Бірқатар мемлекеттер үшін өз қандастарын тарихи Отанына қайтару демографиялық проблемаларды шешу жолдарының бірі болып саналады. Сонымен қатар бұл қадам тарихи әділеттілікті қалпына келтіру міндетін де шешуге бағытталады. Иммиграция және репатриация қоғамның барлық салаларының жұмысына үлкен әсерін тигізетіні түсінікті.
Сырттағы қандастарымыздың тарихи отанына оралуларына бір жағынан мемлекеттің қолдауы, екінші жағынан олардың атамекенге деген сағынышы, рухани жан дүниесіндегі ұмтылыс барынша ықпал етті. Бұған қосымша кезінде тұрған еліндегі ішкі саяси, әлеуметтік және экономикалық жағдайдың күрделене түсу себептері де қандастарымызды атажұртқа бет бұруына итермелегенін айта кетуіміз керек. Мұндай себептерге негізінен әлеуметтік қорғау механизмдерінің жоқтығы, қазақтардың саяси құқықтарының бұзылуы, олардың әлеуметтік мәртебесінің төмендеуі, әлеуметтік жағдайдың нашарлауы, қазақ тіліндегі мектептердің жабылуы және тағы басқа да мәселелерді жатқызуға болады. Мысалы, Өзбекстанда латын әліпбиіне көшу үдерісіне байланысты қазақ мектептерінің саны азайды. Бір жылда (1999 ж.) 10 қазақ мектебі жабылды, қазақтың 20 мыңнан астам баласы өзбек тіліндегі мектептерге ауыстырылды...
Шекара асып келген қандастарымыздың ең тығыз шоғырланған аймақтары –Түркістан, Алматы, Маңғыстау облыстары және Жаңаөзен, Алматы, Нұр-Сұлтан, Тараз қалалары. Олардың соңғы ағымдары жұмыс табу үшін көбіне елордаға немесе ірі қалаларға көшуді мақсат тұтты. Алайда 2014 жылдан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары көшу бағдарламасынан алынып тасталды.
«Қазақстан Республикасының этностық қазақтардың тарихи отанына оралуы туралы тұжырымдамасы» репатрианттардың қазақстандық қоғамға жылдам сіңісуін, қандастар үшін арнайы бейімделу шараларын ұйымдастыруды көздейді. Қазіргі уақытта тарихи отанына оралғандардың көбі қазіргі қазақстандық қоғамдағы түрлі менталитеттегі топтармен араласа отырып тіршілік етуде. Бұл қазақстандық қоғамның тіршілік әрекетінің әлеуметтік-экономикалық және әлеуметтік-мәдени салаларына негізделген факторларға байланысты.
Қазақстанның аймақтарында «Қазақстанның әртүрлі ұлттарының көші-қонының рөлі» тақырыбында өткізілген социологиялық зерттеулер көрсеткендей, мигранттардың экономикалық, тұрмыстық және діни, ресми, құқықтық салаларға бейімделуі қиындық туғызған.
Респонденттер көрсеткен ең күрделі проблемалар: тұрғын үйдің болмауы (18%), өмір сүрудің жоғары құны (15%), қаржының жетіспеушілігі (15%), жұмыспен қамту (12%). Оңтүстіктегі мигранттардың бейімделу құрылымында тілдік тосқауыл (17%), тұрмыс деңгейінің нашарлығы және қаржының жетіспеушілігі (15%) және жергілікті билік органдарымен күрделі қарым-қатынас (8%) негізгі мәселелер болып табылады. Батыстағы мигранттар үшін бейімделу кезеңі біршама қиын болған. Бұл аймақта қандастардың табысты бейімделуіне төмендегі себептер кедергі келтіреді: өмір сүрудің жоғары құны (64,2%); қаражаттың жетіспеуі (46,3%); тұрғын үйдің болмауы (40,7%). Қазақстанның басқа өңірлерімен салыстырғанда, бұл көрсеткіш өте жоғары.
Өмір сүрудің жоғары құны және қаражаттың жетіспеушілігі шығыс аймаққа келген қандастар үшін де айтарлықтай қиын болып табылады. Басқа себептерге балаларды орналастыру (24%), жұмыспен қамтылу (18%), тілдік тосқауыл (13%), менталитеттің өзгешелігі (12%) жатады. Респонденттер орталық өңірде бейімделу қиындығының ең бастысы ретінде баспананың болмауын (28%), екінші тұрмыс деңгейінің жоғарылығын (16%) көрсеткен. Бұл өңірде, сондай-ақ мигранттардың бейімделу процесінде маңызды болғаны қаржының жетіспеушілігі (14%), жұмыспен қамтылмау (11%) және тілдік тосқауыл (6%).
Қандастарды қазақстандық қоғамға бейімдеу мен интеграциялаудың негізгі ресурсы – білім беру жүйесі. Оларды бейімдеуге арналған білім беру жүйесін және репатриация процесінің нақты сипаттамаларын ескере отырып, оған қолжетімділікті қамтамасыз ету аса маңызды. Себебі білім беру жүйесі жаңа құндылықтар мен нормаларды игеруді қамтамасыз етеді және адам өмірінің жаңа жағдайларында тұлғааралық қарым-қатынасқа, мансаптық өсуге және жаңа ортадан лайықты орын табуға ықпал етеді.
ТМД елдерінен келген қазақ ұлтының өкілдері экономикалық және мәдени тұрғыдан қоныс аударушылардың ең бейімделген тобы болып саналады. Бұдан басқа, ТМД шеңберінде түрлі әлеуметтік мәселелерді реттейтін бірқатар құжаттарға (зейнетақы, білім беру, жұмысқа орналастыру және т.б.) қол қойылған. Бұл еңбек нарығына кіру жылдамдығынан, білім алуға деген құштарлығынан, елде тұрудың ерте кезеңдерінде баспананы сатып алуды ойлайтындығынан көрінеді. Қандастар «екі әлемде өмір сүруге» тырысуда. Бір жағынан, олар Қазақстан алдында өздерінің борышын сезінеді, екінші жағынан олар өздері шыққан елдің тілінен және мәдениетінен бас тартқылары келмейді.
Қазіргі заманғы ғалымдар бейімделуді климаттық, психологиялық, әлеуметтік, мәдени, экономикалық және басқа да түрлерге бөледі. Мұндай бейімдеудің сипаттамаларын шетел ғалымдарының көптеген монографияларынан табуға болады. Кейбір ғалымдардың пікірінше, көшіп келушілер 10 жылдан кейін ғана өзін сол елде жайлы сезінетін көрінеді. Сондай-ақ кейбір зерттеушілер қазақ ұлтының өкілдері жоғары деңгейде бейімделу мүмкіндігіне ие екенін, бұл олардың жаңа жағдайда өз орнын табуға көмектесетінін айтады.
Таяу және алыс шетелдерден көшіп келген біздің отандастарымыздың бейімделуіне қиындық тудыратын түйткілдердің бірі – әліпби мәселесі. Қазіргі уақытта әлемде қазақтардың ауызша сөйлеуінде ешқандай айырмашылық жоқ. Бірақ әртүрлі елдерде тұратын қазақтардың жазбаша тілі өзгеше. Мысалы, Өзбекстан мен Түрікменстан латын әліпбиіне ауысты, Қазақстанда, Моңғолияда, Ресейде тұратын қазақтар кириллицамен жазады, ал Қытай қазақтары араб әліпбиін тұтынады. Бұл айырмашылық, тарихи отанына оралған қандастарымыз үшін, әсіресе орта және жоғары білім алған кезде қиындық тудырады.
Қазақстан Үкіметі 2017 жылдың 13 қазанында «Отандастар» коммерциялық емес акционерлік қоғамын құру туралы шешім қабылдады. Құжатқа сәйкес, қор мемлекеттің 100% қатысу үлесімен және алғашқы капиталы 150 млн теңге көлемінде құрылған. Қордың басты жұмысы шетелдегі және Қазақстанға келген қазақтарға қолдау көрсету болып табылады. Егер де ұйымның қызмет бабын ұлғайтып, молынан қаржыландырылса, қандастарға пайдалы іс істеуге қауқары бар.
Жоғарыда айтылған проблемалар мен кедергілерді ескере отырып, қандастарды қоныстандыруда төмендегі негізгі бағыттар қолға алынуы тиіс: демографиялық азшылыққа ұшыраған Солтүстік, Шығыс және Орталық Қазақстанға сырттан келген репатрианттарды орналастыру, сондай-ақ оларды Қазақстан территориясындағы қолайлы, өнеркәсібі дамыған қала немесе кенттерге, кен орындары бар жерлерге орналастыру, қандастарға тұрақтаған жерінен тұрғын үй сатып немесе салып алуға, азаматтық алуға, жұмысқа тұруға немесе кәсіпкерлікпен айналысуына жағдай жасау, Қазақстанға көшіріп әкелуден, тұрақтануына дейін толығымен көмектесетін арнайы ұйым құру.
Қазіргі таңда репатриант қазақтардың тарихи отанына оралуы халқымыздың сан жағынан өсуіне әсер етіп, демографиялық жағдайды жақсарта түсуде. Егеменді еліне оралып, азаматы атану, атажұртты түлету, елін көркейту олардың басты арманы. Шетелдегі қазақтарың иммиграциясы халық санының артуына және жалпы сандағы байырғы халық үлесінің көбеюіне септігін тигізері анық.
Сонымен қатар қай жерге қоныс аударса да сол этностық топ басқа ұлт өкілерімен тығыз қарым-қатынасқа бара отырып, рухани және материалдық құндылықтармен алмасады, басқа ортаның кейбір этностық мәдениет ерекшеліктерін қабылдайды. Олай болса, тарихи отанына оралған қандастарымыздың өзіндік мәдени ерекшеліктеріне үрке қарамай, олардың мәдени өзгерістеріне де түсіністікпен қарауымыз керек. Оларың ішінде халқымыздың ұмытыла бастаған тамаша қасиеттерін тірілтуге, өткеннің өнегесінен үйретуге баулитын қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, кәсіпкерлер аз емес екенін де ұмытпаған жөн. Сондықтан елге оралған отандастарымызға бауырмашылық көрсетіп, олардың өз елінде өгейсімей, ортамыздан орын тауып, елге сіңіп кетулеріне жағдай жасауымыз қажет-ақ.
Мадияр БАҚЫТЖАН,
магистрант