Руханият • 14 Қазан, 2019

Нұрлыбектің домбырасы

354 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жақсы көріп, жаның қалаған істі кәсібіңе айналдыру қаншалықты қиын? Атыраулық шебер Нұрлыбек Бисенбаев бұл сауалға «қиын емес» деп жауап береді.

Нұрлыбектің домбырасы

Ол кішкене кезінен шығар­машылыққа жақын болып өсті. Қолына түскен дүниеден көңілі қа­лаған басқа бір затты оп-оңай жасап шығара қоятын. Ал қазір ағаштан түйін түйген хас шебердің өзі. Әкесі – елге бел­гілі жыршы-домбырашы Тұр­лан Бисенбаев та баласының осы қасиетін аңғарса керек, бар білгенімен бөлісті. Музыка пә­нінің мұғалімі мамандығын оқығаны да Нұрлыбектің талабын ұштай түсті. Махамбет ауда­нындағы Береке ауылында 2008 жылы отбасы болып шағын шеберхана ашқан. Кейін «Нұрриза» деген атаумен өзінің жеке шеберханасын іске қосып, төрт адамды жұмысқа алды.

Біз он саусағынан өнер тамған шебер жігіт туралы бұған дейін Ақпарат және қоғамдық даму ми­нистрлігінің қолдауымен жүр­­­гізіліп жатқан «Еңбекқор жастар» ақпараттық шарасы арқылы естігенбіз. Бойындағы талантын еңбекпен ұштастырған азамат:

– Бастапқыда ағаштан түрлі тұрмыстық бұйым дайындап жүрдік. Бірақ уақыттың өзі мені осы домбыраға алып келді. Қазір тек ұлттық аспап қана жасаймын. Сұраныс жақсы болғандықтан облыс орталығындағы «Көктем» сауда орталығынан орын алдық. Әсіресе кішкентай ұл-қызына домбыра алуға келетін ата-ана­лардың көптігіне қуанамын. Президенттің: «Домбыра аспабы – қайталанбас асыл дүние. Сондықтан мектепте домбыра үйрену сабағын енгізу – қажет әрі дұрыс бастама. Қазіргі жаппай жаһандану заманында халқымызға тән бірегей құн­ды­­лықтарды жаңғырта бе­руіміз қа­жет, – деген сөзі де құл­шы­ны­с­ты арттырды, – дейді

Қай дүниені де қолдан жасау оңай емес. Техникасын мең­гердім дегеннің өзінде, кейде ойыңдағыдай шықпай жатады. Табыстың кілті – талмай талаптануда, ерінбей еңбектенуде. Бұл ретте кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау мен қамқорлықтың маңызы зор. Жас шебер де «Ауылдық жердегі шағын және орта бизнесті қол­дау» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие алып, ойын жүзеге асырған. Нұрлыбектің алға қойған мақсаты осы кәсі­бімен тікелей байланысты. Ол шағын шеберханасының үлкен фабрикаға айналғанын армандайды.

 АТЫРАУ