Суретке түсірген Ерлан Омар,«ЕQ»
Іс-шараға қатысқан Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев қатысушыларға сәттілік тілеп, қоғамда ұлтаралық және дінаралық келісімнің болуы мемлекет үшін қаншалықты маңызды екенін атап өтті. «Бейбітшілік пен келісім бізге берілген бақ қана емес, бұл – халқымыздың көпжылдық жасампаз еңбегінің жемісі, кез келген қатерлерден қорғауымыз тиіс байлық пен құндылығымыз», деді Д.Абаев.
Сондай-ақ жиында жастар әлеуметтік желілерде, жабық кездесулерде, митингтерде, уағызда айтылатын теріс пиғылды мәліметтер мен шын ақпараттың аражігін ажырата алмауы мүмкін екені айтылды. Нәтижесінде қоғамда этностық қақтығыстар, теріс діни ағымға ілесіп кеткен жүздеген отбасылар мен қарапайым адамдардың өміріне қауіп төндіретін террорлық әрекеттер пайда болады.
Сондай-ақ шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстан халқы Ассамблеясының, діни және ғылыми қауымдастық пен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты. Жиынға келген композитор, қоғам қайраткері Төлеген Мұхамеджанов қатысушылармен атаулы күннің пайда болу тарихымен бөлісті. «Мұндай мерекені атап өтуге алғаш рет АҚШ-тың Чикаго қаласында 100 жылдан астам уақыт бұрын талпыныс жасалған. Одан кейін Кеңес дәуірінде Мәскеу қаласында қолға алынды. Кейінірек отырыстардың бірінде Қазақстанда өткізу туралы ой тастадым. Алайда бұл мерекені елімізде атап өтуге Президент Нұрсұлтан Назарбаевтан қарсы емеспін деген жазбаша келісім алып келуің керек деген жауап алдым. Осылайша мен Алматыда атақты қоғам қайраткерлерінің қолын жинап, Елбасының атына хат жолдадым. Нәтижесінде Нұрсұлтан Әбішұлының келісімін алып, Мәскеуге аттандым. Бұл идея елімізде алғаш рет Тұңғыш Президентіміз Елбасының қолдауымен жүзеге асқанын толық айта аламын», деді Т.Мұхамеджанов. Сондай-ақ 1992 жылдан бастап бұл мереке еліміздің барлық өңірлерінде қолдау тауып, жыл сайын оның аясында түрлі шаралар ұйымдастырылып, мектептерде, діни бірлестіктерде, қоғамдық ұйымдарда кеңінен атап өтіледі. «Мұның себебі, адамдар рухани келісім – мемлекет құрылысының негізгі іргетасы екеніне сенеді және өзара келісімсіз, бейбітшіліксіз табысты ел болу мүмкін емес екенін біледі», деп атап өтті композитор.
Қоғамдағы рухани келісімді сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыс туралы және осы миссияны орындауда Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі туралы ұйым Төрағасының орынбасары Юсуп Келигов баяндады. «Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында айтқандай, келісім, бірлік пен өзара түсіністік әрі қарай дамуымызға кепілдік береді. Ұлтаралық және конфессияаралық келісім осындай аз уақыт аралығында еліміздің білім, экономика және әлеуметтік салаларында үлкен жұмыс атқаруға мүмкіндік берді. Еліміздегі бейбітшілік пен келісім саясатын ширек ғасыр бойы Қазақстан халқы Ассамблеясы жүзеге асырып келеді. Көпэтностық пен көпдінділік – біздің еліміздің үлкен байлығы, қоғамымыздың басты құндылығы», деді Ю. Келигов.
Шара модераторы, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен Қазақстанның бүгінгі қол жеткізген маңызды жетістіктерінің бірі – қазіргі қазақ қоғамындағы ұлтаралық және дінаралық келісімге негізделген әлеуметтік тұрақтылық екенін атап өтті. Сондай-ақ «Барлық қазақстандықтарды біртұтас ұлтқа біріктіретін негіз – Елбасының барлық этностар мен діндерге тең мүмкіндік беретін зайырлы мемлекет құру бағыты», деді ол.
Қатысушылар жиын барысында еліміздегі барлық діни бірлестіктер ұсынған арнайы көрмені тамашалап, аталған тақырыпта өз пікірлерін ортаға салды. Арнайы қонақтар қатарында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бірінші орынбасары, наиб муфти Наурызбай Өтпенов, Қазақстандағы Православ шіркеуі Успен кафедральді соборының протоиерейі Дмитрий Байдек, Қазақстандағы Евангелия-лютеран шіркеуінің басшысы, архиепископ Юрий Новгородов және өзге де діни бірлестіктер өкілдері болды.
Жиналғандар халық арасында өзара түсіністік, рақымшылдық пен жақынына көмек көрсетуге деген ізгі ниеттің болуы маңызды екеніне бірауыздан келісті. Сонымен қатар шараға келген жастар ұйымдарының өкілдері Jas Otan жастар қанатының төрағасы Дәулет Кәрібек пен Ассамблеяның «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының орынбасары, «Жарасым» жастар ұйымының төрағасы Тимур Джумурбаев жастардың бойына келісім мен бейбітшілік түсініктерін қазірден бастап қалыптастыру жолға қойылғанын мәлімдеді.
Қазіргі таңда елімізде 18 діни конфессия мен 130-ға жуық этнос өкілдері бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Елімізде мешіт, шіркеу, ғибадатханалардың саны 3541-ге жетсе, 3720 діни бірлестік бар екен. Осылайша Қазақстан барша әлемге ұлттар мен түрлі діни көзқарастағы адамдар арасындағы достық, келісім мен бейбітшіліктің үздік үлгісін көрсетіп отыр.