Руханият • 06 Қараша, 2019

Ит көйлек

2938 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Ит көйлек

Жаратқан тағы да керемет сый жасап, немерелі болдық.

Шарананы қырық күн бойы «көз тиеді», «сұқ өтеді» деп көлденең көзден тасалап, ет пен сүйегі қатайғанда «қырқынан шығарып бер» деп ырым қылып, анамыздың алдына алып келдік. Шөбересінің қарын шашын алдыртып, зер табаққа «күні кү­містей жарқырып тұрсын» деп күміс білезік салдыртып, 40 қасық суға «30 омыртқаң, 40 қа­бырғаң жылдам қатсын» деп шомылдырып немеремізді өзі­мізге ұстатты. Қос күміс біле­зікті анамыздың білегіне сал­дық. Нәрестенің «Он саусағы майысқан шебер, өнерлі болсын» деп тырнағын да алдырып, апаларым алып берген киімдерімен жаңалап киіндірдік. «Бөпемізді қазір қырқынан шығарады» деп, дәстүрден тәтті дәметіп жүрген балаларды қуантпақ ниетпен үлкен келін баланың ит көйлегіне неше түрлі тәттілер салып далаға шықты. Мақсаты – ит көйлекті көршінің бірінің итінің мойынына байламақ. Балаларға итті қуасыңдар деп түсіндірілген. Ауыл үйді айнала қашқан итті қуып жеткен балалар қарық болады деп қиялдап, алдағы қызыққа болмай жатып үлкендер мәз. Баяғыда доп қуып кеткен балалықтарын солай жанарларында қайта бір жаңғыртып алмақ.

Үй-үйдің қорасын аралап, есік алдында үруге ерініп, керенеу керіліп жататын жуас иттердің бәрін ит ататындар «қаңғыбас ит» деп атып тастаған. Атылмай қалғандардың бәрі биік дуалдың ар жағындағы шынжырда тұрса да шынжырбалақтанып арнайы табақтан сыбағалы тамақ ішетін қабағандар. Жанына табағына ас салатындардан басқаны жолатпайды.

Жаңағы дырду көңіл су сепкендей басылды. Кішігірім бас­тыр­мадай үйшікте ерсілі-қар­сылы есіре жұлқынып, аласұрып тұрғандар ит көйлекті байлатпақ түгілі, барғанды бұтарлап тас­тауға дайын.

Амал жоқ, иесіне өтініш айта жүріп, дастарқанымыздан әке­ліп әуелі тайыншадай тажалды тойдырып алып барып «ит көйлекті» байлаған ырым жаса­дық. Сосын тәттілерді өз қолы­мызбен аулақтау барып тараттық.

Менің ойыма сонау кездегі «Ит көйлек» байлаған алыпсоқты ауыл ішін айналдыра қуып жет­кен бойда жерге жығып, бар бала үстіне мініп умаждап, көйлекті шешіп алып, сол «жеті қазынаның» үс­тінде отырып-ақ тәттілерді ту-талақай бөліп алатынымыз оралды. Шарананың уыз иісі аңқыған, майсіңді «ит көй­лекті» әлдебір жеңгеміз ырым­дап қойнына тығып алып бара жататын.

Ал мына иесінен басқа кез келгенді жұлып жеуге жұлқынып, ергенектен сығаласаң азу тістері сақылдап тұрған, кейбірі тіпті ақша табуға маманданған тұқым-теберігі белгісіз иттердің заманында жақсы дәстүрлеріміз де көмескіленіп бара жатқандай.

 

Тілеген БЕКАРЫСТАНОВ

 

Қызылорда