Бұл күнде алаш арыстары туралы том-том еңбектер көп-ақ. Дәл осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдар соның өзінде зерттелуі кемшін боп жүрген немесе мүлде зерттелмеген тұлғалардың бар екенін айтады. Ол енді ғылымның шаруасы. Ал қоғамымыздағы кез келген көзі ашық, сауатты жандардың көбі Алаш қайраткерлері туралы, оларға ортақ қасиеттер, іс-әрекеттер, жағдайлар мен оқиғалар жайында бірқыдыру біледі. Алаш арыстарының көпшілігінің бірнеше тіл білгені, аудармалар жасағаны, оқулықтар жазғаны, газет-журналдарға тіршіліктің алуан түрлі мәселелерін қозғап мақалалар жазғаны, бала оқытқаны, ең бастысы, қазақ дербес ел атанып, өркениетті елдердің қатарына қосылуы үшін бастарын бәйгеге тігіп, Алашорда автономиясын құрғаны бүгінгі жастардың еліктеуіне, оларды үлгі тұтуына жарап жатыр. Сол алаштықтардың биыл бірқатарының мерейтойлары әртүрлі деңгейде, әртүрлі көлемде аталып өтуде. Оның түрлі себептері де жоқ емес. Зерттелуі кем, іздеушісі аз немесе біз жоғарыда атап өткен Алаш арысы Асылбек Сейіт сынды байырғы қазақтың атақонысы Омбыда (бүгінгі Ресей территориясы) дүниеге келгендіктен онша еленбей жүрген дейтіндей себептер жетерлік.
Төрт арыстың мерейтойына арналған кеш бірсыдырғы баяндамалармен шектелмей, әсем әнмен, сұлу сазбен өрнектеліп отырды. Алдымен әр тұлға туралы 4-5 минут көлемінде деректі фильмдерден үзінділер көрсетілді. Осы аз ғана үзінділердің өзінен залға жиылған көрермендер әр тұлға туралы тың да қажетті ақпарат алды ғой деп ойлаймыз. Мәселен, Сұлтанбек Қожанұлы мен Ленин кездескенде пролетариат көсемінің оған «өте қызуқанды, білімді адам екенсіз» деп баға беруі, Хайретдин Болғанбайдың «Бірлік туы» газетіне большевиктерге қарата «Тұла бойың қан сасиды» деп тақырып қойып, шімірікпей мақала жазғаны, Мағжанның оған «Бір кемі жоқ, бір теңі жоқ Болғанбай» деп баға бергені, Құрылтай жиналысына депутаттыққа Ақмола облысы атынан сайланған Асылбек Сейіт «Қазақ» газетінің «жас доктор, қыз мінезді, ақ қағаздан ақ, ұлтшыл жас» деп мінездеме беруі, түркітанушы, тілтанушы Телжан Шонанұлының оншақты жылда отыздан аса кітап жазып, түрлі проблемаларды қозғаған жүз шақты мақаласын жарыққа шығартуы жеке бастарының қадір-қасиеттерін көрсетіп тұр емес пе?
Кеш барысында арыстар туралы жеке-жеке баяндамалар жасалды. Атап айтқанда тарих ғылымдарының магистрі Ержан Шағимолдин, жас әдебиеттанушы Елдос Тоқтарбай, филология ғылымдарының докторы, академик Дихан Қамзабекұлы, белгілі алаштанушы ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбай алаш арыстары жайлы мазмұнды баяндамаларын көпшілікке ұсынды. Осы жерде айта кететін бір жайт, ол – алаш арыстарының аттарымен көше, елдімекендер мен оқу орындарын атау мәселесі. Бұл туралы академик Дихан Қамзабекұлы айтты. «Астанамыздағы мектептерге Алаш зиялыларының есiмiн беру туралы идеяның қозғалғанына кемiнде 10 жыл болды. Мектеп басшылары Кенесары ханның да атын сұрайды. Бiрақ ол жүзеге аспай жатыр. Осы идеямызды университетке кездесуге келген Мемлекеттiк хатшы Қырымбек Көшербаевқа айттық. Ол зиялы қауым ɵкiлдерiнiң бұл ұсынысын тиiстi орындарға жеткiзетiнiн айтып қуантты», деді Дихан Қамзабекұлы.
Кеште Құрманғазы оркестрінің домбырашысы Рахат Сәрсенов Құрманғазының «Төремұрат» күйін, Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы, дәстүрлі әнші Тельман Нұркенов Ақан Серінің әндерін, белгілі дәстүрлі әнші Айгүл Қосанова Қанапияның әнін орындады. Кешті жас ақын Арман Шеризат жүргізді.
Айгүл СЕЙІЛ,
«Egemen Qazaqstan»