Бизнес • 08 Қазан, 2019

Орта бизнестің үлесі төмендеп кеткен

358 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кәсіпкерлікті сипаттағанда оның нарықтағы, ішкі жалпы өнімдегі, экспорттағы үлесіне қатысты көңіл толмайтын деректер орын алып отыр. Соңғы үш жылда негізгі қорларға салынатын инвестиция көлемі азайып, осының салдарынан бизнестің болашаққа деген сенімсіздігі байқалады.

Орта бизнестің үлесі төмендеп кеткен

Заңгерлер қауымы алдында шағын және орта бизнеске қатысты жасаған баяндамасында «Атамекен» ҰКП басқарма мүшесі, басқарма төрағасының орынбасары Рүстем Жүрсінов еліміздегі кәсіпкерлік ахуалдың түйткілді мәселелерін қозғады.

Биыл оныншы рет өтіп отырған Заң форумының ұйымдастыру­шылары «Атамекен» ҰКП және Lincoln Company сот өндірісі жүйесін оңтайландыру мен же­ңіл­дету, инвестициялық даулар­ды шешудегі тұрақтылық мәсе­лесін қозғап, үш жүзге жуық заң­гер, Жоғарғы сот өкілдері мен тиісті министрліктердің мамандары, шетелдік заңгерлер бес секция бойынша кездесулер өткізді.

«Кәсіпкерлер палатасы үшін маңызды жобалардың бірі – көкейкесті мәселелер реестрі. Онда бизнес саласы өкілдерін толғандырған барлық ұсыныстар тіркеледі. 2017-2018 жылдарда шағын және орта бизнестің үлесі 28 пайызды құраса, өткен жылы 20 мыңнан астам бизнес орындары жабылып қалған. Оның ішінде сауда, құрылыс саласы басым. Сондай-ақ ауыл шаруа­шылығы, білім саласында еңбек өнімділігінің төмендеп кеткені алаңдатады» деген Рүстем Жүр­сінов отандық кәсіпкерлік нары­ғын Шығыс Еуропадағы ахуал­мен салыстыра қарастырды. Атал­­ған елдердегі реформалар­да ұқ­сас­тық бар. Бірақ еліміздегі бір миллионнан астам кәсіпкер­дің 0,1 пайызы ірі компаниялар бол­са, оның 0,2 пайызы ғана орта санатқ­а жатады. Ал Чехия мен Поль­ша елдерінде орта кәсіп­кер­лікпен айналысатындар 18 пайызды құрайды.

Шағын және орта бизнес экспортқа жұмыс істемейді. Сон­дықтан да мемлекеттік орган­дар­мен орта класты қалып­тас­тыру мәселесі талқылануда. Яғни бизнесті ірілендіруде қан­дайда бір қолдау шаралары қажет. Қазіргі кезде мем­лекет­тік деңгейде шағын және орта бизнесті қолдауды қайта қарас­тырып, субсидиялау, әкім­шілік айыппұл, т.б. қайта қарау ұсы­нылуда. Сонымен қатар Үкімет тапсырмасына орай бақылаусыз экономиканың әдістемесі жасалып, Статистика комитетімен бекі­тілді. Кәсіпкерлер палата­сы­ның мәліметтері бойынша көлең­кедегі экономиканың үлесі 29,88 пайызды құрап, 16 трлн теңгеге жеткен. Оның ішінде сауда, құрылыс, ауыл шаруашылығы, транспорт логистикасы көш басында тұр.

Сонымен қатар Үкімет бас­шы­сының тапсырмасымен биыл мем­лекеттің экономикаға қаты­суы бойынша сараптама жасау үшін жұмыс тобы құрылды. Осыған орай «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында үш мәселе қарастырылып, бірінші кезекте мемлекеттік тапсырыс мәселесі талқыланған. Жылы­на бөлінетін 400 млрд теңге қаражаттың 198 млрд теңгесі «Қазавтожолға» тиесілі болса, 170 млрд теңге мемлекеттік тап­сырысқа кетеді. Ендігі кезекте осы қаражаттың 40 млрд тең­геге жуығын бизнеске беру керек­тігін атап өткен Рүстем Жүр­сінов республикалық АҚ, ЖШС, РМК деңгейіндегі 320 нысан­нан жекешелендіруге – 40, бірік­тіруге – 50, ұйымдастыру-құ­қық­­тық бағытын өзгертуге – 16, жұ­мысын тоқтатуға 2 нысан ірік­тел­гендігін жеткізді. Соның нәтижесінде үнемделген қаражат көле­мі 134 млрд теңгені құрап отыр.

Ендігі кезекте кәсіпкерлік нысандарды тексеру тікелей салық төлеушінің келісімімен жүзеге асатынын жеткізген Р.Жүр­сінов Жоғарғы сотпен жа­сал­ған жол картасы, сонымен қатар кеден, салық, трансферт, бухгалтерлік есеп жүргізуге бай­ланысты соттарды оқыту мәсе­лесіне де тоқталды. Жоғарғы сот­­тың мамандандырылған сот ал­­қа­сының төрағасы Айгүл Қы­дырбаева заңгерлік қоғам­дас­тық қалыптастырудың ерекше­лі­к­теріне тоқталса, «Ата­мекен» ҰКП Заңнама және өзін өзі рет­т­еуді дамыту департа­ментінің бас­қарушы директоры Лаура Мерсалимованың айтуынша, заңнамаларды жетілдіру мен кәсіпкерлер үшін бизнес климатты жақсартуға байланысты соңғы алты жылда әкімшілік кедергілерді жою, кәсіпкерлердің қаржылық шығындарын азайту мақсатында көптеген істер атқа­рылған. «Атамекен» ҰКП бизнес­ке ықпал ететін барлық құқықтық заңнамалық актілерді жетілдіру үшін 29 мың сараптамалық қорытынды жасаған. Бүгінде заңнамаға өзгерістер енгізуге байланысты мемлекеттік органдар тиісті жұмыстар жүргізуде, оның ішінде бизнес климатты жақ­­­сарту­мен қатар әкімші­лік ке­дер­­гі­лер­дің қайталанбауы үшін заң­намаларға арнайы то­лық­тыру­лар ұсынылуда. Сон­­дай-ақ кәсіп­керлікті жүргізу мен да­мыту­ға тікелей ықпал ететін ма­­­ңызды құжаттар – эколо­гия, ден­саулық саласына қа­тыс­­­ты заң­намаларға өзгеріс­тер енгі­зіледі. Бүгінге дейін нем­құрай­ды жүзеге асып келген заң жобаларын қоғаммен талқылау мәсе­лесі де жолға қойылмақ. Мем­лекет басшысының тапсырмасына орай кәсіпкерлердің ар-намысына қатысты нормалар да кәсіпкерлік кодексіне ен­гізілмек. Бүгінде кәсіпкерлерді алаңдататын мәселелер арнайы реестрде тіркелген. Сондықтан да кез келген кәсіпкер сайт неме­се әлеуметтік желілердегі па­рақ­шалар арқылы өзіне қажетті ақпа­рат­тарды алып, дер кезінде хабардар болып отыруына мүм­кіндігі бар.

Бизнесті қылмыстық-құқық­тық қорғау мәселесінде Джохар Утебеков кәсіпкерлер сауалдарына жауап беріп, аймақтарда орын алған олқылықтарға тоқталды. Ал «Атамекен» ҰКП кәсіпкерлерді құықтық қорғау департаментінің директоры Олег Савеленко Жоғарғы сот, құқық қорғау органдары, Бас прокуратура, соттар, т.б. мамандардан құралған топ жұмысына тоқталып, заң бұзған кәсіпкерлерді жауапкершілікке тартуда нақты дәлелдердің бас­шы­лыққа алынатынын жеткізіп, іс-тәжірибеде өзінің салықтық төлемдерін азайтуға әрекет жасайтын кәсіпкерлер үшін айыппұл тәртібін жасауға байланысты нақты ұсыныстарды атап өтті. Маман келтірген статистикалық мәліметтерге сәйкес 2016 жылы 216-бап бойынша – 274, 2017 жылы – 289, 2018 жылы 121 қылмыстық іс қозғалған.

Бизнесті жүргізудің құқық­тық мәселелері әрі қарай жер қой­науларын пайдалану мен энер­гетика секциясында жалға­сып, барлау жұмыстарын қаржы­ландыру, өндіру мен табиғатты пайдаланушылардың заң аясында жұмыс істеуі, экологиялық қауіп­сіздік тақырыптарына ұлас­ты. Ал медицина және фармацевтика секциясында денсаулық саласындағы құқық, денсаулық кодексіне қатысты мәселелер қозғалса, құрылыс нарығы секциясында «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асырудың құқықтық сипаты, тұрғын үй салу үшін жер учаскелерін берудің заңнамасына қатысты сараптама жасалды.

Форумның IT-құқық секциясында мамандар Biq Data, ақылды қалалар, цифрлы активтер, блокчейн, венчурлық қаржыландыру, салық саласына енгізілетін өзгерістер бойынша пікір алмасып, бизнеске жасанды интеллекті енгізу мәсе­лесін қозғады. Кәсіпкерлерге сот актілерін іздеуге және сот істері­нің ықтимал аяқталуын болжауға, соттардың жүктемесін азайтуға, сот актілерінің ашықты­ғын, сот тәжірбиесінің біркелкі болуын қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге ықпал ететін жасанды интеллект жобасын Қазақстан-Британ техникалық университетінің және Назарбаев университетінің Жа­санды интеллект зертхана­сының қызметкерлері жүзеге асырады. Жасанды интеллекті енгізу 2019 жылы жол картасы аясында «Атамекен» ҰКП Жо­ғар­ғы сотпен бірлесе отырып жүзеге асырады. Іске асыру үшін арнайы құрылған жобалық кеңседе АҚШ-тың (IBM Watson, Legal Aid), Францияның (Soft Law), Ресей­дің (РосПравосудие, Кон­суль­тантПлюс) қолданыстағы жү­йе­лерінің тәжірибесі зерттелген.

Екі күнге созылған форум республика кәсіпкерлерінің заң тұрғысындағы көптеген түйткілді мәселелерін ортаға салып, сала мамандарынан кәсіби кеңес алуға мүмкіндік берді.

 

АЛМАТЫ