Руханият • 16 Қазан, 2019

Ғылым қанатындағы ғұмыр

1370 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Тіліңіз тәтті, ойыңыз қандай! Тыңдадым, ұқтым жан күйіңізді. Болар ем күнде бір жасарғандай, Көп туса қазақ дәл сіз­дей қызды!...» Бұл жол­дар 1946 жы­лы за­ма­нымыздың көр­некті ақы­ны Қасым Аман­жо­ловтың Ұлттық ғы­лым академиясының ака­демигі Рәбиға Ғали­қызы Сыздықоваға ар­наған әнінен алынған. Рәбиға Ғалиқызы қазақ филологиясының дамуына өлшеусіз үлес қосқан аңыз тұлға. Оның тіл бі­лімі саласына қосқан үле­сі телегей теңіз.

Ғылым қанатындағы ғұмыр

Қазіргі уақытта қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруде Р.Сыз­дықованың орфография, орфо­эпия жөніндегі еңбектері ерек­ше өзекті болып саналады. Ғалым апамыз өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан бүгінге дейін өз құндылығын жоғалтпаған қазақ тілінің орфографиялық ережелері мен анықтамалықтарын жасады. Орфографиялық анықтама қазақ емле ережелеріне жүгінетін барша қауымның күнделікті жазу барысында пайдаланатын ең басты құнды құралы.

Рәбиға Ғалиқызының бала­лық және жастық шақтары елі­міздің тарихындағы ең қиын ке­зеңдерге тұспа-тұс келді: әкесі сол кездегі зиялы тұлғалар қа­та­рында репрессияға ұшырады жә­не 1937 жылы «халық жауы» ретінде атылды.

Он алты жасында Рәбиға Ға­лиқызы мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен және басқа да пән­дерден сабақ берген. Алғашқы педагогикалық жұмысы жөнінде: «Мен сабақ беремін. Тіл, әдебиет – екеуінен. Мұғалімі болмай, био­логиядан да сабақ беріп жүр­дім. Ең бірінші барғанда: «Ал балалар енді сендермен бақа, шаян, құрт-құмырсқа жай­лы оқимыз», деппін ғой. Сөйтіп тіпті бермеген сабағым жоқ, зоологиядан да, ботаникадан да беріппін. Сөйтіп сабақ беріп жүріп, кә­дімгідей ысылып қалдым, балалар тыңдайтын болды мені», дейді ғалым.

1945 жылы Абай хәкімнің 100 жылдығына арналған кон­фе­ренцияға қатысу үшін Қазақ­станның барлық аймақтарынан мұғалімдер Алматыға жиналды. Олардың арасында Рәбиға Ғалиқызы да болды. Сол конференция жайында апайдың өз сөзімен айтқанда: «Бір секцияда басқа облыстардан келгендерден кім сөйлейді, – деді. Қарап отырмай, қол көтердім. Бір есімде қалғаны оқулықтарда кететін емле қателерінің бар екенін айттым. Сонда жасы орта жас­тан аса берген бір адам келіп: «Қа­рағым, қайдан келдің, жақсы сөйледің, дұрыс сөйледің», деді. Сөйтсем бұл кісі академик Ісмет Кенесбаев екен. Келесі бір үзілісте әдемі бір «орыс» кел­ді қасыма. Келді де, тап-таза қа­зақша: «Өзің бір пысық қыз екен­сің, қайдан келдің?», деді. Бұл кісі – Мәулен Балақаев екен».

Жас және жігерлі қыздың сөй­леген сөзі назардан тыс қал­ған жоқ. Сол кездегі Қазақ педа­гогикалық институтын бас­қарған профессор Ахмеди Ысқақов жа­лындаған жастың ерекше қабілеті мен тілінің өткірлігін байқап, оны бірден филология факультетінің үшінші курсына шақырды.

Алпысыншы жылдардан бас­тап Рәбиға Ғалиқызы Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтында жұмыс істеді. Р.Сыздықова қатысқан ғы­лыми конференциялардың біріне М.Әуезовтің өзі кел­ді. Конференцияға қаты­су­шы­лар­дың барлығын тыңда­ғаннан кейін Мұхтар Омарханұлы жас ғалымды сөз сөйлегені үшін мақтады, оның баяндамасында көтерілген проблема лингвистер мен әдебиеттанушылар үшін маңызды екенін атап өтіп, талантын жоғары баға­лады. М.Әуезовтің кеңесі бо­йын­ша Р.Сыздықова Абай шы­ғармашылығын лингвис­ти­калық тұрғыдан зерттей бастады. Ұлы жазушының өсиеті өз жемісін берді. Республикалық ғылыми және қоғамдық ортада жоғары бағаланған «Абай шығармаларының тілі», «Абай­дың сөз өрнегі», «Абай өлең­­дерінің синтаксистік құры­лысы» сияқты күрделі еңбектер жазылды.

Академик Р.Сыздықова ең­бектерінде қазақ тіл білімінің әртүрлі салалары қамтылған. Көр­некті ғалым-филолог көп жылдар бойы жалпы түрко­логиялық зерттеулермен, қа­зақ әдеби тілінің проблемалары­мен, сөйлеу мәдениеті, қол­данбалы лингвистика және т.б. мәселелермен жан-жақты және байыпты айналысты.

1993 жылы «XV-XIX ғасыр­лардағы қазақ әдеби тілінің тарихы» монографиясы қайта басылып, толықтырылды. Алпы­сыншы жылдардан бастап Р.Сыз­дықова қазақ әдеби тілінің қа­лыптасу, даму кезеңдерін зерт­теді. Әдеби тілдің мәртебесін айқындау қағидасы туралы ғалымның өзіндік пікірі бар, соған сәйкес XV-XVII ғасырлардағы ақындар мен жыраулардың шы­ғармаларының тілі қашанда әдеби тілдің үлгісі болып табылады. Тарихи ескерткіштерді жан-жақты және кешенді түрде зерделеудің негізінде зерттеуші әдеби тілдің нормативтік негіз­дерін біріктіру мен дамыту тек жазбаша түрде емес, ауызша түр­де жүреді деген қорытындыға келеді.

Қазақ әдеби тілінің дамуы мен тарихы мәселелері ға­лым­­ның түркологиялық зерт­теу­лерімен тығыз байланыс­ты. Ортағасырлық «Жами ат-тауарих» ескерткіші тілінің лек­си­калық және грамматикалық ерекшеліктеріне (XVI ғасыр) талдау жасайды. Түркі тілдерінің оғыз және қыпшақ элементтерін салыстыру нәтижесінде зерттеуші жазба ескерткіш қазақ халқының рухани мәдениетінің тарихи мұрасы екендігін дәлелдейді.

Оның Қожа Ахмет Ясауидің (ХІІ ғасыр) хикмет тіліндегі мәтіндік зерттеулері – ғылыми қызығушылық тудыратын үл­кен еңбек. Р.Сыздықованың шы­ғармашылығы проблемаларды терең зерттеуімен және тілдік деректердің кеңдігімен ерекшеленеді.

Ғалымның ғылыми-зерттеу­лерінде сөйлеу мәдениетіне қатысты теориялық және қолдан­балы мәселелер маңызды орын алады. Қазақ әдеби тілінің теориясы оның әлеуметтік функциялары мен нормативті процестерінің дамуы тұрғысынан қарастырылады. Ол өз еңбектерінде норма, кодификация, сөйлеу және т.б. сияқты лингвистикалық ұғым­дарды терең талдап ашып бе­реді. Тілдік норма мен оның кодификациясының мәселелері, қазақ орфографиясы мен пунк­туациясының негізгі ере­же­лері, қазіргі қазақ тілінің лек­сикографиялық байлығы, сти­листика мен шешендік мәсе­лелері көптеген монографияларда, анықтамалық кітаптарда, оқулықтарда және т.б. оқу құрал­дарында көрініс тауып анық­талады.

Рәбиға Сыздықованың «Сөз сазы» деген еңбегі 1995 жылы екінші рет басылып шықты (бі­рінші басылым 1983 жылы жарық көрді). Көмекші құрал ретіндегі жұмыстың негізгі мақсаты – сөйлеу үстінде сөздерді дұрыс дыбыстау заңдылықтарын қалың жұртшылыққа, әсіресе жастарға үйрету, сондай-ақ мұны оқу орындарымен қатар, телерадио және сахна өнеріне кеңінен пайдалану, әр қазақ баласын өзінің ана тілінде дұрыс тәрбиелесе деген талап. Ғалымның айтуынша «сөз сазы – сөйлеу үстінде (актісінде) сөздердің дұрыс ай­­тылып, құлаққа жағымды ес­тілуі. Ал сөздерді дұрыс айту дегеніміз тілдің табиғи дыбыс заңдылықтарын сақтау болып табылады».

Тағы бір айта кететін жайт, Р.Сыздықова қазақ тіл білімінің негізін салушы көрнекті ғалымдар А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, Х.Досмұхамедовтердің еңбек­терін насихаттауға айтарлықтай үлес қосты. Олардың өміріне және еңбек жолына арналған монографиялар, кітаптар, брошюралар мен мақалалар жарық көрді.

Академик Р.Сыздықова ғы­лыми, педагогикалық және қо­ғамдық қызметі үшін «Құрмет», «Парасат» және «Барыс» мемле­кеттік наградаларымен марапатталды. Мемлекеттік сыйлықтың және Ш.Уәлиханов атындағы сый­лықтың лауреаты. Еңбек сі­ңірген ғылым қайраткері атанды.

Уақыт оның алдаспан ақыл-ойы мен өмірлік күш-қуатына ешқашан шектеу бола алмайды. Оның терең даналығына, еңбекке деген ерекше қабілетіне, кең дүниетанымына, сонымен қатар тіл білімінің тағдырына деген азаматтық ұстанымына үлкен де, кіші де тәнті. Рәбиға апай ғылымға ғана емес, сонымен қатар қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен руханиятына да баға жетпес үлес қосып келеді.

Ізгі ниеті мен жан дүниесінің сұлулығына қарай ол кісінің жанына әсіресе, жастар жағы магниттей тартылып тұрады. Ол қамқор және мейірімді тәлімгер ретінде жас әріптестеріне тек ғылымда ғана емес, күнделікті өмірдің түрлі белестерінде көмек қолын созудан танған емес. Рә­биға Ғалиқызының үйінен қонақ үзілмейді, дастарқанынан қазақтың талай зиялысы дәм татты, пісірген тағамдары тіл үйіреді. Дей тұрғанмен күнделікті өмірдегі басты хоббиі – спорт. Спорт ойындарын теледидардан қалт жібермей, қадағалап отыратын нағыз жанкүйердің өзі, отандық спортшылардың өмірі мен жетістіктерін бұл кісіден артық терең білетін адам некен-саяқ. Ғалымның көпшілікке көп айтыла бермейтін осындай сан қилы қыры тағы бар. Тұлғаның өнегелі өміріне бойлаған сайын дана­лық дариясынан шөліңіз қанып, жансарайыңыз жадырап сала береді.

 

Зейнеп БАЗАРБАЕВА,

ҰҒА корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор