Қоғам • 06 Қараша, 2019

Қаламгер уақытының құны

607 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Уақыт – әр адам үшін әртүрлі өтеді ғой. Қаламгер уақыты – қат-қабат, қарбаласқан, дәуірлер мен замандарды сапырылыстыра, араластыра, кейде тарихи шегініс жасап, кейде алдағы ғасырларға ой күшімен қарғып өтіп жететін құбылыс секілді көрінеді. Сол аласұрған уақытпен арпалыса жазған қаламының ізіне күллі дүние ілесе көшіп жүргендей сезіледі. Сол қалам бір сәтке тоқтап қалса, бүкіл әлем тоқтап қалғандай әсер қалдырады. Ал мәңгілікке тоқтаса ше? Тоқтаған қалам – үзілген демнен де ауыр.

Қаламгер уақытының құны

Жазушы Қалихан Ысқақтың  мына бір естелігін оқып отырып, өзекті  өкініш оты шарпып өтті: «Қолымда «Құланның ажалы» қалды. Екінші бөлімін қазақшалап, үшінші бөлімін қысқа қайыруыма тура келді. Ақанның ойын таба алдым ба, таба алмадым ба, білмеймін… Амал жоқ. Ақанның өзі болса, басқадай аяқтар ма еді? Отыз төрт жасында Ақан дүниеден өтті…». Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» аяқсыз қалған жоқ, оны досы, замандасы аяқтады. Нүктесін қойды. Бірақ автордың көркемдік шешімі қандай болар еді? Ол жұмбақ күйінде қалды.

Ал қазақ прозасының теңдессіз ро­ман­тигі Оралхан Бөкейдің «Алданған ұрпақ» трилогиясы терілмеген күйінде тартпасында қалыпты. Үндістан сапарынан оралса, мүмкін, аяқталар ма еді?! Кім білсін? Ол түгілі бейнесі көзімізден, дауы­сы құлағымыздан кетіп үлгермеген Рақымжан Отарбаевтың ішінде не кеткенін де біле бермейміз ғой. Сәуле жеңгеміздің бір сұхбатынан көзім шалып, көңілге түйгенім – жазушының бергенінен беріп үлгермегенінің көптігі. Жазу үстелінің үстінде шашылып қалған «Қыз Данайдың қырғыны» мен «Босқындар» романы, ойында кеткен он бөлек сөз, сан тарау ой да нүктесіз. Ататүрік хақында, Оспан батыр жайында жазсам дегені және «Алтын адамның оянуы» шығармасы да жоспар күйінде қалыпты. Осы тұста әдебиетіміздегі алыптардың ақырғы өкілдерінің бірі, абыз Әбіш Кекілбайұлының «мың беттік романы аяқсыз қалды» дегенді естігенде, дегбіріміз қашқаны рас. Көргіміз, білгіміз келгені рас. Осыған Клара апамыздың сөзі сәуле түсірді: ол басталды, бірақ жазылмады, – дейді.

Ал кешегі қызыл жағалы заманның құрбаны болған арыстардың ішінде кеткен арман азасы, сүрілмеген өмірдің, жазыл­маған шығарманың салған дауысы жылдарды көктей өтіп, әлі жаңғырып тұр. Сол жаңғырық бас қаңғыртады, жан ауыртады. Ұрланған, жыртылған, өртелгені қанша? Бейімбет Майлиннің «Қызыл жалауы», «Қоңсылары» мен Сәкен Сейфуллиннің «Біздің тұрмыс» романдары да аяқсыз қалды. Жиырма жеті жыл ғана ғұмыр кешкен Сұлтанмахмұт Торайғыров та өзінің пәлсафалық романын бітіре алмай кетті. «Кім жазықтының» соңы қалай аяқталуы мүмкін еді? Жас ойшылдың риторикалық сұрақтарына жауап берілмейтіні секілді, бұл да жауапсыз. Көкірек ауруынан көз жұмды. Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарым» романы да аяқталған жоқ. Жиырма үш жыл өмір сүрді.

Өткенде Алматы қаласының мұрағатынан Мәлік Ғабдулиннің аяқталмай қалған «Албырт» атты романының қолжазбасы табылды. Ғылыми қызметкер Асылбек Бай­танаұлы бірінші бөлімінің көлемі екі баспатабақ болатынын айтады. Жалпы, жоспарланған роман бес бөлімнен тұрады екен: «Албырт», «Айқас», «Асқақ», «Адуын», «Атой». Осы бір биографиялық ро­­ман Ғабдул­линің өз қолымен жазылған өмір дас­таны, ғұмырнамасы болғандай-ақ екен. Соғыс көрген жүректің сыры қандай, мұңы қандай екенін аңғартар романның аты бар да, өзі жоқ. Бауыржан Момышұлының да «Курляндия майданы» атты деректі романы үтір қойылған тұсында үзілді ғой. Романның бас кейіпкері – Бекболат, батырдың өзі. Осы ретте Әуезовтің «Өскен өңірі», Мұқановтың «Аққан жұлдызы» да толық аяқталмай қалғанын айта өткен ләзім. Жалпы, қазақ әдебиетінде мұндай мысалдар аз емес. Айтпағымыз не?

Айтпағымыз да осы, қаламгер уақытының құны өзі үшін ғана емес, халқы үшін, әдебиет үшін тым қымбатқа түсетіні. Өкініш болып қалатыны. Әйтпесе, уақыт өтіп жатыр ғой...