БАЛҒАБЕК ҚЫДЫРБЕКҰЛЫ АТЫНДАҒЫ ЖҮЛДЕ
Сатира сарбаздары! Ауызы дуалы, тумысынан сайқымазақ, әзіл-қалжыңды қанжығасына байлап өскен қалжыңбас қалың көпшілік, “Егемен Қазақстан” газеті өзінің “Сөз сойыл” әзіл-сықақ отауында жарияланатын өткір де өтімді, салмақты да сайқымазақ, шалымды да шат-шадыман әзіл-оспақ туындыларға, нақты да нанымды фельетондарға – Балғабек Қыдырбекұлы атындағы жүлдені жалғастырады. Жүлделерге берілер арнайы диплом, жетпіс бес мың теңге сый-сыяпатымыздың бар екенін ескертеміз. Атсалысыңыздар, бақ сынаңыздар.
Жүлде шарттары:
Жүлдеге сатира-юмор, фельетон, әзіл-оспақтың барлық айдары арқылы берілген материалдар қатыса алады. Көлемі 3 беттен аспауы тиіс.
Бәйге материалдары – жарияланған сатиралық туындылар ішінен сұрыпталып алынады.
Жеңімпаз арнайы құрылған сарапшылар алқасы арқылы анықталады.
Жүлде жеңімпазы жыл басында (келесі наурыз айында) анықталып, жарияланады.
ТОПАЛАҢ ТОЙ
Несін айтасың, жаңа жылдың алғашқы күні дүрілдеп той өткелі жатыр. Былайша, екі жастың отырғанына қарағанда, үйлену тойы сияқты. Алайда сірескен ығайлар мен сығайлардың сықырлап отырысына қарағанда адам түсінбейтін бірдеңе болатын сияқты. Тағы бір жағынан қарағанда байлар мен мырзалардың бәсекесі сияқты ма! Бұл жерде қарадүрсін киінген қатардағы қарапайым пенделер жоқ, кілең сен тұр мен атайын, сен тоқта мен айтайындар.
Бір сағат өтті, екі сағат өтті, той басталатын емес.
– Неге басталмай жатыр.
– Пәленше-екең келмей жатқаны.
– Қашан келеді?
– Келіп қалар.
Сәтін салғанда Пәленшекең де келіп қалды. Әлгінде ғана сіресіп, тіресіп, омалып отырғандар, ойпырмай, көбелектей көлбеңдеп, жапалақтай жалбаңдап, қатып қалған қатындар қанаты болса ұшып кете жаздады. Музыка жер жаңғырықтырды. Пәленшекең осы құбылыстың бірін сезбестен, көрместен, байқамастан, қарамастан, сәлемдеспестен төрге озды. Жанында жазда да жанат жамылып жүретін жан жары.
Той тойбастарсыз-ақ, беташарсыз, батасыз-ақ басталып кетті.
Асаба бар өнерін салып тойдың басталғандығы, оған іздесең таба алмайтын, шақырсаң келе алмайтын, өңің түгілі түсіңде көре алмайтын, құдай да емес, бірақ құдайдан былай да емес, жігіттің туған әкесі Пәленшекеңнің тап, нақ, тура өзі келгенін қадап-қадап айтты. Жұрт ду қол шапалақтады. Пәленшекең мыңқ етпек түгілі, шұрқ еткен де жоқ.
Пәленшекеңнен басқалар мен қасқалар да олқы емес екен! Төрағалар, президенттер, генералдар, әкімдер, директорлар, бизнесмендер, қаладағы қалталылар, ауылдағы малталылар...
Асаба тілден ақсап тұрған жоқ, қақсап тұр. Өзі ақын, өзі әнші, өзі композитор, өзі актер. Өзі айтқандай, “қырық қырлы, сексен сырлы”. Ол тойға келгендердің аты-жөнін, шен-шекпенін, жеті атасын, туған жерін, ру-тегін, ілім-білімін, орден-медалін, ең ақыры мініп жүрген мәшинесінің маркасына дейін марапаттап өлеңдетіп айтып берді. Әрине, ду-ду қол шапалақтар жауып жатыр.
Той тап-таза орыс тілінде жүргізілетін болды. Оллаһи, ортасында бір орыс жоқ. Асаба ағып тұр.
– Эй, громче! – деді бір ығай.
Асаба қырандай саңқылдады.
– Эй, молокосос, по тише, мы неглухие! – деді бір сығай.
Асаба байғұс терін сүртіп қайда қарарын, кімге бағынарын білмей бәсеңдеп қалды.
– Ты, продолжай! – деді күйеу бала көзін бақырайтып.
Сасқан асаба байқамай қазақшалап жіберді.
– Говори по-русский! – деді келін бала.
Той басқарушы бар өнерін салып сөйлеп-ақ жатыр. Тіпті кейбір шілтиген шенеуніктердің зеки сөйлегеніне шақша басын бір иіп қойып, “сіз дұрыс айтасыз” деп әрі қарай заулай жөнеледі.
Алғашқы сөзді қыз бен жігіттің әкелері алды. Екеуі бірін-бірі жаңа көргендей бір-біріне өктем қарады да сөйлеп кетті... жоқ, қағазын оқып кетті. Оқып болған соң жігіт әкесі өз ұлына “Мерседес”, қыз әкесі өз қызына “Джип” кілтін тапсырды.
Сол сол-ақ екен, сөз де, тос та, той да қыза жөнелді.
Ортаға погоны жарқырап біреу шықты.
– Уважаемый, то-есть многоуважаемый Пәленшеке, участники торжества... молодожені... Киястай, Гульшетай, я искренно, сердечно и горячо поздравляю...
Ұзын сөздің қысқасы, генерал екі жастың мәшинесі болған соң, оны жүргізу куәлігі болуы керек екенін ескеріп, екеуіне жүргізу куәлігін табыс етті. Және бұл екеуін жол полициясының тоқтата алмайтынын баса айтты.
Осыдан кейін құттықтау емес, құрметтеу жалғасып кетті. Академияның ректоры ортаға шығып Гульшетайдың өте жақсы оқып жүргенін, түбінде одан министр шығатынын айта келіп, оған академия дипломы 2 жыл бұрын беріліп отырғанын ерекше мақтанышпен айтты. Дипломды жұрт көзінше ректор отырған қызға өзі барып табыс етті. Жас келін есі кетіп, алдындағы стол үстіне шығып билеп кетті, қарғыды, секірді, шыңғыра қуанды.
Дәл осы кезде ортаға шақырылмай-ақ біреу шыға келді. Ол Қиястайдың университетті өте жақсы бітіріп отырғанын, диплом жұмысының ғылым кандидаты диссертациясынан да асып түскенін, соған сәйкес оған ғылым кандидаты дәрежесі берілгенін хабарлады.
Асаба сөздің майын орысша тамызып тағы бір дөкейге дөп келтірді.
– Я молодоженам подарю 3-х комнатную квартиру, – деді ол басы да жоқ, аяғы да жоқ.
– Мына сорлының пәтері несі? Коттеж сыйламай ма? – деп ұлдың әкесінің қатыны таңқы мұрнын тыржитты.
– Ертең көрем ғой әуселесін! – деді еркегі әукесін салбырата.
– Мен бүкіл Еуропаны аралап қайтатын жолдама сыйлаймын, – деді бір май бет.
– Иә, біз жолдама таба алмай отыр едік, – деді келіннің шешесі шүртиген ернін қайыстай созып.
Үзілістен кейін әдеттегідей той қайта жалғасты. Бірақ Пәленшекең және біраз ығайлар мен сығайлар дәлелді себептермен кетіп қалыпты.
Бір кезде орыс та емес, қазақ та емес бір жартылай жалаңаш топ жалаңдап шыға келді.
– Қияска и Гульшетай, біз усында куріп отырық. Сендей той істеп, біс келіп отырық. Жаңағы рахатты байқап жатырық, нетіп. Неке жаңағы қотты босын, жаңа ұзын болсын. Бір просты сендерді нетеміз. Екеуің де сондай күштісіндер! Сол үшін сендер “горька!” – дегенде басқа жастар шыңғырып жіберісті. Ана екеуі де соны күтіп-ақ тұр екен, тұра айқасты.
Қиястың ата-бабасы туған елден келген аудан әкімі бас қосқан екі жасқа ауданның “Құрметті азаматы” атағын беріп еді, оған Қияс пен Гульшетай таңданып “что за подарок?” десіп біріне-бірі қарап қалды.
Уақыт өте келе бір қарасақ, ресторанның бір бұрышында “Камазға” жүк болатындай дүние-мүлік жиналып қалыпты. Мұның ішінде не жоқ десеңізші. Ең ақыры, тордағы күшік пен мысыққа дейін бар.
Осы кезде ойда жоқ жерде екі қатынның, анығын айтқанда екі құдағидың кәдімгі қазақша қақтығысы жұртты өзіне жалт қаратты. Ұрыс 93 бензин құйғандай бірден лап ете түсті.
Той басқарушы әлгі екеуге еркелеп барып:
– Апатайлар, қазақта “бай мен бай құда болса...” – деп келе жатыр еді, шұбар қатын:
– Әй, саған не сөз керек, артыңды қыс! – деп қойып қалды. Сосын құдағиына екпіндеп барып, ежірейе қарап:
– Сенің байың Пәленшекең болса, менің байым Түгеншекең! Сенікі анадай болса, менікі мынадай! – деп білегін түрді. Ана қатын да олқы емес екен, омалған орнынан ошарыла көтерілді де... Қатынша төбелес, қатынша боқтық бастала бергенде, төрдегі дөкейлердің бірі басу айтып еді, ақ қатын “арс” ете түсті.
– Сен де бізге төрелік айтатын дәрежеге жетіп қалдың ба?! Албасты, алдымен өзіңе қара! Міндетсіп отырғаның бесплатный гарнитур ма, алып кет әрі! Ондайдың маған күніге екеуі келіп, үшеуі кетеді!
Дөкей еденді дүңкілдетіп қашты.
Қорқамыз ба, біз де қаштық!
Бұл тойдың, әлгі айқастың соңы емес, осы әңгіменің соңы. Жыл басы ғой, аржағын кейін біле жатарсыздар.
Сейіт КЕНЖЕАХМЕТҰЛЫ, Астана.
ӨКІНІШ
Қылмыс өршіп-ақ тұр. Әсіресе пәтер тонаушылар саңырауқұлақтай қаптады.
Рас, менің үйімде олар тонай қоятындай ешнәрсе жоқ... Ескі жиһаз, атамзаманғы мүлігім кімге керек десем де ұры-қарыдан сақ болған жөн. Сонда да сол ұры-қарыны көргім келеді де тұрады...
Келіп қалар деп күдіктенгендікі ме, алғаш екі-үш күн елегізе күтіп, өзімше қолыма қару ұстап есік түбінде отырған болдым.
Күте-күте күдер үзіп, бір күні көрші атаулыға біраз күнге ауыл аралауға кеттім деп те көрдім... Бұзып- жарып кірмек түгіл есік қаққан пенде болмады.
Дымы жоқ пәтерге кім баса көктеп кірсін.
Ұры-қарының жолай қоймағанына өкінген болып, қайтер екен деп шыға беріс есікке пәтер нөмірімді бадырайта жазып: “Сырт жерден ауласымен үй сатып аламын. Есептесу қолма-қол” деп жарнама іліп қойдым.
Ал үйдегі атамзаманғы ескі сандық аузына нән құлпы салып, сыртын оңайлықпен бұза қоймас темірмен шандып байлап қойдым.
Жарнама ілгеніме де жарты айдан асты, тонау тып-типыл... Тек көршілердің сәлемі аса ілтипатты... Кейбірі қалжыңдап: “Қаражат “банкіде” шығар?” дейді. “Өкіметтің банкісіне сенім жоқ. Бүгін бар, ертең банкрот... үйдегі сандық аман болсын” деп қоямын.
Бәсе, сатуға алаңқайда үйі барлар келе бастады. Сөйлесіп отырып бұрыштағы сандыққа сұқтана берген соң, “Сандықтың құлпысы кодпен ашылады. Сырты ескірген ағаш болғанымен іші темірмен қапталған” деймін.
Бұлардың ұсынысын бағып, үйіміз 4 бөлмелі каркастан десе, маған кірпіштен кемі 8 бөлме керек еді деймін... Тегі болмай тығырыққа тірелсем тұрған ауданын ұнатпай тайқып шыға келемін... Ұсынысын естіп, “ұнатпауды” меңгеріп алдым.
Ойпыр-ай, біреулер не керек-тің бәрі бар үйін ұсынып, әйтеуір одан да айламды асырып құтылғаным бар.
Не керек, ұрыны күте-күте көзім талды... Күн өткен сайын солардың маған бұйырмағаны ма деп өкініп те қоямын.
Е, ескі жылды танысымның үйінде шығарып салып, барыс жылының алғашқы күні үйіме келсем... үй іші астан-кестең, бұрыштағы сандық көрінбейді... Есік бүтін, пәлекеттер балконнан кіріпті.
Сөйтіп, бет-жүзін көре алмасам да, үйіме ұры түсіп ғажап болды! Салмағы зілдей ауыр, жыл бойы қоқысқа шығара алмай жүрген сандығым ішіндегі көр-жерімен қолды болыпты... Ішімнен тіптен керексіз заттарымды әкетіп “көмек көрсеткен” ұры-қарыға аса риза болсам да, пәлекеттермен көзбе-көз, бетпе-бет келмегеніме өкініп отырмын...
Аударған Бақтыбай ЖҰМАДІЛДИН.
Е, БӘСЕ
Ойпыр-ай-ә, ғұмырымда алғаш рет шығар, барыс жылының алғашқы күні еш проблемасыз есеңгіреп отырғаным... Күнде күйбең тірлік бітпеуші еді... үлкені тұрмақ ұсақ-түйек те қалмаған ба ей! Күндегі қат-қабат қарбаластан да қара үзіппін.
Мүмкін емес, тірі адамның тірлігі бітпес деген қайда!? Шынымен де бар проблемам шешілген бе ей?!. Мүмкін... қара басымды қамдағалы қашан. Пендеге керектің бәрі бар. Қатарымнан қара үзгелі де біраз болды. Мұндайды “не ішемін, не киемін демейді” деуші ме еді.
Шынымен де тып-типыл-ей! Ең құрығанда кішігірім мәселе де қалмаған ба?! Бұным – мықтылығым! Десек те неужели бәрі бітіп қараң қалған!.. Әйел де әшейінде үйіп-төгуші еді, қам-қарекеткіз ұйқыда жатысы мынау. Бала-шаға да үнсіз. Бас біріге қалғанда құрығанда екі-үш өтініш-талап айтылмай қалмайтын. Е, көбі баяғы “анау керек, мынау керек” болып жатушы еді, ойпыр-ай, бүгін соның бірі де айтылмапты ә!
Телефон да үнсіз. Әншейінде күніне кемі екі-үш іс-шараны ноқталап жатушы еді. Не дос жаран, не ағайын-туыстың хабар бермегені қызық! Тыныштық керек десем де, мынандай өлі тыныштық орнағанда кәдімгідей елегзиді екенсің...
Шынымен де еш проблема қалмапты!
Ойпыр-ай, осыны ойлап жатып көз ілмей таңды да атырғаным ба! Қой тұрайын, көлігіме мінейін, саяжайға барайын. Мүмкін сонан істер іс-шара шығар, қам-қарекет табылар... Тегі болмаса қолыма күрек алып, топырақ қопсытармын, тал-терек суғарармын.
...Рөлде келе жатқанымды білемін, түн баласы көз ілмей қалғып кеткен екенмін... Қол-аяқ таңулы ауруханада ес жиыппын. Қасымда әйел: “Жедел жәрдем көпшілік ауруханаға әкеліпті. Ана әйдік ақылы ауруханаға ауыссаң. Шыққан, сынғандарыңның жымын білдірмес үшін ана аты шулы оташыға хабарлассаң... Қаққан, мылжа-мылжасын шығарған ана көлік иесіне айтарыңды айтсаң” дейді.
Е, бәсе, міне, проблема! Ойпыр-ай, еш проблемасыз қалған жылдың алғашқы күні есіме түссе денем тітіркенеді, тұла бойым түршігеді.
Алдымен аман қалғаныма, сонан соң өзінен-өзі туындаған проблемаларға тәуба дейін!..
Мағжан ДАНИЯР.Алматы.