Руханият • 23 Қазан, 2019

Патриархтың орындалған парызы

489 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қаламгердің тойы – халықтың тойы. «Қан мен тер», «Курляндия» («Күткен күн»), «Соңғы парыз», «Сең» сынды романдардың авторы, Қазақстан және КСРО Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 95 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын сүбелі шығармаларын қызыға оқып келе жатқан қарапайым оқырмандары мен қанаттас қаламгерлердің, алыс-жақын шетелдердегі әдебиет табыстырған рухани достарының, еліміздің әр өңірлерінен ат арытып келген сыйлас бауырларының, биліктің биік сапында жүрген лауазымды тұлғалардың мол шоғырын бір мезгілде тоғыстырған мерекелік кеш ретінде ерекше есте қаларлықтай аталып өтті.

Патриархтың орындалған парызы

Әдетте, Алматыда аталып өте­­тін қаламгерлердің мерейтойында халықтың қарасы қалың бол­ға­ны­мен, ардақтап келер әкім­қа­ралар қатары сиректеу көрінетін еді. Бұл жолы қаламын ғана серік еткен қарапайым қаламгерді құр­меттеп келген министрлер мен әкімдердің көптігінен көз сү­рін­ді. Олардың бәрі де протокол бойынша жоспарланғандықтан  келуі тиіс көп шараның бірі ретінде емес, «Қан мен терді» жас күнімнен жастанып жатып оқыған оқырманыңмын» деп келді. Сахна төріне атақты ғалым Мырзатай Жолдасбеков пен белгілі жазушы Төлек Әбдікті қатар жай­ғас­тырып, 95-тің торқалы тойын сергек қарсы алып, құлағын тілекке тосқан Ә.Нұрпейісовке көр­сетілген құрмет пен құт­тық­тау­лардың легінде толас болмады. Қаламгерлер қауымы «Әбе» деп төбесіне көтерген, қазақ әдебиетінің бұрқ-сарқ қайнаған қара қазанына өмірдің өзіндей шынайы да жасампаз туындыларын әкеп салып, рухани әлемнің абызы мен аңызына айналған көрнекті жазушыны бірінші болып Қазақстан Респуб­ли­касының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев құт­тықтады. Қ.Елеуұлы алдымен Қазақстанның Тұңғыш Пре­зи­денті – Елбасы Н.Назарбаев пен Қазақстанның Президенті Қ.Тоқаевтың құттықтау хаттарын оқып беріп, өзі де үлкен мінберден ақжар­ма тілегін жеткізді.

«Ұлы М.Әуезов қайтыс бола­ры­ның алдында Мәскеуден арнайы хат жазып, өзі үміт артатын төрт жас қаламгердің аты-жөнін атағанын сіздер жақсы білесіздер, деп бастады сөзін Қ.Елеуұлы. – Соның бірі – Әбе, Әбдіжәміл Нұрпейісов алаш жұртының абызына, әдебиеттің алтын діңгегіне айналды. Әбе – ешкімге ұқсамайтын жазушы. Әдебиетке келген жас жазушылар алғашқы қадамын әңгіме, повесть жазудан бастаса, ол бірден роман жазды. Ал «Қан мен тер» романы әп-сәтте әлемдік әдебиеттің алтын қорына қосылды. Әлем жазушысы Арал проблемасына бүкіл әлемнің назарын аударды. Ол туған елінің алдындағы парызын еселеп өтеген қаламгер», дей келіп, көпшілік қауымға Елбасы Н.Назарбаевтың құттықтауын оқып берді. «Құрметті Әбдіжәміл Кәрімұлы! Мерейлі 95 жасқа толған мерейто­йыңыз­бен шын жүректен құттық­тай­мын. Көзі тірі классик, сөз өне­рінің саңлағы, көрнекті қа­лам­гер және қоғам қайраткері ретінде сіз ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетіміздің дамуына, оның әлемдік деңгейде танылуына сүбелі үлесіңізді қостыңыз. Қалың оқырман жақсы білетін «Қан мен тер», «Соңғы парыз» сияқты әйгілі шығармаларыңыз арқылы оқырманның, бірнеше буынының шынайы құрметіне бөлендіңіз. Халқымыздың сан салалы тыныс-тіршілігін эпопеялық ауқымда суреттеп, өмірде қайталана бермес бірегей тұлғалардың бейнесін сомдаған көркем туындыларыңыз жас ұрпаққа ұлағатты ой айтуымен, тағылымды тәрбиелік мәнімен ерекшеленеді» делінген Елбасы құттықтауында.

«Құрметті Әбдіжәміл Кәрімұлы! Мерейлі 95 жасқа тол­­уыңызбен шын жүректен құт­тық­­таймын. Сізді егемен елі­міз­дің әдебиеті мен мәдениетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қос­қан аса көрнекті жазушы, сөз өнерінің патриархы ретінде қадірлейміз. Қазақтай елдің арасынан дараланып шығып, бірегей тұлға дәрежесіне көтерілген өзіңізді үнемі мақтан тұтамыз. «Қан мен тер», «Соңғы парыз» романдарыңыз қазақтың көркем сөзінің алтын қазынасына еніп, әлем әдебиетінде өзіндік орны бар рухани мұраға айналды. Баршаны алаңдатқан Аралдың ахуалы сіздің қайталанбас шығармаларыңыздан көрініс тапты. Ел мүддесін жа­Һан­­дық деңгейге жеткізіп, оқыр­ман­ның шексіз ықыласына бөленіп келесіз» деп жазады Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысының ле­бізін жеткізген Қырымбек Елеуұлы жазушының ғасырлық тойын­да бірге болуға үміт артып, жазушылық жолы мен ғибратты ғұмырының жалғаса беруін тіледі.

95 жасқа толып отырған тола­ғай жазушының тойына арнайы баяндама жасаған белгілі жазушы-драматург Смағұл Елубай өз сөзін қарт қаламгердің жұрт­ты таңырқатып келе жатқан «түсініксіз қырын» түсіндіруден бастады. Қаламгердің өзіне өзі беймаза жұмыс тауып алып, баяғыда бағасын алып қойған «Қан мен терді» қайта-қайта өңдей беруінің сырына тоқталды. Баян­дамашының топшылауынша, кітап­қа құрметі алабөтен алдыңғы буын ұрпақ ауысып, кейінгі қолынан телефоны түспейтін келер буынға кітап оқытудың кілті мен жолын алғаш болып тапқан адам – Әбдіжәміл ағамыз. Кешегі әдебиет алыптарының ойы түгілі түсіне кірмеген заман басталғанда, оның жазушыға қойған бірінші талабы – қысқа жазуды еріксіз таңғанын үлкен-кіші қаламгер бүгінде тегіс мойындап отыр. Ә.Нұрпейісовтің жанын отқа да, суға да салып, күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылып, ширек ғасырдан астам уақыт бойы «Қан мен терді» қырнап-жонумен болғанынан жұрт хабардар. Ақыры қаламгердің өзі күткен нәтижеге қол жеткізгенін залдағы оқырманның көпшілігі С.Елубайдың баяндамасынан естіп, сүйінішін қол соғумен білдірді. Сондай-ақ қаламгерді жақынырақ білетін С.Елубай оның ұлттық намыс сыналған сын сағаттарында солқылдамайтын өткір мінезін, қиын шақтарда қасқайып қарсы тұрар қайрат­кер­лік қырын да көпшілікке беймәлім болып келген көрнекті мысалдармен атап өтті.

Салтанатты жиынның сахнасына көтерілген Сенат депутаты Қуаныш Сұлтанов өзінің жүрекжарды тілегімен бірге, Парла­менттің қос палатасының төра­ғалары – Қазақстан Рес­пуб­ли­касы Парламент Сена­­тының төрағасы Дариға Назарбаева мен Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллиннің, ал Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Премьер-Министр Асқар Маминнің жол­да­ған құт­тық­тауын жеткізді. Мемле­кет­тік лауазымды тұлғалардың бәрі де Әбдіжәміл Кәрімұлының қалам қайратын жоғары бағалай отырып, қазақ әдебиетін әлемге танытқан еңбегінің әлі сан ұрпақ өкіліне өнеге болатынын жеткізген.

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев құттықтау сөзін өзінің сүйікті жазушысына өз қолымен «Алматы қаласының құр­метті азаматы» атағын тапсыр­ға­нына мақтанатынымен бас­та­ды. Бүкіл саналы ғұмырын шы­ғар­ма­шы­лыққа арнап, бірнеше буынды өз шығармаларымен тәрбиелеп келе жатқан жазушының мерей­то­йы – әдебиеттің тойы ғана емес, мұндай дүбірлі мерекенің халыққа да ортақ мерекесі болуға хақысы барын орынды атап өтті. «Әбдіжәміл ағамыздың абырой-атағын, марапат-мақтауын айтып, таныстырып жатудың қажеті жоқ. Нұрпейісовтің атын естімеген, оның шығармаларын оқымаған, оларды экран арқылы көрмеген адам жоқ десе де болады. Жастайынан ұлы Мұхтардың назарына ілігіп, Сәбеңдер мен Ғабеңдердің батасын алып, әде­бие­­тімізге қымсынып келген қа­лам­­гердің барлық сәулелі шақ­та­рын, бейнеті мен зейнеті мол бақытты кезеңін осы Алматы қала­сында өткізіп келеді. Әлем таны­ған шығармаларын осында жаз­ды. Шығармалары әлемнің 35 тіліне аударылып, миллиондаған данамен жер жүзіне тарады. Замандастарын, іні, шәкірттерін үнемі таңғалдырып келеді. Қазақ ПЕН клубын ашып, оның жұмысын жолға қойғаны – ерлік­пен пара-пар, үлкен сауапты іс. Астым-тастым, болдым-толдым демей, өзінің биязы табиғи қал­пы­нан айнымаған, кешегі алыптар шоғырының ізін басқан қазақ әдебиетінің абыз авторы Әбеңнің бек­зат болмысы, жасаған еңбегі бәрі­­мізге өнеге болуы тиіс», де­ді Алматы әкімі Бақытжан Әбдірұлы.

Туған жері – Сыр елінің ыстық ықыласы мен сәлемін ала келген Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов өз лебі­зін қаламгер туып-өскен өңір­де­гі рухани игілікті шаруаларды оның шығармашылығымен қабаттастыра, орайластыра атап өтті. Туған топырағында 90 жыл­­ды­ғы құрметіне орайлас ашыл­­­ған Әбдіжәміл Нұрпейісов атын­дағы Әдебиет үйі бүгінде қара­сөздің қадірін түсінген көзі­қа­рақты оқырманның рухани ордасына айналғанын зор мақ­та­ныш­пен айтты. Жазу­шы­ның шығар­маларындағы кейіп­кер­лерге арналып қойылған ком­по­зи­циялық ескерткіш Арал қала­­сының көркіне көрік қосып, ажа­­рын ашқан бірегей туынды ретінде тұрғындар мен қала қо­нақтарының сүйікті орнына ай­нал­уы да аудан үшін рухани жетістіктің бірі. Бір топырақта туып, әдебиетке құбылыс болып келіп, дүние жүзіне танылған жазушы ағалары – аймақтың ғана емес, күллі ұлттың мәңгілік мақтанышы.

Ғасырдан ғасырға жететін туын­­­­дыларын өмірге әкеліп, сол шы­ғармаларының игілігін кө­­ріп, өзі де ғасырға жуық өмір ке­шіп келе жатқан Әбдіжәміл Нұр­пейісов қалың оқырманына ілти­паты мен алғысын білдіріп, Президент Қасым-Жомарт Тоқа­ев­­­тың бастаған ісіне қолдау біл­ді­­­­ріп, ел болып демеп отыруға ша­­­­қырды. Қазақтың біртуар пер­­зенті, әлемге танымал классик жазушының мерейтойына арналған шығармашылық кеш­тің екінші бөлімі концерттік бағ­дар­ламаға ұласты. Концертте Түркештің «Көңілашары» сам­ғап, айтыс ақыны Мұхтар Ниязов арнау айтып, М.Әуезов атын­­дағы әкемтеатр әртістері «Қан мен тер», Ғ.Мүсірепов атын­­дағы Балалар мен жасөс­пі­рімдер театры «Сең» спек­такль­дерінен үзінділер көрсетті. Қазақстанның халық әртісі Роза Рым­баева, Мәдина Сә­дуа­қа­сова, Мемлекеттік «Салта­нат» би ансамблі, Абай атын­­­дағы Опера және балет театры­ әртіс­терінің өнері мерей­тойды шы­нында да нағыз ха­лықтың мере­кесіне айналдырып әкетті.

 

АЛМАТЫ