп, тұрақ таба алмайтын адамдар қазіргі қоғамға таңсық емес. Ол отбасына кесі­рі мол мұндай «созылмалы кеселден» құтылудың орнына, осы тіршілігіне үйре­ніп алғандардың дауасы қандай? Неге ол жұмыс істегісі келмейді?

Жұрттың күйеуінің табысы мен үйіне кіргізіп жатқан ырысына қызығумен күндері өтіп жатқан әйелдер қаншама?

Мына бір қызықты қараңыз. Жұмыс істемейтін күйеу туралы сөз қозғалса, осы­дан жиырма жыл бұрын естіген әңгіме ұда­йы еске түседі.

Менің марқұм досым Алтынайдың Ольга Алексеевна деген орыстан өкіл шешесі болды. Қазақтардың арасында өскен кісі өздерінің де, біздің де мен­та­литетті өте жақсы білуші еді.

Сол кісі жатыпішер күйеуге қатысты үнемі өзінің бір танысын мысалға келті­ріп отыратын. Қысқасы, Ольга Алек­сеевна бір азаматтың алғашқы әйелі өте еңбекқор, пысық, жоқтан бар жасай­тын жан болғанын айтады. Ал жаңа­ғы жігіт бухгалтер әйелі жақсы табыс тауып, үйдің де берекесін келтіріп жүр­генде, бір түйір пайдасын тигізудің ор­нына, әр-жерде тиіп-қашып жұмыс істеп, бірде ішіп, бірде ұйықтап қалып, қайта-қайта жұмыстан шығып, ақыры ажырасып тынған. Ең қызығы жаңағы жігіттің екінші әйелі де епті, дастарқаны дәмді, жұмысы жақсы болып шыққан. Дегенмен, үнемі сылтауы бітпейтін, жа­тып­ішер күйеу кімге керек, түбінде бұл келіншегімен де жолы екіге айрылады.

Осылайша ол жігіт салт басты, сабау қамшылы болып жүріп, үшінші рет үйленеді.

– Үшінші әйелінің бейқамдығы мен жалқаулығы біздің танысымыздан да асып түсті. Күйеуі жұмыстан келгенше дүкеннен нан да сатып алмай, екі қолын қусырып күтіп отырады. Қарны ашып келген ері дүкеннен қатырылған тұшпара сатып әкеліп берсе, соны қайнатып беріп тағы қарап отырады. Былайғыда аштан күйеуімен қосыла қатып қалса да қимылдамайды. Күніне екі-үш рет күйеуіне телефон шалып, үйде дым жоқ деп айтудан танбайды. Бұрынғы әйелдері сияқты жоқтан бар жасап, дастарқанды толтырып, үйді жайнатып қоятын қатын жоқ. Қазір ол жігіт жұмыс істейді, жұмыс істемек түгілі, кешкілік бірінші әйелінен мұраға қалған көлігімен адам тасып, қосымша тиын-тебен тауып келетін болды, – дейді Ольга шешей.

Бұл әңгімені естіп отырған қыз-ке­ліншектер бір-біріне қарайды. Не істеу керек сонда? Әлгі әйел сияқты дүниені топан су алып жатса да, қарап отыра беру керек пе? Бұлай жасауға біреудің шыда­мы жетеді, біреудікі жетпейді ғой. Тіпті, бар төзімін салып, сол әйел сияқты жатып алғандар да бар. Бірақ мұндай кезде жатыпішер басқа жерді тауып ала қоятын күйеулер де кездеседі.

Қысқасы, күйеудің жұмыссыз жүруі­нің жүз түрлі сылтауы мен себебі бар. Оның кейбіреуі көкейге қонады, кейбір себептер адам ақылына сыя бермейді. Бірақ соның барлығының ішінен ортақ бір өлшемдерді табуға болады.

Жолдасыңыз әділетті немесе әділетсіз жағдайда жұмыстан шығып қалды делік. Күтпеген жерден қызметтен айрылып қалған адамдардың бір бөлігі мұндай дағдарыстан шыға алмай қалатынын көз көріп жүр. Керісінше, жапан түзге жала­ңаш апарып тастаса да, өмір сүрудің жүз түрлі әдісін білетін жігерлі жігіттер бар.

Немесе қазір өзектілігін жоғалт­қан кәсіп түрлері пайда болды. Қазірдің өзінде замана бірқатар мамандық түр­лерін қажет етпей қалды. Болашақта мүлде жойылады деген жұмыс түрлері жеткілікті. Осындайда ісі мандымай қалған адамның өмірінде тоқырау басталады. Мансап жолындағы мұндай үзіліс біреулер үшін айқара ашылған жаңа есік, жаңа мүмкіндіктер, әлсіздер үшін бақытсыздықтардың бастауы.

Яки болмаса, болмысынан жалқау күйеу. Мұндай күйсіздердің көбі психолог келеді. Үйленгеннен кейін көп ұзамай әйелінің мойнына шешесінің мойнына мінгендей мініп алады. Тамақ бар, үй жылы, теледидар қосылып тұр. Жата тұруға болады ғой. Бірақ бұл демалыс қанша уақытқа созылмақ? Мәселе сонда...

Жігіт кезінде мұндай жатыпішер күйеуді жақсысынан қалай айырасың. Адамдардың барлығы басына түспей, бірден ақылды болып тумайды. Ал психологтар мұндай күйеуді «қыз кезі­нен» ажыратуға болатынын алға тартумен келеді. Сөзі сүйкімді, асты-үстіңе түсіп, үйленгенге дейін аспандағы айды, жанындағы жұлдыздарды жұлып беретін жігіттің сөзі мен ісі қабыса бермейді. Кәдімгі тұрақты жұмысы жоқ мұндай «тұлғаларды» қазір ешкім түсінбей жүр. Ал сүйіп қалған қыз оны аяйды, ақшасын аямайды, жанынан табылуға, мұндай кездерде қашан да көмектесуге дайын.

Сол сияқты әке-шешенің мойнынан әйелдің мойнына қарай көшетін еркектер бар. Өмірдің баспана, білім алу сияқты үлкен қиыншылықтарын ата-анасы еңсеріп берген. Дайын үй, дайы­н тамаққа тап болған адам енді өз отбасы үшін басын қатырғысы келмейді. Қара аспанды төндіріп жатып алу, ішкілікке салыну үшін оған кішкентай қиыншылықтардың өзі де жеткілікті.

Сіз таңдаған адамның мінезі жаман, одыраңдаған біреу болып шықса отбасына да, айналасындағы әріптестеріне де оңай емес. Мұндай адамдардың аузында әзілі емес, қолында қолшоқпары жүреді. Үйімен де ұжымымен де тіл табыса алмайды. Бір сөзбен айтқанда, жұғымсыз. Сондықтан да мұндай адамдарға жұмыс табу да, сол қызметте тұрақтап қалу да қиын. Ал өзінің мінез-құлқын жеңе алатындар некен-саяқ.

Дегенмен күйеу – деген ұнамаса лақ­тырып жіберетін көйлек емес. Талай әйел үшін жалқау, жұғымсыз, дөрекі күйеу – өміріңнің соңына дейін алып жүре­тін қателігі мен қасіреті.

Ал мұндай жағдайда психологтар күйеуге ана болу рөлі жарамайтынын алға тартады. Біздің жоғарыдағы мысалымыз да соның айғағы емес пе?!

Қысқасы, әйел өмірдің барлық қиын­шылығын өз басына артып алуға міндетті емес. Отбасында әркім өзінің орны мен атқаратын міндетін білуі тиіс. Таңертеңнен қара кешке дейін бітпейтін бала тәрбиесі, үйдің тамағы, тазалығы мен берекесі адамның өмірін жеп қоя­тынын адамгершілігін жоғалтпаған азамат айтпаса да ұғады. Ал мұны өзі түйсіне білмейтін адамға түсіндіріп, біл­діріп отыруға тура келеді. Демек, не­­ше түрлі құбылған қыз-келіншектер секілді, ер-азаматтардың да түрлі-түрлі пси­хотиптері бар.

Өзін өзі жақсы көретін, жанын қина­май қара басын күтіп-баптап жүретін адамға әрине, жайлы жұмыс керек.

Ал скептиктер өмірін өзгертуде үл­кен тәуекелдерге баруға жүрегі дауа­лай қоймас. Он рет ойланып, қырық рет толғанып жүретін мұндай жандарға пы­сық, алдын болжай алатын әйелінің ке­ңесі мен көмегі, жігерлендіруі талай жер­ге жеткізеді.

Мәңгілік бала бейне, яғни инфантил-күйеулер ше? Мұндай азаматтардың есі кіремін дегенше, әйелдерінің де шашы ағарады. Осы жерде өз күйеуін таныған әйелге ұдайы оның отбасының иесі, панасы, қорғаны екенін қайталай беруден басқа амал жоқ...

Не десек те, осының бәрі өмірдің мектебі. Сүйген адам, болашағына сенген адам өзінің отбасын кез келген құр­дымның құдығынан сүйреп шыға алады. Тек сыйластық жоғалмасын деңіз.

Бетті дайындаған

Айнаш ЕСАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»