Руханият • 04 Қараша, 2019

Елбасы және түлеген Түркістан

2447 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев киелі Түркістанға бір кезде: «Әрбір халық, әрбір тәуелсіз мемлекет өзінің рухани орталығын нақтылап алуы керек. Қазақстанның рухани орталығы – Түркістан. Ол – Қазақ елінің рухани жүрегі» деп биік баға берген болатын. Бұл пікір Түркістанның қайталанбас даралығын, онда тұлға, тарих және дін туралы іргелі түсініктердің бір нүктеге шоғырланып, тұғырлы мемлекеттігіміздің ұлы құбылысына айналғанын дәйектейді.

Елбасы және түлеген Түркістан

Қазіргі сәулетті елордамыздың ізашарының бірі болған, қилы заманда қазақтың асқақ айбарына айналған бірегей әрі шежірелі шаһар Түркістан – Қазақстанның талайғы тарихын бүгінгі тыныс-тіршілігімен үзбей байланыстырып келе жатқан құтты мекен, баянды қоныс. Ол уақыт пен кеңістіктің тарихи контексте түйіскен киелі мекені ретінде еңсемізді биіктетіп, ауыз толтырып айтар тақырыптың алтын арқауы болуға лайық.

Жалпы, Түркістанды қай­та түлету идеясын еліміз тәуел­сіз­дік алған алғашқы жылдан бастап көтеріп, оны жүзеге асыруға ден қойған Тұңғыш Президентіміз екенін атап айту әділетті болмақ. Соның айшықты бір айғағы – Түркістанда 1991 жылы Елбасының Жарлығымен Халықаралық қазақ-түрік университетінің ашылуы. Ол үшін Н.Ә.Назарбаевтың абырой-беделі арқасында Түркиядан қомақты қаржы тартылды.

Ұлы ақын, ғұлама ойшыл Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың атын иеленген оқу орны – түркі әлеміндегі тұңғыш халықаралық университет. Оның ашылу салтанатында Елбасы: «Келешекте бұл Түркі халықтарына ортақ оқу орнына айналады. Түркістанды осы университет өркениет биігіне көтеруге тиісті» деген үлкен міндет жүктеген еді. Соның айнымай орындалып келе жатқанын қазірден-ақ көріп отырмыз. Бүгінде Түркістан Нұрсұлтан Әбішұлының 2018 жылғы 19 маусымда қол қойған Жарлығы негізінде облыс орталығы мәртебесіне ие болып, өсіп-өркендеу үстінде. Аталған күннен бастап тұтас өлкенің жаңа тарихы басталды. 

 Байтақ мекен баяны

Түркістан – мыңжылдық өркениеттердің торабы болған, тарихи кезеңдердің шежіресін жинақтаған, сан ұлт пен ұлыстың ұйыт­қысына айналған байтақ ша­һар. Археологиялық қазбалар мен түр­лі мәдени қабаттарды ақтар­ғанда табылған, сақ-ғұн дәуірі­нен бастап, оғыз-қыпшақ заманы­на дейінгі аралыққа тиесілі талассыз жәдігерлер, осыны растайды.

Елбасы 2000 жылы қазанда Түркіс­танның 1500 жылдығына арналған ғылыми конференцияда жа­саған баяндамасында: «Түр­кістан – ұлттық бостандығымыз бен елдігіміздің ақ ордасы. Қазақ хал­қының ұлттық мемлекеттілігін дүние­ге әкелген алтын бесік әрі оны ке­мелдендірген өнегелі мектеп», деген тұжырым жасаған болатын.

Жалпы, түркілік ұғымның жүгін арқалаған Түркістан шаһары – ерте дәуір, орта ғасыр және жаңа заман тарихында ерекше орны бар, ұрпақтар сабақтастығы үзілмеген жер. Оны облыс орталығы етіп бекіткенде Елбасы нақты шешімге келмес бұрын бірқатар мәселені ой тезіне, ақыл таразысына салғанын айта кету керек.

Алдымен қаланың ілгері за­мандағы және қазіргі дәуірдегі мән-маңызы тарихи, саяси, мә­дени экономикалық, инфра­құ­рылымдық тұрғыдан зерделенді. Бұл арада көршілес туыс түркі халықтарының ортақ тарихы түйісетіні, соған орай этносаралық және мемлекетаралық байланыстар салмағы арта түсетіні де ескерілді.

Түркістанның тарихы және оның бүгінгі географиялық шарттары айнала­дағы көршілерімізбен өзара қарым-қатынасымызды тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте Нұрсұлтан Назарбаевтың 1992 жылы  Түркістанға Өзбекстан президенті Ислам Каримов сапармен келгенде айтқан мына сөзін бағдар етуге әбден болады: «Сонау алыс замандардың өзінде де біздің бабаларымыз тарихтың шешуші кезеңдері мен сын сағаттарында осы арада бас қосып, болашақ жөнінде осы арада пәтуаласқан. Күллі Шығыс әлеуметі имандай ұйитын ұлы ғимараттың ішінде айтылған серт пен уәдеге болаттай берік болған. Сол дәстүрден айнымау – біздің де парызымыз. Өйткені біздің мойнымызға тағы да заманауи заңғар жүк артылып отыр. Білекке білек, жүрекке жү­рек, тілекке тілек қоса білсек, сонда ғана алда тұрған сын белес­тен абыройлы өте аламыз».

Түркістан өлкесінің аса маңызды стратегиялық сипаты оның халықаралық ауқымдағы саясат, экономика, мәдениет, тіл, дін мәселелері бойынша мүдделер шарпысқан уақытта үнемі шекаралық меже болғанынан көрінеді. Ол Ұлы Жібек жолы арқылы бір жағынан Қытай мен Еуропаны жалғастырып жатса, екінші жағынан Орталық Азия мен Ұлы даланы байланыстырады. Оғыз-Қыпшақ, Қарахан, Хорезмшах, Шыңғысхан, Алтын Орда кезеңдері, одан бергі Жошы, Шағатай ұлыстары, Әмір Темір мен Қазақ хандығы дәуірлеріндегі саяси, мәдени, діни, экономикалық ахуал аймақта бір-бірімен сабақтаса өрбіді. Отырар қаласы бұрынғы қуатынан айырыла бастаған тұста оның аймақтық беделі мен саяси-мәдени салмағы Түркістан шаһарына ойысып, арадағы рухани сабақтастық отырарлық ұстаз Арыстан баб пен оның шәкірті Ахмет Ясауи арасында жалғасты. Түркістан өңірінің жалпытүркілік маңызы арта түсті. «Шежірелі өлке мұсылмандар үшін де қасиетті болып саналады. Ел ішінде «Мединеде – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет» деген қанатты сөз айтылады», деген Елбасы пікірі аймақтың осынау бір ғана қырын айшықтайтын айғақты сөз.

Патшалық Ресей заманын­да «Түркістан» империя құра­мын­дағы әкімшілік-аумақтық бір­ліктің атауы болып, бағзыдан түр­кі халықтары мекендеп келе жат­қан Орталық Азия өңірін қам­тыды. Ойшылдарымыздың  «Қа­зақтың түп атасы – батыр түрік», «Ар­ғы атам – ер тү­рік, біз – қазақ еліміз» секіл­ді тұ­жы­рымдарға табан тіреуі тегін емес. Өкінішке қарай, большевиктік саясат түр­кілік танымның тамырына аяусыз бал­та шапты. Түркі бірлігін сөз етіп, Түр­кістан автономиясын құрмақшы болған арыстар қуғынға ұшырап, жапа шекті. Түркістанды облыс орталығына ауыс­тыру туралы жарлыққа қол қойғанда Қазақ­станның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың: «Жиыр­масыншы ғасырда қазақтың біртуар азамат­тарының ел мүддесі үшін жүргізген саяси күресі де Түркістан атауымен тығыз байланысты болғанын білеміз», деуі тарихтың сол бір талайлы тұсын меңзегені еді.

Тарих сахнасында аз ғана уа­қыт бой көрсеткен Түркіс­тан Автономды Кеңестік Социа­лис­тік Республикасының ғұмыры, өкінішке қарай ұзаққа бармай 1924 жы­лы «бөліп ал да, билей бер» саясатының құрбаны болды. Сөй­­тіп ғасырлар бойы Түркістан өлкесінде қанат­таса тіршілік етіп келе жатқан бауырлас, тілі жа­қын, тағдыры ұқсас, тарихы ортақ, тілегі бір қазақ, өзбек, қара­қалпақ, қырғыз, түрік­мен халық­тарының арасына сына қа­ғылды. Тіпті әу баста бірдей дыбыс­талып, жалғыз мағынаны білдір­ген «түркі» жә­не «түрік» сөздерін бір-бірінен ажырата қарай­тын жағдайға жеттік. Осы­ның қо­лай­сыз зардабын әлі күнге дейін көріп келеміз.

 Елдіктің алтын тұғыры

Елбасы Н.Ә.Назарбаев сонау 1991 жылдың өзінде Орталық Азия елдерінің экономикалық интеграциясын іске асыру идеясын ұсынғанда өңірдегі экономикалық мүдделердің, мәдени-тарихи тамырлардың жақындығын, тілдің, діннің, тіпті эко­ло­гиялық мәселелердің де, сыртқы қатер­лердің де ортақ екендігін ескеріп, байырғы бірлігіміздің заманауи жаңа үлгісін қалып­тастыруды мақсат еткен еді.

Кеңес Одағы кезінде Қазақ КСР Ми­нис­трлер Кеңесінің төрағасы болып қызмет атқарған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Әзірет Сұлтан кесенесіне арнайы барып, жағдайымен танысады. Содан бері бұл қалаға деген ықыласы кемімей, оның бола­шақ тағдыры жөнінде әрдайым терең тол­ғанып келгеніне жанында жүрген үзеңгілес серіктерінің бәрі куә.

Елбасы Түркістан қала­сы­ның ұлт­тық, өңірлік және жаһандық ауқым­дағы беделі мен маңызын арттыратын ше­шім­дер мен шараларға қолдау көрсетуді ұдайы назарда ұстап отырды. Тәуелсіздіктің елең-алаңында Түркияға барған сапарында сол елдің басшыларын шақырып, Түркістанға өзі ертіп барып жүрді. Өзбекстан Президенті Ислам Каримовпен кездесіп, «Түркістан меморандумына» қол қойған 1992 жылы Елбасының: «Бұдан былай түркі халықтары басшыларымен киелі Түркістанда кездесіп тұратын боламыз», деген пікірі бірліктің басты мәселе екенін білдірген бәтуалы тұжырым болатын.

Ешқашан сөзі мен ісі алшақ болып көрмеген Нұрсұлтан Әбішұлының мұрын­дық болуы­мен әр жылдары Түркіс­тан шаһарына бауырлас Түркия Рес­пуб­ли­касының Президенттері Тұр­ғыт Өзал, Сүлеймен Демирел, Ахмет Сезер, Абдулла Гүл, Режеп Ердоған арнайы келіп, Ясауи мазарының басында дұға оқыды. Бұл – түркінің қарашаңырағын ұстап қалған қазақ топырағына деген риясыз көңілдің, шексіз құрметтің белгісі.

Сол кезеңде Елбасы, мақа­ла­мыз­дың басында ай­тыл­ған­дай, Қожа Ахмет Ясауи атын­дағы Халықаралық қазақ-түрік университетін салдырды. Соны­мен қатар түрік ағайын­дармен тізе қосып, олардың қара­жатына Ясауи кесенесіне жөндеу жүргізіп, қабырғасы дымданып, бұзылу алдында тұрған қастерлі жәдігерді жаңғырту, іргесін нығайту мүмкіндігі туды.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Әбіш­ұлының араласуымен Түр­кіс­тан­ды түлетуге тікелей септігін ти­­гізген төмендегідей ілкімді іс­тер атқарылғанын атап өткен жөн:

2000 жылы Түркістан қала­сының ЮНЕСКО деңгейінде атап өтілген мерейтойы салтанатында Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев көпшілік алдында мазмұнды баяндама жасады.

2002 жылы Түркістанда өткен Дүние жүзі қазақтарының ІІ құрылтайы да еліміз­дің өміріндегі айтулы оқиғаға айналды.

2009 жылы Әзербайжанның Нахчыван қаласында ұйымдас­тырылған Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің сам­митінде Н.Ә.Назарбаевтың бастамасы­мен Түркі академиясы құрылып, Түркіс­танның аталған елдер тарихындағы орнын зерделеу тапсырылды. Бүгінде аталған академия Қазақстанның астанасында табысты жұмыс істеп келеді.

2015 жылы Ясауи кесенесі ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұрасының тізбесіне енгі­зілді. 2016 жылы осы халықаралық ұйым деңгейінде Қожа Ахмет Ясауи жы­лы аталып өтті.

Мұның бәрі түгел түркінің қадір­менді тұлғасына айнал­ған, таяуда Әзер­бай­жан­ның ас­танасы Бакуде өткен Түркі­тілдес мемлекеттер ынтымақ­тастығы кеңесінің Құрметті төрағасы мәртебесін алған Ел­басымыздың ұйытқы болуымен бірлесіп атқарылған үлкен шаруалар еді.

 Ізгі мұраттар ілімі

Түркістан – әйгілі жерлесіміз Ахмет Ясауидің ілімі арқылы ислам дінін дәстүрмен астастырып, оның байтақ өлкеге таралуына өлшеусіз үлес қосқан қасиетті мекен. Осы қалада  ғұлама ойшыл көзінің тірісінде-ақ жалпы түркі әлемінің, яғни ұлы Түркістанның рухани ұстазы ретінде танылды.

Бұл туралы Елбасы өзінің  «Тарих тол­қынында» атты кітабында былай деп жаз­ды: «Түркілердің тұңғыш сопысы – Қожа Ахмет Ясауи 1093 жылы туған. Ол Орталық Азиядағы, оның ішінде Қазақстанда да, барлық түркі халықтарына ұлттық рухани ілім жүйесін өрнектеп берді. Нақ осы Ясауи ілімі арқылы ислам қазақтардың рухани өмір салтына айналды да, кейінгі сегіз ғасырдың өн бойында соларды жебеп келді. Қазақ хандығы мен қазақ халқы құрылғанда, солардың бастау-бұлағында осы ілім тұрды. Ясауидің ұстазы Арыстан бабтың Отырардағы кесенесі мен Қожа Ахмет Ясауидің Түркістандағы кесенесі – қазақтардың ұлттық руханиятының аса маңызды орталықтары».

Н.Ә.Назарбаевтың «Ғасырлар тоғы­сында», «Сындарлы он жыл» атты кітап­тарында да данышпан бабамыз Ясауидің ілімі туралы толғамдары ұсынылған.

Бұған қоса Елбасымыздың қасиетті ша­һарға әр сапары жақсы жаңалығымен есте қалды.

Мәселен, Түркістанға 2010 жылдың 26 мамырындағы жасаған сапары кезінде ол Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіндегі кездесуге жиналған жастардың алдында ұлы баба мұрасын оқып-үйрену және оның мәні жөнінде сөз қозғады. Сөйтіп ясауитанудың, оның мұрасын игеру саласының жаңа белеске көтерілуіне алғышарт жасалды.

Ал 2011 жылы наурызда Түр­кістанда зиялы қауым өкілде­рімен жүздескенде Елбасы ойшыл дана бабамызды рухания­тымыздың асыл тірегіне балап, «қазақ даласының Конфуцийі» деп бағалаған еді. Елордамыздағы еңселі мешіт ғимаратының «Әзірет Сұлтан» аталуы да сон­дық­тан.

Тарих тереңіне үңілсек, қа­зақ хандығы 1598 жылдан бас­тап Түркістан шаһарына ордасын тігіп, ХVІІІ ғасырдың соңына дейін бұл өлкеде әуелі Еңсегей бойлы ер Есім, одан кейін Салқам Жәңгір, Батыр, Тәуке, Әбілқайыр, Қайып, Болат, Әбілмәмбет, Абылай хандар билік еткені белгілі. Бұл әйгілі хандар мен қазақтың көптеген игі жақсыларына Әзірет Сұлтан жанынан топырақ бұйырды. Елбасы «Тарих толқынында» кітабында бұған да тоқтала келіп, төмендегідей тұжырымды ой айтады: «Қожа Ахмет Ясауи кесенесі қазақ мемлекеттігінің нысанына айналып, кейінгі уақытта жалпыұлттық зиярат-қорым (пантеон) қызметін атқарды. Қазақ халқының ұлы перзенттерінің мүрделері осы жерде сақтаулы. Сондықтан осынау тамаша ескерткішті қалпына келтіріп, бас біріктірер ортақ кіндікке бүкіл ұлттың назарын аударып отырғанымыз дұрыс».

Сөзімен ғана емес, нақты нұсқау беріп, игі істерге ұйытқы болған Тұңғыш Президенттің Әзірет Сұлтан кесенесіне деген қамқорлығы арқасында  көне шаһардың шынайы шежіресін айқындау бағытында атқарылған еңбектердің өзі бір төбе. Соның нәтижесінде Ясауи кесенесіне әлемнің түкпір-түкпірінен ағылып, зиярат етушілер қатары жылдан-жылға көбейіп келеді.

 Киелі шаһар келешегі

Тұңғыш Президентіміздің мемлекеттік деңгейдегі аса маңызды шешімдер қабылдау ісінде алдын ала байыпты болжам жасап, алыстан ойлайтын айрықша қасиетінің бар екені бізді талай рет тәнті еткен болатын. Түркістан қаласын облыс орталығына айналдыру мәселесіне қатысты 19 жыл бұрын айтқан сөзі – соның нақты бір дәлелі.

Атап айтқанда, Елбасы Түр­кіс­тан қаласының 1500 жылдығына арналған ғылыми конференция­да жасаған баяндамасында: «Түркістанды облыс орталығы жасаймыз. Бұл той – Түркістанды орталыққа айналдырудың басы», деген еді. Сол айтқаны бүгінде ақиқатқа айналып, бұлжымай орындалғаны баршаға белгілі.  

Бұған қоса, аталған шара Шымкент шаһарының тұрғын халқының саны 1 миллионнан асатын республикалық маңызы бар қалаға айналып, тынысы ашылуына, жаңаша өсіп-өркендеуіне жағдай жасағаны анық.

Көз жетпесті көздейтін көре­ген Елбасы облыс орталы­ғын ауыстырған бетте бірден екі бірдей маңызды құжатқа – Түр­кістан қаласын дамыту тұжы­рымдамасына және «Turkistan» арнаулы экономикалық аймағын құру туралы Жарлыққа қол қойды. Соған сәйкес, қаланы дамытудың мақсат-міндеттері, басымдықтары мен жүзеге асыру жолдары пысықталып, ауқымды шаралар қолға алына бастады.

Бүгінде әкімшілік ғима­рат­тарды, тұрғын үйлерді, әлеумет­тік және инженерлік инфрақұ­рылымды қамтитын, Түркістанда қолға алынған жалпы құны 275 миллиард теңге көлеміндегі қыруар қаржы қарастырылып, жүзеге асырылмақ 150 құрылыс жобасының 102-сі – биылғы жылдың еншісінде.

Қазірдің өзінде қаланың ажарын аша түсер жаңа нысандар – облыс әкімдігінің ғимараты, медиа орталық, «Нұр-Сұлтан» алаңы, Олимпиада резерві спорт мектебі, автовокзал ашылғанын, зәулім шығыс моншасы салынып жатқанын айта кету керек.

Тарихи Түркістан шаһары өз зама­нын­дағы қала құрылысы технологиясының озық үлгі­леріне негізделіп салынған,  ор­тағасырлық араб-парсы және түркілік сәулет өнерінің жетіс­тіктерін бойына жинақтаған қоныс болған. Ендеше, қаланың келешектегі архитектуралық келбетін қалыптастырғанда, сөз жоқ, тарихи сабақтастықтан бас тартуға болмайды. Батыстың постмодерндік әшекейлерінің түркілік дәстүрлі айшықтармен үйлесім тапқаны абзал. Бұл ретте Елбасының құрылыс заттарының бәрін сырттан тасымалдай бермей, Сауранның саз балшығын ұқсата пайдаланған баяғының шеберлерінен өнеге алып, отандық өнімдерді кәдеге жарата білу керектігін ескертуі орынды.

Тарихи ескерткіштерді рес­тав­ра­ция­лаудағы түйткілдерді жүйелі әрі түбегейлі шешу, көне­ден келе жатқан ұлттық қолөне­рімізді кейінгі ұрпаққа жеткізу, шеберлік құпиялары мен қолөнер технологияларын сақтау, нығайту және жаңғырту үшін Түркістанда білікті шеберлердің басын қосатын, тәжірибесін тарататын «Ұлы Жібек жолының ұлттық дәстүрлі қолө­нер орталығын» ашу мәселесінің қолға алын­ғаны да – Нұрсұлтан Әбішұлының нұсқауы.

«Елбасының: «Тарихы терең Түркіс­танның туризм үшін де маңыздылығы ерекше. Қаланың тоғыз жолдың торабында орналасуы сыртқы туристер мен жергілікті тұрғындар үшін өте қолайлы» деп  байлам жасауы қазірден қолға алынып жат­қан талай ілкімді істерге түрткі болды. Мәселен, өңірдің тұрғын­дарын, киелі қаланың қонақ­тарын қолайлы көлік инфра­құ­рылымымен ла­йық­ты қамтамасыз ету үшін Түркі­с­тан халықаралық әуежайы құры­лысының сапалы жүргізілуіне Нұрсұлтан Әбішұлы баса мән беріп отыр.

Сонымен қатар 2018 жылы Ақмола облысындағы туристік нысандарға барған кезде сөйлеген сөзінде ол: «Түркістанды тез арада дамытамыз. Онда жақсы туристік орталық жасау керек. Қазірдің өзінде туристер барып жатыр, 100 мың турист болып қалды. Олардың санын әлі көбейтуге болады», деп, жаңа облыс орталығының болашағын ұдайы ойлап жүретінін тағы да аңғартты. Мұның ар жағында көрші Өзбекстанның Ташкент, Бұхара, Самарқанд сияқты тарихи қа­лаларымен Түркістанды туристер ағыны арқылы байланыс­ты­ру­дың ел­аралық достыққа да, өзара тиімді эконо­микалық дамуға да пайдасы ұшан-теңіз екені жө­ніндегі жанашыр ойдың жатқаны белгілі.   

Түркістанның өсіп-өркендеуі тек Қазақ­станның мәртебесін көтеріп, әлемдік қоғамдастық алдындағы беделін биіктетіп қана қоймай, күллі түркі дүниесінің абыройын асырары анық.

Облыс орталығы киелі қалаға көшкен соң Елбасы баяғы бабалар үлгісімен «Көне Түр­кістан жаңа Қазақстанның шырайлы ша­һарына айналады» деген сөздерді тасқа қашап жаздырып еді. Сол көреген бол­жам­ның қазірдің өзін­де жүзеге асып, ақиқатқа айнала бастағанына барша халық куә.

Ғұлама ғасырлардың тере­ңінен тамыр тартқан Түркістан әрбір атқан күннен үміт күтіп, әр таңды жаңа жоспарлармен қарсы алады. Оның келешегі кемел, ертеңі еңселі болатыны­на біз кәміл сенеміз, өйткені қас­терлі қаланы жарқын бола­шаққа бастаған бүгінгі ұлан­ғайыр өзгерістердің басында Тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Пре­зи­денті – Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың өзі тұр.

 

Махмұт ҚАСЫМБЕКОВ,

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің басшысы