Қоғам • 04 Қараша, 2019

Шерумен және бос сөзбен шаруа бітпейді

343 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Қазір басымыз қосылған жерде ауылды, оның жағдайын айтудан жалықпайтын болдық. Әрине, бұл да әркімнің өз туған ауылы мен туған жерінің жағдайын ойлағаны да шығар. Әр қазақ баласы үшін ауыл Ұлттық код екендігін дәлелдеп жатудың қажеті де жоқ. Ауылды алтын бесікке де теңейміз. Кезінде Америка халқының 3-ақ пайызы елді мекендерде тұрады екен, солар бүкіл америкалықтарды асырап отыр екен, ауыл халқы қалаға көшіп жатса, оған қамығудың қажеті жоқ деген саясат та ұстандық. Халық үдере қалалы жерлерге көше бастады. Кезінде шаруашылығының тасы өрге домалап, ісі жүріп, дәулеті шалқып тұрған ауылдардың біразының адамдары көшіп кетіп, жұрттары ғана қалғаны тағы да ақиқат. Алайда қалада не тұрағы жоқ, не жұмысы жоқ ауыл қазағының көбі бұл арадан да байыз таба алмады. Енді өкінгенмен де, айтқанмен де еш нәрсенің орнына келмесі анық. Енді бізге нақты іс пен нақты қадам керек. Ауылды жерлерді өркендету мен дамыту мәселесіне ендігі арада басқаша бір ой көзімен қарауымыз қажет.

Шерумен және бос сөзбен шаруа бітпейді

Жерді көп демейік, ұқыпты пайдаланайық

Бәрекелді! Қарағандылық Дәу­лет Жүнісов атты азамат Кана­да­­дағы тәп-тәуір табысты бір ж­ұ­мы­сын тастап, өзінің туған ауылы­на оралып, мал өсіруді қолға алып­ты. Әдемі Есеншораева деген қа­рын­дасымыз да «Әрине, қалада жағ­дай да, жалақы да жақсы, алай­да өзімнің туған ауылымды кім көтереді?» деп Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларындағы дәне­керлеу цехын тастап, өзінің туған ауылына келіп кәсібін бас­тап кетті. Бұл жайлы әлеуметтік желі­лерде кеңінен хабарлар тараты­лып жатты. Біз ендігі арада ауыл үшін нақты бір қадам жасап отырған осы Дәулет пен Әдемінің өнегелерін кеңінен айтып, кеңінен насихаттауға тиіс­тіміз. Соларды дәріптеуіміз керек. Оларды бүгінгі күннің батыр­лары есебінде тануымыз қажет.

Шыны керек, Дәулет сынды аза­маттың және Әдемідей қазақ қы­зының осы бір қадамы, яғни олар­дың өз туған ауылдарына қайта ора­лып, өз елдерінде шаруа­ны қол­ға алғаны көңілге түрлі ой салғаны да бар. Осы Дәулет пен Әдемінің өнегелі бастамалары нег­ізінде бүгінгі қазақ баласын бая­ғы Кеңес Одағы кезіндегі тың жер­лерді игеру мен БАМ (Байкал – Амур магистралы) құрылысына жұмыл­дырғанындай патриоттық бір бастаманы көтере алсақ етті. Елсүйгіштік ол бастамаға қазақ­тың «Биағасы» атанған Бейімбет Майлиннің ұжымдастыру кезінде айтылған «Гүлденсе ауыл, гүл­денеміз бәріміз!» деген бір ауыз сөзі ұран болса етті деп те ойлаймыз. Осы арада Nur Otan партиясының жастар қанаты серпілетін және ауылға барып, еңбек етудің бастамашылары болатын кезі ғой деп пайымдаймыз.

Қазақтың кең байтақ даласын аралай жүріп, бізде екі нәрсенің – мал мен жанның жетіспей жатқанын аңдаймыз. Бабаларымыздың «мал-жан аман ба?» деп амандасуының терең мағынасы барын да енді ұғын­ғандаймыз. Малы аман бол­са, жаны аман болатынын хал­қы­мыз терең зерделей білген екен. ХХ ғасырдың 30-жылдары қазақ­тың қолындағы малын Кеңес өкіметі сыпырып алып еді, халқы­мыз жаппай ашаршылыққа ұшыра­ға­нын да тарих жақсы біледі. Бетін аулақ қылсын деңіз! Алайда, қазіргі жағдайда өз малымызды өзіміз өсіріп, соның етімен ішкі сұранысымызды да қамтамасыз ете алмай отырмыз. Етті сонау Латын Америкасы елдерінен, одан қалды өзге де елдерден тасып жеп жатырмыз.

Бүгінде күні қаладан тұрақ таба алмай жүргендерді ауылға шақырып, сол арада өз кәсіптерін, өз өмірлерін бастауға үндер кез келді. Нақты іспен айналысар шақ туды! Ендігі арада Үкіметтен әр нәрсені талап етіп, көшелерге шеруге шыққанмен шаруаның бітпейтініне және бізді ешкімнің де сырттан келіп жарылқамайтынына тағы да көз жетті. Тек еңбек ету арқылы ғана, соның ішінде ауылды және оның шаруасын бүгінгі заман талабына сай өркендете алсақ қана халқымыздың малы мен жаны да көбейіп, бақуатты тұрмыс кешеріміз анық.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 2 қыркүйектегі «Сын­дарлы қоғамдық диалог – Қазақ­стан­ның тұрақтылығы мен өркен­деуі­нің негізі» атты Жолдауында «Ауыл шаруашылығы – біздің негіз­гі ресурсымыз, бірақ оның әлеуе­ті толық пайдаланылмай отыр. Ел ішінде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнім өндіру үшін зор мүмкіндіктер бар», екен­дігі де атап көрсетіліп отыр. Міне, осы біздің негізгі ресурсымыз бо­лып табылатын ауыл шаруа­шы­лығы мәселесімен нақты айналысатын кездің әбден келгені анық. Бұл орайда бұған дейін де ауылды көтереміз, олардың жағдайларын жақсартамыз деген әрекеттер болды. Ана бір кездері «ауылдың үш жылы да» белгіленгені есте. Үкімет тарапынан ауыл шаруашылығын қолдауға қаражат та аз бөлініп келе жатқан жоқ. Бірақ берекесіздік басым. Үкіметтің сол қолдау қаражатына ішінара біреулердің ғана қолы жетіп келді де, ауылдан бұрын олардың өздерінің жеке «шаруалары» жақсарып шыға келгендігі де жасырын емес. Ендігі арада «ауыл» деп өңешімізді жыртып, бос сөзбен айналыса бермей, сол ауылдың шаруасын көтерейік.

Президент Қазақстан халқына Жол­дауында «Жер ресурстарын тиімсіз пайдалану мәселесі өте өзекті болып отыр. Жерге салы­на­тын тікелей салықтар дең­гейі­нің төмендігі жағдайды күрде­лен­діре түсті. Мемлекеттен жерді тегін жалға алу құқығына ие бол­ған­дардың көпшілігі жерді игермей, босқа ұстап отыр. Елімізде «шөп қорыған иттің» кебін киген «латифундистер» көбейіп кет­ті. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып алатын кез келді. Жер – біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуы тиіс», деп атап көрсетсе, ол да тегін емес. Өйткені өткен ғасырдың 90-жылдары ауыл шаруашылығын өркендетеміз дегенді желеу етіп, ауыл адамдарының пай үлесіндегі жерлерін тек қана банктерден қыруар несие алуға кепілдікке қойған пысықайлар көбейген еді. Сол несие қаржыны іс қыла алмай, ақыры банкрот болғандары қаншама?! Олар өздері ғана банкрот болмай, тұтас бір ауылдарды тұралатып, күйзелтіп кетті.

Жекешелендіру, яғни жер пайы бөліске түскен кезде сол пысы­қай­лар ауыл-ауылды жағалап, «бәріңді жарылқаймыз» деп жұрттың жер пайын қағып алды да, жерді банк­терге кепілдікке салып, қыруар қаржы алып, өздері сонымен із- түзсіз жоғалды. Енді кейбір ауыл­дардың халқы өз жерлеріне өздері ие бола алмай отыр. Тіпті ауыл адам­дарының көбі өздерінің жер пай­ларын кімге бергендерін де білмейді. Алайда солар иелік еткен ауылдар жүдеп қалғанымен, олардың өздерінің жүдеу тіршілік кешіп отырғандарын көрген жоқ­пыз. Және ауыл халқының жер пай­ларын алғандардың біразы алыс-жақын шет елдерде бай да бақуат­ты өмір сүріп жатыр дегенді ауыл халқы айтып та жүр. Осы рас па? Олар кімдер? Ауылдың аң­қау адамдарының жер пайын уысы­на түсіріп алып, сол ауылға қайы­рылып бір қарайласпай кет­кен­дерді заңға жүгіндіру керек. Енді тіпті өз жерлеріне өздері ие бола алмай қалған ауыл халқы­ның осы мәселесін дереу шешу үшін, осы м­әселеде нақты бір жер тү­ген­деу үдерісі жүруі қажет. Және же­ке­мен­шікке өткізіп алған жер­лерін игермей, тастап кеткен­дері қаншама?!

Мал бағу мақтанышымызға айналса, несі айып?!

Қазақстанның ауыл шаруашы­лығын өркендетудің бізге жаңа көзқарасы қажет. Ең әуелі мал бағып, мал өсірудің жаңа әрі тың бағытын ойластырғанымыз абзал. Бұл орайда мал бағудың да идеологиясын қалыптастыруға ерекше мән берілуі керек деп санаймыз. «Мал бағуға да идеология керек пе?» дегендер де табылар. Біздің халқымыз үшін ендігі арада мал өсіру мен оны бағуды басты кәсіпке айналдырудың амалын ойластыруға тиіспіз. «Қой бағуға да ой керек» дегенді атам қазақ тегін айтпаған болар. Мал бағу біздің атакәсібіміз екенін мақтан етерліктей, сол үрдісті қайтадан жаңғыртатындай жұмыстар қолға алынуы керек.

Кейде Қазақ елінің қалалары мен елді мекендерінде әр жерге ілініп тасталған басында үлкен қалпағы, қолында шұбатылған арқаны бар ат үстінде отырған америкалық ковбойдың суретін көріп, біздің бала кезіміздегі басында тымағы, қарына іліп сүйреткен құрығы бар ат үстінде отырған жылқышының бейнесі көз алдыма келетіні бар. Солардың осы күндері көзден де, ойдан да ғайып болғаны несі?! Хакім Абайдың «кеттің-ау ең болмаса мал баға алмай» деген өкініші осы күндері анық байқалып та жүр. Ауылды жерлерде отырып, мал ұстамайтындар да, бар малдарын ақшасын төлеп бағатын бақташы таба алмай отырғандар да қаншама?!

Мал бағуды ар санайтын күйге түстік. Өйткені ауылды жерлерде малын қарап бағу үшін белгілі бір тұрағы жоқ, не үй-күйі жоқ қаңғыбастар ұстау етек алып кетті. Мал бағып жүрген қаңғыбастарды көріп, бала мен жастың бойында «мал бағу үй-күйі жоқ қаңғыбастың ісі екен ғой» деген теріс түсінік қалыптасып жатыр. «Мал бағатын мен, немене, «бичпін» бе?» дегенді де естідік.

 Апыр-ау, мал бағу ата кәсібіміз емес пе еді, бұл кәсіптен неге жеріндік? Әрине мал бағу және оның өнімін өндіру оңай шаруа емес. Жылдың төрт мезгілінде малға күні-түні қарау керек. «Бақпасаң мал кетер» дегенді де атам қазақ білген соң айтқан. Біз де бар қазақты мал соңына салып қою керек деген ойдан аулақпыз. Дегенмен, мал шаруашылығын жолға қою және оны өркендету – ауылды өркендету емес пе?!

 Сөз жоқ, ендігі арада ауылға жаңа жұмыс орындары қажет. Бұдан былай болашағы бар дейтін ауыл­дарға ауыл шаруашылығы өнім­дерін өңдейтін шағын кәсіп­орындарды шоғырландырған абзал. Мал сойып, етінен бастап, сол малдың тері-терсегіне дейін алғашқы өңдеуден өткізетін шағын кәсіпорындар қажет. Әсіресе қазір қой жүнінің боқтықпен бірге төгіліп жатқанына жаның ауырады. Тым болмаса, сол жүнді жуып, иіріп, шүйкелеп дайындайтын алғашқы өңдеу ісін қолға алуға болады ғой!

Ауыл халқы өндірген өнімдері мен алғашқы өңдеуден өткізген тері-терсектері мен қой жүнін Үкімет сатып алуды өздері ұйымдастырғаны абзал. Үкімет агроөнеркәсіп сала­сы­ның, соның ішінде ауыл адамдары өндірген өнімдерді сатып алу­дағы басты менеджерлері болуға тиісті. Еңбек етіп асыраған малы табыс әкеле бастаса, сөз жоқ, ауыл халқы мал өсіруге ынталана түсер еді. Және ауылда өнім өндірушілер үшін электр қуатын арзан бағамен беруді де ойластыру қажет.

Бұл орайда малшы еңбеккер­лердің жыл сайын республикалық, одан қалды облыстық және аудан­дық слеттерін өткізіп тұрса дейміз. Осы шаралар арқылы мал шаруа­шылығы бойынша ие болған табыстарымыз бен жетістіктеріміз көрсетіліп және де малшы еңбегін бағалап, оларға сый-құрмет жасау­дың, ынталандырудың тұрақты бір тетігі қалыптасқаны да абзал болар еді. Қазақтың ендігі Жа­зыл­бек Қуанышбаевы кім? Мі­не, еңбегі де, атағы мен даңқ­ы да әйгілі мал өсірушілерді биік­ке көтерудің бүгінгі ұрпақты еңбек­қорлыққа тәрбиелеудегі маңызын ескергеніміз абзал.

 Елімізде жеңіл өнеркәсіп ақсап тұр. Базар қытай мен қырғыздың шұлығына, матасы мен орамалына, киім-кешегі мен басқа да бұйымдарына толы. Қазақстанның жеңіл өнеркәсібін дамыта алсақ, сол жеңіл өнеркәсіпке қажетті шикі­затты өзіміз дайындап, қамтама­сыз ете алатындай жағдайы­мыз бар ғой. Ендігі арада ауылды өркендетеміз, орнында бар іргелі ауылдарды сақтап қаламыз десек, мал шаруашылығы мен өнім өңдеуші шағын кәсіпорындарды сол ауылдарға апарып салуды жедел қолға алу керек. Мал өнімдерін сол ауылды жерлерде өндіріп, сонымен қоса өңдеу жұмыстары да сол ауылды жерлерде жүргізілуі тиіс. Бұл ауыл халқын жұмыспен қамтудың бірден-бір жолы да болмақ.

 

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі

 

КӨКШЕТАУ