Қазақстан • 08 Қазан, 2019

Қазақстан-Германия арасында 700 млн еуроның инвестициялық жобалары жүзеге асады

315 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Берлинде Linde Gas, SMS Group, CLAAS Group, Barit Gmbh және т.б. компаниялармен ынтымақтастық перспективалары талқыланған Қазақстан-Германия бизнес-форумы алаңындағы келіссөздер аясында 700 млн еуро көлемінде инвестиция салу жөніндегі келісімдерге қол жеткізілді. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан-Германия арасында 700 млн еуроның инвестициялық жобалары жүзеге асады

Тиісті жобаларды жүзеге асыру туралы құжаттарға 2019 жылғы желоқсанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германия Федеративтік Республикасына ресми сапары аясында қол қою жоспарлануда.

Форумға екі елдің 200-ден астам іскер топтар өкілдері қатысты. Іс-шара барысында перспективасы бар сауда-экономикалық, инвестициялық жобалар талқыланды, өзара тиімді серіктестікке арналған жаңа мүмкіндіктер мен салалар таныстырылды.

Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр бастаған Қазақстан делегациясының құрамында Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Санжар Жаркешов, Сауда және интеграция вице-министрі Азамат Асқарұлы, сондай-ақ «Бәйтерек» холдингі, «Самұрық-Қазына» қоры, бейіндік мемлекеттік органдар, облыс әкімшіліктері, ұлттық компаниялар мен бизнес өкілдері болды.

«Экономикалық дамудың шикізаттық векторынан алыстау үшін Қазақстан отандық экономиканы жаңғырту мен индустриаландыруды қолға алды. Жаңа саясаттың іргетасы индустриалды-инновациялық және «жасыл» экономика негіздерін құру болып табылады. Бұл тұрғыда қазақстандық кәсіпкерлердің мақсаты жаңа технологиялар мен инновациялар саласындағы көшбасшы ретінде Германия компанияларымен серіктестік орнату болуы тиіс. Цифрлық технологияны, сондай-ақ Индустрия 4.0 элементтерін енгізе отырып құрылатын жаңа салаларды дамыту аса өзекті», деді Үкімет басшысының орынбасары Р. Скляр.

Бүгінгі таңда Германия – Қазақстанның алдыңғы қатарлы сыртқы экономикалық серіктестерінің бірі. Соңғы 14 жылда неміс компаниялары  Қазақстан экономикасына 5 млрд АҚШ доллары шамасында инвестиция салды. Неміс статистикалық ведомствосының мәліметіне сәйкес, 2018 жылдың қорытындысы бойынша сауда айналымы 8,6 млрд еуроны құрап, тарихи жоғары көрсеткішке жеткен.

Одан басқа қазіргі уақытта Қазақстанда Германия капиталының қатыстуымен 900-ден астам компания қызмет етуде. Сондай компаниялардың бірі – техникалық газ өндірумен айналысатын Linde Group компаниясы толығымен өз есебінен 300 млн доллар көлемінде капитал салуды қамтамасыз ету арқылы тікелей инвестицияларды жүзеге асырып жатқандықтан, үлгілі инвестор болып саналады. 

«Бүгінгі Қазақстан – тиімді бизнес жүргізу үшін жаңа мүмкіндік. Қазақстанға арналған өсу болжамы таңқаларлық. Мысалы, ЕАДБ болжамы бойынша 2019 жылы ЖІӨ 3,5%-ға өсуі мүмкін. 2020 жылға арналған болжамдар да Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақтағы өсу қозғалтқышы екенін көрсетеді. Оң бағыттағы даму Қазақстан-Германия экономикалық қатынастарына жағымды ықпал еткеніне біз қуаныштымыз: жылдың бірінші жартысында  тауар айналымы 2,7 млрд еуроны құраған. Германияның Орталық Азия аймағындағы саудасының 80%-ы бұрынғыдай Қазақстанға тиесілі», деді Герман экономикасы Шығыс комитетінің басқарма мүшесі, «Кнауф» компаниясының Бас серіктесі Манфред Грундке.

Сонымен қатар Қазақстан тарапы Герман экономикасының Шығыс комитетімен бірлесіп, «Сауда-экономикалық ынтымақтастықтың Жол картасы» жобасын әзірледі. Инвестициялық жобалар тізімін қамтитын бұл құжатқа Мемлекет басшысының алдағы сапары аясында қол қою жоспарлануда.

«Бұл форум Қазақстан мен Германияның саяси, экономикалық және сарапшы топ өкілдері үшін тиімді алаң болды. Қазақстан инвестиялық климатты жақсартуға бағытталған реформаларды біртіндеп жасауда. Кәсіпкерлермен ашық диалог орнатылып, инвестиция тарту үшін инфрақұрылым жетілдірілуде. Жақын уақытта форум алаңында қол жеткізілген келіссөздер нәтижесінде жаңа бірлескен кәсіпорындар, өндіріс орындары іске қосылатындығына сенімдімін», деді «Kazakh Invest» ҰК» АҚ тәуелсіз директоры Ульф Вокурка іс-шараның панельді сессиясында сөйлеген сөзінде. 

Форум барысында сондай-ақ «Қазақстан және Германия: жаңа бағыттар, жаңа өнеркәсіп, жаңа ынтымақтастық», «Жаңа экономика және өндірісті цифрландыру», «Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы Қазақстан-Германия ынтымақтастығы», «Геологиялық барлау, жаңа энергетика және өнеркәсіпті экологияландыру» тақырыптарында төрт панелдік талқылау өтіп, тараптар IoT («заттар интернеті»), логистика, энергетика, агроөнеркәсіп кешені, геологиялық барлау, экономика, өнеркәсіп пен қала инфрақұрылымын цифрландыру мен экологияландыру, білім беру және қазақстандық кадрлардың біліктілігін арттыру сияқты өзекті бағыттар бойынша пікір алмасты.

Пікірталас қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан – Германия бизнесінің Орталық Азиядағы сенімді серіктесі әрі біздің еліміз ЕО-ның ОА-ға арналған жаңа Стратегиясын жүзеге асыру, Еуропа мен Азия қарым-қатынасы жөніндегі ЕО Стратегиясы аясында,  сондай-ақ «Белдеу және Жол» бастамасы бойынша еуропалық елдердің экономикалық мүддесіне жетекші болуы мүмкін деген пікірге келді.

Қазақстан-Германия бизнес-форумы Сыртқы істер Министрілігі, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ, ГФР-дағы ҚР Елшілігі және Герман экономикасының Шығыс комитетімен ұйымдастырылды.