Аймақтар • 24 Қазан, 2019

Қазақша контент дамымай, тілдің өрісі кеңеймейді

707 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағын­таев «Қазақ ССР Тілдер туралы» алғашқы Заң­ның қабыл­дан­ғанына 30 жыл толуы­на орай мемлекеттік тіл­дің дамуына үлес қосқаны үшін зиялы қауым өкіл­деріне Мем­лекет бас­шысының Алғыс хаттарын тапсырды.

Қазақша контент дамымай, тілдің өрісі кеңеймейді

Ана тілінің мерейін өсіріп, қол­­дану аясын кеңейтіп, ұлт­ара­лық қатынас тіліне айналу мәселесіндегі еңбектері үшін марапатталғандар қата­рын­да «Мемлекеттік тілге құр­мет» қоғамдық бірлес­тігі­нің төрайымы А.Осман, ха­лық­аралық «Қазақ тілі» қо­ға­мы­ның президенті Ө.Айтбаев, ха­лық жазушысы М.Шаханов, М.Әуезов атындағы Әдебиет жә­не өнер институтының директоры К.Матыжанов, жазушы С.Елубаев, А.Байтұрсынов атын­дағы Тіл білімі инсти­ту­ты­ның бас ғылыми қыз­мет­­­кері Т.Жанұзақов, А.Бай­­­тұр­сынов атындағы Тіл бі­лімі институтының дирек­торы Е.Қа­жы­бек, Қазақ­стан Жазу­шы­лар одағы төр­ағасының орын­­басары М.Құлкенов, Ұлт­­тық аударма бюросының редак­торы Н.Қожабекова, жазушы-публицист Ж.Кенебай, «Жас қазақ» газетінің бас редакторы С. Смайылдың есімі аталды.

Әкімдіктегі кездесу тіл тағ­дырына алаңдап жүрген зия­­лы қауымның келелі мәселе­ні тағы бір қозғап өтуіне себеп болды. Тіл жанашыры, ақын Мұхтар Шаханов осыдан отыз жыл бұрын қазақ тілінің тағдыры қыл үстінде тұрған кезеңде қабылданған заң тарихына тоқталып өтті. Алайда, арада отыз жыл өтсе де тіл тағдыры айналасындағы түйткілді мәселелер шешімін тапқан жоқ. Жазушы Смағұл Елубайдың айтуынша, «Тіл туралы заңның солқыл­­дақ­тығынан тілдің көсегесі көгер­мей келеді. Қағазға түскен заң далада қалды. Ана тілін­де сая­саткері де, зиялысы да сөй­легісі келмейтін біз­дей ел жоқ. Мекемелер басшы­лы­­ғын­да отырғандар қазақ тілін нашар меңгерген болса, шетел­­де оқитын жастарымыз орыс тілінде сөйлеуге құмар. Айдың, күннің аманын­да ана тілінде сөйлемеу – ата-ба­бамыздың алдында жаса­ған үлкен қылмысымыз», деп қын­жылды қаламгер. Сондықтан алдағы қабылданатын тіл туралы дербес заңымыздың дамуына барша бұқара болып үлес қосуымыз қажет. Заң жобасы көпшіліктің талқылауынан өтуі тиіс, дейді С.Елубай. Мемлекеттік тілдің көсегесін көгертуде Алматы ал­дыңғы сапта болуы керек деген ұсыныс тастай отырып, тіл жанашырлары әкімге алты ай мерзімге тілге мораторий жариялау туралы да ойларын айтып қалды.

А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының ди­рек­торы Ерден Қажыбек тіл, әдебиет, тарихты дамыту мә­селесін саяси конъюнктура шең­берінен шығару керек­тігін айта­ды. Мемлекет страте­гия­сы­ның маңызды салалары нау­қан­д­арға қатыссыз үз­дік­сіз дамуды қажет етеді. Бү­гін­де графикалық жүйеміз өз­ге­ру­де. Грамматика, фонетика заң­ды­лықтары ғылымға тәуел­ді салалар. Латынға кө­ше­міз дегелі іргелі істер атқа­ры­л­ды, тілшілердің бірша­ма жағ­­дайы да түзеліп қалған­ды­ғы әри­­не көңілге демеу. Десек те, тілді дамыту үшін түркі әле­мі­­­нің жаңалықтары, дүние­жүзі­­­лік заманауи жетіс­тіктер бас­­шы­­лыққа алынуы қажет. Ал оны сапалы орындау үшін тіл­­дің, әдебиет пен тарихтың за­ма­­науи талаптарын қолдану қажет.

Ал Алматы қаласы тілдер­ді дамыту басқармасының бас­тығы қызметін бес жыл ат­қа­рып, оған дейін де тіл ко­ми­­тетінің тізгінін ұстаған М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ди­ректоры Кенжехан Ма­ты­жанов қағаз жазумен, мәжбүрлеумен тіл мәрте­бесі­нің өспейтіндігін айтады. Ақпараттық кезең мен цифр­ландыру ғасыры әлемнің озық жетістіктерін қазақ тілінде сөйлетуді талап етіп отыр. Тілдің қолданыс аясын кеңейту үшін білім мен оқулықтар мазмұны қазақ тілді заманауи ақпараттармен толық­тырылуы қажет. Оның әдіс-технологиясын заман­ға икемдеп, теледидар, әлеу­меттік желілерде қазақ тіл­ді контентті көбей­тіп, шетел­дердің үздік деген фильм­дерін қазақ тілінде сөйлету арқы­­лы тілдің қолданыс аясын байы­­­та алмақпыз. Ғалым­ның ай­­туынша, бүгінде орфо­гра­фиямыздың да жайы мәз емес. Жастар қазақша оқымайды деген уәжімізді жиі айтамыз. Кезінде «Том Сойердің ба­сы­нан кешкендері», «Ка­питан Гранттың балалары», т.б. қызықты шетел туын­ды­­­ларын өз әдебиетіміз сияқ­­ты қабылдап оқыдық. А­л­ғаш­­қыда аударма екенін де біл­­медік. Кітапханаларда кі­тап­­қа тапшылық деген болма­ды. Қалаған кітабымызды оқи­тын едік. Ал қазір қарама-қай­шы­лыққа тап болдық. Мектеп бағ­дарламасында бар кітап­ты ба­ла­лар не ғалам­тор­дан, не кітап­ханадан із­деп таба алмайды. Интер­нет дамыды дейміз, шалғай­дағы шағын мектептерге оқу­лық жетіспейді, ал ға­лам­тор қолжетімсіз. Бізге «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқу­лық» сияқты жобалар керек. Аймақтарда заманауи технологиялардың қолжетім­ділігі балаларды артық салмақ арқалап жүруінен арылтқан болар еді. Сондықтан да әлем­­нің әр саладағы жауһар­ларын тұтынушысына қазақ тілінде жеткізу технология­ларын жеделдету уақыт күт­тір­мейді. За­манауи технология­лар арқылы аударма ісін жетіл­­діру де заман талабы. Ғы­лым­ның тілі, жаңалықтар тілі қазақ тілін­де сайрап тұр­са, кәнеки. Заң­дарды қазақ тілін­­де жазу, кітап­хана қор­ла­­рын қазақ тілді оқу­лық­та­р­мен то­лық­тырудың әлеуеті зор.

 

АЛМАТЫ