Әдебиет • 04 Қараша, 2019

Бойда барды көзге ұрып, жалтырамаған...

357 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Әрине, көбіміз Сарбас Ақтаевты қосшы, басшы дегендей журналистиканың қосын жеккен азамат райында білеміз. Расында да ол негізінен журналист. «Көкшетау правдасы», «Жетісу», «Социалистік Қазақстан», «Халық кеңесі», «Ақиқат»... міне, журналист Сарбас Ақтаев жүріп, өтіп келе жатқан ұзын жолдың өн бойы. Бірінде тілші, келесісінде бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, редактор... Қаламның қатардағы жауынгерінен бас қолбасшысы – бас редакторына дейін өсе қызмет еткен. Өзіміз ардақ тұтар аға алған асулар, алқынбай жеткен биіктер, міне, осындай! Әсіресе, алғашқы қорғасынынан құйып, қалың қауымға сүйікті етіп қалдырып кеткен «Халық кеңесі» газетіне бас редактор ретінде сіңірген еңбегі алабөтен-ақ. «Халық кеңесі» шын мәнінде халық сөзін айта шығып еді жарық жалғанға. Оқып, оқып, айызымыз қанар еді, шіркін!

Бойда барды  көзге ұрып, жалтырамаған...

Турасын айтқанда, Сарбас Ақтаевтың қазақ баспасөзінде жүріп ақ тісі сарғайды, сары шашы ағарды. Баспасөзге келуден Сарбас аға ұтты ма, ұтылды ма, оны айырып айту қиынның-қиыны! Алайда, Ақтаевтай ойы оралымды, тілі көркем, қиялы жүйрік қалам иесінің баспасөзге келуінен қазақ журналистикасы ұтты. О, көп ұтты!

Сарбас Ақтаев өмірінің көкөрім шағында әдебиет есігін ақын болып қаққан көкірегі нұрлы, жүрегі көркем жырлы жан. Көгілдір Көкшеде туып, ақын болмау күнә да секілді ғой ойлы жанға. Ағамыздың ақындығы ет пен тері арасындағы тер секілді жеңіл желік дүниесі емес-ті. Алғашқы адым топтамасы «Жырға сапар» аталатын ұжымдық жинаққа еніпті. Түбіт иек, темірқанат бір шоғыр жас өлең-жырлары арасынан беделге жығылып көрмеген, ақиқат үшін кім-кімге де белін бермей, күресумен өткен белді ғалым Бейсембай Кенжебайұлы жас ақын Сарбас Ақтаев өлеңдеріне ілтипат білдіріпті баспасөзде. Бұл, әрине әрқашан мәртебе! Міне, осы жай себеп болды да С.Ақтаевтың сонау 1963 жылы жарық көрген «Тұңғыш кітабын» ғалым архивінен тауып, қолға қайта алуға тура келді.

Мына қызыққа қараңыз, Бейсекең ілтипатқа алса, алатындай бар екен. Ақынталап бала Сарбас Ақтаевтың «Тұңғыш кітабы» – әдемі ақындықтың кепілі болып шықты.

Жаулаған құз-қияның жұла тартып,

Зыр қағып ерке бұлақ барады ойнап.

Бірде оршып, бірде арындап тұра тартып,

Секіріп тастан-тасқа салады ойнақ, – депті жас ақын «Бұлақ» аталатын өлеңінде. Көз алдымызда таудан құлай аққан ақ бұлақ елестеп қоя береді. Жәй елестемейді, қимыл-қозғалысқа түсіп, сыңғырлап, сылдырлап жұлқына ағып бара жатқан таулы тұма елестейді. Қимыл-қозғалысқа толы сұлу сурет қиялымызды қытықтап, ойымызды баурап, көгілдір көктем дүниесіне іңкәрландыра, өзіне баурай тартып барады. Қала берді:

Сахнасын көктем сері далаға ашты,

Қыңыр қыс ызғырығын ала қашты.

Өзендер кернейлетіп жөнелгенде

Қар елтіп толқынына араласты, – деп («Қызғал­­­­­дақ») көктемді екінші бір суретпен сызылта жөнеледі. Көктем келбетіндегі сұлулық көкпенбек қалпында көңілімізге сызыла келіп қонып, табиғи бояу болып көңілімізге ұялап жатыр. Ұсынылған шумақтар – ақындық кепілі еді демегенде, не дейміз енді? Алпысыншы жылдары (ХХ ғасыр) мұндай әдемі, әрлі, ойлы, сергек суретті өлең жазу – қазақ поэзия­сы үшін үлкен жетістік еді-ау деп ойлаймыз. Жұқа жинақтағы өлеңнің дені көптің көңілінен шығар көк өлең. Өз уақытымен өлшей пікір сабақтағанда айтарымыз – «Тұңғыш кітап» өлеңдері суреттілігімен, образдылығымен кейбір замандастары поэзиясынан оқ бойы озық тұр. Сарбас Ақтаевтың жанр алмастырып, көз жауын алар көркем өлеңнен журналистикаға жол тартып кетуінен қазақ баспасөзі ұтты, қазақ поэзиясы ұтылды демегенде не дейік енді?

Сәкең ақындықты тастағанымен, ақындық Сәкеңді біржолата тастамаған алайда! Ақындық қаламгер көңілінен біржолата өшіп кетпей, өзге жанр туындыларына бірге көшіп, құнар дарытып бірге жүре берді. Очеркке нәр, аудармаға бал болып құпжарасып бірге келеді. Ағымдағы баспасөзде қызмет атқара жүріп Ақтаев ақындық алымдылықпен, қаламгерлік шалымдылықпен қилы-қилы қызықты көркем очерктер жазды. Әрлі тіл, нәрлі ойға құрылып, ішкі ырғақпен құйылып жазылған ол очерктердің кейбірін іріктеп «Дала туралы толғау» (1971), «Қапшағай хикаясы» (1973), «Бұлар бірінші болып еді» (1975) секілді кітаптарын жарыққа шығарды. Очеркі көркем әңгіме, әдемі новелла, тіпті деректі хикаят дәрежесінде жазылған дерлік бұл дүниелер республикалық байқауларда бірінші жүлде, екінші бәйгені талай өңгеріп еді кезінде.

С.Ақтаев – журналистикада айтулы шебер. Тақырып таңдауы, материал жинауы, кең тыныс, көркем де кестелі тіл құнары, дөңгеленген композициялық бітім – оның очерктерін мейлінше тартымды, соншалықты сүйкімді ете түседі. «Тәтті, тәтті дей бергенмен тілге дәм үйірілмесі бесенеден белгілі ғой, аз-аздап мысалға жүгінелік. Оның бір очеркі былай басталады:

«Шудан шыға-ақ көсіле тартқан кер дала, кең дала Хан тауына барып бір-ақ тіреледі. Жалында жел ойнап, жонында сағым билеп құлазып қана жататын қырың қазір бұл емес» («Жас та болса бас»). Суретті емес пе? Кәнігі шебердің қолынан шыққан шынайы сурет!

«Ер өлімі еңкейген күн сияқты: жарқылы сөнсе де, жалқыны қалады». («Аманкелді ардагерлері»). Хас суреткердің қолына сирек түсер жұп-жұмыр, шып-шымыр айшықты ой ғой бұл! 

«Иә, Кербез Көкше. Бір сабаққа шыққан екі гүл іспетті бір-бірінен жұбын жазбайтын осынау егіз ұғым сөз ойға оралғанда аспанға қол созған алып шыңдар мен айдынында ай жүзген айна көлдер, иісі жұпар аңқыған жасыл орман мен беткейінде ырыс шалқыған бұйра белдер көз алдыңа келеді. Күз кеудесін теуіп, құлдырай аққан бұлақтар, арыстандай атылып, асаудай арқыраған өзендер... бәрі-бәрі көздің жауын алып, қиялыңды қытықтайды» («Өңірі гүлді, өмірі нұрлы өлке»).

Алға тартылғандай айшықты, суретті көркем жолдар қаламгер аға туындыларында қаншама десеңізші?! Бұл журналисті былай қойғанда жазушымын деп жүрегі кеудесіне зорға сиып жүрген көп қаламдас уысына түсе қоймаған, түсіне ене қоймаған көркем де көсем суреттер. Журналист бола ма, жазушы ма көркем ойлауға шақырып тұрар асыл үлгі, қаламгерлік қазына!

Тере берсең, қаламға ілінер қанатты сөз, суретке жетелейтін тірі тіркестер көп қаламгерде. Қанатты сөз – қуатты сөз! Көңіліңе қона кетеді. Тере берсең, қаламға ілінер көрікті ойдан туған көркем сурет көп қаламгерде. Көзіңмен оқы, көңіліңе тоқы! Журналистиканы қанағат тұтқан берекелі бейілден туған қазына! Оқырманды көкжиекке, туындыгерді көркем прозаға жетелей жөнелгелі тұрған көрікті сөз, өнікті ойлар ғой бұлар! Қалай сүйсінбейсің?!

Ақтаев көңіліндегі ақындық оны көркем аудармада да желеп-жебеп келе жатқаны хақ. Аударма да қазақ үшін қадірсіз кәсіп болып кетті соңғы кездері. О, әйтпесе, «аударма – өнер» (К.Чуковский), өнер болғанда да бар ғой, төлтума авторымен жарысатын білім, іштей бәсекелесіп ассам деп арпалысатын білікті керек ететін қияпат өнер! Ол әрісі А.Құлыбеков, Б.Малдыбаев, Ә.Бегишев, берісі өзі қоян-қолтық жұмыс істеген Ж.Ысмағұлов, Н.Сыздықов, Н.Оразбеков, Ә.Сүлейменов, К.Сейдеханов секілді замандастарынан үйрене жүріп, жарыса аударма жасады. Аударма жасағанда да, аударманы өнер биігіне көтере шығармашылық таза бейілмен беріле тәржімалайтын майталманыңның өзі! Әсіресе, соңғы жылдары қаламдас аға қаламшылық дарын қабілетті көркем аудармаға құмбыл бұрды. Қазақ елін сүйген, жеріне сұқтанған қазақуар қаламгер Д.Н.Мамин-Сибиряктың әр жылдары жазып, әр жерде жарияланған аңыз, әңгіме, повесть, жолжазба, мақалалрын жинап-теріп аударып, «Жапан даланың жанашыры» – деп басын біріктіріп мақала жазған, «Ақ боз ат» атап арнайы кітап шығарғаны – ұлтжанды жадтан туған ұсынықты іс! Аударманың кез-келген сәтіне көз тігіп, көңіл жіберсеңіз – түпнұсқа табиғатына терең бойлап, тіл мәйегін төгілдіріп тәржімалаған шеберлік үлгісіне тап боласыз. Ақындық һәм прозашылық қасиеттің бір кісі бойынан табылуы осындайда аудармашы үшін басы бүтін ен байлық. Аудармада, түпнұсқа ырыққа жіберсе, Ақтаев ақын болып егіледі, ақынжанды прозашы болып төгіледі. Тыңдап көріңізші «Қазақ даласы қандай ғажап. Төбесінде төңкерілген түпсіз зерендей көкпеңбек аспанын айтсайшы! Қырдың жұлдыздар жымыңдаған түні тіпті тамаша ғой. Соның бәрінен Хабиболланың өзі мен бәйбішесі Әзипа тұратын су жаңа ақбоз үйі артық. Өйткені онда бүлдіршіндей жас ару Гүлзейнеп бар.» Орыс тілінен аударылғандай емес, қазақ қаламгері жазғандай табиғи сурет.

Нобель сыйлығының лауреаты Кнут Гамсунның «Ашаршылық» аталатын әйгілі, аса қымбатты шығармасын 1932-33 жылғы ашаршылықтың «бағасын» білетін біздің Сәкең айта қалғандай көркем етіп аударып шықты. Сан рет қайталай оқыған сүйікті шығарманы салыстырып тағы бір оқып шыққанда қатты риза болғанымызды жасырмаймыз. Иә, ол майталман тәржіман!

Міне, осындай ақынбейіл журналист, майталман тәржіманды бір күні қаламдас ағасы Жұмағали Ысмағұлов шақырды. Денсаулығы сыр беріп, таза отырғызған шағы. Өмірінің ақабалы сәті. Әзер сөйлеп отыр. Өзі соңғы кездері жазып, аяқтап кетсем деп құмбыл кіріскен екі туындысы аяқсыз қалғалы тұр. Бірі Ғабит Мүсірепов шығармашылығы туралы монография да, келесісі әдебиет сыншысы, мәдениеттанушы қайраткер Ілияс Омаров жайында «Өнегелі өмір» сериясы бойынша жазылар деректі-ғұмырнамалық кітап. Әдебиетші ғалым, майталман аудармашы Жұмекең Сарбастай іні қаламгерге Ілияс Омаров жайында жазып бастаған деректі ғұмырнамалық кітабын аманат етті. Жауапкершілік салмағын сезінген Сәкең қиналып бақты. Шарасыз. Ұзамай қимас аға көз жұмды. Аға алдынан қиналып шыққан Сарбас Ақтаев сыйлас аға аманатын ақ адал атқарып, көңіл төрінде тұратын шырайлы шығарма жазып аяқтады.

Е, ей, сөйтіп, Сәкең қай жанр құлағын ұстаса да арымен арласып, барын базарлы етіп беріп келе жатқан қаламгерден. Оның бұл орайда мәртебесі биік, мерейі үстем!

Уақыт кісіні әрқилы мошқайды, сынай отырып, әрқилы тұлғалайды. Сәкең уақыт келбетінде мол мүмкіндіктің, қанағатшыл бейілдің, үлкенге іні, кішіге (сапар алдында белін буар) жақсы аға бола білген кісілік болмыстың адамы болып тұлғаланды. Сәкеңмен кешегі уақыттың наласын қоса арқалаған «Социалистік Қазақстан» газетінде қаламдас болып қызмет атқардық. Сәкең басшы. Біз қосшы. Журналистикада басшың Сарбастай білімді, кісілікті, Шерхандай батыл болса – бір бақыт! Сәкең жетелі басшымыз бола білді. Басшымыздан көрген жақсылығымыз бозбастанған бүгін де біздің жүрегімізді жылытып тұрады. Бір мысқал бір мысал. 1987 жыл. КПСС Орталық Комитетінің «Қазақ ұлтшылдығы туралы» Қаулысының қабындап тұрған кезі. Орталықтан ұлтшылдықты тексеру, әшкерелеу үшін үйіріліп қабағы салыңқы арнайы комиссия жатыр. Комиссия жетекшісі, бір кезде Қазақстаннан екінші хатшылықтан қуылған М.С.Соломонцев арамызда жүр зіркілдеп. Зіркілі зілді. Міне, осындай қысылтаяң уақытта аты «Қазақфильм», заты «Орысфильм» болып кеткен киноөнеріміз жайында «Қазақ киносының ұлттық беті қайда?» (№124 (18699), 29 мамыр 1987 ж.) аталатын ащы сын мақала жазып жарияладық. Жарияладық та айықпас бәлеге қалдық. Славян тұқымдас киногерлер еліріп алған. Оған тілі қазақша шықпаған орысқол қазақтар келіп қосылсын. Орталық Комитетке жазылған хатта «ұлтшыл» да, «нақұрыс» та біз болып шыға келдік. Жағдай ушықты. Қиналдық. Арқасын тосып аман алып қалған ағаның бірі «Социалистік Қазақстан» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Сарбас Ақтаев еді! Аштықта жеген құйқаның дәміндей тар қыспақта көрген ол жақсылықты қалай ұмытайық?!

 Біреулер болады журналистиканың торысына жарамайтын илеуі қанбаған дүмбілез дүниесін жазушылық күлігі етіп көрсеткісі келетін. Қызметін бұлдап, төсін сабалап жүріп Мемлекеттік сыйлық алады ондайлар ұялмай-қызармай. Бетке көн жамау дейсіз бе? Жамаудың да керегі жоқ. Беттің өзі көн екен ғой, бәтір-ау. Тіршілікке жүрген текірек көңіл, қам көкірек Тарих-ақсақалға жүрмейтінін білмейді-ау ондайлар. Тарих ешкімнің еркелігін көтермейді. Әрлі қалам, әрсіз қадам дүниелерін әр уақытта әртүрлі елеп-екшеп, әр пендені өз орнына қояды кәрі тарих. Тарих бізден басталмайды. Бізбен аяқталмайды. Осы орайда, көп әріптес, көп замандасына қарағанда көңілі көркем сөз көмбесіне жақын, көркем таным иесі бола тұра, Сарбас Ақтаев көрініп қалайын пенде-пиғылмен бойда барды көзге ұрып жалтырамаған, бойда барды халқына ұсынықты ұсынумен келе жатқан қанағатшыл жан. Асылы ол арзанмен көзге ұрып жалтырағаннан гөрі , бойда бар асылымен жарқырағанды хош көретін адам. Орташа ақын, орташа жазушы болғаннан гөрі көркем тілді, озық ойлы журналист, түпнұсқамен тіресіп, жазушымен жарысып аударма жасайтын арлы аудармашы болуды қалаған себебі де осы ұстанымнан туса керек. Әуел баста әдебиет әлеміне келген бетте ол:

 Лаулап жанбай немене атым адам –

 Бойда барды көзге ұрып жалтыраман.

 Қарапайым шындықтан ой жаңартам

 Жүдеу сөздің қажетсіз даңқы маған, – деген еді. Сөзінде тұрды. Көбіміз кісілік болмысына, қаламгерлік адалдығына сүйсіне қарайтын жақсы ағаға алыстан телефон шалып, халін білетініміз бар. Бір телефон шалғанда: «Соңғы мүшел... Арғы жағы беймәлім дүние» дегені бар. Біз 95-ін тойлау үстіндегі Әлжекеңді алға тарттық. Сыйлас көңілден еркелей беретін шыраймен Сафуан Шаймерденов: «Әлжеке жүзге келіңіз!» – демей ме?! Сонда Әлжекең: «Тәйт найсап, жүзден артық сан білмейсің бе?» – деген... Жүзге дейін де бірсыпыра сан бар, Сәке! Жүзден кейін де... нәсіп болса несі бар?! Иә, сыйлас аға Сарбас Ақтаев ақ қарлы, мұз құрсаған, аласапыран боранды тауға беттеп барады. Жолы болсын, абзал ағаның! Шылауында Қыдыр әликсалам жүрсін!

 

Құлбек ЕРГӨБЕК

 

ТҮРКІСТАН