«Қазір біз 100 жобаның дамуын қадағалап отырмыз, оның жартысы келесі жылдың соңына қарай аяқталатын болады. Егер жалпы сала бойынша қонақ үйлерді, турфирмалар мен орналастыру саласын алсақ, бүгінде тікелей жұмыспен қамтуда 120 мың адам қамтылған. Егер біз көлік, мәдениет, орналастыру саласын қарастыратын кеңейтілген тізімді алсақ, онда 300 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Мемлекеттік бағдарлама аяқталған соң 2025 жылы біз 70 мыңға жуық жаңа тұрақты жұмыс орнын қосуды жоспарлап отырмыз. Жаңа инвестициялардың келуі есебінен жаңа нысандар салынып, жаңа жұмыс орындары құрылатын болады», деді Қ. Сәдуақасов.
Сонымен қатар туризм саласында кадрлар бірнеше ЖОО-да оқытылады. Биыл туризм және қонақжайлылық жөніндегі халықаралық ЖОО тіркелді және жақын арада өз жұмысын бастайды.
«Жастар үшін перспективалар зор. Егер бұрын адамдар туризмге қандай да бір пайдасы немесе емтихандарын тапсыру жеңіл болғандықтан түссе, қазір біз саналы түрде таңдауды көріп отырмыз. Жастар саланың динамикалы дамып жатқанын, шетелдіктер ағымын, халықаралық іс-шараларды көреді», деді спикер.
«Kazakh Tourism» ҰК АҚ төрағасының орынбасарының айтуынша, мемлекет туризм саласындағы шағын және орта бизнестің құрауыштарын ұлғайтуға барынша ниетті.
Шағын, орта және ірі бизнестің бірқатар артықшылықтары бар. Мәселен, ірі бизнесте тау шаңғысы курорттарын салу, жол бойы сервисі желілерін, қонақүйлер ашу және т. б. үшін 10 жылға дейін салықтан, кеден бажынан босатылу, жер телімі түрінде грант алу секілді артықшылықтар алуға болады.
«Туризм саласына бизнестің қатысуы шағын және орта бизнес деңгейінде. Ірі бизнес бірлі-жарым, үлкен инвестициялар келетін жағдайлар көп емес. Сондай-ақ «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бар. Онда шағын және орта бизнес кемпингтер, қонақ үйлер, тақырыптық парктер, тау шаңғысы курорттарын ашуға жеңілдікті пайыздық мөлшерлемемен қаржыландыруға ие бола алады. Туристификация картасына кірген аумақтарға, мемлекеттік бағдарлама аясында біз таңдаған топ-10 аумаққа басымдық беріледі», деп қосты Қ. Сәдуақасов.